Жұма, 5 Желтоқсан 2025
Билік 343 0 пікір 5 Желтоқсан, 2025 сағат 17:04

Әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Кез-келген мемлекеттің экономикалық дамуының негізгі тірегі – кәсіпкерлік, соның ішінде шағын және орта бизнес екендігі белгілі. Ал кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау – еңбекпен қамту, ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз ету және бәсекелестік ортаны қалыптастыру секілді мәселелердің шешімін табу деген сөз!

Өзгелерге көз салсақ: Дамыған елдердің экономикалық көрсеткішінің 60-70% шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің даму деңгейімен өлшенеді екен.

Бүгінге елімізде бизнестi қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама бар. Бiрақ бұл жөнiнде көпшiлiк бiле бермейдi.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі...

Өз сөзінде Президент: «Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ. Өздеріңіз білесіздер, қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар», - деді.

Сандеректерге көз жүгіртсек, елімізде шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайған. Ал Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өскен. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артқан. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз. Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беретінін айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды», - деді Тоқаев.

Abai.kz

0 пікір