ЖҰМАҚ МЕКЕН – ЫСТЫҚКӨЛ
Алыс-жақын шетелдерге саяхаттап, жаһанның талай қызығына куә болып жүрсек те, кейде иек астында тұрған қоңсымыздың кереметін көре білмейміз. Ай басында «Эйр Астана» әуе компаниясының ұйытқы болуымен күнгей Алатаудың айдын көл, алтын кесесі – Ыстықкөлге бір топ тілші мен сарапшы ат басын тіредік. Иә, Сүйінбай ақын: «Қанаттас қырғыз елін көрмек үшін, боларын осы астың күттік алты ай» деп жырлағандай, іргедегі қырғыз ағайынның жай-күйін өз көзімізбен көру біраздан бергі арманымыз болатын. Қырғызстанның «Inspiro group» саяхат компаниясының өкілдері: «Қазақ туғандар, қош келдіңдер!» деп құшақ жая қарсы алды. Біз алдын-ала белгіленген Шолпан атадағы «Рух-Орда» мәдени-этнографиялық орталығында өткен биылғы туристік маусымның ашылу салтанатына қатыстық.
Алқалы жиынның беташарын Қырғыз үкіметінің бас уәзірі Джоомарт Оторбаев ашты.
– Дүниежүзі бойынша жыл сайын 1 миллиард адам саяхатқа шығады екен. Ал туризм саласындағы экономикалық түсім 1 триллион АҚШ долларынан асады. Қырғызстанға жылына шамамен 3 миллионға жуық турист келеді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Туризм саласындағы экономикамыздың локомативі – Ыстықкөлі екені бәрімізге белгілі, – деді ол.
Қырғызстанның премьер-министрінің айтуына қарағанда, Ыстықкөлге демалуға келетін саяхатшылардан жылына қазынаға шамамен 1 миллиард доллар табыс түседі екен. Бірақ, Қырғыз еліндегі күн сайын орын алып жататын түрлі бұлғақтардың кесірінен шетелдерден келетін саяхатшылардың саны күрт кеміген. Әлбетте, бұл жер асты жадықаттарына емес, туризмнен түсетін табысқа арқа сүйеп отырған елге ауыр соққы. Осыны ескерген Джоомарт Оторбаев Ішкі істер минсистрі Абдылда Суранчиевке курорт аймағындағы қауіпсіздік мәселесіне қырағы болуды тапсырды. Бас уәзір бұл тапсырманы шенділерге ғана емес, жиылған қауымға да арнады.
– Құрметті халайық! Ыстықкөлге демалуға келген туристерден түсетін 1 миллиард доллардың 1 пайызын біз Ыстықкөл облысының бюджетіне қалдыратын болсақ, яғни, 10 миллион доллар ақша жалақы мен зейнетақы ретінде сіздерге беріледі һәм осы өңірді өркендетуге жұмсалатын болады. Ол үшін біз тыныштықты сақтауымыз қажет. Жол тосу оқиғаларын доғарсақ игі, – деді ол өз сөзінде.
Ыстықкөл облысының губернаторы Эмильбек Қаптағаев өз ойын ә дегеннен: «Қазақ туғандар қырғыздардың митингі деген «ұлттық ойынына» түсіністікпен қараса екен» деп елінің жай-күйін астарлы әзілмен жеткізді. Шенеуніктің айтуына қарағанда, курорттық аймақтан түсетін кіріс Ыстықкөл бюджетінің ширегін ғана құрайды көрінеді. Туризм түсімінің бұлай тым аз болу себебін Қырғыз үкіметінің қазіргі жүргізіп отырған ықтиярлы салық жинау саясатынан көретінін айтты. Ал, кірісті еселеу үшін жылжымайтын мүлікке салынатын салықты жоғарлату керектігін үкіметтің күн тәртібіне қойғанын жеткізді. Осы тұста біз губернатордан Ыстықкөлдегі Қазақстанға тиесілі пансионаттардың жай-күйін сұрадық.
– Ыстықкөлде Қазақстанға тиісілі сегіз пансионат бар. Оның төртеуі мемлекетаралық келісімшарт негізінде ратификацияланды. Қалған төртеуі жекеменшікте. Олар жерді жалға алғаны үшін ақы төлейді. Кезінде, бұл пансионаттарды рәсімдегенде, Қазақстаннан мол инвестиция келеді деп күтілген еді. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстаннан күткен инвестиция құйылмады. Қазір, бұл пансионаттардың жағдайы нашар. Былтыр Қазақстан үкіметінің делегациясы келгенде, оларды мен «Қазақстан сияқты шоң мемлекетке мынадай пансионаттарды ұстаған лайық емес» дедім. Бұйырса, қазақ ағайындардың Ыстықкөлге деген көзқарасы түзеледі деген ойдамын, – деді Эмильбек губернатор.
Губернаторға Бішкек-Шолпан ата тас жолы сапасын көтермейінше, мүнда қазақстандық туристердің ағылып келуі екіталай екенін, Бішкек айналма жолынан қарағанда, Алматы мен Шолпан ата арасына тікелей жол салынса, құба-құп болатынын жеткіздік.
– Бұрын екі мемлекет арасында Қаскелең мен Балықшы арасына жол салу жоспарланған болатын. Бірақ, Қырғызстандағы саяси тұрақсыздыққа байланысты, бұл жоба қолға алынған жоқ. Енді, Ұзынағаш-Кемин арасындағы тау қиясынан жол салуға Қазақстан үкіметімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сонда, Алматы мен Шолпан атаның арасы 200 шақырым шамасында болады. Бұл жоба іске асса, қазіргі жол ұзақтығы үш есе кемиді деген сөз, – деді губернатор.
Иә, бармасаң-келмесең, жат болатының анық. Шетелдің дамыған туристік орталықтарынан бір мысқал кем емес Ыстықкөлдің көрікті курорттары «Каприз», «Аврора», «Ақ-бермет», сондай-ақ, «Григорев шатқалы» сияқты күнгей Алатаудың табиғаты көркем жерлерін тамашаладық. Қырғыз ағайынның әлеуметтік ахуалын қанша жерден олқы санасақ та, Құдай қазаққа осы жұртты еншілес етті. Алатаудың күнгейі мен теріскейін тел емуді, бір тарихи тағдырды, өмірдің ащы-тұщысын бір көруді жазды. Кең қолтық қазақты «Туғаным!» деп аялаған айырқалпақты ағайынды, біз де құшағымызға тартсақ, туысқа кенде болмайтыныз анық.
Барлыбек Бақкелді
Abai.kz