Дүйсенбі, 29 Қараша 2021
Билік 5572 1 пікір 12 Маусым, 2014 сағат 08:44

ҚР-да қатерлі ісік пен туберкулезді емдеуге жағдай жасалған

Медицина қызметкерлері мерекесі қарсаңында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында журналистер үшін ашық есік күні өтті. Журналистер бір күн бойы онкологтар мен фтизиатрлардың қызметін атқарып, дәрігерлердің жұмысын бақылады. Тіпті күрделі ота жасауға да қатысты. БАҚ қызметкерлеріне әлеуметтік маңызы жоғары екі ауруды алдын ала анықтау және оны емдеудің инновациялық технологиялары мен әдістері көрсетілді.

Отандық дәрігерлер қатерлі ісік пен туберкулезді алғашқы сатысында анықтап, оны тиімді әрі тез емдеу мүмкіндіктері артқанын атап айтты. Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда туберкулез ауруларынан көз жұмғандар саны 72,8%-ға кеміген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің қатерлі ісік ауруларын алғашқы сатысында анықтап, оның алдын алу бағытындағы алты скринингтік бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетуде.

         Қазақстандық дәрігерлердің мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне 2012-2016 жылдарға арналған мемлекеттік онкологиялық көмекті арттыру мен туберкулезбен күрес Ұлттық бағдарламалары аясында жүзеге асты.  Бұл туралы  БАҚ қызметкерлеріне арналған ашық есік күнінде тілшілерге еліміздің бас дәрігерлері толық мәлімет берді. Журналистер Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының барлық бөлімдерін аралап, дәрігерлердің бір күндік жұмысын бақылады. Тіпті әртүрлі дәрежедегі күрделі оталарға тілшілердің қатысуына бар мүмкіндік жасалды. Оған қоса, БАҚ қызметкерлері  «Кох талшығын» өз көздерімен көріп, зерттеп, одан соң онкология институтының «Сәулелі терапия» бөліміндегі жұмыс процесін көріп, институттағы қатерлі ісікке шалдыққан науқастармен сұхбаттасты. Одан бөлек, мамандардан өздерін қызықтырған маңызды сұрақтарға жауап алды.

         Атап айта кетейік, қазіргі жаңа инновациялық-зертханалық технологиялардың медицина саласына енгізілуі қатерлі ісік пен туберкулезді тез әрі тиімді емдеуге, науқастар санын біршама азайтуға жол ашты. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық жүйесі жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Институт тек қатерлі ісік аймағына әсер етіп, адам ағзасындағы өзге сау ұлпаларды сәулелендірмейтін соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған.

«Бүгінгі таңда онкологиялық аурулар арасында сүт безі аурулары алдыңғы орынға шықты. Елімізде жыл сайын 3500-ден аса науқас тіркеледі. Алайда, мемлекет іске қосқан үлкен бағдарлама бойынша науқастардың 78%-ының дертін алдыңғы сатысында анықтап, емдеуге мүмкіндік бар», - дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры, медицина ғылымдары докторы Қуаныш Нұрғазиев.

         Облыстық, қалалық, аудандық туберкулезге қарсы диспансерлерінің бактериологиялық зертханаларында туберкулезді ерте сатысында анықтау үшін жетілдірілген инновациялық-зертханалық технологиялар енгізілген. Олар: BACTEС MGIT-960,  Hain-test и Gene-Expert. Сонымен қатар, Gen-Expert аппаратының тағы да 20-сын сатып алу жоспарда тұр.

         «Туберкулезге қарсы қызметті қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2013 жылы мемлекеттік бюджеттен 35472,2 миллион теңге бөлінді. Соңғы үш жылда қаржыландыру 3 есеге артты. Оған қоса, туберкулезге шалдыққан науқастарды жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланып емдеу дұрыс жолға қойылды», - дейді Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы директоры, медицина ғылымдарының докторы Тілеухан Әбілдаев.

         Қазақстан – бүгінгі таңда туберкулез бен қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін санаулы елдердің бірі. Қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту мен өмір сапасын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған бюджеттен 211 миллиард теңге бөлінген.

         Еліміздің бас онкологы мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы басшысының айтуынша, бұл көрсеткіштер әлі де жеткіліксіз, соған орай ауруға қарсы күрес үздіксіз жалғаса береді. Бүгінгі емдеу тәсілдерін бұрынғыдан да дамыта түсіп, әлеуметтік маңызды аурулар – қатерлі ісік және туберкулезбен күресте ең тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін білек сыбана жұмыс істей бермек. Ауруды алғашқы сатысында анықтап, науқастар санын мейлінше азайту – күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарында.

Толық ақпарат алу немесе сұрақтарыңыз болса, Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы мен Қазақ онкология және радиология ҒЗИ баспасөз орталығына хабарласыңыздар:

Тел.: +7701 360 66 63

E-mail& onco.congressv@gmail.com 

1 пікір