20 МИЛЛИОН ДОЛЛАРҒА ГРАНТТЫҚ КЕЛІСІМ ЖАСАЛМАҚ
Baq.kz-тің хабарлауынша Қазақстан мен Орталық Азиядағы Дүниежүзілік банк энергия тиімділігі жобасы бойынша 20 миллион долларға гранттық келісімге қол қояды. Бұл жайында бүгін Қазақстанда энергия тиімділігі шараларын қаржыландыру және жүзеге асыру механизмдері тақырыбында басталған конференцияда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау мәлімдеді.
Ол өз сөзінде: «Гранттық келісім жасауға дайындалып жатырмыз, Осы келесім аясында Қазақстандағы жобалар қаржыландырылатын болады. Сол пилоттық жоба аясында біз әр облыста белгіленген мектеп, ауруханалар салып, адамдарға үнемдеудің арқасында тиімділікті қаншалықты арттыруға болатынын көрсеткіміз келеді», - деп мәлімдеген.
Астанада өтіп жатқан конференцияда министрлік өкілі Қазақстанның «жасыл» экономикаға өтуі, сондай ақ «Болашақ энергиясы» ұранымен өтетін ЭКСПО 2017 көрмесін өткізуі энергия үнемділігі, энергия тиімділік мәселелерінің маңыздылығын арттырып отырғандығын атап өтті.
Өз кезегінде Әлемдік банктің орта азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа: «Бүкіләлемдік банк энергия тиімділігіне қатысты жобаларға арналған 20 млн. доллар болатын гранттарды бөлуде. Мен Қазақстандағы жобалар жеделдетіліп, жылдамырақ оны жүзеге асыруға көшсек деп тілеймін. Осылайша, өнеркәсіпте, тұрғын үй секторында энергия тиімділігін арттыруда көмегіміз тисе дейміз», - деп атап көрсеткен.
Абай-ақпарат