Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 5006 0 пікір 8 Желтоқсан, 2014 сағат 00:11

БАЗАР... ЖОҚ, БАҒА АРЗАНДАМАЙДЫ!

Жақында Астанада «Asianretail&distribution-2014» жеке сауда мен тұтыншылар тауарының дистрибуциясы» деп аталатын Азия бизнес-саммитінің өткені белгілі. Осы бизнес-саммитте халықаралық деңгейдегі сарапшылар «Қазақстанда жеткілікті мөлшерде сауда алаңдары болмайынша елдегі тауарлар мен тамақ өнімдері бағаларының төмендей қоюы екіталай, тіпті мүмкін де емес» деген қорытынды жасады. Ал кәсіби сарапшылардың осынау үзілді-кесілді қорытындылары шындыққа қаншалықты жанасымды – енді осы мәселені ой елегінен өткізіп көрейік.

Бүгінгі күні біздің елімізде бір адамға 0,4 шаршы метр сауда алаңынан келеді екен. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, мәселен, бұл көрсеткіш Америкада... 31 шаршы метр болып келеді. Ал енді сауда алаңдарының жетіспеушілігі қандай қиындықтарға немесе қандай күрделі мәселелерге тіреледі десек, бұған бір ғана мысал: мәселен, жұмыс істеуге қолайлы дағдайы жасалмаған сауда алаңдарының жетіспеушілігі сол алаң қожайындарының жалға берілетін нүктелеріне ойларына келген бағаны тағайындауларына даңғыл жол ашады. Шындық па бұл? ШЫНДЫҚ.

Осы тұста Қазақстан сауда өнеркәсібі қауымдастығының мәліметтеріне жүгінетін болсақ, өтке жылы біздің еліміздегі сауда алаңдарының жалға берудегі бір шаршы метрінің бағасы 500 бен 1600 АҚШ доллары аралығында болыпты. Әлбетте, мұндай бағаны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді, сондықтан қымбат сауда алаңдарын жалға алған кәсіпкерлер өз тауарларының бағаларын өлсе де төмендете алмайды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметтеріне қарағанда, қазіргі кезде елімізде 6,8 миллион шаршы метр көлемінде сауда алаңдары бар болса, ДЕФИЦИТтің көлемі 8 миллион шаршы метрдің айналасында болып отырған көрінеді. Бәріміз білеміз, біздің еліміздегі сауда алаңдары негізінен БАЗАРЛАР. Ал енді біресе ана қалада, біресе мына қалада бірінен кейін бірі жабылып жатқан базарлардың сұрауы бар ма? ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚ. Мәселен, Алматыдағы бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрған 74 базардың 35-і жақын арада жабылады деп күтілуде. Оу, сонда күнделікті саудасымен нан-шәйін тауып отырған «қатардағы қарапайым коммерсанттар» қайда барады сонда? Тараз қаласында анау-мынау емес, бақандай 16 базар бірден жабылып еді, 5 мың адам жұмыссыз... далада қалды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуларына қарағанда, аталып отырған мәселе елімізде жеткілікті түрдегі сауда алаңдарының кешенді бағдарламасы қабылданбайынша шешілмейтін көрінеді. Осы сала мамандарының айтуларына сенетін болсақ, аталмыш мәселелердің жеке сауда тәрізді кейбіреулерін заңдылық тұрғысынан шешуге болатын сияқты. Әйтсе де бұл мәселе күн тәртібіне нақтылы қойылып отырған жоқ.

Дегенмен, қазіргі кезде Кәсіпкерлер кодексі деген заң жобасын дайындау жұмысы жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Ал енді бұл жоба қашан дайындалып, қашан «өндіріске» енгізіледі – мұны бір Алланың өзі біледі, өйткені жергілікті жерлердегі әкімдіктер сауданың жаңа форматтарын жүзеге асыруға онша құлықты емес. Сонда базарлары жабылып, далбасалап далада қалған мыңдаған адамдар Кәсіпкерлер кодексі қашан қабылданады деп ас-ауқат ішпей, «диета ұстап» жүре бере ме?

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ауызбен орық орғанша», осы мәселенің нүктесін қоюға белсене кіріссе, құба-құп болар еді!

Марат МАДАЛИМОВ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5380