Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 17393 0 пікір 30 Желтоқсан, 2014 сағат 12:14

ҰЛЫТАУ ҰЛАҒАТЫ: АЛАША ХАН БОЛҒАНДА...

Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Академик Қ.Сәтбаевтың ой толғамына жүгінсек, Ұлытау «ескі сөз естеліктің кені». Және де «Ұлытау кенересін Сарыарқаның кіндігі деп айтуға болады. Сондықтан Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының ашық алаң, кең майданы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан. …Сарысуға құятын Қаракеңгір дейтін өзеннің жиегінде атақты Шыңғыс ханның баласы Жошы хан мен Алаша хандардың мазарлары әлі күнге дейін бұзылмай тұр. Жыланшық өзенінің бастау көзі шығатын Ұлытаудың бір биігінде Ер Едігенің моласы бар деп жұрт аңыз етеді. Абылай да ордасын Ұлытауға тіккен, Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы басы Арғын Шеген би болып, ақ киізге салып хан көтерген» деп жазады. (Қарсақбай ауданының күйі. «Жаңа мектеп» журналы, 1927, №5-6). Расында, Ұлытаудың қатпар-қатпар құпия сырларының керемет бір көріністері осындай. Ол – Қазақ елінің географиялық орталығында орналасқан саяси-экономикалық және этномәдениетінің алтын ордасы. Ол өзінің дәуірлеп, гүлденген заманында Дешті-Қыпшақ немесе Жошы ұлысы атанған.

Ұлытау дегенде тарихи ой-сана, ұлттық зерде-зейін, ар-намыс, қайрат-жігер, рух тұтас оянады. Далаңның тарихы, дана бабалар, дарынды баһадүрлер тарихы қайтадан жаңғырып тіріледі. Ұлытау ұлылығы мен ұлағатында телегей сыр, теңдесі жоқ терең мағына бар. Тарихтың «алтындай тазасы, алмастай асылы» Тәуелсіз Қазақстанның екпіндеп өрлеуіне ересен серпін қосады.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі толғанысында «Ұлытау – өте қасиетті жер», «тарихтың куәгері» деп айрықша атап айтқанда: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі» – деп, өткеннің түйін-түйін жолдарын түйіндеді. Тарихи сабақтастық, мемлекеттілік, елдік жүйенің сақталатындығын тағы да дәйектеді. Шын мәнісінде, «еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды», «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» екендігін ерекше ескертті Елбасы. Бұл – нұсқа сөз.

Хан жайлаған Ұлытау! Ұлы-ұлы хандардың, ұлы-ұлы билердің, Кетбұға, Асанқайғы сияқты күйші-абыздардың, даңқты баһадүрлердің басын қосқан, мекені болған киелі Ұлытау. Алаш империясының беломыртқасы – Ұлытау! Тізбек-тізбек замана көшінің тірі шежіресі – Ұлытау. Түркі елінің шарайнасы – Ұлытау.

Бұлай дегенде құдіретті, ұлы билеуші Шыңғыс хан, Жошы хан, Ер Едіге, Тоқтамыс хан, Әмір Темір (Асқақ Темір) Қазақ хандығының туын тіккен «ескі жолды» Есім хан, «қасқа жолды» Қасым хан, Керей мен Жәнібек, «тура жолды» Тәуекел хан, «жеті жарғылы» Әз Тәуке, Абылай хан, Хан Кене тұлғасы ұлттың ой-санасында жаңғырады.

ІХ-ХVІІІ ғасырлардағы түрк қағандары мен қазақ хандарының Хан ордасы (әрі қамал-бекініс), Жошы ордасы мен мазары, Алаша хан кесенесі, Орда-Базар қаласы, Домбауыл дыңы, Таңбалы тас жазуы. Әрқайсысы сол бір дәуірдің эпопеясы іспетті. Алдымен, Шыңғыс хан жайын әңгімелесек, ол түріктің Қара ханынан тараған ұрпақ екен. «Қара хан атасынан кейін бүкіл елге патша болды. Қазіргі Ұлытау және Кішітау дегендерді Ертағы және Кертағы деп атайтын. Ол тауларды жайлар еді, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстар еді» деп көрсетеді Әбілғазы «Түрік шежіресі» дейтін кітабында (Алматы, «Ана тілі», 1992, 15-бет).

«Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» дейтін ел аңызында («Дала уәлаятының газеті», 1897, № 13-14, 18) мынадай ой-пікірлер бар: «Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті». Немесе: «…Қазақ халқы өзіне ұнаған соң, Алаша хан мұнда қалған. Қазақ сол уақытта көшпелі екен. Ер, өзі шешен, зейінді адамды өздеріне бастық қылып қойып, қазақтар соның айтқанына ұйиды екен. Біраздан кейін Алаша хан ерлігін де, шешендігін де, зейіні барлығын да көрсетті. Өзінің қолымен Алаша хан жауды әрқашан жеңе берген. Әрі-беріден соң өзін қазақтар хан қойған». Ел әңгімелері белгілі бір айғақты айшықты әрі әсірелеп жеткізетіндігі мәлім. Қайткенмен де шындықтың дән-дәнегі бары ақиқат.

Академик Қ.Сәтбаев «Ер Едіге» атты еңбегінде (Мәскеу, 1927) осынау жырды «тіл сақтау», «тіл байыту» және тарихилық тұрғыдан таразылай отырып:

Алаш алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ-қалмақ, ноғайлар

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Айдын көлдей дүр болған,

Еділ-Жайық, Оралды,

Өрлей, қойша жайылған… деген сияқты ескі өлеңдер, тегінде Алаша хан деп ел аузы атақты Шыңғыс ханды айтып жүруі де мүмкін» деген дұрыс жорамал жасайды. Сондай-ақ, оқымысты-геолог «ел аузындағы ескі сөз көпшіліктің ар-иманының айнасы», «ескі сөзде қашан да мықты із-таңба» бар деп тұжырымды ой өрбітеді.

Шежіреші Мәшһүр Жүсіптің: «Алаша ханның Жошы хан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтұғын сөз сонан қалған» (Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары. 8-том. Павлодар, 2006. 147-бет. 157-159 беттер).

Жошы хан (1187-1227) – әскери қолбасшы, даңқты мемлекет қайраткері.

Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда мемлекеттерінің, Орта Азия, Қазақ және Қырым хандықтарының билеушілері Жошы әулетінен өсіп-өнгендер.

Жолбарыс жүректі Жошы 1208-1215 жылдарда Қытай елімен арадағы шайқастарда қаһармандықтың озық үлгісін танытқан-ды. «Жошы өте жігерлі, батыл, айбарлы еді». (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских источников. М. –Л., 1941. Т.2., Стр.13).

Ол 1216 жылы Ырғыз-Торғай өңірінде меркіттерді ойсырата жеңді және Хорезм шахы Мұхаммедтің мұздай қаруланған жой­қын шабуылына төтеп берді. 1219 жылы Ене­сай қырғыздарын, Сырдарияның төмен­гі ағысындағы Сығанақ, Ходжент, Үргеніш қалаларын бағындырды. Көреген стратег, теңдесі жоқ ерлік қимылдардың ұйымдас­тыру­шысы Жошы хан – Дешті Қыпшақтың бақ-берекесі, алтын қазығы еді.

«…Жошы хан әкесінен тура 6 ай бұрын 1227 жылдың 19 ақпаны мен 20 наурызы арасында мерт болған-ды» (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды, Извлечения из персидских источников. М.-Л., Т.2. С.210).

Жошы ханның қапияда қаза тапқанын, Шыңғыс ханға:

Қиырсыз құба далада

Қат-қат бұдыр салада

Ордалы құлан жосыған.

 

Мінгені тұлпар құнан-ды,

Ордалы үріккен құланға

Құйғытып ойнап қосылған.

 

Құлан мен тұлпар еліккен,

Жосыған құлан желіккен.

Ақырында «шайнап өлтіріп, жұлмалап жалмап» жер жастандырғанын Жошы ұлысының ұлы қайраткері заты бағаналы найман Кетбұғы (кейде Кетбұға) осылайша күйлі толғаумен күңірентіп жеткізеді.

Ұлытау тарихын әрі қарай таратсақ, ұлт ынтымағының белгісіндей «Таңбалы тас» жазуында тарихи тұлғалардың есімдері, ру-тайпа таңбалары, ұрандар, ою-өрнектер қашалған. Көреген көсемдер, батырлар, абыз-билер салтанатты мәслихат ұйымдастырған, халық тағдырын ойластырған. Мұнда Орыс ханның, Құйыршық ханның, Барақ ханның және оның балалары Жәнібек пен Керей ханның есімдері көрініс тапқан. «Алты ұлысты сақтай гөр» (академик Әлкей Марғұланның оқуы бойынша) деген ұлы тілек бар.

«Бірінші би – халық, екінші би – тарих», «Халықтың ақылы – мұхит» дегендей, халық аңыз-әңгімелеріне ден қойсақ, ХV ғасырдың орта шенінде Орда-Базарда Орта Азияның атақты білімпазы Ұлықбектің ардақты қызы Рабия-Сұлтан-бегім мен Әбілқайыр ханның ақ некесі қиылған. («Ұлытау», «Фолиант» баспасы. Астана, 2006. 78-бет).

Ұлытау аймағынан қазақ сахарасының шартарабына даусы жеткен сал-серілік өнердің майталмандары, жыр дауылпаздары, даналық егінін жайқалтқан, «аталы сөзі атан түйеге татитын» ой мен тіл көсемдері жарқырап-дүркіреп шыққан. Айталық, Қойлыбай бақсы, Досбол шешен, Аймырза ділмар, Шоқай би, Бидаш би, Жаңқа сал, Бәшен сал, Жанкісі, Тоқсанбай әулеті (Қожабай мен Болман), Мұқан Балтекейұлы, Тайжан, Нияз, Иманжан, Мейрам Жанайдарұлы, Баржақсы Жансүгірұлы және т.с.с.

Қоңыраулы Қарадостың Уәйіс Бай­жан­ұлына сипаттамасы:

Болыс дегенше, Уәйіс десеңші,

Толқыны тарпаң ағыс десеңші!

Атағы Сырға, Қырға да мәлім,

Серпіні жойқын барыс десеңші!

Уәйіс буынсыз жерге пышақ ұрмайды,

Шаруаның түбі нойыс десеңші!

Бұл ауылдарының тентектерінікі теріс,

Маған сайыс дегенше, майыс десеңші!

Жиен ел болмаса да, бел болады,

Одан да Уәйіске барып көріс десеңші!

Бағаналы Бабыр әулиенің (әрі батыр) ғибраты:

Білікті біліп айтады,

Көлгір күліп айтады.

Батыр батыл айтады,

Жалқау жатып айтады.

Мылжың іріп айтады,

Жылпос үгіп айтады.

Надан үріп айтады,

Жолаушы жүріп айтады.

Өтежан би:

Тұлпардың төрт тұяғындай бірлігің бұзылмай, берекелі болғаныңа еш нәрсе жетпейді. Қилы-қилы заман болар. Сыйлассақ жекжат та туыс. Жекжатты сырттан ізде. Тілектес көбейер, тынысың кеңейер. Туыстық тұтастығың нығайып, жекжаттығың жалпақ елге жайылып жатса, елдігіңнің үстем болғаны».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әулие­бұлақтың көркем де келісті бойшаң да ойшыл көненің көзіндей қайыңдары Жошы ханның, Алаша ханның, Тоқтамыстың, Ер Едігенің көзін көрген болар деп, оларды кие тұтып, сырласып, ой құшағында тебіреніп, өзінің кемеңгерлік пікір-толғаныстарға кемел сұхбатында: «тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек» деп шегелеп айтты.

Ендеше, бұрынғы өткен ділмарлардың аузынан шыққан ақықтай ойлар, меруерттей мөлтілдеген асыл сөздер тиянақты жинақталса, елдің рухани игілігіне айналар еді.

«Ұлытауда туған ұлы ойлар», «Киелі мекен – Ұлытау» дейтін ірі, кесек тақырыптар негізінде жазылған сыр-сымбаты келіскен термелер «Текті сөздің төресі – терме» республикалық байқауында жаңаша таным, жаңаша көзқарас тұрғысынан терең ой, ұшқыр сезіммен және терме сазымен айшықты, нақышты орындалды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбаты ақын, жыршылардың, термешілердің ой-тебіреністерінің жалынды өзегіне айналып, шабыт отын маздатты.

Айталық, Сәттібай Темірғалиұлы Жүнісовтің «Киелі мекен – Ұлытау» термесінде:

Ұлытау – ұлттың ұясы,

Ұлы рухымның қиясы.

Туындысы тәңірдің,

Кеппеген әлі сиясы.

Қорғаны болған елдіктің,

Тұғыры өжет өрліктің,

Алаштай әзиз жұртымның

Иманы, ары, ұяты.

Немесе:

Наркескен ұлттық рухымның,

Қайрағы болған Ұлытау.

Еңіреген ерлердің,

Байрағы болған Ұлытау.

Ынтымақ, елдік, бірліктің,

Аймағы болған Ұлытау.

Ұлтқа ес, жатқа сес болған,

Мен білсем бұл тау тірі тау! –

деген түйдектер Ұлытау ұлылығын және оның көл-көсір қасиетін, дәрежесін асқақтата түскенін сезінуге болады. Ой асылы, сөз асылы, орындау мәнері бір-бірлеріне үйлес. Көркемдік әлемі бай.

Ақын Серік Сейтманның «Ұлытауда туған ұлы ойлар» атты жыры тереңдігімен, сыршылдығымен өзгешеленеді:

Ұлтымның ойындағы ұлықты арман

Төрінде Ұлытаудың ұлықталған.

Өз ұлы оятпаса кім оятар

Тарихы әр тасында тұнып қалған?!

 

Қаратқан тұлғасына ел назарын

Азамат демейді ме ер ғажабын.

Ішіңнен ұлтым деген ұл табылса,

Ізіне бірің қалмай ер, қазағым.

Я болмаса:

Қазағым, бір тұғырың – Ана тілің,

Сөзбенен тәпсірлеген дана ақылын.

Тілімен Төле, Қазыбек, Әйтекенің

Күмәнсіз қазақ болып қалатының.

 

Қазағым, бір тұғырың – Ата дінің.

Жандырар бағын Құдай баталының.

Иманы мұсылманның жүрегінде,

Өлшенбес көлемімен сақалының.

 

Қазағым, бір тұғырың – баба дәстүр,

Дәстүрсіз дін ұстаған жарамас құр.

Халқымды тура жолдан адастырар

Ғұрыптың құнын білмес қара басқыр.

Қазақтың көркем ой тарихында нешеме алуан сырлы ой орамдары жеткілікті десек те, бұл жырда қадау-қадау жаңалықты құбылыстар бар. Әсіресе, әсерлі, мәнерлі, сазды сөйлемдер.

Ұлытауға қатысты отты ой ұшқындары мен көрікті тіркесімдер мынадай:

  1. Ұлытау – халық жүрегі,

Ұлытау – қазақ тірегі. (Сансызбай Базарбаев)

  1. Ұлытау – ұлттың ұясы,

Қазақтың басын құраған.

Алаша хан, Жошы хан

Тоқтамыс жортқан ұлы алаң.

(Серік Тұрғынбекұлы)

  1. Ұлытау – ұлылыққа ұя болған,

Ұшатын қырандарға қия болған.

Тек қана Ұлытаудан басталады,

Қазаққа серік болған қиял-арман.

(Серік Тұрғынбекұлы)

  1. Ұлт қуаты – тілінен нәр алғандай,

Абызым Елге қайта оралғандай.

Мәңгілік Ел – Мәртебелі қазақ тілім,

Ұлытау ұлы көштен нәр алғандай.

(Шөмішбай Сариев)

  1. Ұлытау деп ұран қып

Хандар Орда тіккен жер.

Асанқайғы бабамыз

Жайлы қоныс еткен жер.

Алаша хан, Жошы хан,

Ер Едіге, Жошы хан,

Құтлық Темір хандардың

Дүниеден өткен жер.

Кетбұға күйін шерткен жер,

Әмір Темір көреген

Алтыншоқы тауына

Тас қашап, белгі еткен жер. (Фархат Оразов)

Шынында, Ұлытау туралы әңгіме – тұтастай Қазақ елі туралы әңгіме. Яғни, оның тарихы, мәдениеті, дәстүрлері, ауыз әдебиеті, би-шешендер, ақын-жыраулар мұрасы. Мемлекет мәртебесі – сол елдің интеллектуалдық әлеуетімен өлшенеді. Ендеше, Ұлытау өңірінің байтақ тарихы мен мәдениеті жаңаша зерделенуге лайықты. Ол – ұлт мәдениетінің беломыртқасы. Академик Қаныш Сәтбаев: «Орыстарға Кремль қандай қадірменді болса, меніңше Қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі…» деген сөзі Замана, Халық, Ұлт атынан айтылған аталы сөз.

Негізінде, Ұлытауды ұлықтау, сөйлету – Заманды сөйлету, Тәуелсіздікті қорғау, қоғамды түлету. Бұл ретте Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл магистральдары Қазақ елінің экономикалық, мәдени тұрғыдан қарыштап дамуына даңғыл жол ашады. Бұл – өркендеудің күретамыры. Ел қонады, ел жерге ие болады, ырыздық-несібе молаяды. Ең бастысы – халықтың рухы, жаны асқақтап, тұрмысы жақсарады. Екіншіден, тарихшы А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» (СПб, 1832) атты еңбегінде Қызылжар – Көкшетау – Ақмола бағытында және Ұлытау мен Түркістанға қарай созылған қара жолды Абылай хан жолы деп аталған деп жазады.Тегінде, ХVІІІ ғасырда Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының қарым-қатынастарын нығайту және Абылай өзінің әскерін басқару мақсатында дүниеге келген. Осы тарихи үрдісті қалпына келтірсек, тарихи зердемізді сәулелендірер еді.

Алты күндей алаулап,

Он екі күндей ой ойлап,

Ақылды алпыс жаққа шаптырып,

Ақыл жөнге келгесін,

Толғай-толғай жүгірген –

деп Махамбет айтқандай, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатындағы ой-пікірлерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы» атты баяндамасында: «Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана ғұмырлы» деген өзекті ойларын өрбіте келіп: «Біздің ұлттық тарихымыз – теңдессіз тарих» деп мәлімдеді. Ол Ұлы Түркі елінің тарихын Көк түріктер заманынан бастап Алтын орда («Осының өзін санайтын болсақ, 2000 жылдық тарихымыз шығады»), Қазақ хандығы, апайтөс даланы мекендеген «бабалардың заңды мұрагері», «бүкіл тарихтың түп-тамыры» – Бүгінгі Қазақстан мәртебесін, қастерлі Тәуелсіздігін асқақтатып, Мәңгілік Еліміздің болашағын кестелеп-өрнектеп жеткізіп, «Тәуелсіздік толғауын» керемет бір көсемдікпен, шешендікпен туындатты. Тәуелсіз елдің нұр нұсқасын, Тәуелсіздіктің Ұлы рухын, халық даналығын, «Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы – Мәңгілік Ел» жалпыға ортақ еңбек екенін сипаттап-сөйлеткені қандай терең, көркем.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шынның шынындай, асылдың асылындай, ар-ожданның ардақты даусындай «Тәуелсіздік толғауын» республика мектептерінің оқулықтарына енгізу шарт. Өйткені, қазақстандық патриотизмді жас жеткіншектер санасына сіңіруге бірден-бір кілт.

Елбасының талдап-толғап: «Тәуелсіздік толғауы ұрпақтың жадында жаңғырып, Тәуелсіздік рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербелсін!» дегенінен Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстанның заманының шалқыған-толқыған мұхитында тау толқындарынан қақ жарып өтіп, жұлдызымыздай жарқырап, Көк туымыз желбіреп, алға аршындап-атойлап бара жатқанына кәміл сенімін көруге болады.

Көрегендігімен келешекті кемелдікпен болжаған ұлы бабамыз Махмұт Қаш­ғаридің «Тәңірі дәулет күнінің көзін түріктердің көгінде тудырды» деген сөзі (Халел Досмұхамедұлының аудармасы) ақиқатқа айналғандай.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Абай.kz 

Дереккөз: http://egemen.kz/?p=46138

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340