ҚАНДАСЫМА ҮШБУ ХАТ
Аман болсын деген қазақ даласы,
Ар ма ағайын, ел мен елдің арасы.
Паналады-ау босағасын жат жұрттың,
Бір кездегі бай-бағланның баласы.
Көктей өтіп шекараның қамалын,
Жетуді ойлап тозды ұлтан, табаның.
Елге жетсең табар едің қалайда,
Әз бейітін әже менен бабаның.
Құшағына алар келсең өр елің,
Сен оралсаң кеңейеді көлемім.
Атажұртқа асықтың-ау армандап,
Сағыныштың ерттеп мініп төбелін.
Заман тыныш, сені күтіп тұр елің,
Бұл жақта да ерттеулі тұр күреңің.
Атамекен — өз жұртыңа келуден,
Үмітіңді үзе көрме, тілерім.
Өзге жұрттан мен сендерді қызғанам,
Өз елінде бұлаңдасын қыз, балаң.
Халқымыз бар сағынысып қауышар,
Қалпымыз бар, жүрек мынау, сыздаған...
Атажұртпен табыстырып тағдырың,
Қандай ғажап тамашалау таң нұрын.
Домбырамен қосылғандай қыл қобыз,
Шырқайық бір еркіндіктің ән-жырын.
Қандасына бола алатын бек тіреу,
Қазағың бар өзге жұрттан тектілеу.
Қай қиырда жүрсе дағы қазағым,
Оттан ыстық Отаны оның тек біреу!
Саят Қамшыгер