ШҚО әкімі. Ол не істеуі керек?
Павлодар облысының әкімі болған. Премьер-министрдің орынтағында да отырып көрген. Қолына қару ұстап, иығына оқа тақпаса да Қорғаныс министрінің «керзі етігін» киіп жүріп қайда кеткені белгісіз ізім-қайым жоғалған Даниял Ахметов қызмет бабымен қайта жоғарлады. Сірә, өзі де бақ-тәлейсіз емес, қолдап-қорғаушылары да оңай-оспақ емес-дүр. Біреулер бұ кісіні Еуразиягруп атанған Машкевич-Шодиев қауымы жетектеп жүр десе, біреулер «Даниял Кенжетайұлының өзі іскер азамат, мемлекетшіл қайраткер» дегенді айтады. Жә, кім не десе о десін мемлекеттік маңызы ерекеше лауазымды қызметтерді атқарып ысылған Ахметов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барды. Ісіне береке, сәттілік тілейміз. Сәттілік тілей отырып Ахметов мырзаның қаперіне мына жайттарды да салып қойғанды жөн көрдік:
- Еліміздің Шығыс өңіріне байланысты Ресей саясаткерлерінің аузынан бірнеше рет қисынсыз сөз шығып қалды. Тіпті «Усть-Каменегорск халықтық республикасын құру керек» дегенді айтқандар да және оны жабыла қолдағандар да болды. Бұның бәріне «ит үреді, керуен көшеді» деп қарап отыруға болмайды. Дер кезінде пәрменді жауап болып тұруы керек.
- Шығыс аймағымызда әсіресе шекаралық аудандардың халқы сирек қоныстанған. Шоғырландыру керек. Тұрғындар санын арттыру керек. Алтайдың шығыс бетінде Атажұртына ағылғалы тұрған ағайын бар. Малшарушылығының «майын ішкен» кәнігі мамандар. Солардың көшіп келуіне жағдай туғызып, аймақтық көші-қон бағдарламасын түзу керек.
- ШҚО өндірісті өңіріміз. Әрбір өндіріс орындарының қасынан кәсіптік техникалық білім беретін оқу орындарының ашылуына облыс әкімі тікелей өзі жетекшілік етсе, тіпті құба-құп болар еді. Талапкерлерді Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарынан тартуға әбден болады. Сонда ШҚО-дағы кәсіпорындар жаңа мамандармен толығып, кадр тапшылығы жойылады. Әрі бұл өңірдің демографиясы үшін де пайдалы болмақ.
- Өскемен қаласында орта және арнаулы білім беретін мекемелердің саны аз. Кейбір мектептерде балалар үш ауысыммен оқып жатыр. Оны айтасыз, сынып бөлмесі жетпегендіктен әжетханада оқып отырған қаракөз қазақ балалары бар. Бұрынғы әкім Бердібек Сапарбаев оны жоққа шығарған жоқ. Қайта сондай сұмдықтың барын жайып салды. Кезінде ол туралы «Абай.кз» сайты жазды да. Демек, балабақшалар мен мектептердің санын барынша арттыру қажет.
- Ақпараттық қауіпсіздікке аса мән берілуі керек. ШҚО-да сырттан қаржыландырылатын БАҚ көздері бар. Олардың еліміздегі ақпарат кеңістігінде бұлай өмір сүруі ҚР БАҚ туралы заңына қайшы. Сондықтан жергілікті БАҚ-пен жұмысты күшейте отырып, орталықтағы қазақтілді БАҚ-пен байланысты игі дәстүрге айналдыра беру қажет.
- Жергілікті халықтың ұлттық намысын қорлайтын, сағын сындыратын, жасытатын шетін істерге тыйым салынуы қажет. Әрине, бұл өзге ұлт өкілдерін кеудесін бас, кері итер деген сөз емес. Аймақтағы ұлтаралық татулық, өзара түсіністік береке таба берсін.
Әкімге ақыл айтып, кеңес соғудан аулақпыз. Турасына келсек, ШҚО әкімі не істеп, не қоятындығын бізден сұрамайды. Әйтсе де, жоғарыдағы жайттер Ахметов мырзаның қаперінде жүрсе екен дейміз.
Abai.kz