Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 10075 0 пікір 1 Шілде, 2014 сағат 14:19

ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ РЕСМИ ТҮРДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

 

2014 жылы 3 шілдеде қала күні қарсаңында Астанада еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ресми ашылу салтанаты өтеді. Ашылу салтанатына ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесі Президенттің Жарлығымен 2013 жылғы 30 мамырда құрылған.

 Бұл – Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей жоба. Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық  музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі  археологиялық, этнографикалық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған.

Ұлттық музейдің құрамында Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар.

Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің  серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік қолданылады.

 

14.00-де ҚР Ұлттық музейі мен Ресей этнографиялық музейі және «РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы әріптестік туралы меморандумға қол қояды.

Ресей этнографиялық музейі Еуропадағы ірі этнографиялық музейлердің бірі. Оның қорына Еуразиядағы 157 халықтың мәдени мұрасы шоғырланған. (бұрынғы Ресей империясының территориясы). Ресей этнографиялық музейінің 100 жылдық тарихы бар. Ол Орыс музейінің этнографиялық бөлімі ретінде император Николай II пәрменімен оның әкесі император Александрдың III аманатын орындау және оны есте қалдыру үшін құрылған. Император және император отбасының басқа мүшелері алғашқылардың бірі болып қор қалыптастырды. Романовтар үйінің жекелеген заттарының коллекциялары бөлімнің жинағына кірді. 1991 жылы Ресей Федерациясы халықтары мәдени мұрасының аса құнды нысаны ретінде мемлекеттің назарына алынды.

«РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы – мемлекеттік және коммерциялық құрылымдардың көрмеге қатысты жобаларын ұйымдастыратын және жүзеге асыратын көпсалалы ұйым. «РОСИЗО» көрмелері өз коллекциялары және музейаралық коллекциялар арқылы да жасалады. Негізі қаланғаннан  бері «РОСИЗО» қорынан Ресей музейлеріне бейнелеу өнерінің 500 000 мыңға жуық туындысы тапсырылды. Соңғы он жылда «РОСИЗО» Ресей мен шетелде 350-ден астам көрменің ұйымдастырылуына атсалысты. Оның ішінде ірі халықаралық жобалар да бар.

 

Жеті залда ұсынылатын негізгі экспозициялардан бөлек Ұлттық музей әріптестерінің де көрмелері ашылады:

«Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма - Ұлы Жібек жолының мұрасы » (РЭМ,  Санкт-Петербург қ.);

«Орыс көркемсурет өнерінің 4 ғасыры» («РОСИЗО» Мәскеу қ.);

«Ұлттық дәстүр және әлемге ашықтық» (Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы);

Қазақстан Республикасы қолөнершілерінің жәрмеңкесі. «19-20 ғасырлар тоғысындағы қазақтар» мұрағат суреттерінің көрмесі, Венгрия суретшісі Джудит Покс пен Ресей суретшісі Яна Волкованың  киізден жасаған жұмыстарының фотокөрмесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Сәуле Бапанованың «Сейхун толқындары» атты киізден жасалған киімдерінің жиынтығының көрсетілімі (Қазақстан қолөнершілерінің одағы)

Іс-шараға қатысуға Қазақстан  музейлерінің жетекшілері және Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия сынды шетел музейлерінің жетекшілері шақырылды.

 

14.45-те кіші мәжіліс залында шетелдік қатысушылармен баспасөз конференциясы өтеді. Журналистердің сұрақтарына танымал ғалымдар, өнертанушылар, атақты өнер қайраткерлері жауап береді:

Джон Симпсон - Британ музейі Таяу Шығыс департаментінің кураторы;

Джон (Джек) РасмуссенАмерика университеті жанындағы Катцен атындағы Өнер орталығының негізін қалаушы және директоры;

Чен Сие Джун – Шанхай музейінің директоры, Шанхай мәдени жәдігерлер басқармасы директорының орынбасары;

Ирина Александровна Антонова – А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің президенті;

Ирина Владимировна Лебедева – Мемлекеттік Третьяков галереясының бас директоры;

Владимир Моисеевич Грусман – Ресей этнографиялық музейінің директоры;

Виктория Геннадьевна Зубравская – «РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы көрме бөлімінің жетекшісі;

Чингиз Абдулмежидович Фарзалиев –  Әзірбайжан Ұлттық өнер музейінің директоры;

Цветана Кьосева Лазарова – Болгария тарихы Ұлттық музейі директорының орынбасары;

Иманкулова Нурхат Эрнисовна – Қырғыз Республикасы Ұлттық тарих музейі директорының қор-есептеу жұмысы жөніндегі орынбасары, бас сақтаушы.

 

15.00-де үлкен мәжіліс залында шетелдік қонақтар мен мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен «Мәдениеттерді жақындастырудағы музейлердің рөлі» атты халықаралық ғылыми симпозиум жұмысын бастайды.

17.30-дан 22.00-ге дейін музейдің барлық келушілеріне «Ұлы Жібек жолымен саяхат» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.

Музейдің бүкіл  аумағы Түркістан, Сауран, Испиджаб, Тараз, Сығанақ, Ақ мешіт, Отырар, Суяб сияқты Жібек жолы өткен Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға бөлінеді.

Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің шеберлік-сыныптары, сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі, суретшілердің аспан астында сурет салуы, ұлттық киім үлгісімен суретке түсу, балаларға арналған интерактивті ойын бағдарламасы, ұлттық нақыштағы сәнді киім үлгілерінің көрсетілімі, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм тату, домбырашылар кеші,  балаларға арналған аттракциондар, балаларға арналған интерактивті алаң, викторина өткізіледі.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060