Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7524 0 пікір 12 Желтоқсан, 2014 сағат 14:00

ҒАЛАМТОРДАҒЫ АҚПАРАТ БІЛІМ БОЛМАЙДЫ

«…Жастардың арасында бүгінде рухани алақұлалық бар. Рухани сусап жүрген, табанды түрде ізденіп жүрген жастар бар. Тура діннің, тура руханияттың жолына түскен, тек дінмен ғана шектеліп қалмай, мәдениет, тарих, әдебиет тұрғысынан рухани байып, өнермен шұғылданатын жастарымыз да жеткілікті. Бірақ, өкінішке қарай, жастардың арасында руханиятқа мүлдем мән бермей жүргендері де бар. Рухани жұтаңдық кездеседі. Әсіресе, көркем әдебиеттің беделі қоғамда төмендеді, едәуір рухани дағдарыс қазір аңғарылуда. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, мына ғаламтор жастардың танымына кері әсер етуде. Біздің жастар көп жағдайда білім мен ақпаратты шатастырады. Ғаламтордағы дүние жай ғана ақпараттар, олар бүгін бар да, ертең жоқ. Ақпарат білім болмайды. Егер ол ғылыми ақпарат болса, білімге негіз бола алады. Ғылыми зерттеулер, көркем және ғылыми әдебиеттер, танымдық еңбектер нағыз білім екенін қазір жастар көп ұғына бермейді. Жалпы, ғаламтор қанша өрістесе де, әдебиеттің орны ешқашан жоғалмайды, көзбен көріп, қолмен ұстайтын құндылықтың орны әрқашан маңызды. Сондықтан бізге кітаптың насихаты керек және ең алдымен жастарға рухани ізденістің адам болмысына тән, адамды ерекшелейтін нәрсе екендігін ұғындыруымыз керек. Абай айтып кеткендей, «Малда да бар жан мен тән, Ақыл сезім болмаса, Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?». Адамдықтың болмысы да, сәні де, мән-мазмұны руханиятқа бой ұруында, рухани ізденіс арқылы өміріне мағына беруде. Адам баласы өмірден мағына іздейді, дінге, руханиятқа бой ұратыны да сондықтан. Мағына-мазмұн дарытатын руханият болғандықтан, бала кезден үйрету керек. Осы жерде жеке тұлғалардың жауапкершілігін күшейту керек дер едім. Мысалы, көптеген ата-аналар балаларын мектепке табыстап қойып, ал мектептегілер керісінше ата-анаға сеніп, екіұдай болады. Бала, әрине, рухани тәлімді отбасынан алады, сондықтан дінмен біз айналыспасақ, дін бізбен айналысатын жағдайға жетіп отырғанымызды түсіну керек. Ата-аналар өздері рухани құндылықтарды белгілі бір дәрежеде игеріп, балаларына рухани бастауды сусындатуы қажет. Бесіктен берілетін ата-ана таным-тәрбиесін не балабақша, не мектеп алмастыра алмайды. Бұл баланың болашақтағы рухани бағдарының дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Ал екінші жағынан, бала тәрбиесімен айналысатын кез келген қауым олар үшін рухани ұстаз, идеал тұлғаға айнала білгені абзал. Кеше, кеңес кезінде ұстаз қандай мәртебелі мамандық болды, сол деңгейге ұстаздықты көтергеніміз жөн болар. Егер ұстазынан бүкіл рухани қасиеттерді, білімді ала білсе, біздің жастарымыз шетелден шайқы іздеген қазіргідей жағдайға ұшырамас еді…»

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызының BNews.kz тілшісіне берген сұхбатынан.

«www.bnews.kz».

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415