ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ЖАҺАНҒА ЖАРИЯ ЕТКЕН ҚАЗАҚ
Қазақстанның тәуелсіздік алғанын халықаралық БАҚ-та алғаш жариялаған қазақ қазір Мюнхен қаласында тұрады.
ҚазССР-дің Жоғарғы кеңесі 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы күні түстен кейін қазақ елін тәуелсіз мемлекет деп жариялап, елдің атауын Қазақстан республикасы деп өзгертті.
Қазақ тарихы үшін ең қуанышты хабардың бірін халықаралық БАҚ арқылы тікелей эфирде әлемге тарату бақыты бұйырған журналист – сол кезде «Азаттық» радиосында қызмет еткен Өмірхан Алтын еді (суретте).
Ол – ХХ-ғасырдың басындағы қиын-қыстау заманда Алтайдан Үндістан мен Пәкістан асып, одан ары Түркияға жеткен қазақтардың ұрпағы. Қазір Германияның Мюнхен қаласында тұратын Өмірхан Алтын қазақ елінің тәуелсіздігін Құдайдың ең үлкен сыйы һәм бағы деп санайды.
Өмірхан мырзаның айтуынша, 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы, дүйсенбі күні ол кезде кеңсесі Мюнхен қаласында орналасқан Азаттық радиосының қызметкерлері үшін демалыс күні болған. Сейсенбіден сенбіге дейін жұмыс істейтін радио қызметкерлерінің ішінен бір редактор мен бір тілші ғана жексенбі, дүйсенбі күндері жұмысқа шығып отырған. Сол күні редактор – Мұхабай Енгін, ал жаңалықтарды даярлап эфирден оқитын тілші – Өмірхан Алтын болған.
«Міне, Алла тағала қолдап, қазақ елі тәуелсіздік жариялаған күні қосымша қызметкер ретінде күнделікті жаңалықтарды дайындап, тікелей эфирде оқу кезегі менікі еді. Алматыдағы тілшіміздің сол кездегі Жоғарғы кеңес қазақ елінің тәуелсіздігін жариялағаны туралы телефонмен берген мәліметін жаңалықтарға қосып, алғашқы хабар етіп, зор қуанышпен оқып шыққаным есімнен кетпейді», – дейді ол.
Бұл туралы Мұхабай Енгін мырза былай дейді: «Сол күні демалыс болуына орай Азаттық радиосы Қазақ Бөлімін Қасен Оралтай марқұмның орнына әдеттегідей мен басқардым. Ал Өмірхан Алтын кезекші тілші болатын. 1991 жылы 16 желтоқсан, дүйсенбі күні түскі уақытта көптен күткен Қазақстан тәуелсіздігін жарялады деген мәлімет келіп жетті. Ережеге сай, дер кезінде бұл мәліметті растап алғаннан кейін Өмірхан Алтын тәуелсіздік туралы хабарды дайындап, радиодан оқып шықты».
Өмірхан Алтын Қазақстанның тәуелсіздігін халықаралық БАҚ арқылы дүние жүзі қазақтарына бірінші болып хабарлау бұйырғаны үшін өзін бақытты қазақ деп біледі. Бұл туралы (АЛМАТЫ. Желтоқсанның 15-і 2006. ҚазАқпарат. /Қуанышбек Қари/) Өмірхан Алтынның ҚазАқпаратқа берген сұхбатында да айтылған. Сұхбатта: «Осыдан 15 жыл бұрын ел тəуелсіздігін елден сыртта «Азаттық» радиосы арқылы жариялаған Мюньхен қаласында тұратын қандасымыз Өмірхан Алтын» – деп жазыпты.
Қалай айтсада, Ел тәуелсіздігін тұңғыш болып әлемге жарялау – кез келген адамға бұйра бермейтін бақыт. Өмірхан ағамыз солардың бірі.
«Енді қазақ елі тәуелсіздігінің мәңгі болуын Алла тағаладан тілеймін» дейді ол.
Бейсен Ахметұлы
Abai.kz