Бейсенбі, 4 Желтоқсан 2025
Қоғам 155 0 пікір 4 Желтоқсан, 2025 сағат 13:16

Деволюция - регресс тарихы

Сурет: EPA/IGOR KOVALENKO.

Ғылымда әлем мойындаған «эволюция», «прогресс» терминдері бар - ол дамуды білдіреді...

Оған қарсы «инволюция», «деволюция», «регресс», «деградация» атты ұғымдар бар - бұлар тозуды білдіреді...

Енді, біз өз мемлекетіміздің 34 жылдық тәуелсіздік тарихын осы ғылыми терминдер тезіне салып бағалай алдық па?

Біз қысқа тәуелсіздік тарихымызға бұл қалыпта әлі күнге сараптама бермей отырмыз...

Назарбаевтық авторитаризм кезінде өтірік болса да «дамып жатырмыз» деген ұранды қарғадай қарқылдап айттық, не болмаса, көкектей өз атын шақырумен өткіздік...

Бірақ, қоғам да, мемлекет те үздіксіз регресстік арнаға түсе бастағанына назар аудармадық...

Себебі, біз өз Отанымыздың потенциалды даму мүмкіндігі мен нақты болып жатқан кері процестерді бір-бірімен байланыстыра, не, салыстыра қараудан қорықтық...

Біз, шынын айтсақ, сол кезден-ақ «қорыққанда басын құмға тығатын» страустың кейпіне ене бастаған едік...

Неге десеңіз, Ел байлығын сату арқылы орасан зор байлыққа жетуге болатынын ұққан сыбайласқан «коррупциялық кландық мүддені» Ел билігі саналы түрде өмірге ендіре бастады...

Ол жүйе барлық элементтері өзара сыбайласқан «коррупциялық элитаны» құруды қолға алды...

Бұл пирамиданың басында мемлекет билігінің шыңы тұрды: президент-елбасы, министрлер-уәзірлер, сарай ақындары мен билері, сарбаздары мен сардарлары...

Ол жүйеде әрбірі еш нәрседен кенде иа құралақан  қалмады кланды жүйе өзін-өзі қорғайтын қауқарға ие болып шықты...

«Прогресс» - сөз жүзінде, ал, «регресс» - іс жүзінде жүріп жатты...

Тәуелсіздікке өте мықты «өндіргіш күш» потенциялымен, жаппай сауаттылығымен келген халық өте қысқа уақытта осы тұғырын жоғалта бастады:

Колхоз-совхоз таратылды - Еркек атаулы шарасыз күйге кетті.

Өндіріс жаппай қиратылды - еркек атаулының күні қатынға қарады...

Болашақта «өз күнін көре алатын кәсіп болмасын» дегендей жұмысшы дайындайтын ПТУ-лер, СПТУ- лер жаппай жабылды...

Ауыл қирады, бейберекет миграция басталды - дорба арқалап әйелдер кетті.

Үйде қалған бала-шаға тауықтың балапандары сияқты дән шоқып кетті...

Ұлттың ұлттығын генерациялап отырған тұтас қабат - ауыл қираған соң, Ұлт өз болмысынан ажырады, мінезін жоғалтты...

Ал, оның орнын «ұлтсызданған бизнес пен билік элитасы» басты.

Олар, «элита» болып тамырына тартпады - кез келгеннің қаңсығын қош көрді...

Жемқорлық пен жағымпаздақ – «ұлттық мінезге» айналып кете барды...

Мемлекетіміз жетім баланың күйін кешті: өз байлығына, өз нарығына, өз тамырына, өз намысына, өз мәдениетіне ие бола алмай қалды...

Даму - декорацияға, ұран - жалған декларацияға жалғасты...

Бағыт-бағдар тұманға оранды...

Міне, осы «инволюциялық», яни, «деволюциялық» шындықтың шынайы тарихы әлі де жасырын қалуда...

Біз «не жаман» деген сұрақты қоймадық.

Одан сабақ алмадық...

Со күйі біз «Әділетті Қазақстанға», «Адал адамға»бет бұрсақ дейміз...

Қалай - оны білмейміз...

Тәжірибе жоқ...

Негізі, Жұмыс адамы - шыншыл. Бірақ бізде өндіріс жоқ, жұмыс адамына құрмет жоқ.

Ауыл - асарды ұмытты, «бір-бірінен қашар» жағдайда...

Осыны қалай түзейміз?

Қандай серпінді әрекеттер жасаймыз?

Қай жерде сақ боламыз, қай жерде құшақ ашамыз?

Айта берсе - миллион сұрақ бар.

Бірақ оған тарихи да, философиялық та, экономикалық та сараптама жасалмай келеді...

Онсыз біз «жалаң идеология» аумағында қала береміз...

Еңселі халық қана мұны игереді -  регресті прогреске, деволюцияны эволюцияға айналдырады!

Тек, мемлекеттік мүдде «шегарасын» бәріміз білуіміз керек.

Білмегенге жабылып білдіруіміз керек...

(Ойларымды телефонға жаздым. Сондықтан, бұл тезис түріндегі жазба болды, философтарға арналған)

Әуелі, кеше қайтыс болған заңғар философ Жабайхан Әбділдин ағамыз туралы ойлағам...

Соңы осы импровизацияға ауысып кетті ғой...

Ұстазымның топырағы торқа болсын, келесі өмірі мәңгілік болсын!...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір