Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 5719 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 13:45

Наиль Нәбиуллин: «Біз – Алтын орданың мұрагерлеріміз»

«Татар үшін кім күреспек, күреспесе татар өзі?!». Бұл Татарстаннан шығатын «Азатлық» жастар газетінің ұраны. 3500 данамен тарайтын газеттің редакторы– мамандығы заңгер, 25 жастағы Наиль Әнәсұлы Нәбиуллин.  Қазығұртта өткен «Түркі халықтарының ассамблеясына» келген бауырларымызбен Алматыда жүздесіп, пікірлестік.

Сәт сапар болсын, бауырлар! Бұл Қазақ еліне алғашқы келулеріңіз бе?

- Біз екі жыл бұрын Ақтөбеге келгенбіз.   Өткен жылы Семейде болдық. Ал биыл арнайы шақырумен Қазақстанға үшінші рет келіп отырмыз.

«Азатлық» ұйымдарыңыздың жұмыстарымен жақынырақ таныссақ деп едік...

- «Азатлық» - 1990 жылы Татарстанның азаттығын, тәуелсіздігін жақтаған ұйым ретінде құрылған. 2000 жылдардың басында бұл ұйым Ресей ФҚҚ(ФСБ)  тарапынан жоққа шығарылды.  2007 жылы Қазанға оқуға келдім. Бас қаламыздағы бауырлардың жағдайын көріп, жаным ауырды. Қарасам бірде бір татар жастарының саяси ұйымдары жоқ екен. Татардың ұлттық құндылықтар мен құқықтарын, ең алдымен, өсіп келе жатқан жастар қорғауы керек емес пе?   Осы оймен жастардың басын қосып ұйыса бастадық, «Азатлық» ұйымын қайта қолға алдық.  Біздің көптеген бағдарламаларымыз болды. Мысалы, пікіралмасатын клубымыз арқылы татар ұлтының ғалымдарымен, жазушыларымен, сондай-ақ қоғам қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырып тұрдық.   Жастарымыз ұлттық музыка тыңдасын деп Қазан қаласында  татар «Караоке клубын», «Кино-театрын» аштық.

Сөйтіп жастардың басын қосып, татар тілін, татар құқын көтеріп митингілер ұйымдастырдық. «Азатлық» ұйымы түркі халықтарының бостандығы мен бауырластық байланысы үшін және Ресейдегі түркі халықтарының ислам дінінен айырылып қалмауы үшін жұмыс жасайды.

Ұйымдарыңыздың қанша мүшесі бар?

- Біздің ұйымда жазылған мүшелер жоқ. Себебі  бұл ұйымның іс-әрекеті Ресей ФҚҚ(ФСБ) тарапынан май шаммен қаралады. Біздің телефонымызды, әлеуметтік желілердегі жазбаларымызды қатаң бақылайды. Мысалы, белсенді әрекеттерім үшін  мені бірінші курста мемлекеттік университеттен қудалады. Ұйыммен байланысы барларды жұмыстардан шеттетті. Митингілерге қатысқан адамдарды қамап, үлкен көлемде айыппұлдар салып отырды. Мысалы мені Қазығұрттағы жиынға кетудің алдында, тағы тексеріп, сіздердің ақша бірлігімен 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлетті. 

Қазіргі күнде Татарстандағы татар халқының саны қанша?

- Татарстандағы татарлардың саны кемінде үш миллион. Ресми санақта татарлар  Татарстандағы  халықтың 56 пайызын ұстайды деп көрсетілген.  Алайда, біздің білуімізше,  Татарстандағы тұтас халықтың  70 пайызы - татарлар.

Ал, дүниежүзі бойынша қанша татар бар екенін білесіздер ме?

- Ресми мәлімет бойынша татарлар 6-7 миллион, ал шын мәнінде 10 миллионнан астам болса керек. Неге десеңіз,  1552 жылы Қазанды орыстар алғанда татарлар 6 миллион болған. Ол кезде орыстардың саны да 6 миллион еді. Бүгінде орыстар 140 миллион, татарлар әлі 6 миллион. Бізді репрессия жылдары қудалады, атты, шапты, қалғаны орыс боп кетті. Әйтпегенде,  ең аз дегенде, 20 миллион болуымыз керек еді. Наполеонның сөзі бар: «Покопайся русским, попадешься татарин» («Орыстың мәйітін қазсаң, татар шығады») деген.

Татарстан билігі «Азатлық» ұйымының іс-әрекеттеріне қалай қарайды?

- Олар ұлтымызға пайдалы іс істемейді. Олардың негізгі ісі – ақшалы болу ғана сияқты. Мысалы, Қазандағы 11 университеттің 2-еуі ғана татарға тиесілі.  Татар - Американ университетіміз, Татар гуманитарлық педагогикалық университетіміз, Қазан мемлекеттік университетінің татар филология факультеті, сондай-ақ татар – түрік лицейлері... бәрі-бәрін шетінен жапты. Жоқ қылды.  Соңғы үш жылда Татарстандағы 400 татар мектебі орыс мектебіне айналды. Татар ауылдарында мектептер жабылып, ондағы балаларды автобуспен алыс болсада орыс ауылдарындағы мектептерге тасып оқытуда. Сондай-ақ, татар тілінде теле-радио хабарлар тарататын ұлттық арналарымыз жоқ. Телеарналар  50 пайыз орысша, 50 пайыз татарша хабар таратады. Оның өзінде татар тілінде сараптамалық хабарлар, ұлттық шоу бағдарламалар жоқтың қасы. Осының барлығына көз жұмып отырған Татар билігінен не сұрайсыз?

Ресейдегі өзгеде түркі халықтарымен қарым-қатынастарыңыз қалай?

- Байланыстарымыз жақсы, башқұрттармен, қазақтармен жақсы қарым-қатынастамыз. Бірақ біріге алмаймыз, себебі түркі халықтары бір-бірінен алыс һәм көбінде автономия жоқ. Еркіндігі жоқ. Ресейдегі татар халқының халы ауыр дегенімізбен, ондағы басқа түркі халықтарының халы тіпті де ауыр. Мысалы, құмық халқының, қазақ халқының, ноғай халқының автономиялары жоқ. Қазір Ресей Федерациясындағы түркі халықтарында 21 республика болса, олардың  арасында тек екі Республикада президент статусы бар. Олар Татарстан мен Якутия ғана. Ал саха ұлты өмір сүріп жатқан Якутия бізден алыста. Біздің елден президент статусын 2015 жылы алып тастауы мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, Татарстанның жылдық кірісінің 80 пайызы Мәскеуге кетеді. Татарстан Ресейдің федеральды бюджетіне жылына 10 миллиардтан астам ақша береді.  Өткен жылы бізде универсиада болды. Федерациялық бюджеттен сол шараға ақша бөлінді деп естігенбіз. Бірақ кейін білдік, олар Татарстанға ақшаны кредитке беріп отыр екен.

Татар жастары Татарстанның бүгінгідей хал-ахуалына қалай қарайды?

-  Татар жастарының екі жолы бар. Біріншісі - орыстану. Себебі Татарстанда соңғы жылдары татарша жазулар көшелерден көрінбей кетті, татар тіліне сұраныс  азайып барады. Екіншісі - орыстануға қарсылық. Қазір татар жастары ана тіліне қайта ден қойып жатыр. Соңғы 3-4 жылда татарлануға әрекет бар. Жастарымыз татар дүниесіне, түркі дүниесіне қызыға бастады. Яғни біздің бірлесіп жасап жатқан жұмыстарымыз нәтижесін көрсетті. Соңғы үш жылда ұлттық ислам кеңес беру орталықтары жұмыс істеді. Әйткенмен белсенділік көрсеткен жастарға бақылау күшейтілді. Әкімшілік айыппұл мен түрмеге тоғыту жағдайлары жиілеп кетті. Олардың интернеттегі жазбаларын да саралап, аңдулар жүріп жатыр.

-  Қырым татарларының қазіргі жағдайы туралы не айтасыз?  

-  Олардың халы ауыр.  Олар енді ояна бастады, ұлт енді ғана сілкінді. Ең өкініштісі - Ресей құрамына енгендігі болып отыр. Яғни біздің кебімізді киеді. Өзге мемлекеттің құрамындағы Қырым татарларына салынған қанды шеңгелден-ақ Федерация құрамындағы түркі халықтарының көріп отырған күнін бағамдай беріңіз.

Біз Қырым татарларының мұң-мұқтажын айтып, митингі жасауға тырыстық. Тіпті рұқсатсыз алаңға шықтық.  Мен 8-10 наурыз күндері пикетке жалғыз шықтым. Сол үшін бір айдан соң прокуратура оянып, маған әкімшілік іс қозғады. Сөйтіп 10 мың рубль айыппұл төледім. Біз қай-қашанда Қырым татарларымен біргеміз. Мұстафа Жамилевпен де араласамыз.

Қазақ елі жайлы пікіріңізді білсек...

- Біз – татарлар һәм қазақтар Алтын орданың барыстары, ұрпақтары, мұрагерлеріміз. Қазір біз олардан қалған екі үлкен ұлтпыз. Қазақтар сілкінсе ноғайлар, қырғыздар, қарақалпақтар бірге сілкінеді. Татарлар сілкінсе, чуваштар мен башқұрттар тағы басқа түркі жұрты   сілкінеді. Татар мен қазақ оянса, басқа ұлттар міндетті түрде оларды қолдайды. Қазақстан мен Татарстан екі үлкен стратегиялық нүкте. Біз оянсақ басқалар «оянады». Біз өлсек басқалар «өледі».  Әсіресе, Қазақстанның рөлі айрықша деп айтар едім. Өйткені Қазақстанның орналасу жағдайы бізге қарағанда өзгеше. Қазақстанды түгелдей түркі мемлекеттері қоршаған, түркі дүниесінің орталығы іспетті.

Меніңше, татардан артық қазақтың мәселесін түсінетін ұлт жоқ, қазақтан артық татардың мәселесін түсінетін ұлт жоқ. Себебі репрессия жылдары қазақтың да, татардың да бар зиялылары атылып, қудаланып кетті. Екі ұлттың да ғалымдарын, жазушыларын жоқ етті. Қазақ та, татар да Қыпшақтан тарайды. Қанымыз бір. Алтын орданың даласын қазақтар жайлаған болса, қаласын татарлар жайлаған. Біздің қазақтармен менталитетіміз ұқсас. Өз басым әрқашанда қазақтарға жаным тартып, бүйрегім бұрып тұрады. Егер қазір қазақ пен татар бірігетін болса, бірігу қажеттігін түсінсе, бір-біріне ақпараттық жәрдем беретін болса, бүкіл түркі халықтарының рухын тірілте аламыз деп ойлаймын. Бізге Ресей астында жасап жатқан түркі текті ұлттардан гөрі, тәуелсіз ғұмыр кешіп жатқан Қазақстаннан көп қолдау қажет. Себебі Ресей қол астындағыларының тырп етуге дәрмені жоқ.

Қазақстан жақында ЕАЭО-ға кірді. Заңгер ретінде, Ресейдің құрамындағы ел азаматы ретінде бұл қадамға қалай қарайсыз?

- Қазақстан үлкен мемлекет. Сондықтан да тәуелсіздігін жоғалтпауы тиіс. Біз татарлар Сіздерге қызыға да, қызғана да қараймыз. Бізде өз туымызды аспанымызда еркін желбіретіп қойғымыз келеді.

Ресейдің амбициясы - империялық амбиция. Орыс ұлтының кез келгені, тіпті қайыршысы да өзін «қожа» сезінеді. Біз қазақтардың татарлар сияқты төмен халге түсуінен қорқамыз. Бірнеше қалаларыңызда болдық. Қазақтар өз тілдерінде сөйлеп жүр. Ал бізде ондай еркіндік жоқ. Біз қазақтардың орыстанып кетуін тілемейміз. Керісінше күшті болғанына тілекшіміз. Сондықтан мен мұндай қадамға мүлдем қарсымын.

Алдағы жоспарларыңыз?

-  Біздің мақсатымыз – тек татар жастары ғана емес, бүкіл түркі жастары бірігіп, пікірлесіп, ортақ бағдарлама жасап, жұмыс істесек деген ниеттеміз.

Әңгімелескен Біләл Қуаныш  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415