Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5596 0 пікір 2 Маусым, 2014 сағат 10:42

ҚҰРБАНДАР РУХЫНА ТАҒЫЗЫМ

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқы ұлттың өсу-өну өзегін өртеген, дамуын кейінге шегерген қатыгез тоталитарлық саясаттың зардабын шекті. Монархиялық Ресейдің тұсында «Алхамдулла 6 миллион адамыз» деп «шүкіршілік» еткен Алаш баласы патшаны құлатқан көтеріліс, ақ-қызыл болып атыс-шабысқан азаматтық соғыс, ашаршылық, репрессия орын алған  бас-аяғы 20-30 жылдың ішінде тең жарты адамынан, ұлттың сүттің бетіне шығатын қаймағынан (элитасынан) айырылды. Қолдағы төрт түлікті үкіметтің керегі үшін деп бір тартып, байдан кедейге алып береміз деп екі тартып, ұжымдастырамыз деп тағы тартып, мал шаруашылығымен күн көріп отырған, отырықшылдыққа түбегейлі бет қоймаған халықты ашаршылыққа ұшыратып қынадай қырған саясат ХХ ғасырдың басында Алаш идеясының өзегіне ұйысқан қазақ зиялыларын «ұлтшыл-кеңесшіл» деп жікке бөліп, ақыр соңында оларды да жазалау машинасының құрбаны етті. А.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, О. Жандосов, Т. Рысқұлов, А.Сейітов,  С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Тынышбаев, М. Жұмабаев. С. Асфендияров...  Қабырғаны қайыстырар, жан-дүниеңді құлазытар қасірет! Елге орны толмас нәубет әкелген қасіретті жылдарда Қостанай өңірі де, Қазақстанның өзге аймақтары сынды, үлкен зардап шекті. Ежелгі қоныс Торғайды аяусыз ашаршылық «араласа», «елім» деп бас көтерген Алаш көсемдері А. Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Е.Омаров, көркем сөздің шебері Б.Майлин сталиндік террордың құрбаны болды. Құйқалы қоныс қу мекиен далаға айналды. Кейінірек оған шешен, кәріс, неміс, поляк сынды халықтарды күштеп әкеліп қоныстандырды, бұдан соң Тың игеру деген желеумен кеңес кеңістігінің Еуропалық өңірінен славян тектес халықтарды орналастырды. Осылайша, бүгінгі Қостанай аймағының демографиялық бет-бердесін қалыптастырды. «Өткенге – салауат, болашаққа -аманат» деген бүгінгі Алаш азаматының болашақтан күтетіні не үміт, өткен тарихтың зардаптары қайталанбауы үшін оның бойында қандай қарсы күш, қандай жауап бар?

Қостанай облысының орталығында азалы жиынның өн бойынан орын алған тағылым осындай ойдың арнасында өрбіді. Жиынды Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов ашып, өзі бас болып Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-белгіге тағзымдық гүл шоқтарын қойды. Азап тартып, нақақтан-нақақ күйген құрбандардың рухына ескерткіш жанында бір минуттік үнсіздік жарияланды. Бұл ескерткішті кезінде облыстың белсенді азаматтары жамағаттың өз ықыласымен жнаған қаржысына орнатқан болатын. Оған ұйытқы болған кісілер қуғын-сүргін жыладары жазалаушы болған НКВД-ның кеңестік кезіндегі мұрагері МҚК (КГБ) қызметкерлері болды. Қоғамның оңала бастауының белгісі осы көріністерден байқалған еді.

Жиынға жиналған жұртшылықтың арасынан қуғын-сүргіннің азабын тартқан ұрпақ өкілдері, зымиян саясаттың қыр-сырын зерттеп жүрген азаматтар азалы жиында сөз алып, өткен ғасырдағы қасіреттің енді қайталанбауы тиіс екенін сөз етті. Ол үшін ел азаматтары тарихтың тағылымын жадына түюі, демократиялық құндылықтардың тереңдеуі, ұлт аралық қарым-қатынастың берік болуы басты тірек деген ой түйінделді. Құрбандар рухына тағызым етілген жиында осы бір тағылым кеңістікті кезіп жүрді. Қазақ бақилық болған кісі туралы: «Қайтқан кісінің рухы бір жыл өз отбасының маңында жүреді, содан кейін кеңістікті шектеусіз еркін шарлайды» дейді. Жоқтаусыз кеткен қуғын-сүргін құрбандарының рухы кеңістікті шарлап кеткені анық. Себебі жендеттер олардың жанын қиғанымен, рухын сөндіре алмады. Рух сөбегендіктен, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі Қазақстанның түпкір-түпкірінде тұрақты орындалып келеді. Құрбандар рухына тағзым ете отырып, Алаш жұрты бейбіт өмірді, татулықты, баянды тірлікті тілейді. Қостанайлықтардың тілегі де осы болды.

Алмас Әбсадық.

Қостанай қаласы

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5286