Сенбі, 23 Қараша 2024
Шамшырақ 7313 0 пікір 7 Маусым, 2014 сағат 00:56

ҰЛДАРЫМ АНА ТІЛІН ҰМЫТПАСЫН ДЕП КЕЛДІМ

 

 

Қай халықтың болмасын тарихы қымбат, тарих қашан да тасқа түскен таңбамен жалғасып отырған. Ұрпаққа өшпес хат қалдыру, тасты ойып сурет салу, мрамор қашап мүсін жасау, осының бәрі уақыт өте келе үлкен өнер болып қалыптасыпты. Көркем және анық жазудың өнер ретінде қалыптасқан атауы каллиграфия.  Қазіргі таңда дала төсінде қасқайып тұратын балбал тас қашамасақ та, зәулім ғимарат, салтанатты сарайларда, мешіт пен медреселерде каллиграфия кеңінен қолданылады. Өте-мөте ислам дінін ұстанатын елдерде каллиграфия жоғары бағаланады. Өкінішке орай бұл саланың жүйріктері біздің елде саусақпен санарлық. Жақында ғана  Ақмейір Кәрім есімді хаткер жігітпен танысудың сәті түсті. Ақмейір Шыңжаң қазақтарының өкілі, Алтай аймағында туып өскен 1971 жылғы азамат. Хаткер Ақмейір Кәрімнің Кәусар каллиграфиялық студиясында қонақта болып сұхбаттасқан едік.

 

-          Ассалаумағалейкүм, каллиграфия сізді несімен қызықтырды?

-          Бала күнімде әкем оқыған «Құран» кітабындағы жазуларды көріп қызығатынмын. Қастерлі кітап болған соң тығып ұстайды ғой, мұқабасындағы нақышты жазуларды зерттегім келетін. Қолыма линза алып, көркем жазулардың қалай жазылғанын бақылайтынмын. Созылып келіп жіңішкеріп кететін әріптік сызықтарын, бұрышталып қойылатын нүктелерін қарап менің де жазғым келетін. Ол кезде Қытай қазақтарының жазу қарібі латын әліпбиі болатын, сондықтан құрандағы оң жазуды мүлде танымайтын едім. 6-сыныпқа келгенімізде бізге Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиін, төте жазуды үйретті. Мен төте жазуды ылғи да көркемдеп жазатынмын. Мұғалімдеріміз қызығатын. Мектепте нақыл сөздерді көркемдеп жазып, қабырға газетін шығаратынмын.

-          Каллиграфиямен қашаннан бастап бір жолата айналыса бастадыңыз?

-          Төте жазу көркемдеп жазуға ыңғайлы, әр түрлі бейнелерде таңбалауға болатын әліпби ғой. Төте жазумен жазылатын каллиграфия, қазақ хаткерлігі 1994 жылдардан басталды. 1990 жылы ішкі Қытайға, Шаңхай қаласына инженер-механик мамандығы бойынша оқуға кеттім. Оқуды жақсы аяқтағаныммен, ол жақта қалуға мүмкіндік бола тұра, анам қайтыс болып кетуіне байланысты отбасылық жағдаймен ауылға қайтып келдім. Ауылда мектепте мұғалім болуды ұсынды, мен бірақ өзімнің сүйетін ісім көркем жазу үйрететін үйірме аштым. Бір жылдың ішінде әкем де қайтыс болды. Сосын өнерімді дамытуға үлкен қалаға қарай, Үрімжіге кеттім. Сонда ұйғыр каллиграфиясына үлес қосқан Ниязкерім Шарқы деген кісіден үш ай дәріс алдым. Осылай жүргенде бір себеп мені заңгер болуға итермеледі.  Сөйтіп Шыңжаң университетіне заңгерлікті сырттай оқып бітірдім. 2000 жылы адвокаттар бекітілетін емтиханнан өтіп, заңды адвокат болып шықтым. Сосын жұмыс бабымен біраз уақыт өнерден шеткері жүріп қалдым.

-          Ендеше елге қашан келдіңіз, бұл істі қайтадан қалай қолға алдыңыз?

-           Заңгерлік жұмыстың жетегімен Оңтүстік қытайда, Шыңжаңда, біраз жерлерде болдым. Иә, осы уақыттарда каллиграфия қалып қойды. Солай тіршіліктің қамымен жүргенде біраз уақыт өтті, екі балам ержетіп қалды. 2000 жылы үйленгенмін. Бір балам 13-те, екіншім 7-де. Балаларым ортасы қытай болған соң ана тіліне шорқақ болды. Қорқа бастадым. Мақал-мәтел жаттатып көрдім, бәрібір де тілі сынып, дос жаранымен шүйіркелесіп сөйлеспеген тілі болмаған соң, қазақша еркін сөйлесе алмады. Ділінен, тілінен айырылып бара жатқаны жаныма батты.  Сондықтан былтыр күзде атажұртқа кету керек деп шешім қабылдадым. Істеп жүрген жұмысымды тапсырдым да, бір-ақ күнде елге тарттым. Жаңа жылдың алдында үлгеріп келіп, құжаттарымды азаматтық алуға тапсырдым. Азаматтығым дайын болғанша ел араладым, қазақтың кең даласын әбден саяхаттап, көз айым болдым. Астанаға жолым түскен бір күні Хазірет Сұлтан мешітінде намаз оқыдым. Мешіт ішінде отырып әшекейлеп жазылған хадистер мен ғақылға көзім түсті. Көздің жауын алатын каллиграфия менің кешегі күнімді есіме салды. Мешіттен шықпастан, бұншама жазуды кім жазды екен деп әрі қызыға, әрі таңдана сұрау салдым. Мешіт қызметшілерінің айтуынша, Хазірет Сұлтан құлшылық үйін салдыру кезінде Түркия, Мысыр сияқты елдерден 170-ке жуық қолөнер шеберлерін алдырып, Алла үйінің ішін безендіріпті. Арасында бірде-бір қазақстандықтар болмаған. Қабырғаларда ілініп тұрған сәндік сувенирлердің өзі аз дегенде жарты миллион тұратын заттар болып шықты. Мен мешіттен үлкен ой түйіп шықтым. Өзім қызығып, бір кезде жаным сүйген іс болғандықтан каллиграфиямен айналысамын деген бекімге келдім.

-          Кәусар студиясын бірден қолға алып бастап кеттіңізбе?

-          Алматыға келдім де Аллаға тәуекел етіп жұмыс бастап кеттім. Каллиграфия жазуға арналған сапалы қағаздарды қытайдан алдырып, көркемдеп, бедерлеп жазулар жаздым. Соның нәтижесінде жазғандарымды айналадағы жұртқа тарата бастадым. Таныла бастадым.  Бәрі де қызығушылық танытты. Соның нәтижесінде Кәусар студиясын құрдым.   Дін істері басқармасы тарапынан, биылғы жылдың «дін мен дәстүр» жылы құрметіне, 14 мамырда Алматыда бас мүпти Ержан Қаджы Маямеровтың атында бәйге тігіліп, қазақ күресі ұйымдастырылды. Ол шарада  көп дайындығым болмасам да, сувенир көрмесіне мен де қатыстым. Осы шарадан кейін маған көптеген жекелей ұсыныстар түсті. Бірігіп цех ашайық дегендер де болды. Мен келіспедім. Себебі мен каллиграфияны қағазға ғана емес, тасқа, қышқа, матаға, шыныға, ағаш материалдарына да түсіруді қолға ала бастаған едім.

-          Дін істері агенттігі жағынан ұйымдастырылған шараға қатысқан болсаңыз, дін мекемелерінен сізге қолдаулар болды ма?


-          Жақында бас Мүпти Ержан Қажы Малғажарұлының қабылдауында болдым. Ол кісі де каллиграфия өнерін медреселерде оқыту жайында ұсыныс айтты. 2015 жылы әлем мұсылмандарының каллиграфия бәсекесіне қатысуға үндеді.

-          Сіздің жазу ерекшелігіңіз неде, Араб тілін білесіз бе?

-          Көп жаза беріп арап тілін үйреніп алған едім. Мағынасын да түсінемін. Шеберханамда Мысырдан, Қытайдан әкелінген каллиграфия жазуға арналған соңғы технологиялар бар. Сонымен қатар мен ешқашан басқа хаткерлердің туындыларын көшіріп жазбаймын. Бәрін де өз ойымнан аламын.

-          Кәусар каллиграфиялық студиясы нақты қандай сервистерді жүзеге асырады?

-          Кәусар студиясы – хаткерлік, мешіт қабырғаларын нақыштау, мейрамхана, қонақ үй қабырғаларын безендіру, түрлі қыш тақталарға(кафелдерге) хат және сурет нақыштарын таңбалау сияқты қызметтерді жасайды.

-          Қазіргі таңда кәусар каллиграфия студиясы өнімдерін нарыққа шығара алдыма?

-          Қазір өнімдерім ресми сатылымда емес, алдағы уақытта, шілде айының басында каллиграфия жұмысым бойынша жеке бизнес таныстыру  жасамақпын. Содан соң өнімдерімді ресми түрде сатылымға шығаратын боламын. Әр түрлі сувенирлер мен қолөнер бұйымдарын жасаудың алдында олардың компьютерлік жобасын жасаймын. Қазірше компьютерлік бағдарламашы да мен. Жоба жасалған соң машақатты жұмыстары бар. Бірақ клиенттің көңілінен шыға білетіндей сапалы жұмыстар істеуге күш салып жатырмын.

-          Осы өрге қызығушылық танытып, сізден үйренгісі келетіндер, шәкірттеріңіз бар ма?

-          Шәкірттерім әзірге жоқ. Қасымда жалғыз ғана көмекшім бар. Бірақ қазақстанның әр аймақтарынан ісіме қызығушылық танытып, үйренгісі келетін ниетін білдіріп, қоңырау шалғандар болды. Бір сынып толатындай ынталы балалар болатын болса, қыс айларында  тегін дәріс беріп, каллиграфия бойынша тәрбиелейтін боламын.

-          Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жана берсін!

 

 

 

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379