Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11119 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 12:57

Қайым Мұхамедханов: «ЖҮГІРЕ-ЖҮГІРЕ ТАЛЫП ТҮССЕМ КЕРЕК»

Тұтқындағы тозақ қинауына төзе ме, жоқ па, оны бір жазмыш білер. Алайда өзі үшін басын ажал бәйгесіне тіккен Қайым Мұхамедханов шыдаған, түрмеден босаған бетте оның өзіне айтып берген төмендегі естеліктегі:

«– Әй, Қайым, сендердің түрмедегі жағдайларың қалай болды? Қандай әдіс- тәсілдермен сұрап тергеді, қинамады ма?,– деп абақты өмірінің шындығын білгісі келді.

Мен қарсы сұрақ қойғым келді де, әуелі Мұхаңның өзінен сұрадым.

– Сіздің 1930 жылы Ташкентте ұсталғанда жағдайыңыз қалай болды?– дедім.

 Мұхаң бір күрсініп алды да, орындығына шалқая түсіп, баяу бастан өткен оқиғасын ойланып алды да, қоңыр даусымен:

– Онда біздер, ұлтшылар, бәріміз үлкен бір үйде жатамыз. Төсек-орнымыз таза, тамағымыз уақтылы беріліп тұрады. Бір-бірімізбен еркін әңгімелесіп, пікір алысып, кеңесіп отыратынбыз. Тергеуге алып барғанда аздаған қысымдар, қытымырлықтар болып тұратын. Кейін Алматының түрмесіне ауысқанда бұл жағы жиіленіңкіреп кетті,– деп барып тоқтады.

Мен Мұхаңның көп білуге ұмтылған бала мінезді қылығына іштей күле отырып:

– Мұқа, онда Сіздер жұмақта болыпсыздар ғой, ал біздер нағыз тозақтың отында күйіп–жанған ақырзаман пенделеріне ұқсайды екенбіз. Жазығымыз жоқ болса да, күні-түні ұйықтатпай, аяғымыздан тік тұрғызып қойып тергеп, ол аз болғандай, ұрсып-жекіріп, сатып алған құлындай ақыра қорлағанын қайтесіз. Сонда айтары: «Мына қағазға қол қой»,– деп өздері жазып келген нұсқасын ұсынады. «Қол қойсаң болды, сенің бізге керегің аз, үйіңе кете бер. Бізге керегі – Мұхтар Әуезов. Сол туралы жазылған мына қағазға қол қой, қоймасаң, не боларыңды өзің білесің,– деп әкіреңдейді.

Өтірік анықтамаға қол қоймауға бекіндім. Ол кезде жасым отыздан асқан, күш-қайратым бойымнан қайтпаған кезім. Алдағы күндерде не болар екен деп алаңдаулымын. Тергеушілер бір күні мені бір жеке бөлмеге қамап кетті. Ішінде еш нәрсе жоқ. Тек қана ортасында турник құрулы тұр. Бұл не, мені турник ойнасын деп қойған ба деп таңдандым. Байқасам, бір уақтарда бөлмем қатты жылынып, бірте-бірте ысып барады. Табаным күйіп барады. Саса бастадым. Не қыларымды білмей дағдарып тұрып, жан қысылған соң құрулы тұрған турникке асыла кеттім. Көп тұруға қолым шыдамай барады. Турниктен қолымды жіберейін десем, табаным ыстыққа тиіп күйетінін сезіп тұрмын. Жандалбасамен турникке асылып, қолым қарысып қалыпты. Оны мен есім ауғандықтан сезетін халім жоқ. Біз кезде өздері келіп мені босатып алыпты. Тағы да есім кірген соң «қол қойдың» астына алды. Көнбедім. Екі-үш күн өткен соң тағы да «қол қой» деп қыстады. Қасарыстым. Көнбеген соң кешегі бөлмеме апарып тағы да қамап қойды. Бірақ бөлмеде құрулы тұрған турник жоқ. Үй ысыса не лаж етем деп ойланып тұрғанда, бөлменің суый бастағанын сездім. Бөлме суығы үдеп барады. Тісім тісіме тимей қалтырап барамын. Өлместің қамын жасап, үйді айнала зыр жүгірдім. Тоқтасам қатып қаламын, тек жүгіру ғана жанды сақтап қалмақ. Жүгіре-жүгіре талып түссем керек. Ес-түссіз жатқан мені тағы да өздері сүйреп алып шықты. Шамасы сырттан бақылап тұрса керек. Әрең дегенде есімді жиып, басымды көтерсем, тағы да қағазды алдыма тоса қояды. Тістеніп тұрып қасарыстым. Тоңғаным әлі тарқамай дір-дір етіп азаптанып тұрмын. Абақтыдағы тұрағыма қарай кеттім.

Таңертең тағы да тергеу басталды. Тергеуші түлкі бұлаңға салды. Жылы сөйлеп өз басыңды, бала-шағаңды ойласаңшы деп қамқорси түсті. «Мына қағазға қол қой да, бізбен қоштасып, үйіңе кетсеңші»,– деп қағазды нұсқады. Пікірімнен қайтпасымды білді де, белгі беретін түймесін басып қалып еді, еңгезердей екі жігіт жемтігін іздеген төбеттей дүрдие кіріп келді. Тергеуші мені алаңдату үшін сөйлей беріп еді, артымда тұрған екеуі қас-қағым сәтте резинка қапшықты басымнан аяғыма қарай кигізіп жіберді де, мені құлатып, қапшықтың аузын байлап тастады. Сол арада-ақ мені үшеулеп сыртымнан таяқпен жабыла ұра бастады. Бар болғаны басымды қорғалақтап, тұншығып бара жатырмын. Тұншығудан есім ауып қалыпты... Қаптың аузын ашып, мені шығарып тастағанын білмеймін. Есім кіріп, көзімді ашып, маңайыма қарасам: әлгі үшеуі маған албастыдай үңіле қарап күлісіп тұр. «Қасапшыға ет қайғы, қара ешкіге жан қайғы»,– деген осы екен-ау деп жатырмын. Үшеуі мені тұрғызып алды да, баяғы әдеттеріне басып қағаз бен қаламды алдыма қоя қойды. Мен түк көрмегендей тұра бердім. Үшеуі ақырып-бақырып, мені жұдырықтап, үйден қуып шықты... Міне, алдын ала ойластырылған не бір азаптың тозағынан өтіп, жиырма бес жылға «халық жауы» деген статьямен сотталып, Қарлагқа жөнелтілдім емес пе, Мұқа,– дедім»,– деген (М.Мырзахметұлының жазбасы) қинауға оның шыдас беруі екіталай еді.

Тұрсын Жұртбайдың "Ұраным - Алаш!.." зерттеу кітабынан алынды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413