Жұма, 22 Қараша 2024
Көкмұнар 20279 0 пікір 1 Қаңтар, 2015 сағат 12:07

Интернет-конференция: Дидар Амантай (Толық жауап)

 

Дидар АМАНТАЙ

жазушы, ойшыл, киногер:

“Сәулесіз адамдар ғана қараңғыны жарып шыққан жарыққа өш келеді”

 

Эпиграф ретінде:

 

Мағжан Жұмабаев:

АТАҚТЫ АҚЫН СӨЗІ АЛТЫН ХӘКІМ АБАЙҒА

 

Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес, Қарадан хәкім болған сендей жанды Дүние қолын жайып енді күтпес. Сөзіңе құлақ салып, баға бермей, Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес! Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!» – деп, Болды ғой жақын туған бәрі кектес. Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме, «Қор болды қайран сөзім босқа!» – деме. Артында қазақтың жас балалары Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге! Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, Өлтіріп талай жанды, жүгін артар. Көз ашып, жұртың ояу болған сайын, Хәкім ата, тыныш бол, қадірің артар. Жүрген жанның артында ізі қалар, Етікші өлсе, балға мен бізі қалар. Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар, Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар! Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер, Сау қалғанның көбісі ертең бітер. Тоқтамас дүниенің дөңгелегі, Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

 

 Дидар, осы О.Сүлейменовтың қазақ әйелі бар дейді, сол рас па? Болса, одан неше баласы бар?

 

Бұл әңгімені Сіз өзіңіз ойлап шығарғанға ұқсайсыз. Сондықтан, жауабын да өзіңіз бергеніңіз жөн болар еді.

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағандылық ұлтжанды азамат Ерлан Төлеутаев Қазақстан-Қарағанды телеарнасынан нақақтан-нақақ жұмыстан қысқартылғанда сіз Ерекеңді Алматыдағы Қазақфильмге қызметке қабылдауға себепкер болып, ірілік танытқан едініз. Сол кезде Ерлан ағаны қудалаған Берік Дүйсетаев бастаған әділетсіз телеарна басшылары әлі жылы орнынан қозғалмай отыр. Осының себебін қалай түсіндірер едініз Дидар аға?

 

Ерлан Төлеутай дарынды қалам иесі, асқақ үнді әнші һәм кесек туындылар жазған ірі композитор. Мен құрметтейтін азамат. Біртуар тұлға. Қазақ мәдениетіне, музыкатану ғылымына, киносына және әдебиетіне қомақты үлес қосып жүрген, көп еңбек сіңіріп жүрген замандасымыз. Бейнетқор,  елге жанашыр, ұлт қайраткері. Мен оның дау-дамай, талас-тартыстан бойын аулақ салып жүргенін қалар едім. Оның халыққа беретіні көп. Арзан дүниелер қымбат уақытын алмаса екен деп ойлаймын.

 

Берік Дүйсетаев та қарым-қабілеті, хал-қадірінше елге қызмет етіп жүрген, жауапкершілігі мол мекемені басқарып отырған, іске мығым, шаруаға қыры бар азамат. Сауатты менеджер. Заманауи.

 

Мен Ерекеңді Алматыға жұмысқа шақырғанда, қарағандылықтардың өзара тартысында күресіп жүргендердің бір жағын жақтап, екінші жағына доң айбат, сес көрсету үшін шақырған жоқпын. Ұлтқа қызмет етсін деп шақырдым.

 

Бұл мәселеге мен төрелік айта алмаймын. Ерланның қазақтың мұраты жолында атқаратын жұмысы көп. Ерекеңнің соңғы бес жылы табысты, еңбегі жемісті болды. Соған қуанамын.      

 

 Қазақстанның ендігі Президенті кім болады деп ойлайсыз? Нур Отан партиясының мүшесіз бе? Қазіргі билікке көзқарасыңыз кандай?

 

Жалпы, бұл мәселе сайлаушылардың қолында. Ешқандай партияға мүше емеспін.

 

Бүгінгі билік күрделі кезең, қиын тұста елдігімізді сақтап қалды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған мемлекетіміз абыроймен атқарған қыруар игілікті, қайырлы істерден басқа үш басты түйінді мәселені шешіп, Отанымызды төтен қауіптен, қатерлі арандатулардан, ауыр сынақтардан, арзан саяси ойындардан сақтап, дамудың даңғыл жолына шықты: 1) Әуелі тәуелсіздігімізді дүние жүзі таныды, сонан соң шекара мәселесі шешілді. Біз мемлекетіміздің шекарасын белгілеп, қажетті құжаттарымызды көршілес елдермен халықаралық заңдар шеңберінде бекітіп алдық, оны әлем жұртшылығы мойындады. 2) Экономикаға басымырақ маңыз бере отырып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз еттік – кез келген өркендеудің, өрлеудің кепілі – тұрақты даму осылайша бейбіт өмірді өз құндылығына, биік мақсатына, ортақ игілігіне айналдырды, асыл мұраттар өз кезегінде ұлы ұғым – халықтар достығын баянды етті, тыныштық, сабырлылық, толеранттық, жалпы, мәдениеттің кепілі, кез келген мәдениет өзінің бар екендігімен бағаланатын өз алдына жеке, дербес, дара құндылық, оның бағасы мен бәсі басқа нәрселермен салыстыру арқылы өлшенбейді, мәдениеттің құндылығы әйтеуір бір заманда, әлде бір дәуірде дүние есігін ашқан сәтінен бастап, нақ осы кезеңде өмір сүріп жатқан жасампаз сипатымен бағалы, сондықтан ешқандай мәдениетті төмендетуге, қорлауға, қала берді, жоюға болмайды. Қазақ мәдениеті – еліміздің біртұтас рухани өмірін қалыптастырушы мәдениет. Қазақ мәдениеті – көп ұлтты Отанымыздың тынысы. Мемлекеттің мән-мағынасын, мазмұн-тарихын, бағыт-бағдарын айқындайтын мәдениет. 3) Астананы орталық Қазақстанға көшіргеніміз саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор, дана шешім болды. Неге екенін әрбір қазақ жақсы біледі.

 

Дидар аға, сіз танымал қаламгерсіз. Бірақ сіздің ел туралы, халық тағдыры туралы ашық айтқан бірде-бір пікіріңізді оқымаппын. Мәселен, Жаңаөзендегі қанды оқиға туралы өзіңіздің буыннан аса талантты сыншы Амангелді Кеңшілікұлы ғана пікір білдірді. Ал сіз көп жазушылармен бірге үн-түнсіз қалдыңыз. Қаламгер деген ең адымен халықтың мұңын айтпаушы ма еді, халықтың ортасында жүрмеуші ме еді. Ал сіз үнемі билік жағында жүресіз, атақ пен сыйлық дәметіп... Осыны дұрыс деп ойлайсыз ба? Егер халық болмаса, сіз кімге керексіз, билікке ме,әлде... Рахмет!

 

Саясатпен айналыспаған жақсы. Әсіресе, шығармашылық тұлғаларға. Егер саяси мақсат-мұратым бар, арманым көп десеңіз, онда саясатқа ғұмырыңызды арнауыңыз керек. Тиіп-қашып жасаған жұмыста береке болмайды, тек жолыңызды бөгейді. Әдебиетте әр нәрсеге көзқарасыңызды шұғыл білдіріп отырыңыз деген шарт жоқ. Жазушы жақсы жаза білуі қажет. Әр нәрсеге араласып, саяси белсенділік танытудың ар жағында жеке бастың саяси мүддесі жатыр. Біреу депутаттықты көксейді, енді біреу қызмет іздейді. Саясат дегеніміз сауда. Әбжіл саясаткер пікірін бұлдап, ұстанымы мен көзқарасын сатады, қымбаты бар, арзаны бар, бәрі саудаға түседі. Екі жақтың арасында қашанда қарапайым халық аңғара бермейтін сауда жүріп жатады. Биліктің ұпайы түгел, саясатын өте сауатты жүргізеді. Бірақ, ел үшін алаңдағансып саяси тұғырын саудалағандар да – саясатпен шұғылданып жүрген саясаткер тұлғалар. Ештеңе дей алмаймыз.  

 

Өкінішке қарай, біз капиталистік қоғамда өмір сүріп отырмыз, бізді нарық билейді, нарық билігі жылдан жылға күшейе беретін болады, капитализмде аяушылық жоқ, руханият туындыларын нарық бағалайды, әр шығарманың құны бар. Жарнама – нарықтың қозғаушы күштерінің бірі – бүгінгі күні киноға, эстрадаға, шоу-бағдарламаларға дендеп енді, таяу жылдары әдебиетке де келеді, бұл жақсы да, жаман да емес.

 

Шыны керек, егер пікір айтсаңыз, онда пікіріңізді қорғаңыз, жүзеге асуына талпыныс жасаңыз, бір рет айтып, жоқ болып кету – жай бір көріну болып қалады.

 

Жаза білу керек, қаламгердің үні, жазушының дауысы сол.

 

Мынадай пікір айтасыз: "Сіздің ел туралы, халық тағдыры туралы ашық айтқан бірде-бір пікіріңізді оқымаппын”. Өтірік. Жаңсақ пікір. Қасақана айтылған сөз. Кезінде, алысқандай алысқанбыз. Оған Тұрсын Жұртбай, Серік Негімов, Мұрат Әуезов, Ғарифолла Есім, Әлмира Наурызбаева, Ақас Тәжуітов, Мереке Құлкенов, Тұрсын Ғабитов, Жұмабай Шаштайұлы, Әлия Бөпежанова, Мейірхан Ақдәулетұлы, Қуандық Түменбаев, Асылбек Ықсан, Қайрат Жүнісов, Маралтай, Жарас Сәрсек, Талғат Ешенұлы, Омар Жәлелұлы, Дәурен Қуат, Қазыбек Құттымұратұлы, Ерлан Төлеутай, Күлпара Жұмағали, Еренғайып Қуатайұлы, Рая Ескендірқызы, сол кездегі барлық қазақ жорналшылары куә. Үзіп-жұлып талай рет орысшаға да аударды, ұлтшыл да, маргинал да атандық. Жоқ, мен – қазақпын. Елін сүйген, жерін сүйген, ана тілін сүйген, өнер-мәдениетін сүйген қазақпын. Басқа жұртты сыйлай білетін, Отанына тыныштық тілеген қазақпын. Қазақ мүддесін орыс тілді газеттердің басшылығында жүргенде орыс тілінде сан қорғап, содан таяқ жеген де қазақпын. Қуғынға да ұшырадым, тізімге де іліндім. Оны Жәнібек Сүлеев тәрізді сол кезде қасымда жүрген қазақтар біледі. Бірақ, мен ойымнан, еліме деген махаббатымнан айныған емеспін. Ешқашан кеудемді қағып, жасаған еңбегімді, көрген бейнетімді бұлдаған да емеспін. Маған ат қойып, айдар тағатындар қазаққа мендей-ақ қызмет етсін. 1996 жылы сол уақыттағы үкімет басшысы туралы алғашқы сын мақаланы жазған да мен болатынмын. Ауыл құрып жатыр, қазақ босып жатыр дегенмін. Үлкен дау туғызған мақала. Сізге не де болса, менің "Қарқаралы басында" және "Махамбет философиясы" атты бестомдық шығармалар жинағымның алғашқы екі томын оқыңыз деген уәж айтар едім.

 

 Дидар,Юрий Казаковтан неге көшірдің? Өзің де жаза алатын едің ғой!

 

 

Ата театрдың атақты бір режиссерінің арқасында адам болғандардың маған қарсы ойлап тапқан қастығы. Қастандығы деп те айтсам болады екен... Жалпы, Сіз қазақ әдебиетіне, қала берді, әлем сөз өнеріне тың дүние ретінде енген "Мен Сізді сағынып жүрмін" деген повесімді айтып отырсыз ба? Онда, адастыңыз. Юрий Казаковта, жалпы, әлем әдебиетінде, менің білуімше, ондай шығарма атымен жоқ. Ал егер кезінде мақала тұрғысында қаламақы үшін жазылған, тек мерзімді баспасөз жүзінде жарық көрген, "Ты во сне горько плакал" деген әңгімеден цитаталар келтірілген, жоғарыда айтылған повесіммен аттас дүниені айтсаңыз, онда қойып отырған сауалыңыз біле тұра жұртты адастыру, қасақана қалың елді шатастыру, әйтеуір бір жақсы ниеттен тумаған сауал қойып, мені мұқатқыңыз, құлатқыңыз келіп отырғаны анық. Бұл – өз заманында, "Тынық Дон" роман-эпопеясы бір орыс офицерінің шығармасы екен, Михаил Шолохов сол туындыны  пайдаланып кетіпті деген, әдейі таратылған авантюралық қауесетпен бірдей. Ұлы жазушы ақымақ, есалаң құсап ғұмыр бойы ел алдында жасамаған қылмысы үшін өзінен өзі ақталып жүрсін, басқа да дарынды шығармаларын жаза алмасын деген жауыздық ниет, жаулық ойдан шыққан, алдын ала әдейі жоспарланған, қулық-сұмдықтан туған нағыз аярлық, нағыз қорқаулық, нағыз іштарлық, нағыз сайқалдық болатын. Түптің түбінде, осы алыпқашпа сөз бәйтеректей алып жазушыны бірден болмаса да, біртіндеп жерге құлатқаны да рас. Бірақ та, орыс топырағына тамырын терең жіберген алып шығармаларын өз биігінен құлата алмады. Қаламгер жазған, сөздері маржандай тізілген асыл мұрасы әлі күнге шейін салтанатымызды асырып, жан сарайымызды жайнатып, рухани сәулетімізді жарық сәулеге толтырып, жарқыратып тұр. Сәулесіз адамдар ғана қараңғыны жарып шыққан жарыққа өш келеді.

 

         Десек те, мен бұл әрекетті ұлтқа ғана емес, жалпы, адамзат мәдениетіне, ғаламзат өркениетіне қарсы жасалған, кешірілмейтін ауыр қылмыс деп есептеймін. Сонда, сол жылдары атақты қаламгер, аяулы тұлға қолжазбаларын сүйретіп ел аралап жүреді екен, мерзімді басылымдар мен орталық баспаларға барып, алғаш түскен нұсқаларын көрсетіп жүреді екен... Мен, кешіріңіз, құрметлі достым, Сіздің арандатуыңызға, таратқан өсегіңізге еріп жүре алмаймын, біріншіден, оған уақытым да жоқ, екіншіден, Құдайға шүкір, еркіндік заманы, ешқандай басылымға тәуелді емеспіз, кез келген қаралауға ұмтылған, көлеңке түсіруге талпынған сөзге дер кезінде, өз уақытында жауап беруге дайынбыз, әлеуметтік желілер оған зор мүмкіндіктер тудырып отыр. Бірақ, Сізге де, не де болса, менің "Қарқаралы басында" және "Махамбет философиясы" атты бестомдық шығармалар жинағымның алғашқы екі томын оқыңыз деген уәжді тағы да айтар едім.

 

 Дидар аға, шығармашылығыңызбен өте жақсы таныспын. Маған қатты ұнайды. Қояр сауалым бірнеше:

1. Шет тілдеріне аударылған шығармаларыңыз өзінің қазақы бояуын сақтап қала алды ма?

 

Пікіріңізге рақмет. Мен шет тілдеріне шығармаларымды аударғанда, тәржімәшілерге ең әуелі туынды өзінің қазақы бояуын сақтап қалсын деген талап қоямын. Сондықтан, аудармашы мәтінді емес, стиль мен атмосфераны аударуы қажет, шетел оқырманына сол екеуін жеткізе білуі тиіс.

 

2. Біздің елдегі жас қаламгерлердің шығармаларын шет тілдерге аудару жұмысы 0 десе де болады. Ендеше неге осы жастарды шет тілін меңгеруге үндемеске? Орталық ашпасқа?

 

Кезінде мен қазақ тілін, қазақ мәдениетін шетелдерде насихаттайтын (Гете институты, Сервантес институты сияқты) Абай атындағы Институт құру қажет, ол, екінші тараптан, қазақ әдебиетін шет тілдеріне аударатын ғылыми орталық немесе мекеме болуы тиіс деген бастама көтергенмін. Бірақ, ол бастамам қолдаусыз қалды. Егер де осы институтты құрып, басқар десе, ұйымдастыруға, басқаруға қарсы емес, қабілет-қарымы жетерлік қайраткер тұлғалар көптеп табылады, бүгін-ақ жұмысты бастап кетуге дайын азаматтар арамызда баршылық.

 

3. Қазір біздің ел "Ұлттық идеологиямыз не?" деген сауалға бас қатыруда. Сіз бастап, жас қаламгерлер қолдап, осы идеология төңірегінде неге дауыл тұрғызбасқа?

 

Құдайға шүкір, ұлттық идеология қалыптасып келеді. Елбасы айтқан "Мәңгілік ел" идеясы маған ұнайды. Ежелгі сақтар, ғұндар, көк түріктер тарихымен, жазбаларымен сабақтасып, үндесіп жатыр. Қазақ қабылдаған ислам діні, үш тұғырлы тіл, еуропалық жол, халықтар достығы, тұрақтылық, ғылым-білімге негізделген экономика, кітапқа табыну сол идея мен идеологияның құрамдас бөліктері болады. Мен қазақтың еуропалық халықтар өркениетіне қосылғанын қалар едім.     

 

4. Қолынан қаламын тастамай, өлермен күй кешсе де өлеңге, прозаға адалдық танытып жүрген жастарға Үкімет неге жүзін бұрмайды, неге қолдау, әлеуметтік жеңілдіктер жасамайды?

 

Бірінші, мен сол қайраткер жастарға (Дәурен Берікқажыұлы, Лира Қоныс, Ақберен Елгезек, Руслан Нұрбай, Дархан Бейсенбекұлы, Бақытжан Алдияр, Қайрат Асқаров, Ұларбек Дәбей, Мақсат Мәлік, Бейбіт Сарыбай, Алмас Темірбай, Елзат Ескендір, Бауыржан Қарағызұлы, Бағдат Мүбәрак, Қойшыбек Мүбәрак,  Ерлан Жүніс, Жандос Байділда, Динара Мәлік, Серік Сағынтай, Рахат Әбдірахманов, Алмас Мырзахметов, Мирас Асан, Мирас Мұқаш, Аягүл Мантай, Қанат Әбілқайыр, Арман Әлменбет, Өміржан Әбдіхалықов, Жанат Жаңқашұлы, Жасұлан Серік, Алмас Нүсіп, Жанаргүл Қадырова, Асылзат Арыстанбек, Салтанат Смағұлова, Әлібек Байбол, Ербол Бораншы, Еркінбек Серікбай, Қанағат Әбілқайыр, Қанат Ескендір, Ерболат Әбікенұлы), мәдениетке, өнерге, әдебиетке деген адалдықтары үшін көп рақмет айтамын. Махамбеттер! Кешегі Серік Томанов, Тұрсын Жұмаштарды да еске алып, шығармашылықтары туралы кеңінен айтып кеткен де жөн еді...       

 

Мемлекет тарапынан жастарға, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген  әлеуметтік топтарға жасалып жатқан көмек аз емес, бірақ, әрине, мәселе толыққанды өз шешімін тапқан жоқ, сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, түрлі жолдарды қарастырып, бір нәтиже шығару керек, бұл, меніңше, науқандық шара емес, жүйелі түрде шешілген мәселе болуы тиіс, ол үшін әр әкімдіктегі жастар саясатын қолдайтын қорлармен, мекемелермен тығыз байланыс орнатып, жолын іздеп, жүзеге асыруды сауатты жоспарлау қажет.

 

5. Батыста жазған дүниесін - сату, қалыпты іс. Қазақ ешқашан сөзін саудалап, базардың таразысына салмаған, керісінше сөзді барынша қастерлеген халық. Ендеше неге бізде сөз ұстаған қаламгер қауымның жағдайы мәз емес?

 

Бүгінде, Сөз, зады, көп қасиетін жоғалтты. Бұрын Сөздің жауапкершілігі болатын, қазір екінің бірі өтірік айтады, Серт пен Сөз тең еді, айттың ба орында дейтін едік. Енді бүгін Сөзге сенбейтін болдық, жүгінуден қалдық. Бүгінде міндетті түрде айтқан Сөзін тексереміз, Сөз берсе, бір нәрсеге келіссек, адамға сенбей, келісімшарт жасасамыз.

 

Ұлтқа адал, елге жанашыр, жұртқа қамқор жазушылардың сенгені Сөз еді. Ол енді қаламгерге қорған бола алмайды. Бүгінгі қоғамдағы ең қорғансыз, ең қор адам  жазушылар. Сөздің қасиетін ұқпаған қоғам сөзде қасиет қалдырмады. Сөз әрі шектеулі, әрі шексіз кеңістік.

 

«Сөз тіл. Тіл  болмыстың үйі», -  депті жиырмасыншы ғасырдың данышпаны, пәлсапаның шыңына жеткен алапат ойшыл Мартин Хайдеггер. Дүние, шет-қиыры жоқ алып ғарыш, біз тіршілік кешіп отырған кең-байтақ ғалам тек тілдің құдіреті арқасында ғана өмір сүре алады. Тіпті, жаратылыстың өзі тілдің бояуынан, Сөздің әрінен пайда болған түсінік. Сондықтан, ұлттық тіл  халықтың болмысы. Тіл жойылғанда, халық та жоғалады. Мен қазақпын, менің үйім қазақ тілі. Ана тілім жоғалар болса, мен де өмірде жоқпын.

 

Сөздің киесін қайтару қажет. “Альбер Камю – менің досым” атты бір эссемде мынадай жолдар бар:

"Жүрек еркіндікті сүйді. Бостандық күресте еді. Ұдайы күресу – талай жүзжылдықтар бойы меңгеріп, дәуірімізге кемел машық, асқан шеберлікпен түрлендіріп әкелген жазалау, пікір алуандығымен санаспау, көзқарасты бұрмалау, көңілді басу, сағын сындыру, жаппай үрейлендіру, абақтыға тастау, қинау, қорлау, ар-намысты аяққа таптау, даралап дарға асудан топтап атып өлтіруді игеру тәрізді – қиянатқа қарсы көтерілу екені анық, мұндай қауіп жағдайында адами қасиетіңді сақтау үшін Ницше секілді қанмен жазу қажет еді, сол уақытта қанның рух екенін түсінесің, сөздің ше, ол қай кезде жоғалып кетіп еді, төгілген қан ешқашан кеппейді, құрғамайды.

Бүлік осылай туды. Камю жарқын болашаққа қол созған қайрат-жігердің мұқалмайтынына, гуманистік идеалдың алған бетінен қайтпайтынына, бүлікшіл дүмпудің шырықты бұзатынына, зұлымдықтың шегінетініне сенді. Бірақ, ойсырай жеңілу жылдам келді. Ол енді «Құлау» кітабының желісін салмақтауға кірісті. Бұл құс самғар биіктен, зеңгір көктен тоқтаусыз құлдырау еді.

Экзистенциалистік ағымның метафизикалық мәселесін әріптестерінен дара пысықтаған Камю «Бірінші адам» романын – автомобиль апатынан бақиға аттанар алдында – үлкен қиындықпен жаңа бастап жатқан болатын. Аяқталмаған шығарма Камюдің өзіне ұқсады. Адамзаттың мол мәдени мұрасымен жан-жақты таныса отырып, ол ұлан-ғайыр қарама-қайшылықтарға жолықты. Оны түзетуге жүз Толстой керек еді. Камю қауға сақалды тынымсыз шалдың жарты ғұмырын ғана кешті.

Ол жалғыз болды, Кафка дүниеден ерте озған еді".

   

6. Жастарға мына кітаптарды оқыңдар деп нақты бір тізімдерді ұсына аласыз ба? Қазақ қаламгерлерінің, әлемдік қаламгерлердің туындыларынан.

 

Қазақ ертегілері, аңыз-әфсаналары, эпостық жырлары, жыраулар мұрасы, сал-серілер поэзиясы, Махамбет, Нысанбай жырау, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Жамбыл,  Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан, Мұстафа Шоқай, Бернияз Кулеев, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен, Ілияс, Бейімбет – "Шұғаның белгісі", "Естай ауылы", Саттар Ерубаев, Қасым, Иса Байзақов, Сәбит – "Өмір мектептері", Мұқтар – "Абай жолы", "Көксерек", "Хан Кене" (пьеса), Ғабит – "Ұлпан", "Боранды түнде", "Кездеспей кеткен бір бейне", Ғабиден Мұстафин, Ермахан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани, Хамза Есенжанов, Павел Васильев, Жаппар Өмірбеков, Әди Шәріпов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Шүкіров, Жұмағали Сайын, Қасым Қайсенов, Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин, Есет Әукебаев, Хамит Ерғалиев, Нұфтолла Шәкенов, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Әбдікәрім Ахметов, Берқайыр Аманшин, Тайыр Жароков, Сәйділ Талжанов, Зейтін Ақышев, Ахмет Жұбанов, Сағи Жиенбаев, Зейін Шашкин, Жайық Бектұров, Қуандық Шаңғытбаев, Шәміл Мұхамеджанов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Аманжол Шамкенов, Тәкен Әлімқұлов – "Ақ боз ат", повестері, әңгімелері, Қайрат Жұмағалиев, Ізтәй Мәмбетов, Шәкен Айманов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Бәкір Тәжібаев, Кәкімбек Салықов, Әбдіжәміл – "Қан мен тер", Мұқан Иманжанов "Шал", "Жыртық дәптер", "Адам туралы аңыз" әңгімелері, Рахметолла Райымқұлов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Мыңбай Рәшев, Тоқаш Бердияров, Саттар Сейітқазин, Қастек Баянбаев, Шона Смаханұлы, Жүсіп Алтайбаев – Қасым сұлтан, Саржан, Есенгелді сұлтандар мен Кенесары ханның жорықтарына қатысқан "Ағыбай батыр" туралы повесі, Тұрсынхан Әбдірақманова, Марфуға Айтқожина, Евней Бөкетов, Сапарғали Бегалин – Кенесары жорығы туралы "Тасарал" поэмасы, Садықбек Адамбеков, Әнуарбек Дүйсенбиев, Әубәкір Нілібаев, Сафуан Шаймерденов, Қалтай Мұхамеджанов, Ақан Нұрманов – "Құланның ажалы", Мағзұм Сүндетов, Сәкент Жүнісов, Ғаббас Жұмабаев, Софы Сматаев, Мұқтар Мағауин – "Тазының өлімі", "Аласапыран", "Бір атаның балалары", "Әбдіғаппар сері", "Шыңғыс хан" тетралогиясы, Әбіш Кекілбай – "Шыңырау", "Галстук сатушы қыз", "Күйші", "Ханша-дария хикаясы", Еркеш Ибраһим, Асқар Сүлейменов, Олжас – өлеңдері, эсселері, "Земля, поклонись человеку”, “АЗ и Я”, “Язык письма”, “Тюрки в доистории”, “Улыбка Бога”, “Пересекающиеся параллели”, “Код Слова”, Шерхан Мұртаза, Қалихан – "Ақтоқым", "Қоңыр күз еді", Сайын – "Күзгі бұралаң жол", "Жабайы алма", Оралхан – "Қайдасың, қасқа құлыным", 1987 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген, "Ұйқым келмейді" атты жинағына енген новеллалары, әңгімелері, эсселері, Дұйсенбек Қанабаев, Бауыржан Момышұлы, Әнуар Әлімжанов – "Махамбеттің жебесі", Әбілмәжін Жұмабаев, Сейітжан Омаров, Сағынғали Сейітов, Сәду Машақов, Герольд Бельгер, Әмен Әзиев, Кәмел Жүнісов, Төлен Әбдік, Әнес Сараев – 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған "Еділ-Жайық" романы, "Исатай – Махамбет" тарихы, Медеу Сәрсеке – "Қаныш Сәтбаев", "Евней Букетов", "Ермахан Бекмаханов", Роллан Сейсенбаев, Қалмұханбет Мұқаметқалиұлы, Шәрібек Алдашов,  Мұқағали, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Рамазан Тоқтаров, Кәмен Оразалин, Рымғали Нұрғали, Мұқтар Шаханов, Адам Мекебаев, Әбдулхамит Мархабаев, Төлеужан Ысмайылов, Дихан Әбілов, Ілияс Есенберлин, Ақселеу Сейдімбек, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Немат Келімбетов, Зейнолла Серікқалиев, Фариза Оңғарсынова, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Дүкенбай Досжан, Сәбит Досанов, Смағұл Елубай, Дулат Исабеков, Өмір Кәріп, Иран-Ғайып, Сабырхан Асанов, Ахат Жақсыбай, Өтежан Нұрғалиев, Жарасқан Әбдірашов, Нұрлан Оразалин, Несіпбек Айтұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Сәуірбек Бақбергенов, Баққожа Мұқаи, Есенқұл Жақыпбеков, Сәкен Иманасов, Аян Нысаналин, Темірхан Медетбек, Дәуітәлі Стамбеков, Жұмабай Шаштайұлы, Есенғали, Әлібек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкенов, Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбеков, Мейірхан Ақдәулетұлы, Асқар Егеубаев, Зәкір Асабаев, Жүрсін Ерман, Марат Қабанбай, Тұрысбек Сәукетай, Ғалым Жайлыбай, Таласбек Әсемқұлов, Жүсіпбек Қорғасбек, Бауыржан Жақып, Асылбек Ықсан, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Бауыржан Қарабеков, Нұрғали Ораз, Айгүл Кемелбаева, Әмірхан Балқыбек, Маралтай, Ерлан Төлеутай, ...

 

Виктор Гюго – "Аласталғандар" ("Отверженные"), Оноре де Бальзак – Гюстав Флобер – "Бовари ханым", Стендаль "Қызыл мен қара", Андре Моруа новеллалары, Ги де Мопассан, Альбер Камю – "Неверная жена", "Молчание", "Посторонний", "Чума", "Падение", Жан-Поль Сартр – "Тошнота", "Бытие и ничто", "Экзистенциализм – это гуманизм", Ален Роб-Грийе – "Пляж", романдары, Франсуаза Саган повестері, Жак Деррида – "О грамматологии", "Письмо и различие" , Жан Бодрийар – "Система вещей" (1968), "Общество потребления" (1970), "Зеркало производства" (1973), "Символический обмен и смерть", "Забыть Фуко", "Симулякры и симуляция", "Пароли. От фрагмента к фрагменту", Жиль Делез – "Различие и повторение", "Логика смысла", "Философия искусства", Жан-Мари Леклезио – "Небесные жители" жинағы, "Диего и Фрида", Патрик Модиано – "Кафе утраченной молодости", "Чтобы ты не потерялся в квартале" (бұл кітапты іздеп жүрмін, биыл жарық көрді)...

 

Шекспир – “Ромео и Джульетта”, “Отелло”, “Зимняя сказка”, “Макбет”, “Венецианский купец”, “Король Лир”, “Гамлет” , Роберт Бернс, Вордсворт,  Вальтер Скотт – Айвенго”, “Роб-Рой”, “Квентин Дорвард”, “Тамплиеры”, Чарльз Диккенс – “Тяжёлые времена”, “Давид Копперфильд”, “Домби и Сын”, Бернард Шоу, Джозеф Конрад, Артур Конан Дойль, Грэм Грин, Айрис Мердок, Олдос Хаксли, Джордж Оруэль, Агата Кристи, Артур Кларк, "Пиквикский клуб”, Томас Элиот, Уильям Батлер Йейтс, Сомерсэт Моэм – "Луна и грош", "Театр" романдары, "Рыжий" және басқа әңгімелері,  

 

Новалис, Имманиул Кант, Шеллинг, Фихте, Шопенгауэр, Гегель, Фейербах, Ницше, Виктор Франкл – "Человек в поисках смысла", Мартин Хайдеггер – "Разговор на проселочной дороге", "Бытие и время", Томас Манн, Франц Кафка, Элиас Канетти – "Масса и власть", “Гитлер по Шпееру»...

 

Серен Аабье Кьеркегор – "Дневник обольстителя", "Или-или", "Страх и трепет", "Повторение", "Болезнь к смерти", "Понятие страха"...

 

Александр Пушкин – "Повести покойного Ивана Петровича Белкина", "Дубровский", "Капитанская дочка", Михаил Лермонтов – "Хаджи-Абрек", "Бела", "Герой нашего времени", Лев Толстой – "Соғыс және бейбітшілік", "Қажымұрат", "Воскресение", "Смерть Ивана Ильича". Н.В.Гоголь – "Вечер накануне Ивана Купала", “Ночь перед Рождеством”, “Страшная месть, старинная быль”, “Иван Федорович Шпонька и его тетушка”, “Заколдованное место”, "Записки сумасшедшего", “Вий”, “Повесть о том, как поссорился Иван Иванович с Иваном Никифоровичем” , “Шинель”, "Тарас Бульба", Федор Достоевский – "Неточка Незванова", "Албастылар", "Ағайынды Карамазовтар", Иван Тургенев – "Аңшының жазбалары", Иван Бунин – "Антоновские яблоки", "Деревня", "Жизнь Арсеньева", Дмитрий Мережковский, Николай Бердяев – "Истоки и смысл русского коммунизма", "Самопознание", Лев Шестов – "Учение графа Толстого и Фридриха Ницше", "Апофеоз беспочвенности", Исаак Бабель "Конармия", "Одесские рассказы", Александр Куприн әңгімелері, Михаил Булгаков "Мастер и Маргарита", Владимир Набоков – "Машенька", "Лолита", Михаил Пришвин, Константин Паустовский, Борис Пастернак, Юрий Казаков, Морис Симашко, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Ирина Одоевская, Сергей Есенин, Иосиф Бродский... 

 

Рюнеске Акутагава, Ясунари Кавабата – "Голос бамбука, цветок персика" және басқалары, Коитиро Уно – "Бог китов", Юкио Мисимо...

 

Араб-парсы ертегілері, “Мың бір түн”, Нагиб Махфуз – “Бейн ал-Касрейн”, “Каср аш-Шоук” и “ас-Суккарийа”, “Дети нашей улицы”, “Уважаемый господин”, “Вор и собаки”…

 

Фенимор Купер, Герман Мелвилл, Марк Твен, Стивен Крейн, Джек Лондон, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Уильям Фолкнер, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Джером Дэйвид Сэлинджер, Сол Беллоу, Эдгар Лоренс Доктороу, Томас Пинчон...

 

Меніңше, тізімді шексіз жалғастыра беруге болады.

 

7. Жас қаламгерлердің шығармашылық кухнясына айналатын, жаңа апталық әдеби газет ашуға демеуші тауып бере аласыз ба?

 

Тауып бере алмаймын. Себебі, қазір қағаз газет кәсібі тиімсіз, кәсіпкерлер бұл салаға қаржы сала қоймайды. Меніңше, Интернетке көшу қажет.     

 

8. Неге біз осы...

Оралхан Бөкей “Атау-кере” атты шығармасында жиі қоятын сұрағы.

Отбасыңыз, жақын достарыңыз жайында айта кетсеңіз.

Үйленгенмін. Екі қызым бар: Әзиза және Данар. Өмірімнің мәні. Көңілімнің сәні. Екеуі де қазақ мектебінде оқиды.

Өз буынымдағы нағыз "бәсекелесім" деп кімді атар едің?

Өз буынымда бәсекелесім жоқ. Жалпы, қазақ әдебиетінде бәсекелесім жоқ. Мен жиырмасыншы ғасырдың модернистерімен де (Джеймс Джойс, Томас Манн, Франц Кафка, Альбер Камю, Эрнест Хемингуэй, Жан-Поль Сартр) жарыспаймын. Мен, Ален Роб-Грийе айтқандай, өз мәнеріммен жаза білемін. Болды.

Дидар мырза, білім беру (образование) тұлғаның бойында қандай да бір дүниетанымды легитимизациялау құралы екенін Сіз түсінесіз.

Кеңестік (орысшыл) жүйені орнықтыру тетігінің бірі ретінде КСРО кезінде жүргізілген "орыс әдебиеті" пәні күні бүгінге дейін тәуелсіз Қазақстанда жеке пән ретінде оқытылуы дұрыс емес қой. Бұл пән Ресей өміріне, орыс тұрмысына деген сүйіспеншілік сезім қалыптастырады. Оның орнына "шет елдер әдебиеті" пәнін енгізіп, орыс әдебиетін оның бір блогы ретінде жүргізуге қалай қарайсыз. Осы мәселені сарапшылық, интелектуалдық ортада талқылауға және ретке келтіруге қандай үлесіңізді қоса аласыз?

Дұрыс айтылған сөз. Шетел әдебиетін енгізу қажет, тереңдетіп оқытқан жөн. Орыс әдебиеті сол пәннің құрамында болса да жетеді. Жақсы оқыған бала бәрін де оқиды. Десек те, біз қараңғылық көзін байлаған шовинизм мен жарық сәуле шашқан ұлы орыс әдебиетін ажырата білуіміз керек.

Шетел әдебиетін аудару жұмысын жандандырған жөн.

Дидар Амантайұлы, бүгінгі қазақ қоғамына әдебиет, оның ішінде проза жанры керек деген қағиданы қалай дәлелдеп бере аласыз? 

Математикада – алгебра, кинематографта арт – хаустық фильм, физикада – теориялық физика тәрізді көркем прозада ақындық проза саланың жаңа қабілетін ашып, көкжиегін кеңейтіп, қалыптасқан бейнелеу тілін күшейте, әрлендіре, дамыта түседі. Кейін соны қолданбалы математика, жанрлық кинотуындылар, жаңа технологиялар, коммерциялық проза өндірісте пайдаланады.    

 Қалыптасқан постмодерндік жағдайда түпнұсқа деген болмайды, бәрі бір-бірін қайталайды, әрине, бұл кезеңнен де өтеміз. Тұтыну қоғамы қызыққан дүниесін қылғытып жұта береді, рақатқа бөлесе, ләззатқа тойдырса болды. Жолаушылар әдебиеті (вокзальное чтиво) осылай дүниеге келді. Қоғам не көретінін, не оқитынын, не тыңдайтынын, өкінішке қарай, екеумізден сұрамайды. Қайсысына қызығады, соған жүгіреді. Бұл – постмодернистік кезеңде пайда болған сауық мәдениеті (культура соблазна). "Тоты құс түсті көбелек" деген романымда кейіпкерлерімнің мынадай сұқбаты бар:   

 

– Жалпы, қанша өлең жаздың?

– Көп.

– Бекер тастадың.

– Қазір ешкім өлең оқымайды.

– Неге?

– Оқымайды.

– Меніңше, поэзия оқырманы қалың тәрізді.

– Жыр кітабы жастық дәуренде жақсы оқылады, бас құраған соң кімге керек?

– Поэзияда шек бар ма, тақырыбы мәңгілік емес пе?

– Енді, сезімді тұрмыс билейді.

– Сонда қалай?

– Өкінішке қарай, өлең-жырдың шегі бар екен.

– Тақырыбы таусылды ма?

– Жоқ, шыдамы. Бұрын ақынға тағдыр керек болатын, қазір – PR.

– Иә, PR ақша тұрады.

– Ертеде өнерпазды талант жарыққа шығаратын, бүгін жарнама тудырады.

– Өкінішті.

– Жарнамасыз кітап сатылмайды, бейнебаянсыз әнші танылмайды.

– Мүмкін, оқырманның да, тыңдарманның да уақыты өткен шығар.

– Баяғыда кітап құбылыс еді, қазір – тауар.

– Сәтсіз тауар.

 Ол күрсінді.

– Мерзімді баспасөз жүзін көрген өлеңдерiңдi түгел оқыдым, – дедi ол.

– Әдебиетке обал, қазiр оған ешкiмнiң жаны ашымайды.

– Кім біледі, заман өзгеруі де мүмкін ғой.

– Жалпы, кiтаптың болашағы, шынымен, қыл үстiнде. Тұрмысы тәуір адам тіршіліктен тәжірибе, өмірден тағдыр, кiтаптан тұжырым iздемейдi.

– Иә, тарихқа зер салмайды.

– Бірақ, кiтап ешқашан өлмеуi керек.

– Неге?

– Білмеймін, меніңше, өлмеуі керек.

– Қалай?

– Кітапта ажал болмайды.

Бар iшiне сiлтiдей тыныштық орнады. Асқат маған тағы толтырып қойды. Мен шанышқымен қызанақтың бiреуiн түйреп алдым да, аузыма апарып, ақырын жей бастадым.

– Кiтаптың азғындауы мүмкiн.

– Ол да өлім емес пе? – деп сұрады Асқат.

– Жоқ, ол – дерт. Дауасы бар, емі табылған, шипа қонатын сырқат.

– Қандай індет?

– Бұл кеселдің аты – ермек. Кітап әркiмнiң ермегiне, сауықтың тамашасына айналып кетуi ғажап емес.

– Бәріміздің мейманамыз асқан екен.

– Бүгінгі мәдениет – сауық мәдениеті.

– Иә.

– Мені көр, мені тат, мені сүй, деп шақырып тұрады.

Бардың есiгi айқара ашылып, табалдырықтан нәшті кәстөм-шалбар киген, галстук таққан қамырықты бозбала аттады. Ол менi шырамытып, бiзге қарай самарқау жүрiп келдi де, үстелге жетiп кiдiрдi. Түрегелiп, онымен құшақтасып амандастым.

– Сенi iздеп жүрмiн, – дедi ол.

Көздерi шүңiрейiп, өңi қашып кетiптi. Қалтасынан темекi қорабын шығарды. Шетін жыртып, біреуін суырды, тiсiне қыстырды да, қорапты қайта қалтасына салып қойды. Сосын шылымын тұтатты, бiр мәрте сорып, бұрқ еткiзiп түтiн жiбердi. Екеумiз тысқа шықтық.

– Кейiнгi кез шаршап жүрмiн, – дедi қамырыға сөйлеп.

– Жүдеп кетiпсiң.

– Өзiмнен шаршадым.

– Неге?

 – Қолымнан ештеңе келмейдi. Пайда көздеп, олжа іздеп, шаруаның жайын, iстің көзін біліп, ақша қосып көремін де, ақырында – зиян шегiп шығамын.

– Дәулеті тосын артып, тез байыған ешкім жоқ.

– Түсім ойлап, кіріс күтіп, босқа алданады екенсің.

– Алайда, кейбіреудің дүние-мүлкі молықты.

– Білемін. Шындық бар ма, айтшы.

– Әділдік ше.

– Әмір, биліктің иесі қазына-байлықты ұрлап, тонап отыр.

– Қылмысқа – жаза, еңбектің зейнеті жоқ.

– Қайдағы ісмерлік, қайдағы бейнетқорлық.

– Елдің атынан мемлекет дәулетін өзіне жекешелендіреді.

– Қорықпайды.

– Ырыс – қолында, ырық – өзінде.

– Зады, үкім жарлық шашқанша, шешім жарық көргенше орындалады.

– Уақыттың белгісі – арсыздық, замана келбеті – көрнеу қиянат.

– Иә, обал-сауапты ұмытты.

– Білімге жүгінбейді, ойға тоқтамайды.

– Ізденістеріміз рәсуа болды.

– Өмірдің іргетасы шайқалды.

– Кітаптарды қайтеміз, қаншамасын оқыдық.

– Рас. Жастық шақ Толстойға, Достоевскийге, Әуезовке жұмсалды.

– Енді біз кімге керекпіз?

– Білмеймін.

– Жазып жүрсiң бе?

– Иә.

– Мен оны тастадым.

– Бәрiне жеңiл қарау керек. Ғұмырда мәңгiлiк ештеңе жоқ тәрізді.

– Осылай бүкiл өмiрiмiз зая болады!

– Әр адамның өмiрi мағыналы, тек оны таба бiлу қажет.

– Бiр күнi отырып, шарап iшейiкшi.

– Бұдан бiрдеңе өзгеретiн болса, iшейiк.

– Қамария кетiп қалды.

– Құдайдың басқасын бұйыртқаны да.

– Мен оны қатты жақсы көрушi едiм, қалай ұмыта аламын.

– Ұмытасың.

– Өзiмiздi алдап жүргенiмiздi ұқсақ қой.

– Өзгеше iстей алмаймыз.

– Уақытыңды алғаныма ренжiме. Маған бiреумен сөйлесу керек болды.

– Ештеңе етпейдi.

– Досың ба?

– Досым.

– Сенi “Есiк” мейрамханасына ертiп кетейiн деп едiм.

– Кейiн бiр жөнi болар.

– Сен тек ренжiме.

– Уайым-қайғыдан кім құтылыпты.

– Ренжiмейсiң ғой.

Ол қолымды қысып, әрi айналып кетті де, жолға шығып, оны күтiп тұрған жеңiл машинаға барып мiнді. “Жигули” маркалы автомобиль бардың жазғы алаңынан ұзай берiп, көз ұшында жоғалды. Мен барға ендiм. Дастарқанға келiп, жайғасып жатқанымда:

– Бiрдеңе болған ба? – деп сұрады Асқат.

– Жай.

– Бiрдеңе болған шығар десем.

– Жолы байланып... Бейшара қайтсін.

– Есiмi қалай?

– Қанат Нұрбекұлы.

– Кісі өлгендей, неге соншама қаралы?

– Шаруасының бейнеті асып кетті.

Асқат рюмкасын алып, тілек айтуға оңтайланды. Бар iшiне ағылшын тiлiнде, Witney Housten орын-дауындағы, сұлу өрнекті “I Am Every Woman” әнi шалқып, сызылып кестеленіп төгілді. Құйқылжып, киіп-жарып, бірте-бірте жоғары көтерілген әуез ақырында шарықтап биікке жетті де, тамылжып қалықтап тұрып алды. Әуелеп тұрып, қайыра үзiлiп кеттi де, құйылып төмен сорғалап, әсем дауыс құлаққа жағымды естiлдi”.

 

        Сондықтан, ақындық проза да, коммерциялық проза да өмір сүре береді. Қарсы күресудің қажеті жоқ, альтернатива сомдау керек. Мен осы жерде блогтағы жазбаларымнан үзінді келтіре кетсем бе деп отырмын:

Классикалық кітап дегеніміз не?

 

Борхес ақсақал жазған екен: “Классической является та книга, которую некий народ или группа народов на протяжении долгого времени решают читать так, как если бы на ее страницах все было продуманно, неизбежно, глубоко, как космос, и допускало бесчисленные толкования”.

Қандай кітаптарды аталмыш топқа қосуға болар еді?  

Меніңше, Хорхе Луис Борхестің “По поводу классиков” деген еңбегіндегі аңдатпасына мына шығармалар жақсы қосымша болар еді: “Дон Кихот”, “Моби Дик немесе Ақ Кит”, “Албастылар”, “Ағайынды Карамазовтар”, “Фиеста”, “Жүз жылдық жалғыздық”, “The Catcher in the Rye” (“Над пропастью во ржи”), “Ұлы Гэтсби”, “А la recherche du temps perdu” (“В поисках утраченного времени”), “Абай жолы”, “Кішкентай бекзада”, “Бамбуктың үні, өріктің гүлі”, “Жағажай” (“Пляж”), “Ақтоқым”, “Антонов алмалары”, “Періштелер күйзелісі” (“Опустошение ангелов”).

30 шілде, 2010 жыл

 

 АҚЫНДЫҚ ПРОЗА

 

Жалпы, мен болашақта өзіме ұнаған, әлем әдебиеті әңгімелерінен құралған “Назқоңыр” атты проза кітабын шығарғым келеді.

Мүмкін, бұл әңгімелер жинағына қазақ прозасынан “Көксерек”, “Шұғаның белгісі”, “Зәуреш”, “Ақтоқым”, “Күзгі бұралаң жол”, “Боранды түнде” және “Қос шалқар” еніп қалар, деп ойлаймын.  

Меніңше, проза бес түрге бөлініп, бес дәрежеден тұрады:

1) Әлеуметтік-антропологиялық проза (4-орында, мысалы, “Қоңыр күз еді”, “Ай-Петри ақиқаты”, “Казино”);

2) Коммерциялық проза (5-орында, мысалы, “Заһир”);

3) Фантастикалық проза (3-орында, мысалы, “Оң қол”);

4) Метафизикалық-философиялық проза (2-орында, мысалы, “Шыңырау”, “Қайдасың, қасқа құлыным”, “Көксерек”);

5) Ақындық проза (“Поэтическая проза”, 1-орында, мысалы, “Қос шалқар”, “Ақтоқым”, “Аңыздың ақыры”).

Прозаның патшасы – шоқтығы биік ақындық проза, екінші тараптан, ақындық проза дегеніміз – ақ өлең немесе кәдуілгі әсем поэзия, жыр, қисса.

16 тамыз, 2010 жыл

 

Дәке, 5 томдығыңызды дайындап жатырмын деген едіңіз. 1-ші томын оқыдық: Қарқаралы басында. Өте тамаша. Екіншісі баспада деп едіңіз, ол шықты ма? Қалған үш томы дайын ба, әлде ойда жүр ме? Жалпы сіз жазушылардың жоспарлап жазу деген үрдісін қолдайсыз ба?

Сауалыңызға рақмет! Мұқтар Мағауин жоспармен жұмыс істейді. Бальзак құрған жоспар, жасаған тізімін баспаға сатып, шартқа отырып, алдын ала қаламақысын төлетіп алады екен. Хемингуэй шабыт жазу барысында оянады деген қағиданы ұстанған.

Дәке, Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбек туралы айтыңызшы. Ол екеуі қазаққа не берді? Ортамызда ойнап күліп жүрсе, тағы да не бере алар еді?

Мен Фейсбуктегі постымда Таласбек пен Әмірхан Балқыбек туралы көп жаздым: бөліп-жаратыны жоқ, екеуі де оқымысты, екеуі де интеллектуал, қасқа маңдайлы Әлкей Марғұландар еді.

Қайрат Сүгірбеков, Ғалымжан Мұқанов туралы да ұмытқан жоқпын.

Биылғы жылдың 25 сәуірінде: “Қазақ әдебиетiндегi Асқар Сүлейменовтен кейiнгi дарынды оқырман Әмiрхан Балқыбек едi... Көзi қарақты, көкiрегi ояу, көңiлi сергек”, – деп жазыппын.

13 мамырда тағы да қиын тағдыры туралы қалам тарттым, жазып отырғанда көзіме жас келді: "Амирхан Балкыбек, мой друг и мой выдающийся собеседник, куда ты ушел, кому ты оставил великую литературу, разве город Алматы и твоя великая нация не любили тебя, теперь спустя много дней и недели, я осознаю, что ты лишил меня просто собеседника и оппонента, я нынче только говорю и говорю о тебе, и никто не знает, как утешать думающего о тебе, вспоминающего о тебе человека, трудно без тебя, Амирхан Балкыбек, очень трудно, я пишу твое поэтическое имя, когда ты находишься на длинной дороге Млечного пути, не ведая маршруты таинственной Вселенной, ты ушел за исчезнувшими шумерским и ассирийским народами, возможно, где-то в параллельном мире ты нашел их, свой Вавилон и воинствующих тюрков-кыпчаков, этрусков и древних греков, и им читаешь наизусть поэмы Гомера и "Глиняную книгу" Олжаса Сулейменова, ты всегда знал, что история начинается с Шумера, мой Амирхан Балкыбек, ты лишил меня удовольствия от жарких споров и дискуссий, ты неимоверно много значил для меня, олицетворял мою молодость, мы тогда находились в поисках чего-то незабвенного и вечного, и верили, что найдем историческую правду, истина где-то рядом, мы верили в твой талант и эрудицию, Амирхан Балкыбек, ты не должен был свернуть с дороги так рано и так внезапно, твоя смерть ошеломила меня, я сейчас пишу эти строки и не могу удержаться... Друг мой, как ты не знал, ведь ты же знал, мы любили и обожали тебя, твое творчество, твой интеллект, твою удивительную эрудицию, ты был нужен нам, ты был нужен и необходим казахам, народу своему, мы ждали от тебя что-то еще большего и грандиозного, я верю, наступит твое время, вернутся шумеры и поэзия, восторжествуют настоящая духовность и подлинная культура, и тогда мы твое имя впишем золотыми буквами в историю казахской литературы и искусства”...  

30 қыркүйекте Таласбек досым жайлы: “Кенесарыны жақсы көрушi едiң... Мен жоспарлаған роман бiр-екi жылда жазылуы тиiс деп ойлаймын. Бұл кiтапты мен, Тәке, сен жүктеген тапсырма, сен табыстаған аманат деп түciнемiн. Кенесарыны айтқанда, екеумiздiң де көзiмiзге жас келушi едi. Азаттық жолында, ат үстінде күн кешіп, түн қатқан жорықтарда жүргенде, қазақтың соңғы ханы ешқашан өзi бастаған күресiнiң мақсат-мұратына күмәнданып көрген емес. Кенесары қазақ мемлекетiнiң туын көтердi, хандық иесiнiң "менiң шындығым", "сенiң шындығың" деп ойланып-толғануына ешқандай уақыты болған жок, ол ел үшiн күрестi, тәуелсiздiк жолында мерт болды: арпалысқан өмір, жанталасқан жорықтардың ақырында ажал күтiп тұрса да, алған бетiнен қайтқан жоқ, ұлт мүддесiн ештеңеге айырбастаған жоқ, елдi сатқан жоқ, Кенесары қазақ үшiн қаза тапты”.

Дидар, сен алғашқы шығармаларыңмен-ақ оқырман мен әдеби ортаның қаққа бөлініп пікір айтуына себеп болған қаламгерсің. Біреулер сені "тілді бұзып жазады, өйткені қазақтілінің құнары бойына сіңбеген" деп сынады. Әлия, Таласбектер болса, "Дидар қазақ әдебиетінде жаңа бағыт қалыптастырушы, стиль тудырушы қаламгер" деді. Жаңылыспасам сенің "Көзіңнен айналдым" деген әңгімеңді талдай отырып Таласбек марқұм "әдебиетке тілдің керегі жоқ" дегенді айтып қалды. Өзің қалай ойлайсың? Тілсіз, оқиғасыз әдебиет бола ма?

 

Жаңылыстыңыз. Менің "Көзіңнен айналдым" деген әңгімемді талдай отырып Таласбек марқұм "әдебиетке тілдің керегі жоқ" дегенді айтып қалған жоқ. Жала жаппаңыз. Таласбек марқұмның асқақ ой-пікірін, асыл мұрасын, аяулы бейнесін былғамаңыз. Топырағы суымай жатып, топырақ шашпаңыз. Таласбекті қиянатқа байлап бере алмаймыз. Жалған ақпар. Тілсіз әдебиет болмайды. Ал роман, повесть немесе әңгіме уақиға желісіне құрылып жазылуы шарт емес. Уақиғасыз жазылған әрі сені жібермей ұстап отыратын шығарма – ұлы шығарма. Флобер – сюжетсіз кітап жазуды армандап кеткен екен. Қалағаң, Қалихан Ысқақ та маған осы арманын айтып еді... Бірақ , ол кісі – "Ақтоқым" деген ғажап новелла жазған адам. Сөзімізді түйіндесек: тілсіз шығарма жоқ, уақиғасыз тақырыпқа қалам тарту –қиынның қиыны. Сөзіме дәлел болсын деп "Көзіңнен айналдым" деген әңгімемді назарларыңызға ұсынамын:  

КӨЗІҢНЕН

АЙНАЛДЫМ

 

Әңгіме

 

Бірінші басылым

 

Топ – топ. Қаз-қаз басқан екі аяқ – тас жолмен ілгері жүріп бара жатып – қалт тоқтады. Әдетте шалқасынан ашық үлкен жарма қақпа бүгін тиегінен байланып жабық тұр. Ол кідіріп, дағдарып қалды. Топ, екінші аяғын көтерді, топ. Сосын, қапылыс топылдап қайта жүріп бара жатты. Бәтеңкенің жерге тиген дыбысы құмығып шығады. Топ. Жөпелдемеде топатайды қағып, сүрініп кетті, алдына тізерлей құлады. Әдемі топы ақырын сырғып, басынан сыпырылып түсті.

Жерден созалаңдап тұрып, еңселі дуалға түсінбей көз салды. Қарсы алды тегіс бояма, әсем сырланған биік тақтайлар. Белдік темір бекітіп тастаған – зілдей, тастай берік дарбаза. Тыстан әредік жайдарман топырлап өтіп бара жатқан топ-топ балалардың ертеңгі ауа райын топшылаған майда, жарқын дауыстары естіледі. Көне топографияны, қадім заманды әңгіме қылады. Ертедегі уақыт, өткен дәуірде – жаһанда тынымсыз күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Дауылдап, борап жауған бұршақ толастамайды, ғаламды жаңғырыққан күшті дабыс көміп кетеді, тұс-тұстан әлемдік тасқын құйылып, топан су кең байтақ жазық өңір қыр далаға андыздап қаптап, жаһанды сел басқан деседі. Жайма-шуақ күлкі, шат үндер бірсін-бірсін алыстап, жойылып барады. Ол іркіліп, айналасына зер аударып, абайлап төңірегін шолды.

Қымбат тастармен кестелеп шимайлаған топы Close-Up мөлшерінде ірілене көрінді. Red One жүзін сипай жылжып киіміне тоқтады да, ескі бәтеңкесіне ауысты, сосын шұғыл тайқып, шегініп кетті. Кадрда дала келбеті ашылды, мөлдіреп жалпы кескін шықты. Әлсіз үн, көмескі сыбдыр, күңгірт дыбыс тегіс жаңғырып анық жазылады.

Ол теріс айналды. Үйдің қалқасында қасқыр құйрық қарағайлар манаурап қалғып тұр. Жібектей самал төңіректі майда шарпып, иіс майы танауды жарып мұрынға келеді. Жел ауып, ықтасын өзгерсе, осы бір әдемі хош иіс жұпарын шашып аспанға ұшады. Әуеге шауып, байлаулы малдай шешіледі. Сымпылдап көгалды сайдан қанат қаққан топ-топ көк ала үйрек секілді, қышқылтым шайыр бұрқырап көтеріліп, жан-жағына молынан төгіледі. Әр інжу-маржан тамшы үзілген моншақтай шашылып, шүйгіп ырғын жұтқан кеудені толтырады. Қапырық шаһарда қапалап, тыныс іздеп топырлаған жұрт сағыз майын сіміріп, рахаттанып иістің дәмін алады.

Көшеде ерсілі-қарсылы сапырылысқан халықтың қарағай ауасынан омырауы кеңіп, сарайы ашылып кеткендей – ақ көкірегіндегі ұмытылмаған жазғы-тұрым сазы көңілінде қайта шырқалады. Кеше, көктемгі аспанда жүзген күміс айда – пейіштің төрінде шалқығандай аунап – қаздай қалқып еді. Миуалы бау-бақшадан жұпар аңқып, келе жатқан жаздың лебі шерге толы жаныңды сергітіп, жадыратқан болатын. Бар адамдар, шынымен, бақытты еді. Қазір шіліңгір ыстық, шілденің орта-соңы, лақ сүмбіле басы. Ел тоқырап қоңыр күзді тосады. Мизам, ақырап, – сосын, аласапыран қауыс, қара суық боқырауды біртүрлі самарқау, үнсіз, немқұрайды күтеді.

Есік ашылып, босағадан ит көрінді. Әуелі күшік жүгіріп шықты. Соңынан жетектегі, танадай, салқы төс, тарғыл дүрегей аттады. Тұмсығына шақтап тұмылдырық, мойнына әсемдеп қарғы бау тағып қойыпты. Қайысты тіліп, таспалап кесіп, өріп те, түйіп те жасаған, құраған, байлаған қалың былғары үстінен жарқыратып темір жүргізіп, торлап үлкен иттің тұла бойын тұмшалап тастапты. Бауға шығыршықталған жылтыр шынжырдың тізбектелген әрбір жеке түйіні жүріп келе жатқанда, көктен шашырап түскен сәуледен жалтылдап, оқта-текте ойнап кеткенде – қанжардың жүзіндей жарқылдайды. Күшік екі құлағы сал-

пиып алдына жетіп келді. Монтаны жәудіреп, бейкүнә қарады. Әупілдеп екі-үш мәрте үріп қойды. Содан кейін – жаутаңдап, шоқиып отырды, шалт қозғалып, лепіл қақты. Тыныштықты бұзып шәуілдеп, тағы әлденеше дүркін қайталап үрді. Елігіп, желпініп, өз шуына – өзі дүрлікті. Маң төбеттей маңғаз қыдырып, керенау маңған, тайыншадай хайуанға дүрк ілесе жөнелді.

Шеткі, оқшау кіреберістен қолына шөлмек ұстаған бір жас жігітті байқады. Орта жолда тоқтап, конъягын нәзік рюмкасына сыздықтатып құйды да, тартып жіберді. Қарсы алдына қас қадап, жоқ іздеп сәл тұрды.

– Күз басталғанда, Алматыда өзіне-өзі қол жұм-сайтындар қаптайтын еді. Былтыр Фуад автомобилін көпірден құлатып, өмірден кеткен-ді, қыста үпті бөлмесінде Қамария тұншығып өлді, Әлішер таң алдында бүкіл қолжазбаларын өртеп, Марфуға келгенше, өз үйінде елең-алаңда асылып қалды, үкідей Мұқтар құлазыған Медеу шатқалында досын байлап қойып, қорада өзін-өзі қапылыс атып тастады. Фуад – өткелі көп Саин көшесімен келе жатып – Шаляпинге жеткенде, көпірдің арнасын қатты жылдамдықпен жойқын соғып, жиектеп қойған қоршауларын быт-шыт қиратып, бұзып-жарып төменге көлігімен бір-ақ қарғыпты, тіл тартпастан кетіпті дейді көргендер. Жазықты ажалдан ит батпақтап, ат сүрінеді.

Ол бордюрге тізе бүкті. Бәтеңке топылдап қасына жетті.

– Мен шаршадым. Өмір бір-ақ бағытпен бір-ақ мәрте жүретін автобус іспетті, талай адам жол-жөнекей қарауытқан аялдамалардан түсіп қалды. Олар қайда кетті, әлде сол аялдамаларда тұр ма әлі, білмеймін, әйтеуір өмірдің енді сол аялдамаларға қайтып соқпайтынын білемін. Нақ осы сәт бәрін сағынамын. Мен ғана. Басқа – басқаны сағынады. Сондықтан, тірі болуым керек, ертең кім оларды сағынады, тек мен ғана.

Пәк жүзіне ренжіп қарады.

– Несіне асығасың, екеуміз де ертең аялдамалардың бірінде қаламыз, мүмкін, бірге, әлде – екі бөлек, бір-бірінен қашық, бағыт-бағдарынан айырылған қос аялдамада. Тағдырдың салуы, ғұмырдың мәні, тіршіліктің мұраты, амал нешік, қаза. Иә, Тәңірдің құдіреті – бұйрық жібермейді. Білесің бе, қарақ, Поллидің айтуынша, әлемде отыз алты сюжет бар. Хорхе Луис Борхес “Төрт мезгіл” деген атақты туындысында, неге екені белгісіз, отыз алтыны азайтып, ықшамдап төрт сюжетті ғана алдымызға көлденең тартады. Меніңше, аласапыран дүниені бейнелейтін желі баяны, шығарма арқауы екеу-ақ, өкінішке қарай, шексіздік тәрізді егіз бастаудан тұрады: жұптың біреуі – жарлық шашқан Құдайдың бар екендігін кейіптейтін жасампаз хикаят түрі, сыңары – Құдайдың жоқ екендігінен азап шегетін бейнетқор кітаптың мазмұны. Түр қашанда түрленеді, мазмұн ешқашан өзгермейді.

Үнсіздік орнады.

– Біз қалаларды алдағы ғұмырымыз үшін тұрғызамыз, бірақ олар зираттар құсап соңымыздан қалып жатады. Шаһарда таза болмыс, табиғи келбет жоқ, қолдан сомдалған, тіршілік атаулыға қарсы, өлі құбылыс, кент – рухани кеңістікте мәдениетті шеңберлеп айналған жасанды серік. Қала, зады, қашанда түпнұсқа емес. Үйлер – алғашқы шын қыстаулардың, тас үңгірлердің көмескі бейнесі, шала көшірмесі. Шайырлардың жырға қосқаны бекер, жалған мадақ, арзан атақ, тастақ көше, тегінде, ессіз құмарлық, тойымсыз ынсап, қанағатсыз ашкөздіктің мекені.

Ептеп жел соқты. Майда қоңыр омырауын самалдады. Ол сөзін жалғастырды. Дауысы біртүрлі жарықшақтанып шықты.

– “Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы, Билер отты би соңы, Би ұлының кенжесі, Буыршынның бұта шайнар азуы, Бидайықтың көл жайқаған жалғызы, Бұлұт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған!!!”

Қазтуғанды айтқанда, сөзі қатты естілді.

– “Сере, сере, сере қар, Асты кілең, үсті мұз, Күн-түн қатса жібімес, Мен көлікке қосымды артқанмын, Көмбідей ару жаларға Күректей мұзды тоңдырып, Кірмембес ауыр қолға бас болып,” – деп бір тоқтады ол. 

Кенет айқай салды:

– “Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!”

Ол зор дауыстан дір етті.

– “Дүниенің басы сайран, түбі ойран, Озар сойды бұ дүние Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағадан”, – деді ол, – Ау, қайдасың, Рабиу-Сұлтан-Бегім, Жауһар-Ханым, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім, Тоқтар-Бегім, Ақ-

қозы-Бике, Жаған-Бике, Хоча-Патшайым, Жағым-Ханым. Көзіме бір көрінші, Анар, Жанар, Гүлмира, Сәуле, Бота, Айнұр, Әсем. Беу, Маржан, Шынар, Елмира бір көрінер күн бар ма.

Ілгері басты. Көзіне сүйір тұмсық ықшам торғай ілікті. Жұпыны құс шарбақшада қонып отыр. Тез қозғалып, шалт қимылдайды. Ұшып, төмен түсті де, нанның қиқымын, күнбағардың дәнін теріп кетті. Қунақ әрекеті жүзіне күлкі үйірді. Тосын, жөпелдемеде қарашығы тарыдай, суық жанары тіктеле қадалғанда, асылы, бойы мұздап сала берді. Ішінде қимыл-әрекет жүріп жатқан Red One объективі қаһарманның шағын бейнесін Medium Long Shot мөлшерінде түсірді. Қоң торғайдың қасынан аршын төс кептер пайда болды. Уақиғаны аңдыған көз ендігі кезек назарын жаңа образға аударды. Ақ қауырсынды, төбесінде сәлде тәрізді кекіл шашақ бар, үлкен жемсаулы, құйрығы ұзын, тегі, ертегінің құдды әсем көгершіні, қаһарманы секілді. Camera кейін шегініп, кептер Full-Length Shot көлемінде пішінделді. Тар ауланы жіті бақылаған әйнек оқта-текте көлденеңдеп шырқау биіктен жарқыраған алтын күнге шағылысады.

Үйден мойнына торқа салған қара торы әдемі келіншек шықты. Торыққан ажарында тобылғы түс қамырық, солғын шырай, жақсы үміттен күдерін үзген қапа бар. Ол бәтеңкесін сүйрете қозғалды. Сүйретіліп үш-төрт қадам басқан соң, аяқкиімін жеңіл көтеріп, топылдатып шұғыл жүрді. Көп ұзамай, көңілін торы ала мұң жаулаған қападар сұлудың алдында тұрған. Әйел тізе бүгіп, жүресінен отырды. Сосын, оны екі қолынан ұстап, ақ құба жүзіне ден қойып, сынақты, мұқият қарады, қорқыныш түнеп, үрей қонған әлпетін біршама ұзақ қызықтады.

– Қорықпа, – деді ол қамырыға сөйлеп, – талайсыз, бақсыз менің де көңіл-күйім жоқ.

Аздап қауіп ойлады. Жатсынып, кейін шегініп бара жатып – езуіне күлкі үйірілді.

– Дұрыс.

Әйел өзіне қарай тартты. Не дерін білмей, тосылып, бірсыпыра бөгелді. Қайта құшақтап, мейірлене құшты. Ендігі кезек саф күлкісін үнсіз тамашалады. Ол кенет ішқұса назарын, тостағандай әдемі, жасқа толы көзін, тосын жүдеп, суы қайтқан темірдей жасып, күйреп сынған түрін көрді. Дауысын шығарып, жылағысы келді. Тосырқап, кейін шегінді.

– Шер сағыныштан қорғайтын торғауыт тәрізді, уайым-қайғы тіршілікті түн меңдеп, түнек басқандай қарайтып, дүниені әлдебір басқа, қарабарқын түске бояп жібереді, сонда үнемі қамығып, қайғы шегіп жүріп пенде бейқам шерге үйреніп, машықтанып кетеді. Зады, бейнет дағдыға айналады. Әдетке сіңеді, көңіл дәнігеді, жаны құнығады.

Кездейсоқ, бөтен келіншек егіліп, солқылдап жылады. Апақ-сапақ зауал шақта емес, бейсауат мезгіл, қаперсіз, қамсыз уақыт бордай езілді. Қабырғасы сөгіліп, өзегін өрт шалды, жігері құм болғаны – намысын шоқтай қарыды. Ентігіп, алқынып барып тоқтады.

– Бүгін Нигер зеңгірден құс секілді құлдап, жы-рақта топшысы сынды.

Тұнық, мойыл көздерімен маңайын шолып өтті де, кенет жүзі қайта тұнжырап бетіне тік қарады. Танадай жарқырап, ұшқын шашқан жанары оттай екен. Күлімсіреп еді, келіншек те езу тартты. Қапыда, іргеден терезе ашылып, іштен жас бозбала жігіт көрінді.

– Зериза қайда, – деп сұрады ол, – құнттап сақтаған зериза қайда?

– Дүр, гауһар, меруерт, ақық, зүбаржат, жақұт, лұһлу, табас, лал.

– Батия ше.

– Қобдишадағы ма?

– Иә.

– Білмеймін.

– Қош бол, Нигер-Патшайым.

– Фердауси, қош, мені ұмытпа, қашанда жадыңда тұт.

– Сені, Нигер-Сұлтан-Бегім, мәңгілік есімде сақтаймын.

Жас бозбала жігіт жылап тұрды. Ағаш терезе қайыра жабылды. Әйел дуалға тақап, жарма қақпадан тағы бір есік тапты. Қосалқы есікті ашып, табалдырықтан сыртқа аттады. Ар жақта тұрып:

– Саған болмайды, – деді.

Көңілденген әйелге қарап, қайта жылы күлімсіреді.  

– Үйден шықпа, – деді Нигер-Патшайым, – алысқа ұзап не табасың, біз білмейтін жақтарда да ештеңе жоқ.

Топсалары жайлап, баяу қозғалып, есік темір жақтауларына шусыз, ақырын соғылды.

– Бірақ, қалада ғана өмір бар, көшеге шық, ақжолтай батыр, – деді әйел сыртта топылайы дамыл-дамыл тоқылдап ұзап бара жатып.

Ол бір-екі аттап, соңына бұрылып қарады. Түрлі көлемде, Detail, Close-Up, Medium Close-Up, Close Medium, Medium Long Shot, Full-Lenth Shot, Long Shot аяда мөлшерленіп Focus бірнеше мәрте өзгерді.

Мол жаз далаға сыймай тұр. Дуалдан, қарағай-лардан, өрім тастардан мезгілдің ыстық табы аңғарылады. Іргеден тасыған маусым төңірегін жайлап, қоршаулардан төгіліп, сыртқа ақтарылады. Жаз саумалап есіктен кіріп, терезеден сығалайды. Тұлымшағы желбіреп, үй-үйден құнтақты бала секілді жүгіріп шығады да, даңғылдарды, бульварларды аралап, үкідей желкілдеп кете барады. Көше-көшедегі гүлзарлардан еседі, шарпыған қызуы трамвай рельстерінен байқалады. Ыссы қаудырақ шөп, қаңсыған тақтай қоралар, еңселі, биік ғимараттардан соғады. Құм басып, аңқа құрып, шөл кептіріп, таңдай кеуіп, жалын атып қаталатады.

Дүр Алматы, сөйтіп, бір күні дүрлігіп – дүлдүлдей дүркіреп – дүркін-дүркін саудырап нөсерге шомылады. Иі қанып, құнары байыған саумал ауа кемпірқосақтанып жібектен орамал тартады. Тегінде, жаңбыры көп жылдары қала өзендері табанына иіріліп тас байланады. Серуенге шыққан жас алматылықтар су қайтқанда тастарды аударып, тоспалардан ойда- жоқта бірдеңе тауып алуға дәмеленеді.

Өзіне үңірейіп қарап тұрған Camera объективін көрді. Күлімсіреді. Шілденің жайма-шуақ күндері, жазғы мол бақыт – түгел сыйған күлкі – шыныдан тоқтамай, үрдіс төңкеріліп өтті де, төрткіл кадрда әдемі мөлдіреп, Close-Up мөлшерінде тамаша, әсем кестеленді. Кенет бір әйелдің ашық қоңыр дауысы екеуара тыныштықты бұзды:

– Кенесары-Наурызбай!

Тізбектелген кадрлар тасқыны қалт тоқтады. Red One жүзінде – күлген сәбидің аяулы бейнесі қалды.

 

Алматы, 26 қаңтар, 2011 жыл

 

 

Қазіргі модернистік, постмодернистік авторлардың бастауында классиктер тұр. Классиктерден оқып отырып неше түрлі формаларды табуға болады. Мысалы, Чехов, мысалы, Гоголь, мысалы, Бейімбет, мысалы, Жүсіпбек пен Әуезов, мысалы, Кавабата, мысалы, А. Рюнэско. т.б. Бауырым, бір күні сен де осы дәстүрлі әдебиетке келіп ат басын тірейтін сияқты көрінесің де тұрасың. Текстті сығымдау, ойды жасырып беру, гротеск әрине дұрыс, бірақ шын жазушының тынысын ашатын классика ғой. Қалай ойлайсың?

Таласбек марқұм: "Қарағым, классика да – сәтті эксперимент", – деп жазып еді. Бір әңгімесінде Мұқтар Мағауин ағамыз маған: “Сен Еуропаны аралап, кейін, бәрібір, қайта айналып елге қайтасың”, – деген еді. Десек те, мен сізге модернизм дегеніміздің не екенің түсіндіре кетейін: “Модернизм, – депті Иосиф Бродский, – есть лишь логическое следствие – сжатие и лаконизация – классики”.

Жиырмасыншы ғасырдың ұлы модернистерінің бірі Эрнест Хемннгуэй туралы эссемді назарыңызға ұсынайын.

 

 

    

ҚОШ БОЛ, ӘДЕБИЕТ!

                                                          Эссе

 

Мені шайырдан жазушыға айналдырған Эрнест Хемингуэй, содан кейін – Альбер Камюдің Жерорта теңізін аштым. Камю дегеніміз – жалған махаббатқа жаза кесу, ажалдың ауытқымай тура келе жатқандығын ешқашан естен шығармау, ғұмыр қағидасын жаңадан қалыптастыру. Тың мазмұн – толығымен сезімге берілу, тіршіліктің мүмкіндіктерін түбіне жеткенше сарқу. Хемингуэй – адамның өмір сүру тәртібі, Камю – ойлау жүйесі.

Кітап құрып барады. Бірақ, кітап құрып кететіндігімен бағаланбауы қажет. Оның қасиеті өртеп жіберсең де еш жанбайтын қолжазбалар екендігі мен кездейсоқ жолықтырып қалған пенденің жан дүниесін кері аударып тастауында шығар.

Жақсылық қалқып су бетіне шығады, зұлымдықты құрдым дөңгелетіп тереңіне алып кетеді. Мәңгілік сапарына аттансын, ғаламға әдемілік пен әуезділік үстемдік жүргізсін, бар әлем қара сөздің құлақ күйіне келтірілсін.

Хемингуэйді киноға қанша түсірсек те кинорежиссер қиялы оның бір сөйлеміне тұра ма екен. Нағыз прозада жойылмайтын қуат бар, ғасырлар арнасынан тасқындап құйылған санскрит жазбалар секілді ғажап сөйлемдер де төл дәуірінде ұмытылып кетіп, замандар өте келе, өзінің асқар биігіне қайта оралады. Шекспир поэмасын жазсын, Толстой даналық туралы жарлық шашсын, Бейімбет халықтың мұңын шақсын. Әдебиетті кебініне орап, табытына салу – асығыстық. Кітап үңгіріне қайтады.

Ғасыр дәстүрдің бұзылуымен басталды. Үйреншікті даңғыл жолайрыққа келді, арбаның доңғалағы қирады, жүректі өрт шалды. Дүниежүзілік соғыс өлімнің бет-бейнесін көрсетті, қанның иісі, түрі қандай болатынын білдік, қасқырдың азуы жамбасымызға батты. Адамгершілік сенімнен айырылды. Қайырымдылық мұң-шер, қайғы-қасірет, азап-бейнетке көмектеспеді. Елдің пейілі тарылып, арман-ниеті асыл мұратынан адасты.

Ұрпақтар толқыны үзілді. Аталар салған соқпақ немерелер үшін керексіз болып қалды. Жас солдат кеудесіне қастасқан дұшпанға деген кек қатты. Адамзат – дұшпан бейнесі, соғыста жауды аяған – жаралы. Майданнан жаралы қайтқан қападар жауынгер бейбіт қаланың жайлы кафесінде жақсы көретін шарабын ғана ішті, құшағында омырауы ашық, жеңіл мінезді жезөкше отырды, ойында – қалайда бүгін майдан даласынан шығандап қашып шығу. Қашып шығуына шарап жәрдемдесті. Адасқан ұрпақтар Парижде де, Миланда да, Берлинде де, Байонна мен Венада да қаптап жүрді. Ғаламды қайыра түсіндіру қажет болды: қысқа және анық. Ажалдың кескін-келбеті бұлдыр емес, өлген адамды көрген шеріктің жанары тұманданған жоқ, көзін жұмған досына серігі немқұрайды қарап тұрды. Қасіреттің бетіне тік қараған жөн. Сыртқы дүние бұзылды, сондықтан ішкі космостың быт-шыты шықты, сана – екі әлемнің жиынтығы – қазаға ұшырады. Дүние не болып кетті, адам неге азғындады, оларды кім құтқарады.

Жаңа тәсіл жаңа сананы қалыптастырды: адамзатты арашалау қажет еді. Қандай қиындық болса да рухтың тұғыры – аспанда. Жүрексіздік, аярлық, рухани құлдырау орны – әрдайым аяқ астында.

Кісіліктің абзал қасиеттері мен пендешіліктің аяр сипаты мылтықтың аузы саған көзделгенде ашылады: не сатыласың, не жер құшасың. Адам ешқашан берілмейді, оны тек қана өлтіріп тастауға болады.

Оңай жеңіс, жеңіл табыс, жалаң сезім, жалған намыс, арзан күлкі шептен оралған шеріктердің ашу-ызасын тудырды: махаббат жоқ, бірақ қайткенмен табу, жақсылық жоқ, бірақ ұдайы іздеу, мағына жоқ, бірақ әйтеуір беру.

Сөздің тігісі сөгілді, өйткені – әлем қопарылды, себебі – дүние бүлінді, жүк тасыған дара-дара автомобильдер сияқты әр сөйлем жеке-жеке оқшау мәнге ие болды.

Әдебиетке Хемингуэй келді. Ол революция жасады. Проза тарихы мұндай аласапыранды тұңғыш рет басынан өткерді. Әсіре сөздерге өлім үкімі жарияланды. Күшейтпелі шырай сызылып тасталды. Артық сөйлемнің басы кесілді. Уақиғаны кейіпкердің өзі айтпайды, оны бастан-аяқ оқырман өзі кешіп отырады. Баяндау – майданға қатыспаған желөкпенің ертегісі, “қасіреттің түсі ақ”, аптықпай суретін салып беруге болады. Детальды өзі анық көрмеген қаламгер боямалап әңгімелеуге ұрынады, әйтпесе несін жазады.

Әр сөз – пайдалануға берілген кірпіш, қалаудың әдісі балшық жағып, бірінің үстіне бірін қабаттап жатқыза беру емес, кейбір тұсына кірпішті тік қойып, терезе жасаймыз. Қабырғаның міндетті түрде ұзын болуы шарт емес, кейде қапталын шағындап, келте қайырған абзал, ғимарат тек қана атшаптырым дәлізден тұрмайды.

Сөйлемде – етістіктің рөлі зор, одан ырғақ туады, айтарыңды дөп басса – ойды бекітеді, үнемі мән-мағынаны ықшамдап бере алатын сөзді шарқ ұрып іздеу қажет. Зады, қысқа жазу қарабайырлықтан бо-йын аулақ салсын, арқасы жауыр сөзге жоламасын, ешкім ұқпайтын сөйлемді үйір қылмасын.

Білмейтін тақырыпқа қолыңды сұқпа. Білетін нәрсені түгел сипаттап, түгендеп айтып талпынудың қажеті шамалы, бүге-шігесіне дейін мәлім жайтты түсіріп, қалдырып кеткен көп ұтады: диалог адасып жүргендей көрінуі мүмкін, бірақ түсіріп, қалдырып кеткен жайт сөздің астарында жатады. Хемингуэй қаһарманымен таныстырмайды, ешқайсысына мінездеме бермейді, оны қарекетін көріп, мінез-құлқының қыр-сырына қанығып, кейін өзің танып аласың. Ештеңе қайталанбауы тиіс: шыққан асуды екі мәрте бағындырып қажеті жоқ.

Мәтін ырғақпен түзетіледі. Диалогтағы жауап кейде шорт қиылады. Қолға ұстатпай қойған ой шыңдала түседі, әңгіме жонылады, романның повеске ауысуы мүмкін, новелладан бір ауыз оқиға қалады. Әр сөзіңе жауап беруге дайындал, уақыт алдап-арбауға көнбейді. Кейде, ауық-ауық соңырқалап жаңа әдіс жолы кездеседі: бір сөз әлденеше мәрте жалғыз па-йымды түптеп кетеді. Лирикалық көңіл күйін созу үшін немесе қалам сүйіп жазған әсерді нақыштау үшін. Түзетуден қорықпаған жөн. Ырғақ тербетпеген сөз архитектураны бұзады. Шағын дүние – талант пен ізденістің жемісі. Новелла соңын алдын ала көре білу – дарындылық. Шарықтатып әкеліп, ақырында әдемі үзіп жіберу – шеберліктің белгісі.

Дәлдікте Хемингуэйден озған ешкім жоқ. Оны мойындамаған жазушының қабілетіне өз басым күмәнмен қараймын. Әр сөйлемді музыкаға айналдырған эстетикасының дөптігі тұла бойыңды шымырлатады. Сондай ғажап шағын туындылар, көркемдігі көз сүйсінтеді, әсемдік әсерін сезіну қайыра оқуға себепші болады. Шоқтығы биік шығармасы – “Түнгі жарық”.

Ол көріп жазды. Әуелі басынан кешірді, артынан қаламы оқырманына жеткізді. Бұқа майдан, боксшы ережесі, соғыста сынған қол, тәуекелшіл махаббат, балықшы күркесі, жолбарысты атып өлтіру – өмірінде болды.

Болмаған, бастан кешпеген нәрсені жаза алмады, сонысымен ұлы. Шығармашылығы мен ғұмырнамасындағы қос желі бір-бірін қайталап, жұптасып қатар жүрді, жазу үшін сапар шегіп, ел көрді, жер бетін кезу үшін жазу керек еді. Ол естіген сөзін ұмытпады. Көргенін қағазға түсіре алды. Жазғысы келмесе, қаламы жүрмеді. Кей уақ азапты күйзелістер айларға, жылдарға созылды. Ол ештеңе жазбай тірлік кешті: Хемингуэй үшін қасірет. Уақыт көші жылжи келе жазып кетеріне сенді.

Бір жолғы дағдарыс он жылға созылды. Қатты қапаланды, тез қартайып қалды, жастық шағын жиі ойлады. Оны “Шал мен теңіз” құтқарды. Бірақ, оны енді ештеңе құтқара алмайтын еді. Сырқаты көбейді, шабыты шау тартты, тіршілігі мәнінен айырылды.

Хемингуэй туралы жазылған естеліктер көп. Әр қаламгердің жеке айтары бар, үйренген тұстары мол. Ғұмыры жайлы Б.А.Гиленсон кітап шығарды: “Эрнест Хемингуэй”. Жақсы сарапталған туынды.

Пәлсапашы Э.Ю.Соловьев “Қасіреттің түсі ақ” атты очерк жазды, Евгений Евтушенко “Қош бол, Хемингуэй” эссесін дүниеге әкелді, Ю.Я.Лидский “Э.Хемингуэй шығармашылығы” деп аталатын сүбелі еңбегін жариялады. Оны орысшаға аударған адамдар ше, олар өз түсініктерімен бөлісті. Америкалықтар төл азаматын жат жұртқа беріп қойған жоқ, қаншама кітаптар сомдалды, естеліктердің көлемі ұшан-теңіз, жаңа толқын, зады, басқаша көзқараспен туады.

Солай болса да, ешқандай сыни әдебиетке еліктемей, өзімнің Хемингуэйімді жазғым келді. Қаламгерді осылай қабылдадым. Кейінгі жылдары Хемингуэй ауруға шалдықты, ұзақ жаза алмады, бұрын оңай есіне түсіретін жайттарды ұмытып қала берді. Ол құлдырауға ұшырады. Ержүрек солдат, ашық теңізге еркін шығып кете беретін батыл балықшы, мықты аңшы, ғажап бокс-шы, карнавалды сүйген қыдырымпаз және... ұдайы мойымаған жігерлі тұлға, дарыны сұмдық жазушы бейшара халге түсті. Ешқашан жеңілмеген ол шешімін күні бұрын дайындап қойған еді.

*1961 жылдың екінші шілдесінде, жексенбі күні, Хемингуэй ерте оянып кетті. Ертеден келе жатқан әдеті, күннің алғашқы сәулесімен қатар тұратын. Үй іші ұйықтап жатты. Қызыл халатын жамылып, ол төменгі қабаттың астындағы шошалаға түскен. Мылтық жатқан бөлмені кілтпен ашып, қосауызға екі патронды салды да, жоғары көтерілді. Содан кейін мылтықтың ұңғысын ауызына тіреп, шүріппені басты.

 

Алматы, 28.06.1996 

 

*Соңғы абзацтағы дерек 1991 жылы Мәскеуде, “Просвещение” баспасынан, 1961 жылы негізі қаланған “Биография писателя” айдарымен, жарық көрген “Эрнест Хемингуэй” атты Б.А. Гиленсон кітабынан алынды, 191 бет.

 

 

Дидар! Менің жазған бір кино-повесім бар. Қазіргі замандағы кеңсе қызметкерлерінің дәрменсіз халін көркемдік шындықпен жазып бейнелеген едім. Осы туындымды оқып шығасың ба? Адресіңе салайын. Бәлкім, көркем фильм түсіруге жарап қалар. Бола ма?

Салыңыз. Қарастырайық.

Бенедикт Спинозаның мынадай сөздері бар екен: «Мен саясатпен айналыспасам да, бәрібір саясаттан тыс бола алмаймын». Дидар, сен неге құмға басын тыққан түйеқұс сияқты ұлтыңның проблемаларынан бойыңды аулақ салып жүрсің? Мұның себебін сенің орысша оқып орысша тәрбиелегеніңнен емес пе? Қазақ оқырмандары сеннен күдер үзгендіктен саған сұрақ қойғысы да келмей отыр. Баяғы Алаш ақын жазушыларының бәрі қазақ үшін күрескен. Сен қарның тоқ болған соң өзің өкілі болып табылатын қазағыңның мүддесін ұмытың ба?

Жаудың сөзі. Мен қазақ мектебін бітіргенмін. Ауылда оқығанмын. Сенен айырмашылығым – сенен артық, сенен көп оқыдым. Қойылған сұрақ та есеп жоқ. Фейсбукте де қойып жатыр. Поштама түсіп жатыр. Ұлт тағдыры жайында мен сенен көп жаздым. Соңғы жылдары бестомдық шығаруды қолға алған соң мерзімді баспасөзге жиі шыға бермеймін. Бірақ, Фейсбукте пікірімді тұрақты жазып тұрамын. “Құмға басын тыққан түйеқұс” өзіңіз сияқтысыз – сауалды да өз атыңыздан қоя алмайсыз.

Жақында фейсбуктегі жеке парақшаңызда "Қазақ әдебиеті" мен қазақ әдебиеті екі бөлек өмір сүріп жатыр: бірінде жастар да, жаңалық та жоқ, екіншісінде бар" дегендей ой айттыңыз. Осы проблеманы кеңінен тарата айтып бере аласыз ба? Рахмет.

Бұл – жеке мақаланың жүгі. Негізгі лейтмотиві – “Қазақ әдебиеті” газеті жастарды көп жарияламайды, пікір алуандығы жоқ, басылым авторлары бірдей ойлайды, ал Фейсбукте нағыз әдебиет туып жатыр, талантты ақын-жазушылар Интернет кеңістігінде қазақ әдебиетінің болашағы үшін күресіп жатыр деген ой. Әрине, Жұмабай Шаштайұлы ағамыздың еңбегі зор, десек те, жастарға да көп көңіл аударса, жастар біз көрген мехнатты көрмесе деген тілек.

Дидар аға, Ресей режиссерлері түсіргена "Поддубный" фильміне деген көзқарасыңыз қандай? Әсіресе, күш атасы-Қажымұқан жайлы эпизодқа не айта аласыз? Көрші елге қандай жауап қайтарсақ дұрыс болады?

Палуан атамызға қатысты эпизодқа айтарым мынау: жалған дерекке құрылған фильм. Көрдім. Таң қалдым. Көрші елге ешқандай жауап қайтарудың қажеті жоқ. Болашақта Қажымұқан туралы өз фильмімізді түсіруіміз керек.

Дидар Амантай мырза осы Желтоқсанға сіз қандай баға беретін едіңіз, ал желтоқсаншыларды кім деп айтар едіңіз. Сол кезде Колбиннің сөйлеген сөздеріне, біздің кей бір жазушылардың істеріне қандай баға берер едіңіз.

Мен 1986 жылы 16 желтоқсанда 17 жасымда сол алаңда басқа да достарыммен, топтастарыммен бірге “Менің елім, Менің жерім!” деп ұрандатып айғайлап тұрдым. Сондықтан, бәрі түсінікті шығар деп ойлаймын. Мен сол кезде В.И.Ленин атындағы Қазақ Политехникалық институының металлургия факультетінің 1-ші курс студенті едім. 

Дидар Амантай мырза! 45 жас саналы өміріңізде, екінің бірінің қолынан келе бермейтіндей, айтудай - ак шығармашылық жолмен жүріпсіз. Киносценарист, документалист ретінде қолыңыздан келетін саяси шаруаны ұсынып отырмын.Келесі жылы Адамзаттың фашизмді жеңген ортақ Жеңісінің 70 жылдығын тойламақшымыз. Ресейліктер, Қырымды оккупациялап басып алғаннан кейін, басқалардың қосқан үлесін елемей, Жеңіс орыстардыкі деп жұрттың санасын улап, неофашизмді жандандырып, көрші мемлекеттердің жерін басып алу идеясын халқының санасына сіңіріп жатыр.Оларға дәлелді тойтарыс беру үшін айтулы мерекеге дейін , "Академик Сәтбаев - против фашизма"атты фильм шығару керек. Сәтбаевтану мен зерттеудің бірден - бір ғалымы, жазушы Медеу Сәрсекеевпен ақылдасыңыз, Ұлытаудың Жезді, Қарсақпай, Жезқазған мүзейлеріндегі Сәтпаев жөніндегі ұшан - теңіз материалдарды , деректі фильмдерді қараңыз, көз көргендермен сөйлесіңіз.

 

Ұсыңызға рақмет. Ойландыратын ұсыныс. Өз басым Медеу Сәрсекені қатты сыйлаймын.  Мемлекеттік сыйлыққа лайықты тұлға. Қаныш Сәтбаев, Евней Букетов, Ермахан Бекмаханов туралы ғажап кітаптар жазды. Ал Қаныш Сәтбаев – Абай, Мағжан, Әлихандардан кейінгі қазақтың данышпаны! Имантайдың Қанышы қазақ даласына ұлы өзгерістер әкелді. Мен сіздерге әр жылдың 12 сәуірінде Алматыдағы Қаныштың ескерткішіне гүл шоғын қойып, туған күнін атап өтіп отыруды дәстүрге айналдыруды ұсынар едім. Бұл күн – қазақ ғылымының туған күні.

Қажетіңізге- қысқа мәлімет: 1941 жылғы 17 тамызда Германия СССРдың шекараға таяу орналасқан негізгі марганец базасы «Никопольмарганецті» басып алды. Зауыттар марганец аштығына тап болды. Ол «Марганец хихаясы» деп аталды. «Енді, кеңестерді құртатын болдық,танкінің броніне оқ өткізбейтін марганці жоқ» деп, Гитлер қуаныштан жарыла жаздап, дүние жүзіне, жұрттың зәресін алып, күнде радиодан хабарлап, артынша жеңіс маршын ойнатып жатты.«Не-өлім, не-өмір!» мәселесі алда тұрды. Сталиннің жан ұшырғандығы сондай, оның 1 бұйрығы Кеңестік Шығыста танкі өндірісін қаурыт ашуға арналды.Ол үшін марганец керек. Қаныш Сәтбаев ағамыз Жезқазған іргесіндегі Жезді кенішін ашуды ұсынды. Онсызда жетпей жатқан азғана танкілерді майдан шептерінеі бөле отырып, Жездідегі күнделікті құрылыс қарқынын Сталинннің өзі, телефон арқылы күнделікті қадағалап отырды. Тарихта болмаған қысқа мерзімде — 38 күнде кеніш ашылды. 1942 жылғы 12 маусымда танкі зауытына өте бай марганец рудасы жөнелтіле бастады. Сол күндері Одақтың Кара металлургия наркомы И.Ф.Тевосянның айтқаны: «Құстың сүтін тауып бер десеңдер тауып берейін, бірақ марганец жіберулеріңді тоқтатпаңдаршы!». (Жезді кенішінің ашылуы, Сталинград сыяқты ұлы жеңістермен теңестірілді.Қазақ марганцінің маңызын ҰОС тарихының 2- томы,155- бетінен).

Жезқазған мен Жезді соғысқа қажет мыстың 50% мен марганецтің 80% берді.

Рақмет!

«Соғыс жылдарында мыңдаған зеңбіректер, снарядтар, танкілерлер мен самолеттер жасау үшін қыруар мыс қажет болған қиын - қыстау кезеңде,........Жезқазған сияқты алып кен қазынасының алдын-ала ашылып, жан-жақты түбегейлі зерттелуі мен өндірістің басталып тұруы өлшеусіз керемет зор сәуегейлік дерлік іс болды». (академик В. А. Обручев. 14 май 1949 жыл, «Леннншіл жас» газетінде, Сәтбаев жөнінде).

Түпкілікті жеңісті не неміске, не кеңеске әперетін, 1943 жылдың шілдесіндегі, Курскі танктер шайқасының маңызы жөнінде, «Величие подвига советского народа.Зарубежные отклики….Москва, изд-во «Международные отношения», 1985 г» кітабында жазылған. Курскі жеңісінен кейін ғана, АҚШ бастаған елдердің екінші фронтты ашуы осыған күә.

Егер Курскіде неміс жеңгенде, 140-160 млн. кеңес адамдарын 20 жыл ішінде газ пештерінде жағып жіберу көзделіпті ( неміс тарихшысы Рейнхард Оппицтің, Гитлердің өте құпия 14 сейфі жөніндегі мәліметтерінен). Осыны орыстарға жетесіне жеткізіп көрсету керек.

Бұл фильм қазақ халқының соғыстағы еңбегінің бір ғана көрінісі.Сәтбаевтің ғалым болып қалыптасу Ұлытау жерінде басталғанын ескере отырып, туған жері - қасиетті Баянауылды көрсетумен қатар, Ұлытау жөнінде қысқа үзінділер көрініс табуы жөн. Мысалы, Қазақ жерін басып алғысы келген, ерте замандардағы Александр Македонский, Кир мен Дарийлер қазақтың жүрегі Ұлытауға таяна алмай, бірі ауыр жараланып, бірі басынан айрылып, әскерлері жеңіліспен шөл даладан кері қайтқандығы. Фильмнің, тек қана қазақ күйлерімен, әндерімен, ақындар жырларымен нәрленуі жүрек тебірентетіндей болсын.

Рақмет!

Дидар мырза, Елбасы "Қазақфильм" кинокомпаниясына қазақ мемлекеттілігінің арғы тарихы, Қазақ хандығының құрылуы тарихы туралы көркем фильмдер әзірлеуді тапсырғаны белгілі.

Осы бағытта қандай фильмдер түсірілмек, сценарийлері жазылып жатыр ма, идеялық мазмұны қандай болмақ, тиісті қаражат бөлінді ме?

Ұсыныс ретінде мұндай фильмдерде қазақтың бұрынғы мемлекеттерінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін, олардың көрші түркі-мұсылман мемлекеттермен бауырластығын, рухани тұғыры исламға негізделгенін жеткізіп бергендеріңіз дұрыс болатындығын айтуды жөн көріп отырмын.

Құдай қаласа, соңғы бір-екі жылда нәтижесін де көріп қаларсыз.

Дидар, шығармашылығың туралы марқұмдар Зейнолла Серікқалиұлы, Бақытжан Майтанов, Таласбек Әсемқұловтар, бүгінгі классик Әбіш Кекілбаев, жаңаны танығыш Герольд Бельгер, белгілі әдебиеттанушылар,А.Ісімақова, А.Темірғалиева, тағы басқа көптеген авторлар толымды пікір айтты, жан-жақты талдады. Өзіңе бас салып, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" сын айтатындар да баршылық. Ал, объективті, орынды сын айтқандар бар ма? Жалпы сынға қалай қарайсың?

Жақсы сынға жақпын. Жақсы деп тек мақтан мен мадақты айтып тұрған жоқпын. Әділ сынды, мәдениеті бар сынды айтып тұрмын.

Сіздің "Көзіңнен айналдым..." деген әңгімеңізді "шедевр" деген пікірлерді естідім. Таласбек Әсемқұлов талдап мақала да жазды. Бұл әңгімеңізді жазуға не себеп болды?

Сюжетсіз әңгіме жазу арманым еді...

Дидар, М. Мағауин өткенде жастармен кездесу барысында "Қазақстанда қазақтілі өздігінен шешілетін проблема" деді. Осы қаншалықты мүмкін. Өздігінен шешілетін проблема болса, Қазақстанда 65 пайыз қазақ бола тұра неге осы уақытқа дейін шешімін таппай келеді тіл мәселесі. Осы сұраққа қалай жауап берер едің. Рахмет.

Халқымыздың қарасы көбейген сайын күмәншілердің шарасы да таусылады.

Дидар, біз тарихы мен мәдениеті, әсіресе, тарихы не әдебиеттен, не кинодан, не театрдан толымды көрініс таппай сорлап жүрген елміз ғой. Міне, сендер Аманшаев екеуі "Қазақфильмде" отырсыңдар. Қолдарыңда азды-көпті мүмкіндік бар. "Қазақфильм" екеуің барғалы қандай картина ұсынды көрермен қауымға? "Біз мынаны бітірдік, мына істі тындырдық, мынандай дүние түсірдік" деп нені айта аласың? Бұл сенің жеке басыңа соқтығу үшін емес, нақты мәселенің мән-жайын білмек болғандықтан туған сұрақ. Артық кетсем айыпқа бұйырма. Байыпты, жан-жақты жауап күтемін.

Қазақ киносы жақсы дамып келе жатыр. “Жаужүрек Мың Бала”,  “Біржан сал”, “Құнанбай”, “Шал”, “Лоторея” (сценарий авторы – Дулат Исабеков), “Аңшы бала” (сценарий авторы – Смағұл Елубай), “Жеңіс семсері”, “Аманат” (Ермахан Бекмаханов туралы), “Алматы – Шымкент” (кинокомедия), “Жаңғақ тал”, “Бауыр”... тізімді жалғастырып кете беруге болады.  Сонымен қатар, Жалаңтөс баһадүр, Махамбет, Алашорда, Міржақып Дулатов, Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов, Қасым Аманжолов, 1932-33 жылдардағы аштық, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков, Әшірбек Сығай, Асанәлі Әшімов, Өмірбек Жолдасбеков, Тәттімбет, Мәди, Жүсіпбек Елебеков және т.б. туралы деректі фильмдер түсірдік.

Дәке, бүтін қазақтың іші бүлінбесе де (Құдай сақтасын!) діни ағымдар алатайдай бүлдіріп жатыр.

Осы "Абай.кз" сайтындағы сайыпқыран жігіттер сол суқансыз ағымдарды айпарадай етіп жария етуде етіп-ақ келеді. Билік те соған кейінгі бір екі жылдың мұғдарында мән беріп бастағандай. Экстермистік пиғылы аңғарылып тұратын, қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарудан еш тайынбайтын діни күштерді ауыздықтау қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз? Өзіңіз дін ұстанасыз ба?

Бұл мәселе шешіліп келеді.

Дидар мырза, Абайдың қазаққа қалдырып кеткен сұрақтарын білесіз. Прусттің анкетасын (Опросник Марселя Пруста) және білесіз. Жазушы, мәдениеттанушы, философ Дидар Амантай қандай сұрақ қояды екен?

Алапат Жарылыстан бұрын не болды? Неге үш физика бір-біріне сәйкес келмейді: ядролық физика, Ньютон заңдарына құрылған Жер бетіндегі физика және ғарыштағы алапат гравитациялық күштер макрофизикасы, неге оларды Жасаған Ие әртүрлі ғып жаратты? Әлде, ізденімпаз адамзат бәріне ортақ жалпызаңдылықты таба ала ма? Тәңір Біреу һәм Шебер болған соң, жалпығаламдық заң да біртұтас болу керек емес пе? Қос шексіздіктің – ғарыштағы шексіздік пен атом-молекула ішіндегі шексіздіктің – біз түсіне алмайтын, ақылға сыймайтын шексіздігі Жаратқанға не үшін керек болды, Өзінің шексіз екендігін, тегінде, ешкімге ұқсамайтындығын білдіру үшін бе, Тәңірім, бәрібір, бұл екі кеңістіктің шегін көріп тұрады емес пе. Қара құрдым (Черные дыры) дегеніміз не, ол құдығына құлаған нәрсені қайда апарып лақтырып тастайды, Ғаламның жаралуына зор үлес қосқан Қара құрдым бір күні Бүкіл Әлемді қиратып, қопарып, жойып жібермей ме? Адамзат – Күн жарылып, сөнбей тұрып – жойыла ма, әлде басқа ғаламшарға көшіп үлгере ме, түбінде бәрі жойылатын болса, бұл Әлемде не мағына бар? Құдайдың бар екендігіне күмәнданатындар күнәкарлар болса, Аллаға неге олар керек болды? Әлде, пенде атаулыға берілген қалау құқы ма, ақылымен танысын деген ниеті ме? Жиырмасыншы ғасырдың ұлы қырғындарын Құдай неге тоқтатпады? Өмірде неге әділдік жоқ? Адам ойлап тапқан заңдар мен Тәңір жаратқан заңдар қашанда алшақ. Неге? Өлімнен кейін өмір бар деген наным-түсінікке сене алмай жүргендерге не дауа? Шексіз ғарыштың шегі бола ма? Ғаламдар (Вселенная) шексіз көп деген байлам бар, бұл мәлімет өмірдің мағынасын, адамға жүктелген міндеттің өзіндік қасиетін, талпынған жарқын мұраттың маңыздылығын жоймай ма? Туғанға дейін қайда болдық немесе тумай тұрғанда біздің жанымыз қайда болды, әлде жан тән жаралғанда біте ме, мүмкін, бұл биологиялық құбылыс па, жоқ, ұлы Құдайдың ісі ме?

Дидар аға , соңғы жылдардағы менің бір аңғарғаным Қазақфильм фильмдерінің бәрі десе де болады әр түрлі киностудиялармен бірге түсірілген. Осыдан кейін меніңше мынадай бір орынды сұрақ туады : Сонда Қазақфильм басқалардың көмегінсіз өз күшімен фильм түсіре алмай ма?

Жаңсақ пікір. Қазақ киносына күйе жағып қайтесіз. Бәрі емес, бірді-екілі жеке студиялармен жұмыс істейтініміз рас. 

Отбасыңыз жайлы айта аласыз ба? Үйіңізде шаруашылық ұстап көрдіңіз ба, сиыр, қой дегендей.

Жоғарыда жауап бердім. 

Дидар, сіз текстпен тер төгіп жұмыс жасайсыз. Стиліңіз өте ауыр. Ой айту мен сөйлем құраудың дәстүрлі жолынан саналы түрде бас тартқан сияқты көрінесіз. Мен сіздің шығармаларыңызды қадағалап оқитын оқырманыңыздың бірімін. Бірақ шынымды айтайын, сіздің шығармаңыздан гөрі сіздің шығармаларыңызды талдаған Таласбек пен Әлияның мақалалары, сосын сіздің өзіңіздің өз шығармаларыңызға байланысты айтқан ойларыңыз көбірек ұнайды. Дидар Амантайдың романдары мен повестьтерінің негізгі мазмұны осы талдаулар мен түсіндірулерде жатқан сияқты. Әлде біз "интеллектуалдық проза", "интеллектуалдық поэзия" деп аталатын заманауи әдебиеттің бағытын түсіне алмай жүрміз бе?

"Асекеңнің сөзінен өзі күшті" (цитатаның авторы Асқар Сүлейменовті айтып отыр) дегендей екен. Дейсіз-ау. Бір қарағанда, мақтан айтып отырғандай, екінші бір қарағанда, ақылды нәрсе айтып отырғандай көрінеді... Шын мәнінде, қазақтың сол бір-біріне жасайтын ежелден келе жатқан  қастығы, таусылмайтын, бітпейтін жаулығы. Көреалмаушылық. Ұлттық дерт. Бұл – арандатуды көздеген, менің шығармаларыма көлеңке түсіруді мақсат тұтқан сауал. Әдебиетке, шығармашылыққа қатысы жоқ сауал. Маған да қатысы жоқ. Тіпті, “интеллектуалдық проза”, “интеллектуалдық поэзия” деген қалыптасқан немесе ғылыми айналымда жүрген ұғым да жоқ.

Дидар, саған көптеген сұрақтар қойылыпты. Ішінде шын көңілді оқырманның ойлы, өрелі сауалдары барына қуандым. Бірақ, кейбір сұрақтардың арсыздығынан, аярлығынан, қараулығынан, қараниеттілігінен жан шошиды. Суреткерге осынша өшігуге бола ма? Қайтесің, рухани кембағалдардың деңгейі осындай болады. Бір айтарым, сенің қазақ әдебиетіне, қазақ қоғамына жасаған еңбегің ұшан-теңіз. Біреулер сені саясатқа араласпайды деп кінәләпті. Айта берсін. Олар сенің 1996 жылдан бастап, “Zaman-Қазақстан”, “Жас алаш”" “Начнем с понедельника” газеттерінде жазған өткір, ойлы мақалаларыңды оқымаған ғой. Сол жылдары Дидар Амантай не айтты деп азанда киоскіге жүгіретін оқырманның бірі мен едім. Ол жазғандарың әлі күнге дейін көкейкестілігін жоғалттқан жоқ. Не жазсаң да азаматтық ұстанымың биік болды. Абайды француз тіліне аударған Ғалымжан бауырымызға ара түстің, Зейнолла Серікқалиев, Таласбек Әсемқұлов сияқты асылдарды ел жұртқа талмай насихаттадың. Мағауинді барлығы аяусыз талап жатқанда өзің басқарған "Начнем с понедельника" және "Азамат" газеттері әлгі парықсыздарға сауатты тойтарыс бердің. Ешқашан рушылдық аурумен ауырғаныңды байқамадық. Кейін, "Қазақфильмге" қызметке кеттің. Ол жерде де қыруар жұмыс тындырудасың. Қазір бір нашар фильм шықса, Қазақфильмнен көретін ауру шығыпты. Ол фильмдерді жекеменшік студиялар мен Қазақстан телеарналары түсіріп жатқандығында шаруасы жоқ. Қайтесің, өзіңе деген қарау ниеттілердің сауаты осындай деңгейде. "Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып" демей ме, Абай. Жаны аяулы жақсыны жәбірлеу салтымыз боп тұр ғой, Дидар. Сен оларға ренжіме. Өзіңнен өтінерім, саясатқа ешқашан араласпа, кезінде араластың, азаматтық пікіріңді айттың, ол баспасөз тарихында жазулы тұр. Ал қазір сенің пікіріңді ұға алатын біздің орыстілді билікте тұлғалар жоқ. Сондықтан тек шығармашылықпен айналыс. Қазақта ақын жазушы дейтін қатыгез жұрт бар. Олар талантқа өш келеді. Қасым ағаңды осылар құртты. Мұхтар Әуезовке де күн көрсетпеген осылар. Асқар Сүлейменовті, Зейнолла ұстазыңды да күндеген осылар. Жұматай ақынның да түбіне жеткен осылар. Сенің әзіз достарың: Таласбек пен Әмірханды да өлтірген осылар. Енді сен қалдың. Бұларға сенің тірі жүргеніңнің өзі күйік. Дидар, сенің нұрлы, жарқын күндерің алда. Сені түсінетін, құрметтейтін ұрпақ өсіп келеді. Сосын, сенің прозаңды әлем тануда. Біз, әлі әлем оқырмандарының алдында сенің прозаңмен мақтанатын боламыз. Лайым, сол күнге есен жетейік!

Рақмет! 

Ахмет Әбіш мырза, Дидар туралы қалай жақсы жазғансыз! Рахмет сізге. Шынында да, Дидар, сізге өз-өздігінен өшігіп жүретіндерге бас ауыртпай, жаңа шығармаларыңызды жаза беруіңізге тілектеспіз. Өзіңізге сауал: бүгінгі әлем әдебиетінен кімдерді бөле-жара атар едіңіз?

Мұқтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмағанбетов және т.б... Кеше ғана, осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден адамзаттың данышпандары, ұлы жазушылар Милорад Павич пен Ален Роб-Грийе өтті. Биыл Габриэль Гарсиа Маркес дүние салды. Томас Пинчон – әдебиет тарихындағы ең күрделі шығармаларды жазып жүрген таңғажайып қаламгер. Көп.  

Гүлдария, көркем шығарманы талдаған мақалаларды қызыға оқитыныңыз - сапалы оқырман екеніңізді танытады. Бәлкім, сіз ұстаз боларсыз, ғалым боларсыз - бәрібір, сіздің пікіріңіз жеке, жалқы пікір болса да - бүгін кітап оқылмайды деген "жалау" пікірлерді жоққа шығарады. Бүгін ешкім кітап оқымайды деп байбалам салатындар - өздерінің білімсіздіктерін, еріншектіктерін ақтау үшін жанталасатындар. Ондайлар, әсіресе, тележурналистер мен шоу-бизнесте жүргендердің арасында көп. Бүгінгі таңда әйтеуір сюжет оқу, мазмұн қуып оқу қызық емес қой. Бірақ, Д.Амантайдың бірнеше қабатты прозасы - шын көңіл қойып оқыған адамға түсінікті. Жазушының шығармаларын өзіңіз атаған сыншылардың мақалалары арқылы тағы оқып көру керек шығар. Әлде сіз әзілдеп жазған боларсыз. Қалай болғанда да сізге табыс тілеймін.

Рақмет! Алла разы болсын!

ХХ ғасырдың ең бір көрнекті ойшылы, австриялық философ және логик, аналитикалық философияның негізін қалаушы Людвиг Витгенштейн (1889-1951) өзінің «Логикалық - философиялық трактат» атты еңбегінде тіл мен әлемнің өзара байланысын өте терең зерттеп кетті. Оның ойынша, тіл - адамның мекені, тұрағы. Сөздің мән -мағынасы оны қолдануға байланысты анықталады. Аналитикалық философияның негізі әдісі - тілдік тұжырымдарды талдау. Адам дегеніміз - тіл. Түсіну – ең алдымен тілдің өзін түсіну, ұғыну. Ой тіл арқылы білдіріледі, демек тіл - ойлаудың шекарасы. Айтылатын нәрсе айқын айтылуы тиіс.

Бұған не дейсіз?

Көркем прозада білетініңді жазбай, қалдырып кетіп отырсаң, шығарманың көркемдік қуаты күшейе түседі. Досым Шамшад Абдуллаев: “Чем больше сдержанности, тем выше наслаждение”, деп жазып еді... Менің "Гүлдер мен кітаптар" атты романымда "Тілдің дерті" деген тарау бар, соны оқысаңыз да болады:

 

                                                  “ТІЛДІҢ ДЕРТІ

 

Әуелi, сонау қадiм заманда тiлдi ой жаратқан болатын, бүгiн кемелденiп алған қоры мол жүйелi тiл жаңа дәуiрде ойды өзi туатын қабiлет тапты.

Екi белестiң орта кезеңiнде, қалыптасқан тiлдiк жүйе көкейге түскен ойды дөп басып, басқаға жеткiзе алатын ең жетiк қарым-қатынас құралы едi.

Қазiр тiлдiң өзi ойлайды. Алғашқы екпiн, әрине, көкейдегi ойдың ықпалы. Бiрақ, құлдықтағы бодан ойға салтанат құрған озбыр тiл толығымен иелiк етедi. Тәуелсiз асқақ тiл ойдың билеушiсi боп алды, қабат келген бес сөз кәдiмгi аяқталған сөйлемге айналды, сөйлем ізденіп, топшылайтын болды, бүгiндерi жүздеген тiлдiң жүйесiнде мыңдаған иесiз ой көздеген мұратынан адасып жүр.

Кешегi егемен ой еркiндiгiнен айырылған соң, тiл өз әмiрiн түбегейлi орнатты. Ендi билiктi ол жүргiзедi, ойын тәртiбiн ол белгiлейдi, шартын ол қояды. Байырғы iлкi уақыт тұсында бостан асқабы ой болмыстан туатын, ойдан сөз қалыптасатын, сондықтан сөз болмысты дәл анықтайтын едi.

Ендi заман өзгердi. Болмысты тiлдiң өзi дербес саралайды, сөйтiп, тiлдiк жүйеде болмыс басқа қасиеттерiн тапты, бiрақ, олар жаңа қайшылықтар туғызды. Табиғатта жоқ заңдылықтар жасанды тiлде берiк орныға бастады, өмiрде жоқ құбылыстар пайда болды.

Жұрт төңiрегiне тiлдiң көзiмен қарауға көштi, сонда адамдар санасында болмыстың жаңа бейнесi қалыптасты.

Адамдар тiлдiң құлына айналды. Үнемi тiлдiң жетегiнде кетедi, ойына бұйырып тұрады, айтпайтын пайымын айтқызады. Өстiп, мәтiндер түсiнiксiз бола бастады, өмiр мен пәлсапа қайшылыққа түстi, ойдың табиғаты бұзылды, тiл дертке ұшырады.

Ескiлiкте, тiл болмыстың үйi едi. Қазiргi шақта сырқат тiл жетiм болмысқа қалайша пана бола алады.

Бейшара ой қаңғып далада қалды, адасқан күшіктей ұлыды, өйткенi тiлдiң өзi ойлайтын болды, оған ендi ештеңе қажет емес, көңiлдегi ой мен жүректегi ниет тiлдегi сөздiң тұтқынына түстi.

Кейде қолдан шыққан мәтiн мазмұнын, уақиға желiсiн, кейiпкер ойын сипаттаған көрнектi сөздi екiншi мәрте қайталамайын деген ниетпен жазылған ұқсас өзге балама көркем сөз басқа кезектегi мазмұнға, желiске, ойға ұрындырады”.

     

 

Дидар, бұл сіздің стиліңізге, шығармашылық тіліңізге байланысты емес, жалпы тіл мәселесіне қатысты екенін ескерткенім жөн шығар. Бүгінгі тілге, қазақ тіліне ғана емес, жалпы тіл әлеміне қатысты сұрақ деп қабылдаңыз.

Дәке, бұрын "көп ұлтты" атанып жүр едік, енді көпдінді елге айнала бастаппыз. Көпконфессиялы идентификация. Бұл біздің елде қаншалықты мүмкін?

Бұл - саясат.

Дидар аға, мен оқушы кезімде сіздің мақалаларыңыз шыққан газеттерді іздеп тауып алып оқитынмын. Сол кезде сіз маған бізге ұқсамайтын мүлде басқа қазақ сияқты көрінетінсіз. Қазаққа ұқсамауды қайдан үйрендіңіз? Сұрағым артықтау болса, айып етпегейсіз.

Қоймайсыз-ау. Жылтыңдап әр жерден бір шығасыз. Шаршамайсыз ба? Сіздің көздеген мақсатыңыз не? Үнемі қыздың атынан жазасыз... Деніңіз сау ма, бала-шағаңыз аман ба, жау шапқан жоқ па? Аман болыңыз.

Сенің оқырманың кім? Оларды кімдер деп білесің?

Қазақ халқы. Одан қалса, шетел оқырмандары.

Дәке, сіз осы Асқар Алтай дегенді оқисыз ба? "Казиносын" оқыдыңыз ба? Жалпы осы жазушы қандай өзі?

Асқар Алтай деген жазушыны білмейді екенмін. 

Дидар мырза, менің сауалым мынандай: еврейлер Холокост туралы бірнеше фильм түсірді, ал...

Аштық туралы біз де түсірдік.

Дидар бауырым, қай салада болмасын шығармашылығыңа табыс тілеймін. Менің қояр сұрағым: көршілес Ресей жастарға патриоттық тәрбие беретін , жоспарлаған 10 киносының соңғысы - "Поддубныйды" жарыққа шығарды. Бізде де (көшіріп үйренген халықпыз ғой) сондай кинолар түсірілетін болса тізімін қалай жасап, кімнен, неден бастар едің? Мен мысалы, сақ - Томирис, Күлтегін, Еділ патшадан бастар едім. Алдын-ала Рахмет.

Сіз атаған тақырыптар қолға алынып жатыр. 

Жолтай Әлмашұлы "Айқынға" сұхбат берді. Сонда айтыпты; осы күні "Менмен Майлиндер" мен "қасаң Қалтайлар" көбейіп барады деп. Сіздің ойыңыз қалай? Жазушымен келісісіз бе?

Елге тиісе бергеннен не пайда. Жастар қазақтың "көгіне өрмелеп шығып күн болам" деп жатса, онысы несі айып? Өзгені жамандағанша, өзіміз алға түсіп, жақсыдан үлгі-өнеге көрсетейік. Жастарға жол ашайық. Маған бүгінгі жастардың Әлихан Бөкейхан, Жанша Досмұхамедов, Ақбайдың Жақыбы, Сұлтанмахмұт, Қасым, Имантайдың Қанышы, Шапық Шокин, Әлкей Марғұлан, Мұқтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Евней Бөкетов, Ермахан Бекмаханов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов тәрізді боламын деген ниет-талпыныстары ұнайды.    

Өзіңнің алдыңғы толқын жазушылар туралы ойың қалай?/жетпістен асқан шалдар емес/ Мысалы, Қ.Түменбай, Қ.Жиенбай, Ж. Әлмашұлы,Н. Ораз, т.б.

Сіз атаған тізім жақсы тізім. Шығармаларымен таныспын. Дарынды қаламгерлер.

Сізді "Кейінгі кезде орыс тілінде жазып жүр" деп естідім. Рас па? Рас болса, не себепті?

Кейде жазатыным бар. Бірақ, ана тіліміз прозаға өте қолайлы тіл, құнарлы да бай тіл.

Осы неге ана тілімізді қорғау үшін Мұхтар Шаханов ағамыз ұйымдастырған митингілерге келіп қатыспайсыз? Тіпті қаламгер ретінде өз позицияңызды неге білдірмеске? Неге қазақ жазушылары ініне кіріп шықпайтын кеміргіштер отрядына ұқсайды?

Сіз осы сауалыңызды Мұқтар Мағауинге де қоясыз ба? Даңқты қаламгер қай жиынға, қай шеруге қатысыпты? Қазір жазушылардың қолында не қайрат, не қайран бар? Тіпті, жұрт кітабымызды оқымақ түгілі, өзімізді жақсы танымайды да. Бүгінгі заман әнші-бишілердің заманы. Емшілердің заманы. Бір жиынға жазушы мен әнші бара қалса, жұрт жазушының емес, әншілердің асты-үстіне түсіп жатады. Жазушы далада қалады, өзіне дастарқаннан дұрыс орын да тимейді. Халыққа қызмет ету үшін жиын-тойдан қалмай, қызық-думанға жиі барып, жұртқа ақыл-насихат айтудың қажеті жоқ. Халыққа үнсіз қызмет ету керек.       

Құрметті Дидар! Ұлттық әдебиет, ұлттық өнер дейтін ұғымдар шеңберінде шиыршық атқан саналар баршылық. Ал, осынау ұғымдар аясында адамзатқа ортақ дүние жасаудың қиямет-қайымы Сізге таныс жағдай, әрине. Бүгінгі жаппай "жазушы", жаппай "әртіс" болып кеткен уақыттың нөпірінде асыл дарындар адасып жүргендей әсер қалдырады... Бұл, әрине, жауабынан сұрағы мол ...шетін жағдай. Дей тұрғанмен, қазақ әдебиеті мен өнері қашан дүниенің қай түкпіріне барсаң да алдыңнан шығатын дәрежеге жетуі мүмкін? Ол үшін не істеуіміз (жаппай жазудан басқа) керек?

Қазақ әдебиетін жаппай шет тілдеріне аудару қажет. Бұл мемлекеттік үлкен стратегия болуы тиіс.

 

Дидар, белгілі журналист С.Дувановтың мына пікіріне қалай қарайсыз: "Сегодня наконец-то пришло осознание того, что казахстанцы находятся в полной информационной зависимости от российских СМИ. С учетом провластного характера этих масс-медиа это означает, что в политическом и идеологическом плане мы находимся на крючке у Кремля. Именно там сегодня формируется казахстанское общественное мнение о происходящем в мире и в нашей стране.

С точки зрения государственной безопасности это не есть правильно. Более того, такое положение опасно для Казахстана, если конечно он продолжает настаивать на своем суверенитете. Любой суверенитет без информационной независимости это блеф. Не важно, кто человек по паспорту, важно, кто формирует его мнение об окружающем мире, кто диктуетему политические ориентиры и оценки. Я уже десять летпытаюсь привлечь внимание к этой проблеме, но для людей, которые должны отвечать за этот аспект национальной безопасности, эта тема не представляет интереса.

Благодаря сложившейся ситуации подавляющее большинство казахстанцев сегодня поддерживает Путина в его стремлении возрождения «русского мира», осуждает украинский майдан, приветствует аннексию Крыма, плюется в сторону «гейропы» и видит в США главного врага человечества. То есть идеологически казахстанцы, как и россияне примерно, на те же 85% являются продуктом пропагандистской работы кремлевских СМИ. Мы мыслим точно также как россияне, хотя являемся гражданами совершенно другого государства. То есть идеологически мы давно уже зависимы от Кремля. А теперь задумайтесь, какова цена нашего суверенитета, если наши мысли, настроения, установки формируются в Кремле?". Біз Ресейге ақпараттық тәуелділіктен қайтсек құтыламыз?

Құтыламыз. Бұл тақырыпқа біз Талғат Ешенұлы екеуміз 1996-97 жылдары-ақ жиі қалам тартқанбыз. Содан бері көп өзгерістер болды. Қазір қазақтың жағдайы жаман емес, санымыз көбейді, тұрақтылық түптің түбінде қазаққа қызмет етті. 

Дидар аға! "Адамдарды неғұрлым таныған сайын, соғұрлым итті жақсы көре түсесің" деген сөз біраздан бері ойландырып жүр. Сіз не айтасыз?

Жақсылықты, ізгілікті көбейту қажет.

Оңдасынов: «білімді ел – биік ел» дегенді жиі айтады екен. Сол биіктен көріну үшін де ол ғылым, білім, мәдениет, өнер саласына ай¬рықша көңіл бөліп, қамқор болған екен. Мысалы, Ұлттық консерва¬торияны ашу үшін КСРО Нарко¬мына арнайы кіріп, рұқсат алғанын өзі естелігінде жазып кетіпті. Республикада кино өнерінің алғаш шаңырақ көтеріп, қалыптасуына Оңдасыновтың тікелей ықпалы болыпты. Соғыс басталған соң Өзбекстанға көшкелі тұрған «Мос¬фильм» мен «Ленфильмді» арнайы Қазақстанға шақыртып, Үкімет тара¬пынан бар жағдайларын жа¬сап¬ты. Ондағысы, хас кино шебер¬лерінің пайдасы тиер деген ниет екен. Ақырында солай болады да, бүгінгі «Қазақфильмнің» негізі сол кезден бастау алады. Атақты орыс режиссері Михаил Роммның соғыс жылдарында Қазақстан Үкіметі тарапынан, оның басшысы Нұртас Оңдасыновтан көрген қамқор¬лықтарына шын жүректен алғыс айтқан екен. Сұрақ: Оңдасынов туралы кино түсіруге қалай қарайсыз. Осы бағытта жұмыс жасауға уәде бересіз ба?

Мен өз басым қолдаймын.

Қазақ киносында неге сапа жоқ, Дидар мырза? Сапалы, өміршең кинолар түсіру үшін не жетіспейді? Мәселен, С.Қожықов, Ш.Айманов, А.Қарсақбаев, С.Апырымов секілді режиссерлардың фильмдеріндей көркем не деректі туындылар неге шықпайды? Талғамсыз режиссерлар мен дарынсыз әртістер қаптап жүр қазіргі фильмдерде? Осыған тосқауыл бола ма?

Қателесесіз. Жақсы фильмдер бар. Жоғарыда бұл жөнінде айтып өткенмін.

Дидар аға! Елбасымыз келесі жылы Қазақ мемлекетінің 550 жылдығын атап өту туралы бастама көтерді! Сізден осы ұлы мерекеге орай шет елдегі қазақ диаспорасының мықты жас әнші күйшілерін шақырып үлкен бір мерекелік концерт өткізсеңіз деп сұраймын!

Ойландыратын ұсыныс екен. Ойланайық. Хабарлас. 

Өте ойлы да орынды сауалдар, өзенге құлаған қарғындай бәріне де қосыламын. Бас тарту қып-қызыл күнә! Жауабы қашан екен?

Қазақ тілінің орфографиясы бойынша, "Бас тарту" деген сөзден кейін сіздің сөйлеміңізде сызықша қойылуы керек. Ұзын сызықша. Мен бас тартпаймын. Түгел жауап бердім. Құдай бізге сабыр берсін.

Ассаламағалеукум Дидар аға! Еліміздің болашақ тағдырын калай елестетіп көресіз?

Қазақ байиды. Қазақ озады. Қазақ бақытты болады. Көрген бейнеті, кешкен азап-мехнаты артта қалады. Абайдың даңқы әлемге жайылады.

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279