Келер жылы жоғары санатты мұғалім жалақысы 91494 теңге болады
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі жоғары санатты мұғалімдердің жалақысы 91 мың 494 теңгені құрайтын болады. Бүгін Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева осылай мәлім етті.
ҚазАқпараттың дерегіне сай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Жолдауда жүктеген тапсырмасына сәйкес азаматтық қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа жүйесін әзірлеген. Осыған орай, жауапты хатшы азаматтық қызметшілерге жалақы төлеудің қолданыстағы жүйесі мен жаңа жүйенің ерекшеліктеріне тоқталып өтті. «Айталық, білім беру саласында жоғары санаттағы мұғалімдердің жалақысы биылғы жылдың 1 қаңтарында үстемеақысыз, негізгі бөлігі 68 мың 664 теңге болды. Ал 1 сәуірдегі 10 пайыздық өсімнен кейін олардың жалақысы 73 мың 761 теңгені құрады. Яғни, бұл жоғары санаттағы мұғалімнің негізгі жалақысы, бұған үстемеақылардың қосылатынын ескеру керек. Ал ұсынылып отырған жаңа жүйеге келсек, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жоғары санаттағы мұғалімнің негізгі жалақысы 91 мың 494 теңгені құрайтын болады. Бұл - негізгі жалақы, оған үстемеақы қосылады», - деді А. Құрманғалиева. Оның айтуынша, жаңа жүйеге сәйкес, мұғалімдер жалақысы 33 пайызға өсетін болады.
Абай-ақпарат