Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 5600 0 пікір 14 Қараша, 2014 сағат 03:00

«Алдымен ана тілімізді ардақтайық»

  

Ресми статистика бойынша бүгінгі таңда Моңғолияда 120 мың қандасымыз күн кешіп жатыр. Ондағы қазақтардың әдебиеті мен мәдениетінің дамуы соңғы жылдары біршама баяулап қалғаны қазір бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтыла бастады. Біз осыған орай Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының басшысы Дәрмен ҚҰЗЫКЕЙҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

– Амандықты мал-жанның саулығын сұраудан бастайтын ежелгі салтпен әңгімемізді елдің жағдайынан бастасақ.

– Моңғолияның экономикасы соңғы 4-5 жылда ерекше өсуде. Оған бірден-бір себепші болып отырған тау-кен өндірісінің дамуы мен табиғаттың қолайлығынан жалпы мал шаруашылығының өркендеуі. Сарапшылар да жалпы Азия елдерінің, оның ішінде дамушы шағын елдердің арасында Моңғолияның экономикасы соңғы жылдары ерекше дамуда деген қорытындыға келіп отыр.

Біздің аймағымызда да эконо­микалық өзгерістер молайып, соған байланысты жер, кен игеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, Нұғнұр сұмынының (аудан) Ұланқар деген жерінде мырыш өндірісі ашылды. Енді Асқыты деген жерде де кен орны ашылғалы отыр. Бұдан бөлек, су-электр стансасын салуға байланыс­ты зерттеулер қолға алынып, цемент өндіру ісінің жолға қойылуы секілді жақсы-жақсы үлкен жобалар аймағымыздың экономикасына айтарлықтай оң ықпал етуде. Әр жобаның бюджеті 1 миллиард тугрикке дейін жетеді.

Сонымен қатар, Моңғолияның үкіметінің жаңарту саясатында шағын өндірістерді өркендету, экспортқа шығаратын өнімдерді іштен өзі өндіру арқылы халық­ты қамдау жобасы қолға алын­ған. Кейінгі жылдары табиғат­тың қолайлылығынан мал ша­руашылығының өсуі де кіріс­тің бір көзіне айналған. Үкі­меті­мізден шыққан жоба-жоспар­лар мен малшыларға деген ізгі ниеттің арқасында мал өнім­деріне қамқорлық көрсету, мал­шыларға үстемелеп жалақы төлеу секілді жобалар әзірлеп, мал­шыларымыздың да кірісі молаю­да. Соған байланысты жергілікті жерлердің даму қоры деген пайда болып, одан келген қаражатқа әрбір сұмында жақсы істер көптеп істелуде.

– Жаңа бір сөзіңізде үкімет тарапынан мал өнімдеріне қамқорлық көрсету, малшы­ларға үстемелеп жалақы төлеу секілді жобалар қолға алынып жатқанын айттыңыз. Оны әрі қарай тарата түсіңізші.

– Соңғы жылдары мал шаруашылығы саласындағы шикізатқа үстеме төленіп жатыр. Мысалы, жүнді мемлекеттік компанияларға тапсырған жағ­дайда үкімет әр келісіне 2 мың туг­риктен үстеме төлейді. Сол сияқ­ты, тері-терсекке де үстеме төленеді. Бұл – мемлекеттік кәсіп­орындарды қолдау саясатымен жүзеге асырылып отырған шара. Үстіміздегі жылы ешкі түбітінің халықаралық нарықтағы бағасы бұрынғыдан 2 есе артуына орай, келер жылғы бюджет жоспарын­да оған тағы да үстеме төлеу жос­парланған.

Теріні өңдеу, түбітті тарау, сонымен қатар, жүн жуу өндірістері бізде баршылық. Дегенмен, әлі де ірі өңдеу өндірістері жоқ. Шағын өндіріс енді ғана пайда бола бас­тады. Жүнді жуып, Германияға экспорттап отырмыз.

Қазір малдың бағасының 5 пайызын шикізат өнімінен шығарып алуға болады. Өздеріңіз хабардар боларсыздар, жуырда Ресей Президенті біздің елімізге келген сапарында ішіп-жем, соның ішінде ет алу шартына қол қойды. Біз де оның дайындығына кірісіп кеттік. Егер экспортқа ет шығаратын болсақ, малдың бағасы әлі де өседі.

– Қазақстанға апару жайы қалай?

– Кеңес Одағы кезінде Се­мей ет комбинатына тек Баян-Өл­гей аймағынан ғана емес, Моң­ғо­лияның бүкіл батыс өл­кесінің ма­лын жіберіп тұратын­быз. Ол кезде оны айдап баратын. Біздің ендігі мақсатымыз – оны өңдеп шығару. Қазір алушы да сондай талап қойып отыр.

– Қазақстанға тіке автокөлік жолын салу мәселесі қалай шешілді?

– Арадағы 45 шақырым жол Ресейдің жері арқылы өтетін болғандықтан, тоқтап тұр. Шығыс Қазақстанға тіке шығатын бұл жолдың Қазақстан жағы дайын. Ол Ресей Президенті Владимир Путин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы келісімге тіреліп тұр.

Жалпы, бұл жолды ашуға Моң­ғолия да мүдделі. Бұған дейін та­рап­тарға көптеген ұсыныс жасап кел­ді, бірақ әзірге ол шешілмей ке­ле жатыр. Дегенмен, Қазақстан, Ре­сей, Беларусь арасында Еуразия­лық эко­номикалық одақ құрылған соң бұл да шешіледі деген үміт бар.

– Моңғолия қазақтарының саны қазір әр жерде әртүрлі айтылып жүр. Бұл туралы сіздің пікіріңізді білсек.

– Аймағымыздағы халық саны 91 мың адамды құрайды. Оның 93 пайызы қазақтар да, қалған 7 пайызы моңғол ағайындар. Жалпы, статистика Моңғолия көлемінде 120 мың қазақ бар дейді. Бұл – ресми дерек. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Моңғолиядан атамекенге көшкен ағайындардың саны 70 мыңға барды деп отырмыз. Халықтың табиғи өсімімен бұл ағайындардың да орны толды деуге болады.

– Естуімізше, жұма күні сіздерде кафе, ресторандарда ішімдік сатылмайды екен?

– Бұл көп жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұл – халқымыздың дінін, әдет-ғұрпын сақтау, саламатты өмір салтын қалыптастыру жолында үкіметтік тұрғыда істеліп отырған шара.

– Жастарды мемлекеттік қызметке тарту, оқыту, тәр­биелеу жағы қалай?

– Жастарға мемлекеттік жұмыс­қа араласуға үлкен мүмкіндік бар. Бірақ, өкінішке қарай, жұ­мыс орындары аз. Жастарды тәр­биелеуге қатысты мемлекеттің көп­теген бағдарламалары бар. Олар­дың әрі қарай оқып жетілуіне қатысты мемлекет тұрғысынан да, аймақтық әкімшілік тұрғысынан да әртүрлі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – жастардың әкімшілігі дамыған шетелдерде тәжірибе алмасуы. Бұл бағыттағы өзара қарым-қатынасты жақсарту үшін бірқатар елге ұсыныстар жасалған. Жалпы, бізде қай ұлт болса да бәріне бірдей теңдік берілген.

– Мектептердің жайы қалай, кейбір жастардың көшеде моң­ғолша сөйлеп жүргенін бай­қап қалдық? Қандай мұқтаж­дықтарыңыз бар?

– Аймақта 43 мектеп жұ­мыс істесе, соның 38-і қазақ мек­теп­тері. 1990 жылға дейін оқу жүйе­міз бірдей болған. Сол кезде Қазақстаннан оқулықтар алып тұрдық. Одан кейін әр елдің оқу жүйесі өзгеруіне байланысты Қазақстан оқулықтарын ала алмай қалдық. Осы уақытқа дейін моңғол оқулықтарын қазақ тіліне аударып оқып келеміз. Әлі де қаражат жағдайына байланысты кейбір жетіспеушілік бар. Бұрын 5 сыныпқа дейін қазақ мектептерінде сабақтар түгелдей қазақша өтетін. Кейінгі кезде 2 сыныптан бастап моңғол тілінде оқытылатын болды. Біздің басты мақсатымыз – ана тілін меңгеру арқылы басқа тілді үйрену. Бұл бағытта соңғы жылдары Білім министрлігі жанынан қазақ тілі секторын құрып, сол арқылы моңғол тілін меңгеруге сараптама, зерттеулер жасалды. Жуырда Ұлы құрылтайда (парла­мент) тіл мәселесі туралы заң қа­был­данғалы отыр. Бұл заңға да ұсыныс білдіріп жатырмыз. Негізгі заңда көрсетілген тепе-теңдік тіл заңында да көрініс табады деп ойлаймыз.

Мұқтаждыққа келсек, бұрын Қазақстаннан оқулықтар, баспа өнімдерін тікелей алып оқитын­быз. Ол тоқтаған соң, шынын айту керек, мәдениет, білім жағы­нан біршама ақсадық. Біздің ұсы­нысымыз – Қазақстаннан білімге қатысты қолдау жасалып, онда оқулық, баспасөз өнім­дері, тәлімдік және көркем әде­биет кітаптары қамтылса. Оған Моң­ғолия жағынан кедергі болып отырған ешкім жоқ.

Мерзімді басылымдарға қолы­мыз жетпегенмен, қазақстандық телеарналар түгел көрсетіледі. Күнделікті бағдарламаларыңызды көріп отырамыз. Егер Қазақстан тарапынан қажетті көмек жасалса, Моңғолия қазақтарының ұрпағы тілін, ділін, дәстүрін бұдан әрі қарай да сақтайтыны күмәнсіз. Осы арада, сондай-ақ, театрдағы режиссерлік жұмысқа, оның репертуарлық қорын молайтып, ұлттық аспаппен қамдауға және оған қажетті мамандарды Қазақстанда дайындауға да қаражат бөлінсе деген тілегіміз бар. Қазір бұл мәселелерді шешуге өз күшімізбен әрекет жасап жатыр­мыз. Дегенмен, мүмкіндік шектеулі.

– Әңгімеңізге рахмет. Моң­ғолиядағы қазақтардың дәл қазіргі ахуалы туралы біраз хабардар болдық. Енді оған жауапты тиісті құзырлы орындардан күтеміз.

Әңгімелескен

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

журналист.

АЛМАТЫ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053