Газға қатысты Ресей ұсынысын Украина қабылдамады
Украина Ресейдің газдың 1 мың текше метрінің бағасын 100 АҚШ долларына арзандату ұсынысын қабылдамады. «Азаттық радиосының» жазуынша Украина премьер-министрі Арсений Яценюк бұл жайында кеше, 11 маусымда үкімет отырысында хабарлаған. Оның айтуынша, Киев келісім-шартты өзгертуге бекініп отыр.
11 маусымда Брюссельде Ресей, Украина және Еуропа Одағының газ мәселесі бойынша үш жақты келіссөздері жалғасты. Келіссөздердің бұған дейінгі кезеңдерінде ешқандай шешім қабылданбаған. Мәскеу Киев өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында тұтынған газы үшін 1 миллиард 454 миллион АҚШ доллары және сәуір-мамыр айларында тұтынған газы үшін тағы 500 миллион АҚШ доллары қарызын төлеуі тиіс дейді. Ал Украина қарызын арзан бағамен төлегісі келеді. 10 маусымда Ресей Украинаға тұтынатын газы үшін алдын-ала төлем жасау мерзімін 10 маусымнан 16 маусымға шегерген.
Естеріңізде болса Виктор Янукович ақпан айында биліктен кетіріліп, Ресей Қырымды қосып алған соң Мәскеу Украинаға көрсетіп келген жеңілдігін жойып, 1 мың текше метрін 268 АҚШ долларынан сатқан газының бағасын бірден 485 АҚШ долларына қымбаттатып жіберген еді.
Абай-ақпарат