Мемлекеттің тұтастығы жеке адамның ар-намысынан жоғары
Өткен аптада Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының кейбір тұрғындары Украинаның Донбасс қаласында ойран салып жатқан сепаратистерге көмек беруді ұйымдастырған еді. Сол кезде Украинадағы сепаратистерге жәрдем беруге Ресейлік әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі ұрандар жазып, мұрындық болған еді. Сепаратистерге жәрдемдесу мәселесін Қазақстандағы орыстілді газеттер мен zakon.kz, nur.kz қатарлы сайттар жапа-тармағай жазысқан. Әнеугүні Ресейдің «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресей қосуға үндейтін сурет жарық көргенін Facebook қолданушылары мемлекетке төніп келе жатқан қауіп ретінде көрсетіп, парақшаларында жариялаған.
Сондықтан әлеуметтік желілерде Қазақстанға қарай жылыстап келе жатқан қауіптің алдын алып, болдырмас үшін Парламент депутаттарының талқысында жатқан Қылмыстық кодекстің жаңа жобасына мемлекеттің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретін және Қазақстан азаматтарын өзге елдің (дініне, ұлтына қарамастан) территориясындағы террористік, сепаратистік пиғылдағы топтарды қолдауға шақыратын әлеуметтік желілердегі жазбалардың иелерін жауапқа тартатын арнайы бап енгізілуі керек.
Мұндай баптың Қылмыстық кодекстің жаңа жобасына енгізілуі - уақыт талабы. Өйткені бұл – өткенде ғана жобаға енгізілген «Әлеуметтік желілерде адамның ар-намысына тиетін коммент үшін 500 АЕК (1 АЕК – 1852 теңге ) айыппұл немесе 3 ай қара жұмысқа жегу туралы» нормадан әлдеқайда маңызды (http://abai.kz/post/view?id=818).
Заң жобасын талқылап жатқан депутаттар жеке адамның ар-намысынан бұрын мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін және елге төнетін қауіптің алдын алуды ойлағандары жөн шығар.
Abai.kz