ҚАЗІРГІ КӘРІ ҚҰРЛЫҚ және ЕЛУ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЕУРОПА
2015 жыл Франция үшін дүрбелеңмен басталды. Қаңтардың 7-сінде, яғни православтықтар үшін Рождество мерекесі саналатын күні Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналы кеңсесіне қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам (сегізі - журналист) қаза тапқан еді. Одан кейінгі екі күнде шабуылға күдіктілер мен олардың серіктерін ұстау операцияларында тағы бес адам мерт болды. Бұл жағдайлар әсіресе кәрі құрлық халқын дүр сілкіндіріп, соңынан жер-жерлерде жүз мыңдаған адам шеруге шықты. Әлем халқы негізінен бұл террорлық әрекетті айыптады. Дегенмен, оқиғаның салдарын айыптағанымен, себебіне үңіліп, террактінің орын алуына Ислам дінін келеке ету жағдайы түрткі болғанын айтушылар да аз емес.
БҰЛ ЛАС ПИЯР ЕМЕС ПЕ?
Расымен, кәрі құрлық мұны "сөз бостандығына жасалған қастандық" деп қабылдады. Бірақ, бұның сөз бостандығына қатысы жоқтығы саралап көрген адамға түсінікті нәрсе. Аталмыш журнал бұған дейін Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) карикатура жасап, келемеждеген болатын. Осылай мұсылмандардың ашуына тиюді көздеген. Соңғы уақыттарда Батыста исламофобия өршіп келеді. Журнал редакциясы аталмыш карикатураны жариялау арқылы өздеріне лас пиар жасап, таралымдарын өсіруді көздеген болулары да мүмкін. Әйтпесе, әлем халқының үштен бірі ұстанатын Ислам дініне күйе жағудың, адамзат баласының ең құрметті тұлғасы — Алланың Елшісі Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) келемеждеудің журналистік те, адамгершілік те этикаға жатпайтыны кез-келген адамға түсінікті. Мұны көзіқарақты журнал қызметкерлері білмей қалған жоқ, демек, әдейі істеді. Бұны "сөз бостандығы" деуге болмайды. Бұл — өзгелердің діни сенімін қорлау! Және бұған Батыс қоғамы да көз жұма қарағаны қынжылдырады. Әшейінде "діни төзімділік, сенім-наным бостандығы" деп, өзге елдерге "ақыл айтуға" құмар Батыс бұл жолы жұмған ауыздарын ашпады. Қатарында бірді-екілі қарайған мүшесі бар әлдеқандай секта қиырдағы бір елде болмашы қысымға тап бола қалса, өре түрегелетін олардың бұл жолы көз жұма қалулары — Исламды жеккөрушілікті қолдап отырғанын айқын аңғартып беретіндей.
АРАНДАТУДЫҢ САЛДАРЫ АУЫР БОЛМАҚ
Терроризмге, жалпы жауыздыққа мұсылман қауымы қашаннан қарсы. Өйткені, Ислам — бейбітшіліктің діні. Ислам діні адамды өлтірмек түгілі, ренжітудің өзін құптамайды. Бүгінгі дін атын жамылып, түрлі жауыздыққа барып жатқан лаңкестерді, радикалдарды шынайы мұсылмандармен еш шатастырмау қажет. Қазақша айтқанда, олар қой терісін жамылған қорқаулар ғана. Бірақ, Батыстың кейбір саясаткерлері де, журналистері де осыны біле тұра, халық арасында исламофобияны өршіту мақсатында терроршылар әрекеттерін жалпы дінге теліп, мұсылмандарды қаскүнем ретінде насихаттауға күш салып жатыр. Арандатып отыр. Әрине, бұл Батыстағы мемлекет басындағылар үшін тиімді шығар. Өйткені, Еуропа қазір мұсылманданып барады. Ол елдердегі мұсылмандардың саны жыл өткен сайын еселеп өсуде. Осыны қауіп тұтқан саясаткерлердің исламофобия шоғына әдейі үрлеп отыруы мүмкін.
Францияның өзін алайықшы. Соңғы жылдары бұл елде мұсылмандарға қарсы қысым күшейіп келеді. Мәселен, бұл елде 2011 жылы президент Николя Саркози хиджабқа тыйым салды. Мұсылман елдерінен келетін мигранттарға да тосқауыл қоюға бағытталған шаралар қолға алынуда. Оған әлгі "Шарли Эбдо" журналының карикатурасын қосыңыз. Осындай қысымдар мен келемеждердің әйтеуір бір күні бір жерді жарып шығуы мүмкін еді. Мұсылмандар бейбіт халық, әйткенмен, сонша халықтың ішінен бір "төзімсіз" жанның шығуы заңды құбылыс. Мен Париждегі террактілерді ақтайын деп жатқаным жоқ, тек соның себебіне үңіліп отырмын, яғни оған қысым мен арандатулардың әсер еткенін айтқым келеді. Қарапайым түсінік, сіз бір танысыңызға үнемі қысым көрсетіп, оны келемеждей беріңізші, ол қашанғы шыдайды, бірде болмаса бірде тұмсығыңыздан жұдырықпен періп кеп жіберуі әбден мүмкін ғой.
Өкінішке қарай, Франция қоғамы бұдан сабақ алар емес, мұны түсінгілері де келіп отырған жоқ. Кәрі құрлықты дүр сілкіндірген оқиғаға тікелей қатыстары бола тұра, "Шарли Эбдо" журналы жуырдағы нөмірлерінің мұқабасына Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) карикатурасын қайта басты. Онда пайғамбарымызды қайғыртып, "Шарли — бұл мен" дегізіп қойған. Оған "Бәрі кешірілді" деген тақырып қойылыпты. Яғни, пайғамбар қайғырып келіп, оны журнал қызметкерлері кешірген тәрізді сипаттама. Бұған дейін 60 мың таралыммен шығып келген журнал бұл санын бірнеше тілге аударып, 3 миллион (!) таралыммен жарыққа шығарды. Келесі саны 5 миллионмен тарайды деп алақандарына шырт түкіріп отыр. Біріншіден, осының өзі-ақ әу бастан журнал қызметкерлерінде Исламды қаралау арқылы тиражды өсіру есебі болғанын аңғартқандай. Екінші жағынан, Франциядағы лаңкестік оқиғаларды мойнына алған "Әл-Каида" ұйымы Еуропаның басқа да елдерінде, оның ішінде Франция да бар, бірнеше террорлық әрекеттер жасайтынын хабарлап үлгерді. Олары жай сөз де емес сияқты, артынша Франция, Бельгия, Германия сияқты елдерде лаңкестік оқиғалардың алды алынып, бірнеше терроршының қолға түскені хабарланды. Яғни, "Шарли Эбдо" әлі де отпен ойнап отыр, олар өз мүдделері үшін арандатуға барып, өзге адамдардың өмірлеріне қауіп төндіруде.
БҰНЫ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫМЕН ШАТАСТЫРМАУ ҚАЖЕТ
Осы жерде Түркия президенті Режеп-Тайып Ердоғанның пікірін бере кеткен дұрыс сияқты. "Батыстың екіжүзділігі айқын көрініп тұр. Біз — мұсылмандар терроризмді, қырғынды ешқашан қолдаған емеспіз. Бұл қантөгістің артында нәсілшілдік, жеккөрушілікті насихаттау мен исламофобия тұр" деді Ердоған Анкарада қаңтардың 12-сінде Палестина басшысы Махмуд Аббаспен бірге өткізген баспасөз жиынында. Ердоған өзі жиі ашық сынайтын Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды да Париждегі шабуыл құрбандарын еске алған маршқа қатысқаны үшін сөзбен түйреп өтті сол кезде.
"Сіздер Газа секторында мемлекеттік террор жасап, 2500 адамды қырған адамды маршта қолын арлы-берлі бұлғатып қойып не істемекшісіздер?" деді Ердоған Нетаньяхуға қарата сөйлеп. Дәл айтылған нәрсе.
Ресей мүфтилер кеңесі де Париждегі шабуылға байланысты пікір білдіріп, «Біздің әлемде арандатушының күнәсі арандатуға ерген адамның күнәсі тәрізді қауіпті шығар. Діншілдердің сенімін қорлау экстремизмнің кез келген түрі тәрізді ақылға сыймайды» деді. Иә, арандатушылардың кінәсі лаңкестердің айыбынан кем болып тұрған жоқ.
Қазақстандық интернет-басылымдардың біріндегі жуырдағы мақалада мынадай ой айтылыпты: "Стоп! Қандай ой еркіндігі, қандай сөз бостандығы? Ау, әлемдік құжаттың барлығында адамзат үшін қастерлі дүниелерді келемеждеуге тыйым салынған емес пе? Мәселен, сол Францияда сіз армян геноциді мен Холокостты өтірік деп айтыңызшы, бірден соттайды. Себебі, сен әлгі оқиғаларды жалған деуің арқылы сан ғасырлық қайғы-қасірет көрген еврей жұртына, армян ұлтына қастандық жасаған болып саналасың. Холокост демекші. Сол Charlie Hebdo басылымы осыдан 3 жыл бұрын еврей жұртын мазақтап, сурет жариялаған еді. Артынша, бұл карикатураның авторы антисемиттік көзқарасы үшін айыпты болып, түрмеге айдалды. Содан кейін бұл журнал жөйіттер туралы карикатураны мүлдем жариялаған емес. Неге? Неге олар сол кезде, еврей қауымы біздің «сөз бостандығымызды» шектеп жатыр деп айқайламады? Сонда еврейді келемеждеуге болмайды, ал Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) мазақтауға рұқсат па?"
Осыдан кейін өздеріңіз де ой түйе жатарсыздар.
САЯСАТКЕРЛЕР НЕ ДЕП САНДЫРАҚТАП ОТЫР?
Жалпы, Париждегі оқиғалардан кейін Еуропа елдерінде түрлі шерулер өтіп, белгілі саясаткерлер өз пікірлерін білдіріп жатты. Мәселен, түрмеден босай сала Еуропаны паналаған Путиннің оппоненті Михаил Ходорковский "Қайтыс болған журналистерге тілектестік ретінде барлық сайт Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жарияласын" деді. Мұнысын "әлгі содырларға қарымта кегіміз. Ал көрсін. Миллион сайт келемеж суретті жарияласа, олар не істей алады?", - деп түсіндірген. Бұл да нағыз арандату.
Қайта Германия канцлері Ангела Меркель "жібі түзу" жан болып шықты. PEGIDA ("Батыстың исламдануына қарсы патриот еуропалықтар") әсіреоңшыл қозғалысы қаңтардың 12-сіне жоспарлаған акцияларынан бас тарту туралы Германия билігінің ұсыныстарын елеместен Дрезден мен елдің басқа да қалаларында демонстрациялар ұйымдастырды. Бұған дейін Германия канцлері Ангела Меркель "исламның Германияға тән" екенін айтып, Париждегі шабуыл құрбандарына құрмет ретінде наразылық шерулерін өткізбеуге шақырған. Одан кейін де Ангела Меркель Германия аумағындағы мұсылмандарды, олардың қасиетті орындарын қорғайтынын мәлімдеді. Өйткені, Еуропаның түкпір-түкпірінде мешіттерді өртеу, мұсылмандарды таяққа жығу әрекетері жиілеп кеткен. Мұсылмандарға қарсы сол жандар Париждегі екінші супермаркеттегі лаңкестік оқиға кезінде көпшілікті мұсылман әйелдің құтқарып қалғанын біле ме екен? Иә, Париждегі кошерлік супермаркет қызметкері, Малиден келген мұсылман Лассана Базили қаңтардың 9-ы күні, дүкенге әсіредіншіл содыр кірген кезде кем дегенде 15 адамды дүкен жертөлесіндегі тоңазытқышқа жасырып, олардың өмірін сақтап қалған.
Иә, арандату әрекеттері жекелеген адамдарға немесе топтарға ұпай әперіп те жатқан шығар. Бірақ, мұндай жағдайлардың қоғамға жік салып, қауіп төндіретінін, тіпті мемлекеттің болашағына үлкен қатер екенін халық түсінуі керек. Мәселен, голландиялық саясаткер Герт Вилдерс «енді Еуропа соғыстың алдында тұр» деп мәлімдеп, «Батыс қоғамын исламнан тазартуға» шақырған болатын. Ал, чех саясаткері Томио Окамура (ол жетекшілік ететін "Тікелей демократияны дамыту" партиясы чех парламентіндегі 200 орынның 14-ін иеленіп отыр) Ислам дінінде харам саналатын шошқа мен иттерді мешіттердің алдында серуендетуге шақырған. Бұл дегеніңіз қоғамды ашықтан-ашық жікке бөлу. Мұның салдары ауыр болатынын түсініп, тиісті орындар осы сияқты жеке бас пайдасын ойлайтын саясаткерлерді қатаң жазалау керек-ау.
ЕУРОПАДАҒЫ МҰСЫЛМАНДАРҒА ҚАРСЫ ГЕНОЦИД...
Қарап отырсақ, Парижде орын алған оқиғалар 2011 жылғы 22-шілдеде орын алған Норвегиядағы террорлық әрекетті еске түсірді. Онда "Норвегия иммиграциялық саясатты қолдаушылардың кесірінен мұсылман мемлекетіне айналып кетеді" деп "шошынған" Андерс Брейвик есімді "сұр тентек" 94 адамды атып өлтіріп, 242 кісіні жаралаған болатын. Дәл сол кезде бұлай дүрлікпеген Еуропа халқының шынымен нәсілшілдікке, исламофобияға бет бұрғаны анық көрініп қалды. Тіпті, 1995 жылы Сребреницада Босния сербтері жасақтарының мұсылмандарға жасаған геноциді, Хорватияның мұсылман дініндегі серб азшылығын елден кетуге мәжбүрлеуі әлі күнге дейін тиісті бағасын алмай отыр. Ердоған айтқандай, Батыстың екіжүзді саясат ұстанғанын енді әркім аңғара түскендей.
ЕУРОПА МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІНЕ АЙНАЛАДЫ
Жалпы, жылдың басы болашаққа болжам жасауға таптырмас кез ғой. Мен де болашақ Еуропаның қандай боларына көз жүгіртіп көрейін.
Менің ойымша, 50 жылдан соң Еуропа халқының кем дегенде жартысын мұсылмандар құрайтын болады. Иә, Батыс саясаткерлері кәрі құрлықты өздерінің жылдамдатып мұсылмандандырып жатқанын өздері де сезбей отырған сияқты. Батыс зымиян әрекеттері арқылы біраз уақыттан бері Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада, яғни мұсылман мемлекеттерінде бей-берекетсіздіктер орнатып келеді. Экономикалық қысым бір бөлек, демократияны тықпыштау арқылы төңкерістер жасау, террорға астыртын көмек беру, бір-біріне айдап салу... Соңғы кездері әлемнің бұл өлкесінен тыныш кетіп, соғыстан көз ашпай келеді. Батыс осы арқылы мұсылман елдерінің дамуын тежейміз, өзімізге тәуелді етеміз, табиғи байлықтарына қол жеткіземіз, тіпті, қару-жарағымызды сатып, байимыз деп ойлайтын да шығар. Бірақ, соғыстан, аштықтан қашқан немесе Еуропаның "жылтырақ өміріне, демократиясына" қызыққан жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған халық кәрі құрлыққа лажсыздан қоныс аударуға мәжбүр болуда, солайша ол елдердегі мұсылмандар санын арттырып жіберді. Енді Еуропа иммиграциялық саясаттарын қанша жерден қатайтса да, құрлықтың мұсылмандануын тоқтата алмайды.
Кәрі құрлық халқы қазір қартайып бара жатыр. Байырғы халықтар бала туу санын шектеген, одан қалса бедеулік пен белсіздік кең етек жайды. Демографияның өсуі үшін әр отбасында кемі үш перзент болуға тиіс (екеуі әке-шеше орнын басады, біреуі демографияның өсуіне ықпал етеді). Ал олар бір-екі баламен шектелуді қалауда, қалғанының орнын ит пен мысық басатын болып алған. Осының нәтижесінде оларда жастар қатары кеміп, қарттар саны өсе түсуде. Жұмыстың бәрін істейтін жастар, елдің болашағы жастар, ал қарттар еңбекке қабілетсіз, Еуропа қарттарының көпшілігі өмірлерінің соңын Қарттар үйінде өткізіп, мемлекетке қосымша салмақ болады. Ал, мұсылман отбасыларда болса керісінше, бала саны көп, кемі үш-төртеуден. Осыдан-ақ байқайтынымыз, жыл өткен сайын байырғы тұрғындар саны кеми түседі де, мұсылмандар саны арта береді. Осының әсерінен 50 жыл ішінде кәрі құрлық халқының жартысы мұсылман халқын құрайды. Әлбетте, ондағы билік те мұсылмандана бастайды. Бұл көрініс ондағы исламофобияның жойылуына әкеледі. Егер мұсылмандануға қарсы әлдеқандай қарсылық әрекеттер жасалса, мұның соңы азаматтық соғысқа әкелуі де ғажап емес, ал ол ел болашағына төнетін зор қауіп. Сондықтан, Еуропа жұрты "бастарына түскен тағдырға" көнуге мәжбүр болмақ.
Жүз жыл өткен соң Еуропа толықтай мұсылман мемлекеттеріне айналады. Байырғы тұрғындар онда азшылыққа айналып, биліктен де орын тимей, қарабайыр күн кешуге көшпек. Еуропаның қандай болғанын тек тарихтан оқып білмек...
Демек, Еуропаның қазіргі исламофобиясын соңғы тұяқ серіппуі десек те, олардың қазірден төзімділікті үйреніп, болашақтағы өзгеріске қазірден бойларын, табиғаттарын үйрете бергендері жөн-ау.
Ербол ЖАЛПОШЕВ.
Абай.kz