ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫҢ ЖЕКЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ШОТЫ БОЛАДЫ
Қазақстандағы жетім балалар мәселесі қоғам назарынан бір сәт тыс қалған емес. Жетімін қараусыз қалдырмайтын, қайыршы атандырмайтын қазақ үшін бұл бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы десек те болады. Тағдырдың талайымен жетім атанған жеткіншектер биылғы 1 маусымда жақсы жаңалық естіді. Балаларды қорғау күнінде «Бөбек» қорының Президенті Сара Назарбаева жаутаңкөздерге тосын сый жасады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Жердегі бір жетім қуанса, көктегі жетпіс жеті періште той тойлайды» деген төмендегі мақаладан оқи аласыздар.
Abai.kz
Жердегі бір жетім қуанса, көктегі жетпіс жеті періште той тойлайды
Алматыдағы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше оқиғамен атап өтілді. «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева мен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін мақсатты қайырымдылық көмек көрсету жөнінде өзара келісімшартқа қол қойды. «Бөбек» қорының қамқорлығының арқасында келесі жылдан бастап еліміздегі 145 балалар үйінің 90 пайыз тәрбиеленушісі, яғни 7 мыңға жуық мектеп бітірушілердің жоғары және сапалы білім алуына мүмкіндік туып отыр. Бұл ізгі қадам – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қамкөңіл балақайларға үміт отын жаққан шуақты күн ретінде есте қалмақ.
– Мен үшін бүгін бір сәтін салған күн болды, – деп ағынан жарыла қуанышын жасырмаған Сара Алпысқызы әңгімені әріден бастады. – Жалпы, өмірде кездейсоқ ешнәрсе жоқ. Оның үстіне, әр адамның өзінің атқаратын міндеті болады. Маған кезінде осы «Бөбектің» сізге қажеті бар ма дегендер де табылды. Әрине, оны әркім өзінше түсінді. Ол кезде «Бөбектің» осындай деңгейге жететінін өзім де білмедім. Бәрі Алланың әмірі деймін. Мен қорғансыз, өмірге, тағдырына өкпелі балаларға титтей де болса көмек қолын созып, өз міндетімді орындағаныма өте разымын. Қазір шүкіршілік, еліміздің өмір сүру деңгейі бұрынғы уақытқа қарағанда әлдеқайда жоғары. Бірақ, жетім балалар саны азаймай отыр. Рас, «Бөбекті» құрғаннан кейін жетім балаларға қолымнан келгенше қайырымдылық шараларын өткізіп, дәрі-дәрмек, киім-кешек, яғни материалдық жағынан көмегімді беріп, осы іспен көп жылдар айналыстым. Байқаймын, бұл жолмен балалардың барлық мәселесін шеше алар емеспін. Сонан соң ойланып, толғанып, бұл мәселенің себеп-салдарын тауып, жетім балаларды азайтудың басқа жолын іздестіру керектігін түсіндім. Ол жол – ағартушылық, яғни балаларға рухани адамгершілік білім беру.
Одан әрі Сара Алпысқызы онда да түсінбеушіліктің болғанын, бірақ, адам қай істі де бар ниетімен қолға алса, алынбайтын қамал жоқ екенін, содан да шығар бастаған ісі оңға басып, тіпті бұл мәселе мемлекеттік тұрғыда шешіліп, жаңа ереже шығып, білім беру жүйесінде «Өзін өзі тану» пәні енгізілгенін тілге тиек ете кетті.
– Пенде емеспіз бе, – деп сөзін жалғады Қор басшысы. – Жұрт «Бөбектің» қаржысы туралы сөз ете бастағанда, оны банкке салып, одан түскен сыйақы пайыздарын балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аздап болса да бере бастадым. Сол кезде 4 мыңға жуық балалар ай сайын 3-5 мың теңге аралығында «Бөбектен» шәкіртақы алып тұрды. Содан мерейжасымда қонақтардан түскен ақшалай сыйлықты қосып, балалар үйінің 70 түлегіне алғашқы грантымды беріп, әрі шәкіртақы тағайындадым, әлі де беремін. Қазір 200-ге тарта балалар үйінің түлектері грантта оқиды. Бүгінде «Бөбектің» қоры толықты. Денсаулық та сыр беріп қояды. Балаларыма осы мәселені айтып, бастаған ісімді жалғастырасыңдар ма дедім. Жастар ғой, «иә» деп қойды, бірақ сенбедім. Содан бірде БҒМ-нің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шерденнен былтыр Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі бағдарламасы дүниеге келгенін естідім. Ондағы ойым – осы жиған-терген қаражатымды қалайда әр жетім баланың өзіне жеткізу. Бірден осы бағдарламаның демеушісі болатынымды білдірдім. Ендігі арманым – қаржы әділ бөлініп, әр жетім балаға жетіп, олар ата-аналары бар балалардай білімдерін одан әрі жалғастырса деймін. Өйткені, біз үшін балаларымыздың ересек өмірге барынша бейімделгендігі өте маңызды.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов балаларды төл мерекелерімен құттықтап, өте маңызды әрі мейірбандылық, ізгілік күнінің ерекшелігіне тоқталып өтті.
– Бүгін аталмыш жобаның жүзеге асуының арқасында 7 мыңға жуық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мектепте алған білімін әрі қарай жалғастырып, жоғары деңгейде кәсіби білім алуларына, олардың өз елінің лайықты азаматы болуына үлкен мүмкіндік туып отыр. Біз өз кезегімізде олардың кәсіби тұрғыда өсу жолдарын қадағалайтын нақты жүйе жасаймыз. Сара Алпысқызы, Сіз осындай қайырымдылық жасай отырып, бүтіндей бір ұрпақ өкіліне болашаққа деген сенімділік, оған қоса аналық сүйіспеншілігіңізді сыйлап отырсыз. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігі, педагогтар мен барша балалар атынан Сізге шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді министр.
Келісімшартқа қатысушылар құрамына «Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесінің» операторы «Қаржы орталығы» АҚ пен «Қазақстан Халық банкі» АҚ енген. «Қаржы орталығы» АҚ президенті Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, әрбір баланың атына жеке шот ашылып та қойылған. Ондағы қаржы 23 жасқа дейін жинақталады. Қаржы тек жоғары және кәсіптік техникалық білім алуға ғана жұмсалады.
– Жоғары оқу орнына түсетіндерге 3-3,5 млн. теңге жиналады, – деді Рамазан Әлімқұлов. – Ал кәсіптік-техникалық білім алғысы келетіндерге одан аздау түседі. Бұл сомалар балалардың жинақталу кезіндегі жасына байланысты. Мысалы, біреулер келесі жылы оқу бітіреді. Басқаларға оқуға түсуге әлі 10 жыл бар дегендей. Егер салымшылар, яғни балалар үйінің түлектері жоғары оқу орнына грант бойынша өзі түсетін болса, онда жинақталған қаржыны банктің және мемлекеттің сыйақысымен қосып ала алады. Тағы бір айта кететін жайт, біз мемлекеттің сыйлықақысын инфляция деңгейінен төмен қоймау туралы Үкіметке ақпарат беріп отыратын боламыз. Бүгін келісімшартқа қол қойылды. Балалардың аты-жөні белгілі, ертеңнен бастап төлқұжаттарын жинап, есепшотын аша бастаймыз.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі елімізде былтырдан бастап жүзеге асуда. Тағы бір айта кетерлік анықтама, бұл жүйе тек жетім балаларға емес, кез келген еліміздің азаматы аталмыш жинақтау жүйесін пайдаланып, «ХалықБанкі», «ТемірБанк», «ЦеснаБанк», «БТА» банктеріне барып, балаларына, немерелеріне білім беру жинақтау салымын аша алады.
Салтанатты жиында Алматыдағы №2 балалар үйінің директоры Ақмарал Шатаева да үлкен әсермен тебірене сөйледі.
– «Бөбек» қоры құрылып, жұмыс істегелі бері жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға үнемі қайырымдылық жасап, көмегін аяған емес. Мәселен, қор бұған дейін колледжде оқитын балаларға шәкіртақы тағайындады. Қазір міне, екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл дегеніңіз – қаншама қамкөңіл балалардың болашаққа деген үміт отын жағып отыр. Яғни біздің түлектеріміз қазірден бастап өзіне ұнайтын мамандығын таңдап, алдағы уақытта сол оқу орнына барып, арманы орындалатынына сенімді. Біздің мектеп қабырғасында оқитын 82 баланың барлығына жеке есепшот ашылмақ. Бұл қандай керемет дүние! Сондықтан Сара Алпысқызына үлкен рахмет! – деді ол.
Өзін №2 балалар үйінің 7-ші сынып оқушысы деп таныстырған Мария Шамрайдың езуі екі жақта, көзі бұл-бұл жайнайды. Асығып, аптығып сөз бастады. «Ең алдымен мемлекетімізге, онан соң Сара Алпысқызы апайға біздерді қамқорлықтарына алып, осындай жақсылық көмектерін жасап жатқандары үшін алғыс айтамыз. Мұндай қамқорлық, қолдау бізге болашаққа деген сенімімізді ұлғайтады. Шынында да, менде бір күш пайда болды. Енді жоғары білім алып, өзім армандаған журналистика факультетіне оқуға түсіп, өмірден өз орнымды табамын деп ойлаймын».
Иә, періште балалардың жүзінен қуаныш көру қандай ғанибет десеңізші. Салтанатты жиында Алматыдағы бірнеше балалар үйінен келген кішкене қонақтар сыйлық алып, екі сағаттай Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаева «аналарының» әңгімесін, ақыл-кеңесін тыңдап, бірге ән айтып көңілдерін көтерді. Ең бастысы, олардың әрқайсысы өздерін жарқын болашақ күтіп тұрғанын сезінгені хақ. Өйткені, бүгінде мұндай мүмкіндікке ата-анасы бар балалардың қолдары жетуі екіталай. Қазақ айтады емес пе, «Жетімге ақыл беруші көп, бақыр беруші жоқ», «Жердегі бір бала қуанса, көктегі жетпіс жеті періште той тойлайды» деп, шынында да бүгін 7 мың баланың қуанғаны рас…
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.