Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкжиек 6287 0 пікір 2 Шілде, 2014 сағат 15:16

ТҰЛҒАНЫ ТАНЫМАСАҚ – ЖАҚСЫҒА ЖАРЫМАЙМЫЗ

(Жалғасы)

Әлем кеңiстiгiндегi сана жүйесiнiң саңлауы ашылғаннан бергi адамзат атаулының мәңгiлiк нысанасына айналған және бүгiн де, ертең де, келер замандарда да  түйткiлi түйсiгiнен кетпейтiн мәңгiлiк алаңы мол аңсардың бiрi – билiк тұтқасы  және сол билiктiң иесi туралы әфсаналық уағыздар. Қадымнан қазiрге дейiнгi дүние тарихы – осы бiр қасиеттi де  қажеттi  және сондай қатал да қанқұйлы мәселенi шешу жолындағы ғарасат майдандарының  қақтығысынан тұратын  сақна сияқты. Бесiктегi баланың еңбегiнде бүлкiлдеген “меннен” басталып, тақтың төрiндегi “Мен!” мен  тұйықталатын психологиялық пиғыл мен философиялық  пайымдаулардың өзi қазiргi кезеңде бiрiнiң толғамын бiрi қайталап, тек  ұғымдық және терминдiк жаңғыртулардың тоғысына айналып, тығырыққа тiрелген жайы бар.

  Дүние ғұламалары әлмисақтан берi  күштi де әдiл билiктiң тұтқасы туралы толассыз толғанып келе жатқанымен, монархия, диктатура, демократия деген  билiктiң үш түрiнен өзге мемлекеттiк басқару жүйесiн ойлап тапқан жоқ. Қоғамтанушылар мен дiни миссионерлер ұсынған: “Адамдар бiр бiрiмен санаса отырып, саналы түрде бiр-бiрiне тәуелдi өмiр сүретiн  бүкiл әлемдiк нысана” жөнiндегi идеяның халықаралық идеологияға айналғанына ширек ғасыр өтсе де, жалпыға ортақ билiктiң үлгiсi әлi күнге дейiн тұжырымды түрде тиянақталмай келедi. “Ғаламдастыру үлгiсi”, “Әлемдiк саясат форумы”, дүние жүзi президенттерiнiң  “Монблан-форумы” iспеттi саяси қозғалыстардың өзi әлi де ниет пен тiлек дәрежесiнен аса алмай жатыр.

  Бұл аңсар әлi талай ұрпақтың ақылын сауып, санасын сарқатыны сөзсiз. Оған күмән жоқ. Исi адамзат әлемдiк абсолюттiк әдiл билiк иесiн танып, табу үшiн қаншама сарсаңға түспедi. Алайда ондай былғақты дерттiң дауасының табыла қоюы неғайбыл. Бiрақ оған ұмтылмаса қоғам да, өркениет те тоқырайды. Тәуелсiз ұлт пен  дербес мемлекеттер өмiр сүрiп отырған кезде, бүкiләлемдiк абсолюттiк билiк ешқашанда орнамайды. Ол үшiн исi адамзатқа ортақ рухани мүдде қажет. Нәсiлдiк, тектiк, ұлттық, таптық, дiни алшақтықтар қарама-қарсы тайталаста тұрған шақта ондай  “қиялдағы патшалықтар” өмiр сүруге дәрменсiз. Кешегi социалистiк қоғам да соның бiр “елесi”. Демек, билiк дегенiмiз жай ғана әкiмшiлiк-әлеуметтiк қана ұғым емес, ол  тамырын Тәңiрiден тартатын танымдық киелi нысана.        

  Бұл талпыныстардың барлығы да көне түркі жазба ескерткiштерiндегi  “мәңгiлiк ел” нысанасын еске салады. Бүгiнгi “ғаламдастыру” идеясының  түпкi тамыры сонда жатыр. Сол “мәңгiлiк ел” үлгiсiн жете зерттеген көне қытай қайраткерлерi бiздiң жыл қайыруымыздан төрт жүз жыл бұрын жүз жыл соғысып жүрiп қазiргi орталық мемлекеттi құрды. Бесiншi ғасырда Едiл патша әлемдiк қайта қоныстанудың көшiн бастап, Римнiң құлдық қоғамын құлатып, Еуропадағы империялық билiктi қалыптастырды. Көк түрк қағанаты сол “мәңгiлiк елдiң” әлемдiк алғашқы үлгiсi едi. Арғы тегi Алтынорда мырзаларына апарып тiрейтiн князь Трубецкийдiң еуразиялық идеяны ұсынуы да сондықтан. Кезiнде оған төбе шашы тiк тұрған саясатшыл ойшылдардың өзi қазiр бұған ерекше ден қойып, “мәңгiлiк ел” нысанасы туралы пайымды көзқарастар бiлдiре бастауы таным шындығын мойындаудың бiр белгiсi. Атты әскер, желектi найза, үзеңгiлi ертоқым, дөңгелектi арба арқылы сол дәуiрдiң даму деңгейiн жаңа сатыға көтердi. Мұның барлығы қазiргi замандағы атом бомбасының дүниеге келуiмен тең  құбылыстар болатын. Бұрын жеке пiкiр ретiнде айтылып жүрген Едiл мен Шыңғысхан, Ақсақ Темiр “әлемдiк өркениеттiң билiк үлгiсiнiң негiзiн қалаушылар” деген ой ендi ғылыми тұжырым есебiнде ұсынылып жүр. Өйткенi, түрк тектес осынау тұлғалар құрған қағанаттан кейiн әлемдiк билiк санасы өзгеше сипақа ие болып, жаңа қоғамдық құрылымның  (формация) негiзi қаланыпты.

Кешегi жыраулар мен “зар заман” ақындарының, Абай мен Мағжанның түпкi рухани тұтқасы да сол “елдiк, қағандық” идеология. Абай тiптi бұл нысананы барынша ашық бiлдiрiп:” Не болады өңшең ноль, билемесе бiр кемел” – деп тереңдетiп әкеттi. Себебi, түрктiк таным бойынша қағансыз, хансыз ел – ең тексiз, қасиетсiз жұрт. Ондай ұлысты кемсiте сөйлеп: “Хан сайлап, хан силап көрмеген қара табан құл” – деп   қарайды.   Ал хан сайлаған елдi .”Бiлге қағандары болған, алып қағандары болған  ел екен. Әмiршiлерi де бiлге болған екен. Бектерi де, халқы да сенiмдi екен. Сол үшiн елiн сонша ұзақ билеген екен. Ел ұстап, төрелiк еткен қағанды халық екен” (“Күлтегiн”, үлкен жазу) деп асқақтата қадiр тұтқан. Қағанды ел – еркiн ел, төңiрегiмен терезесi тең ел. Тәуелсiз ел ғана – “мәңгiлiк ел”. 

  Сондай мәңгiлiк қасиет пен билiкке ие қағанаттың тарихи мұрагерiнiң бiрi – қазақ ұлты. Себебi, мұрагерлiктiң басты шарты – бас еркiндiгi. Ал кез-келген қазақ ”Тебiнгiден ала балта суырысып, тепсiнiсiп келгенде, тең атаның ұлы. Бiрiнен екiншiсiнiң дәрежесiн артық етсе – Тәңiрi еттi”. Тәңiрдiң өзi берген билiкке – талас жүрмейдi. Сондықтан да  қазақ қауымы ешқашанда құл ұстамаған және құлдық қоғамды басынан кешпеген. Тәңiрiмнiң өзi бәрiн тең жаратқан. Кез-келген қара өлеңшiнiң өзi “арғы атамнан қаракөк үзiлген жоқ!” – деп топ алдында емiн-еркiн көсiлте жөнелуiнiң өзiнде  сондай танымдық-әлеуметтiк, тектiк  теңдiк психологиясы жатыр.

  ”Қаракөк” деген ұғым – қасиеттi тектiң баламасы, “мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiк иесiнiң” ұрпағымын деген киелi  ұғым. Түрк қағандарының осындай ерекше жаратылысы туралы аңыздар еуразиялық елдерге де тарап, “голубой кровь” деген термин қалыптасты. Қазiр бұл атаудың түрк қауымынан ауысқанына ешқандай тектi тұқым  қарсы уәж айта алмайды. Тарғытай да, Алып Ер Тоңа да, Оғыз қаған да, Едiл де, Бумын да, Күлтегiн де, Шыңғыс хан да Көктен жаралған, яғның, “мәңгiлiк көктiң” тұқымы. Ендеше ол қасиет ешқашанда үзiлмейдi. Қағанға қарсы келу – Көкке, Көктәңiрiне қарсы келу. Ондай мемлекет сөзсiз жойылады.

  Демек, қадым заманнан бастап бүгiнгi күнге дейiнгi ел арманы – хан сайлау, яғный, Абай айтқан “бiр кемелге  татымды толық билiктi” беру. Бұл көшпелi әскери демократияның - көк түрк қағанатының көкейкестi киелi мақсаты, сонау түп-тұқиянызмыздан келе жатқан елдiк аңсар. Ел ағасын таңдап сайлау және соған бүтiндей бойсыну – “мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiктiң” басты шарты.  Абайдың ”Танымадық, жарымадық, жақсыға бiр iргелi. Қолына алып, пәле салып, аңдығаны өз елi”- деуiнде осы ұлы аңсардың сарыны жатыр. Билiктiң дәмiн бала жасынан татып өскен дала данышпаны  билiктiң бiр қолда болғанын және сол билiк иесi бүкiл жамағатын “өз бауырым” деп қарауын армандайды. Негiзсiз армандап отырған жоқ. “Мәңгiлiк елдiң” иесi Бiлге қаған өз жұртына: “Тәңiр тектi тәңiрi жаратқан мен Түрк бiлге қаған бұл шақта таққа отырдым. Сөзiмдi түгел  естiңдер  бүкiл жеткiншегiм, ұланым, бiрiккен әулетiм, халқым!”- деп (“Күлтегiн”, кiшi жазу) барша елiн бауырына баса сөйлейдi.

 Мiне, “мәңгiлiк елдiң” билiк иесiне қоятын ең басты талабы осы. Елiне емiренбеген ер ел басқара алмайды. “Елiм!” деп айту үшiн де ерекше құқық пен пәрмен, мейiрiм-қайырым, әдiл билiк берiлуi тиiс. Өйткенi, “қаған – елдiктiң белгiсi” (Сонда). Бұл қасиеттi нысана мың үш жүз жылдан кейiн де  жалғасын тапты. Тәуелсiз қазақ елiнiң Ата заңындағы: Президент – мемлекеттiң тәуелсiздiгiнiң кепiлi – деген  анықтама сонау көне түркi қағанаты тұсындағы “мәңгiлiк ел” нысанасымен тiкелей астасып жатыр және ол заңды да. Бұл  жалпы қазақ ұлтының қандай телiмге түссе де рухани тамырының заманалар бойы үзiлмей келе жатқандығын танытатын тұспалды тарихи тұжырым. Әлемдiк ғаламдастыру жүйесi тұсында ел есесiн жiбермейтiн саяси, тектiк, танымдық ұлттық мүддемiздiң күретамырлы мақсаты да осы болса керек. Мұндай қасиеттi кепiлдiксiз жат жұртпен қауымдасуға ұмтылу “Тоныкөк” ескерткiшiндегi: ”Хандығыңды тастап... ханыңды тастап бағындың. Бағынғаның үшiн Тәңiрi сенi өлiмшi еттi. Түрк халқы қырылды. Әлсiредi, жойылды. Түрк-сiр халқы жерiнде тiршiлiк қалмады”- деген ескертудiң керiн құшу деген сөз. Тәуелсiздiк Тұжырымдамасындағы “саналы түрде жақындасу” деген пiкiр тек саясат үшiн ғана айтыла салмағанын есте ұстауымыз қажет.

 “Байырғы түрк өркениетiнiң жазба ескерткiштерiндегi” басты өсиет пен одан алатын тағылымның бiрi де бiрегейi де  “мәңгiлiк ел” мен “мәңгiлiк билiк” нысанасы. Бұл екеуi  де елдiктiң  кепiлдiгiн бiлдiретiн киелi ұғымдар. Сол ұғымдарды елдiң еркiндiгi мен игiлiгiне жұмсау үшiн “мәңгiлiк билiк иесiне” бес түрлi қасиеттi парыз жүктейдi. Ең ұлы аманат – “Жер-Суды иесiз қалдырмау, халқын құтты қонысқа қондыру”. Қандай да тарихи сiлкiнiстер мен тебiнгiнi басынан өткiзсе де:

”Елсiреген, қағансыраған халықты, күңденген, құлданған халықты, түрк иелiгiнен айырылған халықты ата-баба мекенiне қайта орнату.” Түрк жұрты ата жұртында “Өтүкен қойнауында отырса ғана Мәңгiлiк елдiгiн сақтайды” (“Күлтегiн”). Ол үшiн билiк басында “бiлгiр қағандар, алып қағандар, ақылды кiсiлер, батыл кiсiлер” Жер-Су үшiн Тәңiр атынан кепiлдiк беруi тиiс. “Мәңгiлiк билiктiң” екiншi шарты, бүгiнгiше айтқанда, елдi экономикалық тәуелсiздiкке жеткiзу. “Алтын, күмiс, дақыл, жiбек берiп алдған, сөзi тәттi, бұйымы асыл елдiң” ырқында кетiп, “қызыңды күң, ұлыңды құл етiп алмау”. “Азды көбейту, ашты – тоғайту, күңiңдi – күңдi, құлыңды-құлды ету”. Үшiншi  кепiлдiк – ел бiрлiгiн сақтау. Өйткенi, “Бектерiнiң, халықтарының  ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкiсiне көнгендiгiнен, арбауына көнгендiгiнен, iнiлi-ағалының дауласқандығынан, бектi халқының жауласқандығынан түрк халқы елдiгiн жойды”, алғашқы түрк қағанаты құлады. Егерде ауыз бiрлiгi болса, қағанын тыңдаса, ”Төбеңнен Тәңiрi баспаса, астыңнан жер айырылмаса, түрк халқын, ел-жұртын кiм қорлайды?”  (“Күлтегiн”). Ешкiмде.

Мiне, байырғы көне түркi өркениетiнiң  жазба ескерткiштерiн қайыра бiр оқығанда ойға оралған, Тәңiрiнiң өзi  аян берген “Мәңгiлiк ел” нысанасының бiр тармағының қысқаша тәпсiрi мен тағылымы осындай. Ондағы бабалар өсиетi бүгiнгi күннiң көкейкестi мәселелерiмен тiкелей астасып жатқаны ұрпақтар арасындағы тарихи-танымдық сабақтастықты аңғартады. Астананың төрiне орнаған Күлтегiннiң көктасы бiздiң “мәңгiлiк ел” туралы тарихи жадымызды жаңғыртып, рухымызға рух қосады, өткенiмiздi ұмыттырмай, ертеңiмiзге еңсемiздi биiктетiп апаруға тың күш бередi деп сенемiз.

  Ал әзiрше түйiндеп айтарымыз: қазiргi қазақ елiнiң алдындағы басты мақсат пен бағыт та сол “мәңгiлiк ел” нысанасы болмақ. Бұл идея бiздiң  тәуелсiздiгiмiздiң де тұтқалы тұжырымдамасы. Елiмiздi де, жерiмiздi де, аспанымызды да, еркiндiгiмiздi де, дiн мен тiлiмiздi де “жерде адам жаратылғаннан берi” “Мәңгiлiк ел” деген қасиеттi ұғым мен мәңгiлiктiң әбiлһаят  каусарына  суарған  Тәңiрге, Ұмай анаға, Жер мен Суға тағзым.

Соңы.

Тұрсын Жұртбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340