Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7071 0 пікір 20 Маусым, 2014 сағат 10:51

Тұрсын Жұртбай. «... ҚУ ТІЛМЕН ҚУЛЫҚ САУҒАН ЗАҢ...»

 

ҮІ. « ... ҚЫРЫҚ ЖЕРГЕ ҚОЙМА ҚОЙЫП, ҚУ ТІЛМЕН ҚУЛЫҚ САУҒАН ЗАҢ...»

 

«Мәңгілік елдің» бесiншi кепiлі – салт пен дәстүрдi сақтау кепiлдiгi, яғни, дәстүрлі заң арқылы  әдiл де әдептi билiк орнату.  Билiк иесi жатқа “жақын қонып, сосын олардың әдепсiз қылықтарын үйренуге...  пәк қыздарының – күң, бек ұлдарының құл болуына, түрк атын жоғалтып, жат ұлттың атын иемденуге” жол бермеуi тиiс. Бұл мәселе өзiнiң мән-маңызын бүгiн де жойған жоқ. Тiптi түрк қағанаты тұсындағыдан да көрi қағынып тұрған қандауыр жайт. Түрк қағанатында  28 билiк сатысы болған. Соның әр сатысына лайықты адам сайланған. “Оңындағы – шад пен бектердi, солындағы тарқан мен бұйрық бектердi, отыз тоғыз бектiктi” халық алдында тағайындап, олардың адалдығына кепiлдiк берген. Бұл билiк дәрежесiн Шыңғыс хан  “Жасы” арқылы одан әрi жетiлдiрдi, алайда ол құрылым Абылай заманына дейiн еш өзгерiссiз қолданылып келдi. Өкiнiшке орай, “мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiк” нысанасын  негiздеген көк түрк қағанатының түбiне  де осы “билiк кепiлдiгiнiң” дұрыс сақталмауы жеттi. Тоныкөктiң қызы, Бiлге қағанның бәйбiшесi Бөпе патшайым  оң қол мен сол қолдың билiк тәртiбiн бұзып, мұрагерлiк заңға қиянат жасағандықтан да қағанаттың шаңырағын ортасына түсiрдi. Өзi ата жауы табғаштардың «кепiл ханшайымы» болып, мәңгiлiк бодандықтың құрсауында қалды. Қазір бір емес, бұрынғы үш бірдей президент, үш бірдей ханым, үш бірдей ханшайым «Мәскеудің» кепілдігімен мырзақамақта Мәскеуде қалған күнін өткізіп жатыр. Бізден пәлесі аулақ болғай.

Біртұтас алаш идеясының бесінші, тұжырымы түйіні де осы   – ұлттық дәстүрге негізделген заң арқылы тәуелсіз ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Осы арада «Мәңгілік ел» ұстанымы: заңды ұлттық салт, дәстүрге негіздей отырып қабылдауға бет бұрғыза ма, қандай үлгідегі мемлекет құрмақ:  Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет пе, америка сияқты азаматтық мемлекет пе, бір ұлттың мүддесіне негізделген мемлекет пе, жоқ, жалпақшешей мемлекет пе? – деген ең басты сұрақ туындайды. Заң – мемлекет құрушы ұлттың дүниетанымына, өмір сүру формасына, ұлттық діліне (менталитетіне) орай қалыптасқан дәстүр мен салтының жалпыға ортақ мойындалған түзілімі.

Ал, ащы шындыққа орай бізде 100 заң шықса, соның бірде біреуі ұлттық дәстүрімізге негізделмеген. Оған мемлекеттік тіл, мемлекеттік дін, мемлекеттік ғылым, мемлекеттік білім құрылымы туралы заңдардың шикілігі мен дүмбілездігі, танымдық тексіздігі айғақ.  Мұндайда Малайзияны  алдыға тартады.   Тым болмаса ұлттық мүддесі бар анау Жапонияның, сонау, Францияның, мына Германияның, ана ағылшынның,   тіпті, соншама алпауыт қаржының иесі, елінің эконмикасына ұлттық қауіпсіздік төндіреді деп есептеп, қазы менен қартаны кіргізбейтін Американың заңына неге негізделмейді? Біздің экономикамыздың ұйытқысы болып табылатын ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға негіз қалайтын заңдық құқығымызға жүгінейік. Сыртқы импортымыз – австралиядан қой, канададан – сиыр, Америкадан – тауық, қытайдан – жеміc-жидек, Ресейден – сүт, Өзбекстаннан – өрік, Қырғызстаннан – алма сатып алуға, импортымыз – Ресейге солтүстік аймақтардағы кәсіптестері өндіретін доңыз еті мен астықтан құралады. Одан түсетін кеден салығының, жанұялық түсімнің қызығын көретін де негізінен  азаматтығы екіұшты, «ұлттық мүддеден жоғары тұратын» алыпсатарлар.  Сонда, бұл қай мемлекеттің мүддесін қорғайтын экономикалық заңмен жүзеге асырылады? Газ бен мұнайдың алыс-берісі «нольге тең» принципке құрылған. Демек, Алсаң – берешексің, ал берсең – алашақ емессің. Оны қорғайтын құқық заңы өзіңді соларға жығып береді. Осыдан кейін тағы да сол Абайдың, «Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» демеске шараң бар ма?

Өктем ырық пен нарық  иелерінің заңдарының мәтіндері қазақ мемлекетінің заңдарына бап-бабымен бейімделіп, үстіріктеліп, жонылып, қырылып, заңдық формулировкаға ие болған.  Сенбесеңіз, заң жинақтырындағы салалас заңдардың мәтіндерін, олардың заңдық аясы мен дәрменін, сот үкімінің орындалу пәрменін салыстырып көріңізші Осыдан бес-алты жыл бұрын тәуелсіз заңгерлер тура сондай қорытындыға келген. Қазір өзгере қойды дегенге сенбеймін. Егер ендігі шығатын заңдар еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық одақтың мүддесіне бейімделсе, заң «ұлттық құрылымнан тыс мекеменің» ырқына ықтаса, онда бұрынғы заңдардың бәрі күшін жояды, ұлттық мүддені көздеген мемлекеттік заң шығарудың да қажеттігі жоққа айналады. Өз мемлекетіңді өзің шығарған заңмен билеуге дәрменің мен пәрменің жетпесе, «мәңгілік ел» қалай басқарылады? Абайдың: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – дегенінің кері сонда келеді. Айтпақшы, ресми мәлімдемелерде, еурапалық сауда ұйымына мүше болуға қарбаласа дайындалып жатырмыз деген хабар айтылды, ойпырмай, сонда еуроодағымызға кірмей жатып неден сескендік? Белоруссия неге еуразиялық одақтан бас тартуға бейілді, неге өздерінің  мүдделі шарттарын қойып, бопсаға қарсы бопса көрсетіп отыр? «Мәңгілік елдің» экономикалық қауіпсіздігін қорғауға тиісті заң құжаттарының қай жерінен кәдік шықты екен?

Демек, біздің заң ғылымымыз да, заң шығарушыларымыз да, қаржылық құқықтанушылар да дербес ойлау жүйесіне ие емес. Олардың білімі мен пайымы, ғылыми парықтауы мен тұжырымы сырт жұрттың ырқына тәуелді. Біздің нысанамыз ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңғы сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Сондықтан да барлық заңдарымыз тәуелсіз ғылымға негізделуі қажет. Неге тәуелсіз ғылымға негізделген? «Күлтегіннің» кіші жазуында: «Сонда өш адамдар (қағанатты күйресін дегендер) былай иландырып еді: «Жырақ болса, жаман сыйлық берер, Жақын болса жақсы сыйлық берер» деп. Осылай иландырып еді. Білімсіз кісілер сол сөзге нанып, жақын барып көбің... әбден алқындың, арылдың. .... Жер-жерге қаңғып өлімші босқын болдың» – деп назалана атап өтілген, жатқа  «жақын барғызып, жақсы сыйлықтан дәметтіріп, «алқындырып, «қаңғытып, өлімші» етуге мүмкіндік берген «білімсіз кісілеріміз», осы: әйтсек, бүйтсек шетелдік озық ғылымды, үздік өндірістік технологияны игереміз, ананы-мынаны басып озамыз –  деп өзінің ақыл-санасынан еш пайым қоспай өзеуреген, дербес инженерлік ойлау жүйесі жоқ, ойы, білімі, пайымы басыбайлы ғалымдар.  Соған сеніп біз де «алқынып», «ала дрба арқалап» «өлімші» күй кешіп жатырмыз. Жоғарыда бізді күдік пен кәдікке күпті еткен тұжырымдарды да жазған сол ғалымдар. «Мәңгілік ел» ұстанымы да солардың  қаламынан шыққаны анық.

Осыншама күдік тудырған тұжырымдарды жасаған ғалымдардың ойлау жүйесі тәуелсіз, пайымдары нақты ғылыми нәтижеге құрылған, жалған ғылыми пайымдаудан аулақ деп сенім білдіре аламыз ба? Әй, қайдам, әр жерден шиі селдіреп шығып тұрғанына қарағанда, көз күмәнді, көңіл күпті. Мұхтар Әуезов Дж.Нерудiң «Индияны тану»  атты кiтабындағы:  «Индияның бүкiл болмысы менiң қанымда қайнап тұр, оның бойындағы құбылыстардың барлығы менiң жандүниемдi қатты тебiрентедi. Сонда да, мен өз елiме, оның бүгiнiне, өзiм байқаған өткеннiң сарқыншақтарына жаттың көзімен, және сондай жеккөрiнiшпен қарадым. Мен өз елiмдi батыстың көзқарасы арқылы таныдым және кәдiмгi достық пейiлдегi европалық оған қалай қараса – мен де солай қарадым... Өйткенi менiң елiмнiң тарихы ағылшындардың көзқарасымен жасалған тарих едi» – деген  пікірдің тұсын  көк қарындашпен сызып тұрып: «Менiң халқымның да тарихы солай жазылды» – деп белгi қойыпты.

Иә, ұлылардың ойын ұлылар ғана терең түсiнедi. Демек, бiз қанша дербес ойлаймыз, тәуелсiз жазушымыз, тарихшымыз дегеннiң өзiнде, жанымыз бен тәнiмiздегi басыбайлылыққа байлаулы екенбiз. Ұлы адамдардың ұлы жүрегiн кеулеп кеткен тәуелдiлiктiң күйдiргiсi – ғұмырын тәуелсiздiк үшiн күреске бағыштаған жандардың жанын шырмап алғанда, Қобан бойында 80 мың ноғайды бала-шаға, шал-шауқан, әйелiмен қосып қырып тастаған Суворовты – ұлттық қолбасшымыз деп, аталарымыздан бастап аналарымызға дейiн шоқындырудың жоспарын жасаған Ильминскиидi – халқымызды ағартушы деп пiр тұтып келген «советтiк жас пионерлердiң» жүрегiнен тәуелсiз ұлттық сезiмнiң тамшысы табылар ма екен.

Әрине, озық инженерлік ойға, үздік технологияға, бәсекелі, Абайша айтқанда, «бақас» ғылымға кім қарсы болсын. Бірақ көшірме ойды көсей берсек, түбінде көсеу ұстап қалмаймыз ба? «Жалған ғылым» деген сөзді жай қызыл сөз үшін емес, жаным әбден күйген соң айтып отыр мын. Неге? Өйткені  қазір біздің  ғылым  деп  жүргеніміздің көбі, мен бұл арада қоғамтану саласын айтып отырмын,   көпірме  идея, көбік нәтиже. Жалған тақырып пен көлгір талдауға құрылған. Нәтижесі ғылыми ой ретінде ұйымаған. Өйткені оның  мәйегі – мәйек емес, шалап. Тура біздің қазіргі салынып жатқан ғимараттарымыз сияқты. Қабырғаның екі беті алекобондпен әдеміленіп қапталған, ортасында сылақ  жоқ, жер аңырап тұрады. Бұл  ойымды министрден бастап, қатардағы қарапайым профессорға да   дәлелді  дәйектер мен   мысалдар  келтіре аламын. Солардың бірде біреуі бұл пікірге қарсы келмейтіні кәміл. Қайта, менің мысалдарыма мысал қосып, айтқанымнан да асыра талдап беруі де мүмкін. Өйткені осы  жайды әр саладағы ғалымдар өзінің басынан кешіріп отыр, ал сол тауқыметті саясатты жасап отырған да ғалымдар немес ғалымсымақ шенеуніктер. Тіпті бұл саясатқа ғылым саласында жиі ауысып тұратын кезекті министр де өзгеріс енгізе алмауы мүмкін.

Неге? Себебі, ғылым мен білім саласы туралы дүние жүзінде қанша келімшарт үлгісі болса, соның бәріне кезінде қол қойыла берген. Енді одан бас тарта алмайды. Ал соны кезекті министрдің пәрменімен кезінде жүзеге асырған ұсақ шенеуніктер, қазіргі комитеттер мен департаменттегі орта шенеуніктер өздерінің қателігін әшкерелеп алмас үшін, нығыздағанның үстіне нығыздап, қасарысып дес бермейді. Жұмырланып кеткен ол тамырды үзіп тастау тек қана президенттің ғана қолынан келеді. Ол үшін тәуелсіз ғылым туралы жарлық керек. Ал ғылым туралы жаңа заңның үлгісі ғылым мен ғалымды басыбайлы етуге бағытталған. Егерде ғылым саласына бюджеттен қаражат бөлінбей отырса, онда әркім өз күнін өзі көрсін деген қатыгез сауатсыздыққа көнуге болар еді. Ал қаражат бөлініп отыр ғой. Ендеше ол неге Қазақстанның тәуелсіз ғылымын дамытуға қызмет етпейді. Әр түрлі жобаға конкурс жарияланады. Сол конкурстардың жетекшілері кімдер дейсіз бе? Комитеттер мен департаменттердің протекциясындағы жолбике ғалымдар, ректорлар мен проректорлар, декандар, институттың директорлары. Ал күнделікті тәжірибеде көріп жүргеніміздей, олардың тұрақты ғылыммен айналысуға уақыты жоқ адамдар. Ал олардың әр қайсысында кемінде төрт-бес жоба бар. Тіпті «Болашақтың» да бағдарламасын солардың өзі алып, әрі басқарып, әрі шет елде оқып, екеуін қатар жалғастырып жүргендер де бар. Сонда ғылыммен кім айналысады? Напалеон мен Лениннің қабілеті бойларына бірдей біткен күннің өзінде де, бір аяғын шет елде, бір аяғын Қазақстанда басып, үнемі талтайып тұра алмайды ғой. Сондай жолбикелер аяғын жимай ғылым түзеледі деп айта алмаймын.

Бұл тәуелсіздіктің басты нысанасына жасалған бопса. Не  үшін? Соны түсінбеймін. Нұрлан Темірғалиев деген бұрынғы одаққа белгілі, қазір де халықаралық математика ғылымның қабырғалы тұлғасының бірі профессор бар. Сол ғалым осыдан  4-5 жыл бұрын: «Қазақстан ғылымы бірте-бірте жалған ғылымға бойын үйретіп барады, бұл өте қауіпті бағыт» – деп күйіне айтқан еді. Біз ол кезде оған: «Рас, бүгінде жалған  ғылым тіршіліктің бар  саласына  кеулеп  еніп  бара  жатыр. Тоқтату керек. Ол үшін қайтпек  керек? Сендерді қойшы, мына қоғамдық ғылым соған бетін мүлдем бұрып алды», – дейтінбіз. Араға екі-үш жыл өткенде, басқаны былай қойғанда, сол математика ғылымының өзінен, жаңағы Нұрлан Темірғалиев зар илеп  айтқанындай, 5 диссертация жалған формуламен шығарылған есепке құрылыпты. Сұмдық қой! Бұл теміржолдың бойынан тыс жерде вагон тартып  бара жатқан паравоз сияқты. Теміржол жоқ, бірақ паравозбен состав кетіп бара жатыр. Қайда кетіп бара жатыр, қандай жолмен кетіп бара жатыр, жалпы орынынан қозғалды ма, оны ол араға кім көтеріп апарды, ешкім  білмейді.

Мен қазір жаратылыстану ғылымының нәтижелеріне де, олар дайындаған инженерлер мен мамандарға да күмәнмен қарай бастадым. Дипломына, ғылыми аттағына емес, солардың біздің қоғамды ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыта алатынына. Оқытушылар студенттерді оқытуын оқытады-ау. Шартты түрде Қазақстан бойынша жылына бес мың студент инженер (барлық техникалық, технологиялық, өнеркәсіптік, қолданбалы ғылым саласы бойынша) мамандығын алып шығады. Ширек ғасырдың ішінде пәленбай мың инженер шықты. Ал ғылыми-инженерлік ой сол пәс деңгейінде. Менің байқауымша солардың барлығы кәдімгі колледж дайындауға тиісті механиктердің міндетін атқарып жүр.

Қарабайыр мысалмен келтірейін, инженер мамандығы бар адам өндіріске өзі ойлап тапқан тетікті енгізуге мүдделі. Онсыз механиктен қандай айырмашылығы бар. Біздің инженерлер дайын бұранданы (гайканы) бұрайды, аккумуляторды, дайын дөңгелекті орынына салады, ал бір бұранда жетпей қалса ісі тоқтайды. Өз бетімен өзгеріс енгізуге мұршасы да, құқы да, мүмкіндігі де жоқ. Өйткені ол жалдамалы сауатты жұмысшы ғана. Қай заводта қандай ғылыми шеберхана бар, әлгі инженер әуелі сол заводтың ішіне кіріп көрді ме екен? Егер дайын жабдықтарды әкелу тоқталса, біздің әлгі он мыңдаған инженеріміз екі қалтасына қолын салған жұмыссыздардың қатарына қосылады да шығады.

Оу, сонда біз, инженер емес, механик дайындасақ, онда неге жалған маманға шығын шығарамыз? Жоғары мамандық иесі міндетті түрде өз саласы бойынша қоғамды алға жылжыта алатындай ғылыми әлеуетке, дербес ойлау жүйесіне, инженерлік шешімге қабілетті болуы тиіс. Қаныш Сәтбаевтің, Шафик Шокиннің, Шаһмардан Есеновтің, Евіней Букетовтің, Әбілқасым Сағыновтың даналық қуаты –  инженерлік ойды өндіріске енгізуінде. Ғылымды өндірістен ажыратып, алшақтатып, маманның білімін сұраусыз қалдыру арқылы еш нәтиже бермейтін ғылыми тәуелділікке, жалған ғылымға жол аштық.

Ал енді  қоғамтану ғылымына, оның ішінде тарих пен әдебиетке келсек, біз жалған ғылымға толығымен көшіп болдық. Бір мысал келтірейін. Қазақ  Автономиялы республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Соның алдында, қазақ  жерінің  шет-шегін  белгілеу  үшін Ахмет  Байтұрсынов  пен  Әлихан  Бөкейханов,  Әлімхан Ермеков  (баяндамашы)  Ленинге,  бірде  Сталинге  кіріп  жүріп, 1920  жылы  24  тамыз  күні  Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясы бекіттірді, оған Ленин мен Сталин  қол  қойды.  (Біз сол  бекітілген  территорияның  қазір  15  пайызынан  айрылып  қалдық. Қарақалпақстан, Шыршық –  Өзбекстанға, Елек, Алтайдың арғы беті,    Жазатыр жотасы Ресейге берілді). Бүкіл әдем мемлекетері 1991 жылы сол территорияны Қазақстан мемлекетінің жері ретінде таныды. Сондай тарихи оқиғаның  90  жыл толуы атаусыз қалды (бес-алты жылдан кейін жүз жыл толады). Қазіргі геосаясат тұрғысынан алғанда аса маңызды дата. Үнсіз қалдық. Үнсіз ғана қалып қоймай, барлық тарихи-саяси, жағырапиялық ресми басылымдарға қазақ мемлекетінің территориясы  1991 жылдан кейін бекіді деп жазды. Сонда, бұл Қырымның кебін құшуға ұрындыратын тарихи долбар екендігі әлгі «оқымыстысымақтардың» ойына келмегені ме?

Тарихи фактілерге сүйенсек, «Алашорда» 1917 жылы тамыз айында болашақ үкіметтің жобасын бекітіп, желтоқсанның 13-жұлдызында өз тәуелсіздігін жариялады. Яғни, олар саналы түрде ұйымдастыру жұмысын үш айға  кешіктірді. Ал, кеңес тарқаған тұста, 1991 жылы тамыздың 24-де өзбектер, одан кейін түркімендер, соңынан қырғыздар тәуелсіздігін  жариялады. Біз ғана желтоқсанның 16-сына создық. Екі жағдайда да, біріншіде, Николай мен Ленин, екінші жолы Ельцин мен Горбачев  басқаға мойын бұра алмай жатқанда, тәуелсіздіктің сәті түсті. Ал Алаш асықсын, асықпасын, енді бір ай кешіксе, кеңес өкіметі орнап, автономия ала алмайтын еді. Қалың жұрт, соның ішінде, тарихшылар түркі идеясы мен Кеңестік Түркістан республикасы арасындағы түбірлі айырмашылықты түсінбей, «Алашорда» үкіметін Түркістанды қостамағаны қателік болды – деп сәуегейсиді. Ахмет Байтұрсыновтың: «Тұрар Рысқұлов пен  Сұлтанбек Қожановтың   Түркістан мемлекетін құрамын дегеніне қарсымын» – деген жауабына орай Рысқұловты жақтаушылар Ахаңды түкке алғысыз қылып тастады. Бұл факті. Мұстафа Шоқайдың да ортақ Түркістан идеясына Байтұрсынов пен Бөкейхановтың қарсы болғаны дұрыс. Өйткені, алашордашылардың әрекеті арқылы Қазақстанның солтүстігіндегі және оңтүстігіндегі  бес облыс еліміздің құрамына енді. 1920 жылы 4-17 тамызда Кремльде Әлихан Бөкейхнов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов Ленинмен мәмілеге келіп, Қазақстанның бүгінгі аумағын қорғап қалған. Егер де Тұрар Рысұловтың Түркістан мемлекеті  жүзеге асса, онда Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Хиуа (Маңығыстау) облыстарының жері   Түркістан республикасына (бүгінгі Өзбекстаннға), Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Ақмола, Семей және Өсекемен – Батыс Сібірдің аумағына қарар еді. Тек Қостанай, Торғай, Орал облыстары – Қазақ автономиясының негізін құрап қалар еді. Сонда кімдікі дұрыс? Менің бір түсінбейтінім, осындай жалған идея мен жалған тұжырым, жалған намыс, жалған ғылым кімге керек? Тарихи оқиға бүгінде неге бұрмалданып айтылйды.  Ал орыс баспасөздері бұларды арандаут ретінде пайдаланып, Жириновскийдің ауызымен жидітіп отыр.  

Бұл  жасырып  қалуға  болмайтын ащы  шындық. Тәуелсіз күшті заңның боасаға шыдап беретіні туралы тағы бір уәж келтірейін. Жүз жылға жалға берген Тайуан аралын қытай өткен ғасырдың аяғында қайтарып алды. Ол үшін: «Бір мемлекет, екі түрлі қоғам» деген тұжырым енгізді. Яғни, қытайдың бір бөлігі – социалистік, екіншісі бөлігі капиталистік қоғамда қатар өмір сүріп жатыр. Қытайдың тұтастығын сақтау үшін Дэн сияу пин осыған да барды. Қасымжомарт Тоқаев өзінің «Шуақ пен көлеңке» атты мемуарында шекараны анықтау тұсында, әсіресе, Өзбекстанмен арадағы жайларды кейінге қалдыруға болатынын, бірақ сауатсыз елшілердің кесірінен оның әділетсіз шешімге барғанына өкінетін ашып жазды. Демек, елу жылға жалға берілген жерді халықаралық заң арқылы қалпына келтіруге мүмкіндіктің кезінде болғаны ғой. Мақтаарала ауданы Қазақстанға қайтқан тұста да осындай асығыстықтардың жасалғаны анық. Біз, Алтай үшін, Мұзтау үшін мақтанамыз. Ал ол шыңға баратын жер де, жол да Ресейге өтіп кетті. Соның кесірінен Баянөлгейлік қандастарымыздың қанын қарайтып, жанын жаналқымға келтіріп отырмыз. Тіпті, қорғаныстық, халықаралық маңызды нүктені қолдан беріп алдық. Десек те,  біз  сол  Ленин  қол  қойған  жердің  негізін  сақтап  қалдық.

Ал енді  осындай маңызды оқиғаны  мемлекеттік  тұрғыдан  ескеруге  болар  ма  еді.  Болар  еді.  Өкініштісі, біздегі  барлық саяси партиялар өзінің қайдан  шыққанын  білмейді, білгісі  де  келмейді. Сондай-ақ, Алаш  партиясынң  құрылғанына 90  жыл  толып кетті. Оның бағдарламасымен кім  танысып,  кім  есіне  алды? Мемлекет  болар  болмас    кішкентай  ғана  қаулы  шығарды.  Ол  қаулы  сол  қалпы  қалды.  Оны  ескеріп  іске  кірісіп  жатқан  ешкім  жоқ.  Сол  Алаштың   идеясы  не  еді? Ешқандай  партия есіне де алмады, тіпті кейбірінің қаперінде де болған жоқ. Оның есесіне Халық ассамблеясының атын жамылған мәжіліс депутаттарының бірі «Алаш» партиясын жеккөрінішті етіп еңбек жазып, оны жариялауға ұмтылды. Менің бір досым Қазақстан казактардың да отаны, олар демократиялық принциптерді орнату үшін, интернационалдық борышын өтеу үшін қоныстандырылған деген мағынада кітап жазуға тапсырыс берілгенін айтты. Ұмытпасам,  осындан  бес жыл бұрын студенттер  кездесуге шақырды. Оларды Алаш  Біртұтас алаш идеясымен     таныстырдым.  Бір ай  өткен  соң, жаңағы  балалар тағы келіп:   «Біз екіге  бөлініп  таласып  жатырмыз. Тең жартымыз: «Қазақ  халқының  жауы – Әлихан Бөкейхан. «Алашорда» үкіметі – қазақ  мемлекеттігін  сатқан үкімет. 1991  жылға  дейін  Қазақ  мемлекеттігі де, шекара да болған  жоқ. 1991 жылы  Қазақстан  тәуелсіздік  жариялан соң  ғана  шекара  анықталды» – дейміз.   Ал қалған  жартымыз      шыр-пыр  болып  оларға  қарсы  шығып жатырмыз. Қайсымыздікі дұрыс?» – дейді. Сөйтсем, сол жылдары Қазақстан тарихынан берген  оқытушы жалған ғылыми негізге сүйеніп дәріс оқып, осы пікірді жалған оқулықсымағына енгізіпті. Бұл, әлгі, халықтар өкілі ретінде сайланған депутаттың «Алашорда» үкіметіне қарсы жазылған пікірінен де асып түскен арандату.

Мұны түртіп  отырған түйнек құрты – білім жүйесінде. Өз басым несиелік технология дегенді – Қазақстан үшін сауатсыздықтың басы деп есептеймін. Өйткені, бізде онымен оқитындай негіз де, менталитет те, оқулық та, білім де жоқ. Өз бетіңше оқитын оқулығың болмаса, бірінші курстан бастап қандай тәжірибелік жұмыс туралы айтуға болады? Біз студент кезімізде Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын бір семестр оқығанбыз. Ал, қазір 40-60 жылдардағы қазақ әдебитетін бір блок оқимыз. Бір блок дегеніміз – 1 ай, 20 күн. Оның ішіне Әуезовің де, Мұқановың да, Мүсіреповің да кіріп кетеді. Бір блокта басқа емес, М. Әуезовтың «Абай жолын» оқып шығуға мүмкіндік бар ма? Сөйтсек, біздің оқыту жүйеміз Ресей мен Болон жүйесіне бейімделген бакалаврлықпен, магистрлықпен сәйкестендіріліп қойылған көрінеді. Тәуелсіз ғылым жоқ. Онсыз тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ.

Яғни, бір сөзбен түйіндесем, Алаштың осы бес аманаты жүзеге аспай қазақ қоғамы қалпына келеді, қазақ алға басады деу – бекершілік.  «Мәңгіліе ел» ұстанымы тәуелсіз ғылымға жол аша ма, жоқ па, оның өміршеңдігі соған тікелей байланысты. Менің бұл пікірлеріме осыдан бес жыл бұрынғы алқалы пікір алысуда Аманкелді Айталы ағамыз айтқан: «Әрине, Алаштың барлық идеясымен келісеміз. Бірақ, жоғарыдағы бес мұратқа жете алмай отырмыз. Ғасырлар бойы қордаланған мәселелерді 18 жылда шеше аламыз ба? Мүмкін, шын мәнінде уақыт аз болып жатқан шығар. Бірақ, осы уақытта біраз мәселені шешуге болмайтын ба еді деп те айтуға болады. Біз бүгін орысша ойлаймыз, орысша сөйлейміз. Біздің көп адамдар украиндықтарды, грузиндерді, шешендерді айыптайды. Неге олай? Себебі, біз әлгі орысшалағанда «зомбыланғанбыз». Бұл міне, бар дүние. Неге сол Украинада, Грузияда біздің бір телеарнаның журналисі отырмайды? Олай емес, бұлай деп. Мәскеуде бар. Өйткені, оларға тиімді, ал біз толық ақпарат ала алмай отырмыз. Осылайша көптеген жағдайларда біз орыстың жетегінде кеттік. Содан соң ішіміздегі орыстар Ресейдің Осетия, Абхазия, Грузияменен қақтығысын түгелдей қолдап отыр ғой. Біздің сыртқы саясатымыз бар. Бірақ, орыстар оны қолдамайды. Жаңағы ақпараттың да ықпалы бар. Сондықтан Тұрсын Жұртбай айтқандай, ұлт-азаттық күрес (рухани тұрғыдағы – Т.Ж) барлық салаларда жалғасып келе жатыр деуге болады. Шекара бар, ал рухани салада шекара жоқ. Содан кейін қол-аяғымызды байлап тұрып, ЕҚЫҰ «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңымызды қабылдатпады ғой. Ол да соның кесірі. Ал бір жыл төрағалық етеміз деп, 1000 жылдық құндылықтан айрылып қаламыз ба?.. Құрсау сол. Сондықтан, көтерілген мәселелер өте орынды, ойланатын жағдайлар көп. Бір жағынан «уақыт аз» деп ақтауға болады, бір жағынан сол 18 жылда басқа мемлекеттермен салыстырғанда көп жағдайда бітіретін істерді салғырттыққа салдық. Енді мәселе, шын мәнісінде философиялық тұрғыдан айтқанда, «не страшно то, в каком обществе мы живем, а страшно то, из какого общества мы вышли». Коммунистік, атейстік психология, ұлтқа деген салқындық жалғасып келе жатыр әлі. Иә, бұрынғы саясаттың ықпалы жүріп тұр деуге болады.», –  деген пікірлері өзінің күшін әлі жойған деп есептеймін. 

1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан нағып соншама тез жеріндік?  «Алаштап» жүріп «Ақ жол» партиясы Айталы ағамыз бастатқан қазақтың марқасқа зиялысын «судан өткенше пайдаланды» да, судан өткен соң суға лақтырып кетті. Лениннің: буржуазия жалтақ. Онда ар-ождан жоқ, пайдакүнемдік мүдде ғана бар – дегені рас болып шықты.  Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын бастап кетсек қайтеді – деген ой да келеді.

Мұны, әсіресе орыстілді басылымдар, соның ішінде орыстілді шалақазақтар, «қазақтың қаражүзді ұлтшылдығы» (махровый казахский национализм) деп атайды. Таза украйндықтардың бір күннің ішінде «фашистік ұлтшылдар», «бандеровшіл ұлтшылдар», «қаражүзді ұлтшылдар» атанып шыға келгені сияқты, қазақтың мүддесін көздесең бітті, тура сондай қарғыс таңбасы басылғалы тұр.  Ұлтшылдық  – империялық өктемдікке, бір ұлттың өзге ұлтты езіп, қанауынан туындайтын, Ленин айтқандай, ұлттық-буржуазияның ішінде туып, халықтық сыпат алатын күрес жағдайында туындайды. Империялық билеуші ұлттан өзінің ұлттық мүддесін орындауды талап еткен азаматты –  ұлтшыл деп атайды. Ал қазақ мемлекеті тәуелсіз өмір сүріп отырғанда, қай қазақты ұлтшыл деп бөліп тастайсың. Қоғамдық құрылымға, мемлекеттік билікке, жекелеген мәселеге, мысалы жерді меншікке беру керек пе, жоқ па деген сауалға орай, жеке тұлғаға қатысты әр түрлі көзқарас болуы мүмкін. Ол саяси партиялар, ұйымдар, қозғалыстар, топтар, тұлғалар арқылы жүзеге асады. Егерде Қазақстанда ұлтшылдық бар деп есептейтін болсақ, онда қазақ ұлтының толық тәуелсіздікке қолы жетпегені, бізді өзге ұлт өкілдері, мысалы халық ассамблеясы билеп отыр деп есептеу керек. Сондықтан да қазақ мемлекетінде қазақ мемлекеттігінің мүддесін көздеген патриоттар бар ма деген орынды шығар.

Өз басым, тәуелсіз қазақ мемлекетіне қарсы ешқашанда қарсы шықпаймын, керісінше, сол мемлекеттің нығаюына барынша күш саламын. Ал уақытша билікте отырғандардың мемлекет мүддесіне, ұлт мұқтажына, әлеуметтік теңдігіне нұқсан келтіретін қате шешімдеріне қарсы пікір білдіремін. Мұны ұлтшылдық емес, патриоттық парызым деп есептеймін. Ондай азаматтар қазіргі қазақ қауымының жетпіс пайызын қамтиды. Тек олардың басын біріктіретін және сенімді қозғалыс пен тұлға ғана жетпей тұр. Мен сондай тұлғаларды іздеп жүрмін. Ен салып қойғандарым да бар. Күндердің күнінде ондай қайраткер мен қозғалысты халықтың өзі екшеп шығарады. Мен бұған анық сенемін. Жалпыға ортақ халықтық мүдде соған еріксіз мәжбүр етеді. Әлгі орта қабаттағы әлеуметтік теңдікке қолы жетпеген жастар соның ұйытқысына айналады.

Кезінде президенттік қызмет академиясында саяси шешендік пәнінен дәріс беріп жүргенде, Ресей ғалымдарының: болашақ президент қандай қасиеттерге ие болуы тиіс және оған қандай адам келуі мүмкін деген болжамдарымен шәкірттерімді таныстырып, сол қорытындыны сақтап қойған едім. Ешкімге белгісіз Путин мемлекет басына келгенде, әлгі болжамды тауып алып, салыстырдым. Путиннің өмірбаяны да, құпия әскери қызметі де, өмір сұру дағдысы да болжаммен дәл келді. Міне,  саяси болжам деп осыны айтады. Оны Борис Ельциннің өзі де сол кезде ашық айтты және қазір де Ресей элитасы келешек президенттің кандидатурасына лайықтап бірнеше адамды астыртын дайындап отыр. Сенбесеңіз, аса құпиы «Россия жобасы» атты бұрынғы құпия жобаны оқыңыз. Бізде ондай ұмтылыс қылмысқа пара-пар саналады. Сонда да, бізде келешекте,  әскери тәртіп пен ұлттық рухты бойына сіңірген, қатаң да әділ билік иесі келеді деп жоримын. Әзірбайжандағы Елшібей сияқты елшіл демократ Қазақстанды жаңа деңгейге алып шыға алмайды. Болашақ президент: енді капитализмді социализмге ауыстырамын деп әуре болмайтын, ең бастысы ұлттық реформа жасауға қабілетті, әлеуметтік теңдік принципін ұстанатын, деколонизациялық бағытқа, ұлттық рухани тәуелсіздікке құрылған ұлттық идеяны ұсынатын, қазақ елін ұлттық мүддеге ұйыстыра алатын, өжет әрі қолы таза, жасы қырық пен елу бестің арасындағы азамат болуы тиіс. Ең алдымен: бұрынғы КПСС-тің орнына астыртын колонизаторлық, миссионерлік саясат жүргізіп, билік құрып, сайлау теңдігін бұзып отырған халық ассамблеясы сияқты құрылымдарды жойып, этностардың партиялық жолмен – бір, халықтық сайлаумен екінші рет депутат пен сенат сайлап, екі жеп биге шығуына жол бермейтін, оған солардың өзінің көзін жеткізетін, қазақ ұлтының құқын солармен теңестіре алатындай батыл да байсалды, дербес тәуелсіз ойлау жүйесіне ие тұлға болуы тиіс. Түптің түбінде: бұрынғы оқшантайдағы «оқсыз пестондарды»  ауыстырып, кәсіпкерлерді ың-шыңсыз өз жағына шығарып, халық мүддесіне бет бұрғызатын, мәселені нақты қойып, нақты нәтижеге қол жеткізетін, жалған «жасасындатпайтын», бір бетті, алаштың бес нысанасын шешуге бағытталған шара қолданатын адам келеді деп үміттенемін. Біз ұлттық идеяны ілгері дамытатын, ертеңгі ұлт тағдыры мен тарихына жауап беретін, оны келер күндерге жалғайтын мәдениет пен мәдениетті зиялылар дайындауымыз керек. Ал біз қалыптасқан мәдениетті үзіп алуға бет алып барамыз.

Қуаныштысы, тәуелсіздіктің ащы да тәтті дәмін білетін, әлеуметтік теңдікті аңсайтын, жер ортақ, ырыс ортақ, намыс ортақ, тіл ортақ, діл ортақ, діл ортақ, ғылым игілікті болсын деп ойлайтын, алайда биліктен де, байлықтан да тысқары, тек мұқтаждықпен өмір сүріп жатқан орта буын мен жаңа буынның сіңірі сияқты зиялылардың ауқымы басым және олардың мүдделері де біртұтас. Қоғам мен экономика, өмір мен әлеуметтік шындық түбі оларды екшеп отырып, биліктің тұтқасын ұстатады. Өйткені, алдыңғы қабаттар бұрынғысынша басына алмайтындай, кейінгі толқын бұрынғысынша басындыра алмайтындай қоғамдық, эконмикалық, ұлттық қайшылыққа тап болады. Міне, қазақ қоғамының нағыз шындығы сол кезде ашылады. Текті де саналы зиялы қауым, міне, сол тұста қажет. Сол қайшылықты шеше алатындай зиялы қауым мен  тұлғаны тәрбиелеп, таңдай алмасақ, онда, шынымен құрдымға кеткеніміз. Ол тұлға алаш идеясын жүзеге асыратындай, зиялылардың ойын біріктіріп, ұлттық қозғалыс дәрежесіндегі қуатты күшке айналдыратындай деңгейге жетуі тиіс. Мен, қазіргі саяси партиялардың бір де біреуі осы мәселелерді шешуге қабілетті деп есептемеймін. Түптің түбінде ағымы басқа  жаңа бір қозғалыс өмірге келеді, сол қозғалыстың басында кім тұрса, халық күші соған аудады деп есептеймін.

Міне, осындай өзекті мәселелерге өзінің көзқарасын білдірген және соны жүзеге асыра алатын партияның немесе қозғалыстың соңынан еруге халық дайын. Әйтпесе, өздерінің ұстанымы анық емес жалған ұраннан халықтың көңілі қалды.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381