Сенбі, 23 Қараша 2024
Сараптама 6457 0 пікір 11 Қараша, 2014 сағат 14:00

Шыңғыс Ергөбек. РЕСЕЙ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

 

-Ресей, қайда барасың?

- Ұлтшылдыққа барамын!

  Ресей билігінің соңғы кездері жасаған әрекеттерінің барлығы ұлттық мемлекеттікті нығайтуға бағытталған саясат екендігі аңғарылып келе жатыр. Бұған дәлел ретінде Путиннің соңғы кезеңде жасаған мәлімдемелерін айтуға болады. ТМД мемлекеттері басшыларының кездесуі барысында Путин өзінің әріптестерінен Ресейдің ықпал ету аймағын кеңейтуге мүдделі екендігін жасырмады. Ол тіпті «еуропашыл» Молдова, Украина, Грузия елдерінің басшыларын қатаң сынға алды. Бұл елдер, Путиннің ойы бойынша, өз халқының қамын ойламастан қуатты экономикасы бар елдердің қатарына қосылуды көксейді екен. Тіпті кейбірі НАТО ұйымына қосылуды армандайды. Путин француз телеканалдарына өзінің берген кезекті сұхбатында Ресейдің Қырымды өз құрамында қалдыратындығын мәлімдеді. Мұның негізгі себебі ретінде Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігі екендігін жасырмады. Тіпті Путин Миланда өткен Еуропа-Азия саммитінде өзінің еуропалық әріптестеріне Ресейдің ұлы держава ретінде әлемдік саяси аренаға қайта оралуды көздеп отырғандығын да жасырмады. Әрине саммит барысында талқыланған негізгі мәселе Украина төңірегінде дағдарыс болғанымен, Путин бұл саммитті өзінің дербестігі мен қуатын көрсету үшін пайдаланғаны анық. Саммиттің барысында жоспарланған кездесулерге кешігу, әріптестеріне салғырт қарау, саммит қонақтарына арналған салтанатты кешке қатыспау Путиннің бұл саммитте «екінші скрипка» ретіндегі рөлімен келіспейтіндігін айқындады. Тіпті газға қатысты мәселені талқылаудың барысында Украинаның газ бойынша сыртқы қарыздарын тек Ресейдің ғана емес, Батыс елдерінің кепілдігіне де арқа сүйей отырып төлеу керектігіне назар аударды. Бұл, бірінші кезекте, бауырлас ел деген Украинаның өзіне бағытталған теріс әрекет. Әрине, Украина Ресейдің ықпал ету аймағынан бетті Еуропаға қарай аударды. Дегенмен, «бауырлас» елдің аты «бауырлас ел ғой».

Екінші кезекте соңғы уақытта әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе - Ресейдің әлемнің шартарабындағы  «орыс ұлтының мүддесін қорғаушы» тұжырымдамасы. Әрине, кез-келген мемлекет қандас бауырларының мүддесін қорғауды өзінің миссиясы деп қарастырады. Дегенмен, Ресей өзге егеменді елдің тұрғындарымен әрекет етіп жатқандығын ұмытпағандығы жөн. Себебі, айталық, Украинадағы орыс ұлтының өкілдері өзгеден бұрын Украина азаматтары. Азамат болғандықтан сол қоғам мен қауымдастықтың бір бөлігі. Қазіргі Ресей саясаты Украинадағы орыс ұлтының өкілдерін оқшаулауға бағытталған. Орыс ұлты Ресей империясының өкілі ретінде қарастырылады. Бұл Қазақстан, Беларусь секілді Ресеймен көршілес елдерге де қауіпті құбылыс. Себебі, Ресейдің бұл саясаты көршілес елдердегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Тіпті көп жағдайда осы аймақта орналасқан орыс этносының өкілдері өзін «Ұлы Ресейдің» өкілдері ретінде қарастыруға ынта білдіріп отырғандығын байқауға болады. Бұл бірінші кезекте көрші елдердегі «ұлы көршіге» қарағанда «орыс ұлтына» деген қорқыныш немесе сезіктілік сезімін тудыратындығы анық.

Үшінші мәселе, Ресейдің ішіндегі өзге ұлт өкілдерінің өзін еркін сезінбеуі. Ресейдің негізгі идеологиясы «мемлекет, ұлт, православие» деген идеологияға қайта оралып келе жатыр. Осы үш негізгі базистің тысында қалған топтар біртіндеп жетімсірей бастайтындығы соңғы уақытта айқын сезілуде. Әрине, Путин өзінің берген соңғы сұхбатында «Мен ұлтшылмын. Бірақ шовинист емеспін. Шовинизмге жол бермеймін» - деген болатын. Бірақ, шовинистік күштер бұл тұжырымдаманың алғашқы бөлігін ғана қабылдаған секілді. Себебі Ресейдің өзінде соңғы уақытта өзге ұлттарды айтпағанда, славян ұлттары болып есептелетін белорустар мен украиндарға қысым айқын аңғарылуда. Жарайды, Украина қақтығыс жағдайында өмір сүруде, ал белорустардың не жазығы бар? Осы сауал Ресейдің көршілерімен болуы мүмкін дағдарыстың жаңа кезеңге бет алғандығын көрсетеді.

Кез-келген жағдайда Ресей саясатындағы ұлтшылдық элементтер тек Ресейдің ғана емес, тұтастай бір аймақ көлемінде және ғаламдық деңгейдегі тұрақсыздық пен сенімсіздіктің қайнар көзі болып отыр.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351