ҚМДБ: «ҮЛКЕН ЖИҺАД – ӨЗ НӘПСІҢМЕН КҮРЕСУ»
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстан азаматтарының мұсылман елдерінде орын алған соғысқа қатысуына байланысты МӘЛІМДЕМЕСІ
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!
Бүкіл әлемді жаратқан Алла Тағалаға мадақтар, Оның Елшісі Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мүшелері, Ғұламалар Кеңесі мұсылман мемлекеттерінде орын алған келеңсіз оқиғаларға алаңдаушылық білдіреді және тұрақсыздықты, діни жанжал мен алауыздықты өркениетті түрде, бейбіт жолмен шешуге шақырады.
Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған қарулы топтар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құры қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Олардың қатарына қосылған мақсаты айқын емес, дінді біліммен емес, сезіммен түсінген, қару алып, жиһадқа шыққан Қазақстан азаматтарының әрекетін қатаң айыптаймыз.
Ислам мемлекетін құру идеясын таратушылар қасиетті Қағбаны қиратып, жермен жексен ету керек деген пиғылдарын да ашық айтуда. Бұл – Исламға қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал. Кезінде Йемен патшасы Абраха көп әскермен Қағбаны қирату ниетімен жолға шыққанда, Алла Тағала олардың төбелерінен құстар жіберіп, тас жаудырып құрдымға батырған. Осылайша, қасиетті Қағбаны Алланың өзі қорғаған. Бұл оқиға «Піл» сүресінде ашық баяндалған. Осы сүреде: «Оларға топ-топ әбәбил құстарын жіберді. Құстар оларға балшықтан күйдіріліп жасалған тастар атты. Осылайша Алла желінген топан тәрізді қылды», – делінген.
Бүгінде ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио және видеоматериалдар күн санап көбеюде. Жуырда буыны әлі бекіп үлгермеген, оңы мен солын танымайтын, дінді ұстануға деңгейі мен қабілеті жетпеген жас қазақ балаларының қару кезеніп, соғысқа үндеген сөзі жарияланды. Өз сөзіне өзі жауап бере алмайтын жастағы ойын балаларының сыртқы күштердің ықпалы мен арбауында кетуі бізді, мұсылман жамағатын қатты өкіндіреді. Баланың болашағын ойлаған ата-ана бұған әсте жол бермеуі тиіс еді. Сан ғасырлық тарихы бар салты мен дәстүрлі дінінен қол үзіп, діни идеологияға санасы уланған кейбір ата-аналардың қасаң көзқарастары мен Құранға және шариғатқа қайшы, адамгершілікке жат әрекеттерінен баланың да болашағына балта шабылып, саясиланған діни ұстанымның құрбанына айналуда. Жастайынан білім алмаған, ата-әже, ата-ананың тәрбиесін көрмеген, мектеп мұғалімнің тәлімінен сусындамаған жеткіншек қоғамға қайтіп пайдасын тигізбек?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің уағыз-насихат жұмыстарында жастарды діндар болып кетуге немесе әсіре діншілдікті ұстануға шақырмайды. Отанын сүйетін, ата-анасын қадірлейтін, мемлекетшіл азамат болып өсуге үндейді.
Мұсылман адам дінді саясат үшін пайдаланғысы келетіндердің, Исламды мансұқтауды мақсат тұтқан саяси күштердің идеологиясынан сақтануы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік», – деген.
Теріс пиғылды радикалды ағымдар Исламдағы жиһад сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі «Жиһад ұғымы және қазіргі заман» туралы арнайы пәтуа шығарды.
Жиһадтың шарты: ең әуелі имамның (мемлекет басшысының) рұқсаты болуы тиіс. Шариғатымызда имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад (соғыс) істері имамға (мемлекет басшысына) жүктелгенінде ешқандай күмән жоқ. Күнә істерден бөлек басшыға бойсұну міндет. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй, мүміндер. Аллаға бойсұнып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойсұныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.
Екіншіден, шариғат шартына сәйкес, жиһадқа шыққан адамның мақсаты айқын болу, үшіншіден, дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болу. Егер бұл шарттар орындалмаса, онда оның іс-әрекеті бұзақылыққа, қаскөйлікке ұласады. Біреудің өміріне қауіп төндіруге, ар-намысына тиюге, зұлымдық жасауға – дінімізде рұқсат жоқ. Жаратушы Иеміз: «...Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәкар) болады...» («Мәида» сүресі, 32-аят) – деп қатаң ескерткен.
Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – мұсылманшылыққа жат, шариғатқа қайшы. Шындығында, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, қиындатып, шиеленістіре түседі. Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күресу», – деген.
Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық болуын көздейді. Пендені соған тәрбиелейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман елдерінде орын алып жатқан оқиғаларды қолдамайды және қазақ жастарының озбырлық әрекетін айыптайды.
Алла Тағала ел-жұртымызды бүліктен сақтап, бірлік-ынтымағынан ажыратпасын деп тілейміз.
Абай.kz