Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 9989 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 13:39

ОТАНШЫЛ РУХТЫҢ АҚЫНЫ

(Жәркен жырау)

 

Бүгінде біреу біліп, біреу білмес. Өткен ғасырда Сәлімғазы Әбеев деген ақын өтті. Бізден үш-төрт жас үлкендігі бар еді. Баяғы Көктұма сиязында Абаймен сөз жарыстырған атақты – әрі би, әрі шешен Отыншының үрім-бұтағы. Қырғи тілді, қырыпсалма ақын еді, марқұм. Өлеңдерін баспасөзде жариялағаны болмаса, пышақтың қырындай кітабын да шығара алмай, өмірден ерте кетті. Өзі Алматының іргесіндегі, бұрынғыша айтқанда, Қараесек, қазіргі Әлмерек ауылында тұрды. Алғаны Алакөл жақтың қызы еді. Бірде қайын жұрты Сәлімғазыға соғымға деп бір тай береді. Қалтасы жұқа Сәлімғазы тайды сатқысы келеді. Біреуден біреу естіп, әлгі тайды сол кезде «Жалын» баспасында қызмет істейтін бірнеше жігіт бірігіп, күздікке сою үшін сатып алады. Өкінішке қарай тай арық шығыпты. Содан бір жұма өткенде Сәлімғазы салаң етіп баспаға бара қалса керек. Есіктен кірген бетте арық тайдан аузы күйген жігіттердің бірі:

Алдап арық тай сатқан, - депті.

Екіншісі іліп әкетіп:

Аулақ жүр бұл найсаптан – депті.

Сонда Сәлімғазы табан астында:

Көрмей, білмей алған жоқ,

Бұл шатқаны, қай шатқан, - депті, отырғандарды ду күлдіріп.

Бұл күнде қара танитын қалың қазаққа машһүр Жәркен ақынның – Жәркен жыраудың атын осыдан қырық жыл бұрын сол Сәлімғазыдан естіген едім. «Көкшетаудан бір керемет ақын келіпті, өлеңдері бірінен-бірі өтеді, өзі құрылысшылар жатақханасында менімен бірге тұрады» деді Сәлімғазы, біздің үйде қонақта отырып. Мен елең еттім де қойдым. Арада ай өтпей «Лениншіл жас» газетінің бетінде Жәркеннің «Көгілдір әлем ішінде» атты өлеңі жарқ ете қалды. Өлеңді оқыған сәтте Сәлімғазының манағы «керемет ақын» деген сөзіне анық көзім жетті. Көкшенің көркем табиғатындай түрлене құлпырып төгіліп түскен, кестелі де келісті жырдың жан дүниемді ерекше бір ыстық сезімге бөлегені әлі есімде. Мені Сәлімғазыдан гөрі Жәркенмен шынайы таныстырған да, табыстырған да осы өлең еді. Көкшетаудың ғана емес, Жәркеннің де көркемдік бояуы көзді арбаған, сырлы да нұрлы, құпиясы мол көгілдір әлеміне оқырман көңілін ынтықтыра түскен осы өлең оның ақындық төлқұжаты десек те болады.

Шөп шыққан жеріне шығады. Киелі Көкше жерінен кезінде кім шықпаған! Ән мен жырдың Арқаға туын тіккен Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтарды айтсақ та жеткілікті. Дей тұрсақта, тыңға түскен қалың түреннен топырағы тозып, іргеден үңгіп, төбеден төнген қилы тауқыметтен қайран туған тілдің сүті сұйылып, қаймағы бұзылып, өксіген өңірден Жәркендей туасы қасқа, тұрпаты басқа ақын қалай шыға қалды екен деп әу басында көңіліме күдік ұялағаны рас еді. Ойым алдамапты. Сөйтсем, Көкшетауға Жәркен Алланың Әмірімен қоса заманның зәбірінен жапа шегіп айдалып барған көрінеді. Жәркеннің туған жерінен, өскен ортасынан, әке-шешесінен, аға-бауырларынан еріксіз бөлініп, ақ қар, көк мұзда ақ боранмен алысып, аш бөрімен айқасып, тау асып, тау басып, Атажұртын адаспай тапқан ауыр азабын көлденең жұрт біле бермейді. Қазір оны тәптіштеп, таратып айтып жатудың қажеті де шамалы. Жәркеннің Қытайда қиындық пен қыспаққа түсіп, өрт шарпыған өмірін, күрмеуі қиын күрделі тағдырын шын түсінгісі келген адам алдымен оның өкініш пен сағынышқа толы өлеңдерінің тарихи тамырына терең бойлай алуы керек.

Текеге теңдеп теңдерін,

Қошқарға артып қоржынын,

Алтайдың асып белдерін,

Тағдырдың көріп қорлығын –

 

Рулы ел тұтас ауғанда,

Ұлардай малын шулатып.

Қайыңның безін сауғанда,

Аңызақ ернін құрғатып.

 

Көш бастаған Мауқара,

Қарайды басып артына.

Жан баспаған тау, дала,

Кезіккен екен қартыңа.

Иә, алыс қалған аласапыран заманда Мауқара бабасы көш бастап барып қорда салып, қоныс қылған:

Жусаны бітік сайлары,

Сеңсеңнен тіккен тұлыптай.

Үйірге түскен сайғағы,

Үйіріліп жауған бұлттай, - Жәйір таудан енді Жәркен табан аударып, жылап қоштасқан уақытқа куә болып отырмыз. Құдіреттің мына кереметін қараңызшы:

Май бетеге, бұйрғын,

Тон тоздырмас, ат арып.

Қайтейін, жатқа бұйырдың,

Қайран, Жәйір – атажұрт! – деп, ащы зары жиырмасыншы ғасырдан жиырма бірінші ғасырға ауысқан Жәркен аңыраса;

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге,

Менен қалған мынау Еділ жұрт! – деп сонау он бесінші ғасырдан Қазтуған күңіренеді. Екеуінің де заманы басқа демесең, зары бір. Жәркеннің сөз саптауы да, сарыны да Қазтуған бабасынан аумайды. Тап бір Қазтуғанның саптаяғынан сарқыт ішкен секілді. Осыдан кейін Жәркенді қалай «Жәркен жырау» демейсің.

Көз жіберіп қарасақ, ошағының оты өшпеген қазақтың құлазыған жұртын тастап үдере көшпеген кезі жоқ екен. Есте жоқ ескі замандардан басталып, Қазтуғанға жеткен, одан бері желі тартып, «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұласқан, одан бері құлдилап, Мауқара бабасынан Жәркенге жалғасқан қасіретті қазақ көшінің ұзын-сонар соқпағы енді қаншаға дейін созылары бір Алланың өзіне ғана аян... Тек елдің мұңын, көптің жоғын жоқтаудан ақындар мен жыраулардың тілі мүдіріп, жағы талмасын деп тілеңіз.

Жәркен – бесігін жыр тербеген, жүрегін мұң тербеген ақын. Жәйір таудың төсінде көзін ашып, табаны қара жерді басқаннан бергі көргені - халық басына түскен қиыншылық пен қиянат. Ол зорлық пен зомбылықты көре жүріп, көндіге жүріп, ата-бабаларының асыл сөзіне ұйып өсті, өзінен бұрынғылардың зар-мұңын көкірек аясына құйып өсті. Талайдың ініне су құйып, тұқымын тұздай құртқан империялық сұрқия саясат алдыңғы ағалары Таңжарық мен Омарғазылар киген кепті Жәркенге де жастай кидірді, қиянат отына күйдірді. Оны ажал тырнағынан алып қалған алыстан – атамекен төрінен жылтыраған үміт шамының сәулесі ғана еді. Сол үміт шамының сәулесінің жетегімен атамекен құшағына аман-есен оралған Жәркеннің жырдағы бақ жұлдызы бірден жарқырап жанды. Қапастан босаған бұлбұлдай сайрады, көктем шуағынан қуат алған гүлдей жайнады.

Жоңғария ойпатынан – өлі құм,

Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін.

Төрт құбыласы тұрған темір құрсауда,

Анау шығыс Түркістанда тусам да,

Атажұртқа жетті менің өмірім.

 

Самай шашы қудай болған қарт ана,

Жер жете ме салқын Сарыарқаға.

Еменімді осында әкеп егермін,

Кіндік қаным өзге жұртқа тамса да, - деп көсіле жырлады, шешіле жырлады, емірене жырлады, тебірене жырлады. Өз тағдырын тілге тиек ете отырып, туған елінің тұтас тағдырын кең толғайтын халық ақынына айнала білді. Жәркен үшін әлемдегі бар қазақ – бір қазақ. Сондықтан да оның қасірет-қайғысы да, қуаныш-шаттығы да, арман-мұраты да байтақ ұлтқа ортақ. Жәркен сол үшін күйінеді, сол үшін сүйінеді. Сүйінген сәтінде көк аспаны мөлдіреп, көк байрағы желбіреп тұрған, бостандық шуағына бөленген байтақ елінің иіген уызына жариды, күйінген сәтінде қақ жарылған тағдырына налиды, жүрегін ызғар қариды. Әйтпесе:

Жүректегі жан жырым –

Шым-шытырық тағдырым.

Бірде сөзім – шырын бал,

Бірде сөзім – қан жылым.

 

Көп қарадым қабаққа,

Аз қосылдым санатқа.

Бір көзімнен сор ағар,

Бір көзімнен қан ақса.

 

Тұла бойым сыз, қайғы,

Салқын жүрек сыздайды.

Бір бүйірім жылыса,

Бір бүйірім мұздайды, - деп, зар еңіремес еді ғой.

 

Немесе:

Қайыр жоқ қу тағдырға жауыққаннан,

Шындықтың бетін бірақ жауып қалман.

Несіне жасырайын, Жәйір саған,

Әкем де осы Арқадан ауып барған.

 

Семірген жан емеспін қара суға,

Мәңгілік серік болмас жан –ашуға.

Бір әулет күні бүгін  сандалып жүр,

Жәйір мен Сарыарқаның арасында – дейді.

Айтқанының бәрі айдай анық. Өйткені, Жәркен өмірде де, өлеңде де жалған сөйлеп көрген емес. Қайсы тақырыпты жырласа да жеріне жеткізе, жеті ықылымнан өткізе жырлайды. Құдай берген дархан дарын, қуатты ой, өткір тіл алып та жығады, шалып та жығады.

Тіл демекші, Жәркеннің қазіргі оқырман көптен көз жазып қалған, қара өлеңнің қара сабасынан құйылған қымыздай, көктемгі алғашқы уыздай, өлі сөзге жан бітіретін қордалы да құнарлы тілі бүгінгі поэзияға қазақы мінез, қазақы қисын, қазақы ою-өрнекті, жыраулық сарынды қайта әкелген ақжолтай тіл болды. Сондықтан да оның өлеңдері сұлудың бұрымындай әсем, қамшының өріміндей әдемі өріледі, қолтаңбасы өзгелерден дара, айналасына айшықты көрінеді.

Қаншама өлеңдер мен поэмалардан тұратын жиырмаға тарта кітаптың авторы, Республикалық жыр мүшәйраларында талай рет топ жарған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі тілдес елдер поэзиясы II фестивалінің лауреаты Жәркен ақынсыз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан кейінгі қазақ поэзиясын көз алдыға елестету мүлде мүмкін емес.  Өлеңнен - өлеңге, кітаптан-кітапқа көшкен сайын тосын бұрылыстар, көркем құбылыстар жасап, тереңнен толғайды, алыстан қозғайды, көкірегі қобыздай боздайды. Ахмет Байтұрсынов ағасы «Жат жақты жаратқанға күзеттіріп» деп, қазақтың кең қолтықтығына, бейғамдығына, етекбастылығына күйінсе, бүгінгі Жәркен де «Қотанға күзет қойсам да, Отанға күзет қоймадым», - дейді, өзегін өткеннің өкініші өртеп. Әсіресе, ақын жүрегі тәуелсіз елінің бүгінгі бақытына қуана лүпілдеп, ертеңгі болашағына да алаңдап аласұрады. Сол шақта:

Көкіректегі оттай ыстық жүректі,

Бір жапырақ тірі етті –

Соқпаса ұлтым деп, жұртым деп,

Лақтырдым итіме есігімді күзеткен,

Итім артық емес пе ондай мәңгүрт жүректен! – дейді. Бұлай деп Отаншыл рухтың ақыны ғана айта алады. Міне, ақын арманының алтын қазығы – ел бірлігі, ұлт мүддесі, Мемлекет мұраты. Сол үшін де:

Қор болмай босқын, қашқынға,

Жем болмай ит пен қасқырға,

Біз қашан түгенделерміз,

Бір шаңырақ астында? – деп назаланып, иісі қазаққа жар салады біздің Жәркен. Ел аман, жұрт тыныш болса, ақын аңсаған ол күнге де жетерміз. Жәркеннің жұлдызды жырлары сол болашақ күндерде де туған халқының жүрегіне тура жол тауып, ұлттың рухани игілігіне қалтқысыз қызмет етері сөзсіз. Зады, өмір де, өнер де – күрес. Өресі биік, зердесі тұнық, таза жүректі таланттар ғана уақытпен үзеңгі қағыстыра, тағдырмен тайталаса жүріп, өміршең өнер тудыра алады. Оның бірден-бір үлгісі – Абай. Асанқайғыдан – Абайға дейін, одан кейін де талай ойшылдар өткен. Барлығы да Асанша қайғырып, Абайша тебіренген, Абайша күңіренген. Себебі ұлылардың қам-қайғысы да – ұлы! Ұлттық әрі адамзаттық! Солардан ұшқын алған Жәркен де:

Іш-сыртымды көрсетер Абай – алтын шарайнам,

Шарайнасыз күркеден көңілім бек қарайған.

Айырылсам да әкемнен,

Айырылсам да шешемнен,

Айырылсам да бауырдан,

Айырылмаймын өлеңнен,

Айырылмаймын Абайдан!

 

Абай болып жалғанның артын көріп түршігем,

Абай болып армандап, Абай болып күрсінем.

Абай қара емендей тамырын терең бойлатқан,

Сол еменнің көгерген құттай ғана бүршігі ем, - дейді ақындық сүйегіне біткен жампоз Жәркен, ағынан жарылып. Иін қандырып айтқан сөзге иланбасқа болмайды. Бұл жалғанда Абайдай алып еменнің бүрлеген бүршігі болғанға не жетсін?! Шын ақынға бұдан асқан бақыт жоқ...

 

Жазбасаң бұл өлеңді аш қалардай,

Уа, Жәке, жүгірмейсің басқалардай.

Сарқыты жыраулардың жалғыз өзің,

Әр сөзің алынбайтын тас қамалдай.

 

Жасаурап екі көзің тостағандай,

Жаныңды қырау шала бастағандай.

Көрінер топқа түссең күндік жерден,

Сендегі жырға біткен қасқа маңдай.

 

Ақынның бағы да өлең, соры да өлең,

Тағдырдың өзі жазған қолыменен.

Тарта бер, адамзатты адастырмас,

Абайдың салып кеткен жолыменен!

Несіпбек Айтұлы

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061