СЕНАТОР УАҚЫТ ӨЛШЕМІН ӨЗГЕРТУДІ ҰСЫНДЫ
Кеше Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Сенат отырысында сөз алған сенатор Қожахмет Баймаханов Үкімет мүшелеріне уақыт өлшемін өзгерту туралы ұсыныс айтты. Бұл туарлы Baq.kz хабарлады.
«Жалпы, еліміздің энергия үнемдеуге қатысты қабылдап жатқан сан түрлі бағдарламалары мен жобалары құптарлық-ақ. Десек те, мені мынадай бір мәселе алаңдатады. Еліміздің географиялық орналасуы тұрғысынан сағаттық белдеулері біршама уақыт алшақтығын туындатады. Алайда, Алтай мен Атырау арасында байтақ даламызда бір ғана сағаттық өлшемнің енгізілуі ел тұрғындары үшін біршама қолайсыздық тудырумен қатар, экономикалық тұрғыдан да тиімсіз деп ойлаймын. Мысалы, қыстың күні Алматыда мен Қызылордада таңғы 9-дар шамасындағы мезгіл бірдей емес. Бұл мәселеде әлеуметтік сала мамандары мен оқушыларымызға қиын. Қараңғылықтан қызметіне кірісетін мекемелер үшін де қаншама энергиялық шығындарға әкеледі. Жалпы, біздің елде Қызылорда мен Қостанай облысындағы уақыт өлшемдерін қайта қарастырғанымыз жөн секілді. Осы мәселе Үкіметтік деңгейде қаралды ма екен?» – деп депутат Баймаханов премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа қарата сауал тастаған.
Айта кететін болсақ еліміздің батыс облыстарында Астана уақытымен уақыт айырмашылықтары бар. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының уақыттық белдеуі +5. Ел арасында Қазақстан үшін жаздық уақыт өлшемін пайдалану туралы қоғамдық пікірлер де бар. Әлемнің көптеген елдерінде жаздық уақыт қолданылады. Жазғы уақыт - негізгі уақытпен салыстырғанда 1 сағат ілгері, әр елде қолданылатын уақыт. Дүние жүзінің көптеген елдерінде тәуліктің жарық бөлігін тиімді пайдалану үшін енгізіледі. Жазғы уақытқа өту наурыздың соңғы жексенбісінде, ал декреттік уақытқа қайта өту қазанның соңғы жексенбісінде жүзеге асырылады.
Абай-ақпарат