Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 7694 0 пікір 6 Қаңтар, 2015 сағат 00:06

ҚАҢТАР. ҚАНАС КӨЛІ. КӨКПАР

Қазіргі қолданыстағы күнтізбе бойынша жаңа қой жылы да келді. Мерекені әр кім, әр өңір өз хал-қадірінше қарсы алатыны мәлім. Бұл жолғы жаңа жылды қазақи дәстүрмен қарсы алған өңірдің бірі Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы еді.

Ауданда   әйгілі Қанас көлі орналасқан. Алтай тауының биік төсінде жатқан көл Қытайдағы ең терең көлдердің бірі. Жазда жасыл желек жамылған Қанастың сұлу табиғаты, айнадай мөлдіреген айдыны алыс-жақыннан келген саяхатшыларды өзіне еріксіз тартып тұрады. Ал, қыста да өз ерекшелігімен көрген жанды тәнті етеді.

Биылығы жаңа жыл мерекесін аудан жұрты осы көрікті көлдің қар жамылған алқабында атап өтті. Ұлттық ойындар ұйымдастырып, дәстүрді жаңғыртқан аудан жұрты, қар жамылған көл бетін ат тұяғымен дүбірлетіп, әппақ көрпе жамылған Алтай тауларын ұйқысынан оятқандай болды.

Әсіресе, ұлттық ойындардың ішіндегі елдің арқасын қоздырып, қанын тулатқан көкпар еді. Танауынан құшақ-құшақ бу үрлеп, боз қырау жамылған тұлпарлар құрыш тақым жігіттерге қанат бітіргендей. Бастарына түлкі тымақ, зер шапан киіп, әлекедей жаланған азаматтар, серкені ат үстінен аспанға атып, біріне-бірі дес бермей тартысты. Қалада шырша құрып, салют атқан да жөн шығар, бірақ әр мерекеге осылай ұлттық өң-түс беріп, дәстүрдің сабақтастығымен жалғап жатсақ несі айып?! Қайта көрген жанның көңіліне қуаныш сыйлап, жас ұрпақтың санасына бабалар рухын сіңірмей ме!

Сонымен, қаңтарда мұзды көлді қақыратып, буырқана көкпарлатқан ойын сәттерінен түсірілген фотоларды назарларыңызға ұсынайық!

Айтпақшы, ата дәстүрді жалғап жатқан Буыршан ауданы былтырғы жылы Қытайдағы ең көрікті аудандарың қатарына кіріп, 8 орын иеленгенін де осы арада айта кеткеніміз жөн. Және ол осы атаққа ие болған Шыңжаңдағы бірден-бір аудан болды. Аталған байқауға бүкіл Қытай бойынша 2 мың аудан түскен болатын. Көрікті аудандарды бағалауда қаланың жобалануы, елдің ежелгі салт-дәстүр, тарихи жосыны, үй-құрылыстарының үлгісі, ауыл-қыстақ өркениеті, табиғаты, танымалдығы бәрі ескерілген екен.

Мұрат Алмасбекұлы

Сурет «Алтай ақпарат торабынан» алынды

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061