Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 6894 0 пікір 25 Желтоқсан, 2014 сағат 08:05

ҚАЛАДАН ҚУУ КОДЕКСІ

Алдағы жылымыздың алғашқы күні қазақстандықтарды, оның ішінде әсіресе қазақтарды әжептәуір әуре-сарсаңға салудан басталайын деп тұр. НЕГЕ?

Неге десеңіз, қаңтардың бірінен бастап «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің жап-жаңа нұсқасы күшіне енетін болады. Жап-жаңа кодекстің жап-жаңа нұсқасы бойынша енді қазақ елінің азаматтары «қалай    болса солай қаңғыра» бермей, қалай болса солай – аяғы жеткен жерге түней бермей...тек қана ресми түрде тіркелген мекен-жайы бойынша ғана ТҰРУҒА міндетті. Бұлай болмаған жағдайда... тұрып жатқан пәтерлері мен үйлерінде он күннен үш айда дейін тіркелмеген «квартиранттар» он мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Әгәрәки, тіркелмеген уақыты үш айдан асып жатса, айыппұл көлемі де әлбетте, көбейе беретін болады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні еліміздегі үлкенді-кішілі қалалар ғана емес, сонымен бірге Астана және Алматы сияқты МҮЛДЕ үлкен қалаларда қызмет етіп, «қара жұмыстың қабырғасын қақыратып» жатқан қазақстандықтардың (негізі қазақтардың десек дұрыс болатын сияқты) көпшілігі ресми тіркелген мекен-жайлары бойынша тұрып жатқан жоқ. Аталмыш қалаларда ауылдан келгендер, оның ішінде ауылдан келіп, пәтер жалдап тұрып жатқандардың көпшілігінің ресми түрде тіркелген жерлері негізінен ауылдар мен... басқа да «жұмысы жоқ ұсақ-түйек» қалалар. Бұлардың дені негізінен «екі қолға бір күрек» іздегендер. Сонда бұл қалай болмақ? Міне, осындай ресми ақпаратты естіген қазақстандықтар бірнеше күннен бері әркі-тәркі болып, жап-жаңа КОДЕКСті «жерден алып, жерге салуда». Біреу айтады - «мен жаңадан үйленіп, жас келіншегіммен пәтер жалдап тұрамын, ал «пропискам» әке-шешемнің үйінде, сонда мен не үшін айыппұл төлеуім керек» деп. Жаны бар сөз бе? Жаны бар сөз. Ал біреу айтады - «менің екі үйім бар, үш ай бір үйімде тұрсам, тағы бір үш ай екінші үйімде тұрам, сонда мен қайта-қайта «пропискаға» бір отырып, бір шығып жүруім керек пе?» деп. Тағы біреу айтады - «әй, дәу де болса ЭКСПОға ақша жетпей жатқан шығар, соған қаржы қарастырудың кезекті бір амалы шығар бұл да...» деп. Жаны бар сөз бе? Әлбетте, мұның да жаны бар. Ал енді әзілімізге нүкте қоятын болсақ, айтылып жатқан өкпе-реніштердің бәрінің де орны бар. Аталмыш Кодекс туралы елімізге белгілі заңгерлердің бірі Сергей УТКИН деген мырза былай дейді: «...место жительство – это один из иденцифицирующих признаков, который важен на самом деле. Не только в Казахстане, но и во всем мире. И государство всегда стремится знать место жительство человека...!

Міне, мықтының мықтысы деген заңгерлердің бірінен саналатын Сергей УТКИН осылай дейді, алайда Уткин мырза біле ме екен – алпауыт Америкада, тіпті өркениеті өте қатты дамып кеткен Еуропа елдерінің көпшілігінде «ПРОПИСКА» дегеніңіздің мүлде жоқ екенін. Бұл елдерде өзіңнің нақты қай мекен-жай бойынша тұратыныңды дәлелдеу үшін тиісті орындарға өзіңнің аты-жөнің толық жазылған бірнеше ресми қағаздарды көрсетсең, (мәселен, коммуналдық қызмет төлемінің түбіртектерін деген сияқты) жетіп жатыр. Олар азаматтарынан «прописка» дегеніңізді талап етпейді, өйткені оларда бір мекен-жайда ресми түрде тіркелу деген түсінік мүлде жоқ. Сонда дейміз-ау, қаңтардың бірінен бастап күшіне енетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жаңа Кодекстің көздегені не нәрсе? Рас, ашығын айту керек, үлкен де үлкен қалаларымызда тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген қазақстандықтардың көпшілігі... ҚАЗАҚТАР. Сонда аталмыш Кодекстің тереңінің тереңіне үңіліп қарайтын болсақ, күшіне енбек болып отырған «шала жансар» жаңалық ең алдымен... қазақтарға тиеді екен – тоқпақ болып. Айтып-айтпай не керек, қаладағы қазақтарды қайтадан ауылдарға қарай ығыстыруға «даңғыл жол» ашатын аталмыш Кодекстің астарында қарапайым қазақ миының мүмкіндігі жете бермейтін  тағы да бір жымысқы саясаттың салқыны жатқан сияқты.

Ау, ауылға қайтамыз ба тағы да (қаладағы қазақтардың көпшілігінің тіркеуі ауылда емес пе?), не істейміз енді?

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290