Тұрсын Жұртбай. ЖЕР ЖЕГІСІ – ЕЛ ЖЕГІСІ (жалғасы)
ІІ. ЖЕР ЖЕГІСІ – ЕЛ ЖЕГІСІ
“Мәңгiлiк елдiң” түпкі ұлы ұйытқысы – Жер мен Су. Өйткенi Тәңiртауды түркі жұртына Тәңiрiмнiң өзi еншi етiп бергендіктен де, “керуен жүргiзушiлерден басқалардың” табаны баспауы, тиiс, өзен-суы жаттың шөлiн қандырмауы және оны қаған – мұрагерiне, ата – баласына, ана – қызына» аманат қалдыруы тиіс. Сондықтан да “Тариат” көне жазба ескерткiшiнде: ”Түстiктегi шекара мен Алтай тауының батысын, Көгман тауының терiстiгiн сақтаңдар! Өйткенi Тәңiрiден жаратылған тәңiр тектi халықты құраған” Тәңiртау бұл – деп өсиет еткен қасиетті мекен, яғни осы жер. Оның себебін “Күлтегiннің” кiшi жазуында:“Егер қазiр баяғы кексiз түрiк қағаны Өтүкен қойнауында отырса, онда ел мұңсыз болады. Ел тұтатын жер осы Өтүкен қойнауы. Өтүкен қойнауында отырсаң Мәңгi елдiгiңдi сақтайсың. Онда түрiк халқы тоқ”,– деп түсіндірген. Соны білген ата түркі оғландары “төрт бұрыштан» (анталаған) «дұшпандарға» ... сарбаздармен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алды, бәрiн бейбiт еттi, бастыны еңкейттi, тiзелiнi бүктiрдi. Iлгерi Қадырқан қойнауына дейiн, керi Темiр қақпаға дейiн жайлады. Екi аралықта жүрген иесiз көк түрiктер осылай қоныстанды. Қоныстандырғандар – бiлге, алып қағандар мен бiлге, алып әмiршiлер” болды (“Күлтегiн”, үлкен жазу).
Сөйтіп, мәңгi алаңсыз мекендейтiн “мәңгiлiк ел мен жер» туралы әфсаналар, міне, осылай, тасқа қашалған өсиетті аманат ретінде исi түрiк қауымының аңсарына айналды. Ел жаңарып, ұрпақ жаңғырса да, осынау қасиеттi арман олардың жүректерiне рух боп ұялады. Соның нәтижесінде, Қорқыт баба мен Асан қайғы iздеумен өткен өлiм-жiтiмсiз ел мен жер – Жерұйық пен Жиделiбайсын жұрты туралы аңыздар туды, ол аңыз “мәңгiлiк елдiң” ныспылы нысанасына айналды. Жер – “мәңгiлiк елдiң” киелi кепiлi. Жыл санауымыздан бұрынғы IҮ ғасырда өмiр сүрген Мөде тәңiрқұты дұшпандары арандату мақсатында одан астындағы атын, қойнындағы қатынын сұратқанда, олардың айтқанына көнедi. Ал ешкiмге керексiз сортаң жердiң пұшпағын сұратқанда: ”Қатын мен хайуанды ел үшiн қиюға болады. Орыны толады. Ал Жер – отанның белгiсi, елдiң мәңгiлiк еншiсi. Ат пен қатын табылады, жер табылмайды. соғысамыз” – деп намыстанып, түнқата аттанып, жауын жер жастандырады. Құнанбай да: ”Ел өседi, жер өспейдi”– деп Шыңғыстың ұлтарақтай пұшпағы үшiн өмiр бойы ағайындарымен жағаласып өттi.
Мөде мен Құнанбайдың арасын екi жарым мың жыл бөлiп тұр. Бiрақ та жерге деген көшпенділердің құрмет мен елдiк саясат өзгермеген. Оның басты себебi, атадан балаға аңсар ретiнде көшкен “мәңгiлiк елдiң” нысанасы. Ал бiз күннiң ашығында, айдың аманында ата қоныстың өңiрiн өз қолымызбен жыртып бердiк. Біз етегімізден кесіп берген тура сол жер жаттың қолында кетпесiн деп байырғы түрiк қағандары: ”Өтүкен қойнауындағы Сүңгi Башқан жайлауына тақ пен сарай орнатты. Мың жылдық, түмен күндiк жазу белгiлерiн осында жалпақ ауыр тасқа жаздырды. Өйткенi, онда көктегi Көк Тәңiрi жарылқаған түрiк елi өмiр сүрдi, елдiгiн құрды. Төменде Қара Жер жарылқады, сол жер үшiн төрт бұрыштағы халық күш-қуатын сарып еттi. Жаулары өз үлесiнен айырылды”(“Тариат” жазуы).
Бiрақ заман бiр төңкерiлiп түскенде тақ та, сарай да, “мың жылдық, түмен күндiк жазу да” жаттың уысында қалды. Осы тұрғыдан алғанда жер жөнiндегi “мәңгiлiк ел” нысанасында тасқа қашалып тұрып жазылған: “Адамға өлiм бар, елге өлiм жоқ” – деген қасиеттi қағиданы ешқашанда жадымыздан шығармауымыз керек. Аталарымыздың өсиетiне жүгiнсек, жат қолына кеткен ел мен жер – «өлi дүние». Қазақ ұлтының сөгiлген қабырғасы бiтiп, босқан «бүдіні» (елi) бүтiнделiп, кеткен жер мен ел есесi әлi толық қайтып болған жоқ. Демек, бұл да елiмiздiң ертеңi үшiн тiкелей қатысы бар тәмсiл.
Демек, сол өркениеттің бүгінгі жұртында бұл идеяның қайта түлеуі заңды, дәстүрлі құбылыс. Бұл идея – тәуелсіз мемлекеттік құрылымды орнатуға ұмтылған «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Біртұтас алаш идеясында нақтылай тұжырымдалды.
Көне түркі жазбаларындағы бұл үлгi – бүгінгі “Мәңгiлiк ел” үлгiсiнің қормалды. “Мәңгiлiк ел” нысанасы – “Аспан мен Жер, Су жаратылғалы” Тәңiртауының сағасын мекендеп келе жатқан, “жетi рет жер жаңартқан” (Шәкәрiм) көшпелi түрiк жұртының, оның тікелей мұрагері бүгінгі қазақ елінің ұлы арманы, түркі-қазақ әлемi мен руханиятының ұйытқысы. Демек, жер мен су болса ғана қазақ қауымы мәңгiлiк ел қалпын сақтап қалмақ. Өйткені “Мәңгiлiк ел” нысанасы көшпелiлердiң рухани кеңiстiгiнiң қасиеттi болмысы. Оның мәңгiлiк сыпатына Тәңiр мен Ұмай ана, Жер мен Су кепiл. Мұндай ғаламдық кеңiстiк деңгейiндегi Кепiлдiкке ие болған түрiк жұртының құрып кетуге кеше де ешқандай құқы жоқ болатын, бүгін де «құлданып, күңденіп кетуге» құқы жоқ, ертең де «жойылып, сіңіп» кетуге қақысы жоқ.
Алашорданың орнатайын дегені де сондай мәңгілік аңсарға ұйыған – ұлттық демократиялық мемлекет. Ал алаш идеясының басты аманаты – жерді ұлттың игілігіне мәңгі аманатқа қалдыру. Қазақ мемлекеті үшін ең басты мәселе – жер, жер және жер. Өйткені, жер – Отан, жер – экономика, жер – қорғаныс, жер – рух, жер – мәдениет, жер – намыс. Жерсіз мемлекет өмір сүре алмайды. Әр ұлт, әр сарбаз өз елін «Менің жерім!» деп қорғайды. Жерінен айырылған мемлекет – өзінің бостандығынан, тәуелсіздігінен айрылады (Айтпақшы, біз әнұранымыздағы Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елім, менің жерім!» деген жолдарындағы «жер» деген сөз неге алынып тасталды?). Жер – мемлекеттің меншігі және Отан деген ұғымның басты кепілі. Ендеше, «Мәңгілік ел» ұстанымының қасиетті қағидасы да осы жерге негізделуі тиіс. Сонда сонау көне аңсармен – бүгінгі аңсар, бүгінгі аңсармен – ертеңгі аңсар өзара мәңгі ұштаспақ. Әйтпесе, бүгінгі ұзынырғасы 13-15 латифундистің меншігіндегі жер «мәңгілік елдің» мекені бола алмайды. Қырымдағы қитұрқының тонын сыртына аударып: «Жер өзіміздің жеке меншігіміз. Сондықтан да оны қай мемлекеттің құрамын қаласақ, соған бағындырамыз. Сол үшін референдум өткіземіз» – десе, Біріккен Ұлттар Ұйымы да, Еуропалық одақ та ештеңе дей алмайды. Өйткені олардың басты қағидасы – жеке капитал мен жеке меншікті қорғауға құрылған.
Демек, бұл мәселеге қайтып оралып, жерге жеке меншік мәселесін бүкілхалықтық референдум арқылы шешпей, «мәңгілік ел» ұстанымы да тиянақталмайды. Өйткені, «мәңгілік елдің» мәңгілік мекендейтін, оны асырайтын, паналайтын тұрақты жері болуы керек. Қазақстан жерінің 77 пайызы латифундистердің қолында. Сонда «мәңгілік еліміздің» Өтүкені, Жиделібайсыны, Жерұйығы қайда? Біз кімнің жерін басып жүрміз? Қазақстанның фаунасы мен флорасының алтын қоймасы саналатын қорықтарға тиесілі аң аулау шаруашылықтарының тоқсан пайызынан астамын «бауырластарымыз бауырмалдықпен» бауырына басып, меншіктеп алғаны туралы нақты деректі оқығанда, Арқангер мен Алматы қорығындағы қанды қырғын есіме түсті. Егерлердің мылтықсыз жүрмейтіні белгілі, демек, олар қару-жараққа де ие.
Енді осы сөздеріме нақты жанама мысалдар келтірейін. Мен осыдан бес жыл бұрын Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтың атамекені Ақкөлге бардым. Бұл 2 мың шаршы шақырым аумақтағы құрдымда жатқан көл. Яғни, Арқалыққа дейін 600, одан Торғайға дейін 500, Торғайдан әрі қарай 170 шақырым жерде орналасқан, торғайлықтарды ашаршылықтан аман сақтап қалған көл. Сол көл 2006 жылы жеке меншікке сатылып, Торғайдағы 17 кеңшардың халқы балықсыз қалыпты. Торғайдың жері сары топырақты болып келетіндіктен, онда сабағы қоға, басы бидайық сияқты қоқа деген өсімдік қана өседі. Оны мал жемейді, егін салуға келмейді. Яғни, халықтың күнкөріс көзі – балық аулау ғана. Кейінгі жылдары сол Ақкөл тартылып, балығы шіріп, жағаға шығып қалыпты. Ақкөлдіктер: «Ең қорлығы сол, биылғы жазды өзімізге қызығын көрсетпей отырған біреудің балығын тегін жиып, өртеумен өткіздік» – дейді. Сөйтсек, әлгі көл иесі балықты өзі де аулап жарытпайды, жергілікті тұрғындарға да аулатпайды екен. Содан кейін су тартылып, балықтар шіри бастаған. Балық шіріген жерде індет тарайды. Сонда жалғыз күнкөрісінен айрылған ел не істейді?
Тағы бір мысал. Бір жылдары Шығыс Қазақстанда өскен шөп адам бойынан асып кетті. Ал, сол жылы Семей өңіріндегі басты мәселе шөп тапшылығы болды. Алтайдың сілеміндегі адам бойынан асатын шөпті шабуға болмайды. Өйткені, ол біреудің жері. Кімнің жері? Әйтеуір қазақтікі емес. Өйткені, бәйектің дені Ертістің арғы бетінде. Сондай-ақ, Қазақстанның көп аймақтарында сол жылы егін бітік шыққанымен, орылмай қалды. Неге? Өйткені, Қазақстанның солтүстіктегі қаратопырақты аймақтарындағы бүкіл егін аумағының дені 7-11 латифундистің меншігі. Солтүстіктегі облыстардың барлық элеваторлары «жат қолында» (Ғ.Мүсірепов). Ал олар, әрине, шағын серіктестерден көрі, латифундистердің өнімін көтермелеп сақтағанды жөн көреді. Ауыл шаруашылығы министрінің бұл мәселені шешуге шамасы жетпейді. Өйткені, ана жер Кулагиндікі, мына жер Терещенконікі, үшінші бір жер Мәдиновтікі, төртіншісі... Мен өз сөзімнің дәлелін алдын-ала айтайын, қазақ жерінің аумақты көлемін әр түрлі бүркеншік атпен меншіктеп алғандардың дені Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері. Ассамблеяға саясатпен айналысуға құқық берген соң, ассамблея мүшелері жер саясатымен еркін және белсенді түрде араласуға бет алды. Бейне бір патша заманындағы жерді отарлау, бөліп беру саясатын жүргізген земствоның міндетін қолына алған сияқты.
Осындай бір алқақотан отырыста пікір айтылған тұста қазақтың ой қормалы, оқымысты Аманкелді Айталы дегдар: «Тұрсын Жұртбайды қолдасақ, біраз уақыт көптеген мүмкіншіліктерден айрылып қалдық. Қадіріміздің қашқанын енді біліп жатырмыз ғой деймін. Мысалы, жер мәселесінің бұдан да әрі ушығуы мүмкін. Бір жағынан алғанда, Ресеймен шекараны анықтау үлкен жетістік. Жалпы орыстар қазақтармен шекараны анықтауға ешқашан да көңіл бөлген жоқ. 2005 жылы қараша айында Ресей мен Қазақстанның шекарасын анықтауға арналған отырыс болды. Бірінші нүктесінен бастап, көлі бар, сайы бар, суы бар, орманы бар, тауы бар әрбір метріне дейін екі тілде жазылған 500 бет кітап екен. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин осы мәселені бір күнде келісіп, шешкен. Біз өте үлкен құлшыныспен ратификация жасадық қой. Сонда «жер берілмесін» деп Ресейдің 36 депутаты өре түрегелген. Путин болса: «Қазақ деген жақсы халық» деп тоқтатыпты. Өйткені, қазақтан басқа Ресейді қолдайтын ешкім қалмады ғой. Украинасы анау, Балтық жағалауы анау, Кавказы анау. Соның өзінде, күні бүгінге дейін шекараның әлі шешілмеген мәселелері бар. Десек те бұл үлкен жетістік. Осы хаттама БҰҰ-на кетті ғой. Халықаралық күшке енді. Қытаймен де сол сияқты. Ал еншімізді алғанмен, елдің ішіндегі мәселені келістіре алмай жатқанымыз рас. Балқаштан былай қарай 30 млн-ға жуық жер әскери полигон. Оның жалдық ақысы да көп емес. Сол жерлерге де қазақ малын жая алмай отыр. Бұл – зымырандық полигондар. «Бұл да еліміздің қорғанысы, бұл зымырандар тек Ресейді емес, бізді де қорғайды» дейді. Өз еліміздің байлығына ие болу, жерді тиімді пайдалану және рухани мәселелерді шешпеу – бұл әрине, әсіресе, Ресейдің ақпараттық үстемдігі», – деп бізді қостап еді.
Әулие екен. Міне, енді «Қырым оқиғасын» көзбен көрген соң, көңіліміздегі күдік пен кәдік бұрынғыдан да ұлғайып отыр. Жер мәселесі – қазақтың тәуелсіздігінің кепілі. Ендеше бұл мәселеге қайтып оралу керек. Бәлкім, бұл мәселені бүкілхалықтық референдуммен шешкен дұрыс шығар. Әйтпесе, біздің бүгінгі күйіміз баяғыда біз оқыған мектептегі тарих пәні оқулығындағы бір аяғымен жер басып тұрған орыс мұжығының суретіне ұқсайды. Әлихан Бөкейханов айтқандай: «Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі» тиіс. Өйткені, Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Қазір қазақ жері өзінің тарихи иесінен айырылып қалды. Ал «мәңгілік ел» ұстанымының ұстыны – жерсіз, ұстын емес, «қағылған қазық» қана.
(жалғасы бар)
Abai.kz