ТЕРЕҢДІК. ТӘМСІЛ. ТАЛАСБЕК
Фото: Таласбек Әсемқұлов. Сурет "Айқын" газетінен алынды.
Қазақ жастары бір жылда екі бірдей рухани сардарынан айырылды. Оның бірі көктемде кеткен ақын Әмірхан Балқыбек болса, екіншісі күзде қайтқан жазушы Таласбек Әсемқұлов еді.
Екеуі де жастардың досы, әдебиетшілердің көңіл көкжиегін кеңітіп отырған энциклопедиялық білім иесі еді. Арғы-бергі тарихты, әдебиет пен мәдениетті сол екі азаматтан артық білетін адамды таба алмайтынбыз. Сол екі ағаның интеллектуалдық күшін пайдаланса, тау қопаруға болатын еді. Бірақ екеуінің де қоғамға керектігін сезінген мерейлі сәтінен гөрі қажетсіздігін түйсінген қамырықты күндері көбірек болған сияқты. Басқа кез келген қоғамда ақылды адамның, интеллектуал, талантты адамның мерейі үстем, ол адам бай-дәулетті. Біздің қоғамдағы парадоксқа қараңыз, жаңағы екі ағамыз да ұшан-теңіз біліммен соңғы жылдары үйде отырды. Жұмыссыз. Қазақтың кез келген баласы солармен деңгейлес болса ғой, әңгіме басқа еді. Бірақ олай емес. Олар мыңнан, тіпті миллионнан суырылып шыққан ардағымыз еді. Ал қай жағыңа қарасаң да білімсіздер мен дилетанттар толып жүреді. Ең білімді адамдар жұмыссыз отырады. Бұл ненің құдіреті? Рух пен тексіздіктің күресі жүріп жатыр десек, екі ағаның өмірі де сол ұлы майдандағы үлкен құрбандықтар сияқты әсер қалдырады. Бұл – қоғамға соғылған шапалақ, рухтың ескертпесі. Біз жеңіліп жатырмыз... Жә, ол жайында кейінірек.
«Елу сегіз деген еркек өлетін жас па екен?» деуші еді «Талтүс» романының бір кейіпкері. Күй сияқты құйылып тұрған роман жазған Таласбек Әсемқұловтың өзі де, жаңағы сөзді аузына Құдай салғандай, елу тоғызында ықылымға кетті. Құдай салғандай дейміз-ау, шын талант иесінің сөзін, аузына Құдай салмағанда, кім салатын еді? Өмір мен өлім қандай тылсым болса, талант та сондай тылсым ғой. «Таласбектің бүкіл өмірі, жазғаны мен сызғаны, түйгені мен түйсінгені тылсымға толы еді» дегенді, қателеспесем, Дидар Амантай айтты-ау деймін.
Расында, Таласбек Әсемқұловтың қоңырқай жүзіне, ойлы көздеріне байыптап қарасаң, кеудесіндегі күмбірді естуге болатын. Бір сәт те тоқтамай, байыппен, сырбаз ғана төгіліп тұратын, мұңды да сәулелі қоңыр күй еді ол. Таласбектің ел айтатын тылсым магиясы сол болатын. Сол күйдің бұдан былай тыншығанына иланғың келмейді. Ол өзі тартатын күйлер сияқты кең, эпикалық тыныстағы адам еді ғой. «Тәттімбет сері» романына үңілейікші. «Адам тағдырды таңдамайды... таңдай алмайды... Тағдыр адамға қонады... Сондықтан тағдырың ән екен, ал ән бақытқа... қуанышқа жат... Бақыт пенен ән... бір-біріне ешқашан қосылмайтын... бір-бірімен қатар тұра алмайтын... екі бөлек жаратылыс... Ән... қасiретпен ғана туыс... Қасірет пен қамырық... әннің азығы... Ал тағдырың ән екен... онда көрешегің – қасірет... Осыған мойынсұн... Себебі бүгін айырылғаныңнан... келешекте айырыларыңнан... баяғыда... өзің дүниеге келмей тұрып айырылғансың... Себебі... сен әнсің... ән болып келдің... ән болып кетесің... Бұл дүниеде... сен қимайтын ештеңе жоқ...». Бұл, өнерпаздардың бәріне айтылған кесім. Ауыр да азапты, бірақ шыншыл кесім.
Адамның санасында ең үлкен сілкініс, ең үлкен жаңалық, өлімнің хақтығын түйсінген кезде болады. Бала кезіңде әлдекімнің өлімін көруің мүмкін. Саған айтады, «Нағашы ағаң (атаң, апаң, бәрібір, әйтеуір сен өзің жақсы көрген бір адам) басқа жаққа кетті, енді келмейді». «Еее, дейсің сен. – Тым алысқа кеткен болды-ау». Одан кейін де өлімді талай рет көруің мүмкін. «Тірінің бәрі өледі» дегенді орайы келгенде айтып та жүруің ықтимал. Бірақ өлімнің хақ екенін әлі түйсінбейсің. Оны түйсіну сәті бір адамға ерте, бір адамға кеш келеді және өмірде бір-ақ рет келеді. Сол сәттен бастап адам өзгеретін, есейетін секілді. Таласбек Әсемқұлов кітаби білімнен бөлек, өмірлік даналықтың, өмірді ең жоғарғы мағынасында қабылдау білімінің иесі еді. «Талтүстегі» қиянатты көп көрген Әжігерейді алыңызшы. ( Әжігерей Таласбек ағаның балалық шағы емес пе еді). Қаршадай кезінде атасы қайтқанда, қандай терең байламға келеді: «Өлім – адам өзгерте алмаған жалғыз ғана байлам екен. Басқаның бәрін өз ақылына бағындырды, айтқанымен жүргізді. Өлім ғана адамның билігінен тыс, пәк күйінде қалыпты. Пенденің арманы таусылған ба. Қолынан келсе өлімге де билік жүргізер еді. Бірақ өлім, адам ешқашан аттай алмайтын шектің ар жағында, тылсым дүниесінде тұр. Адамның қолы оған ешқашан жетпейді. Адам тек қана өле алады. Бірақ өлімнің сырына ешқашан қана алмайды. Сондықтан өлім дүниедегі жалғыз ғана шындық, кір шалмаған жалғыз ғана ақиқат... Кенет... жақыныңның өлімі өзіңнің өліміңе меңзеп тұрғанын түйсінесің. Себебі әр өлім – әркімнің өлімі. Себебі әр өлім – бәрінің өлімі». Қандай тамырлы, кемеліне келген байыпты пікір. Бәріміздің санамыздың бір түкпірінде байыз таппай безгектеп жүрген ой. Бірақ сол ойды Таласбек қағазға түсіргенде ғана, ол киелі кітап сөзіндей бұлжымас формасын табады.
«Пенденің жалғыз жұбатушысы – өлім, – деді ол тағы да сол романда.
– Адам пенде қырық құлаш зынданның түбінде жатса да өмірден үмітін үзбейді. Ал өлім деген басқа, ерекше бақ. Әрбір адамға кесімді күні келетін тәни өлім емес. Пақырлықтан кемелденген, бес жасар баланы пайғамбар дәрежесіне көтеретін ерекше түйсік ретіндегі өлім». Жалаң пәлсапа емес. Балаң көңілдің сәттік әсері де емес. Адам ұзақ өмір сүріп, көп қуаныш пен қасіретті көргеннен кейін ғана, аспан жақтан келіп, жүрекке түйілуі мүмкін жалғыз байлам. Көп адам ондай байламның биігіне көтеріле алмайды. Олардың өлімнен қорқатыны да содан шығар? Ал Таласбек қорықса, «жиған біліміммен бөлісе алмай кетем-ау» деп қорықты. Өлімнен қорыққан жоқ. Оның мінез-болмысы бала сияқты болса да, «момақан даналық» ылғи да өзімен бірге еді. Біреулер айтады, «Көзі тірісінде мақтау керек еді, Таласбек өз бағасын білмей кетті» дейді. Жоқ, ол кісі өз бағасын білетін. Өзгенің бағасын соншалықты білетін адамның өз бағасын білмеуі қисынға сыймайды. Бірақ жылы сөзге зәру болған жоқ десек, тағы да жалған болар еді. Ол өз бағасын біле тұра, өзі айтатын «публика болып қалыптаспаған» қоғамның өзімшілдігі мен пасықтығына көндіккен, дүниенің опасыз жалғандығын да, бәрін – бар қалпында қабылдайтын және соның бәрінен биіктей алған адам еді. Ақылы кемел адам бәрінен биіктей алады. Бірақ ақылдан бөлек, жан деген субстанса бар емес пе? Міне, сол жан деген жарықтықтың «ауыру, жаншылу, азап шегу» деген қабілеті болады. Адам ақылымен бәрінен биіктеп тұрған күннің өзінде, жүрегі мен жүйке жүйесіндегі әлдебір иірімдер оның жанын қылбұрауға салып шыңғыртып жатады. Талантты адам бізсіз де жалғыз, есті адам бізсіз де бақытсыз.
Кейде Таласбек аға келешектің адамы сияқты көрінетін. Кейде керісінше, он тоғызыншы ғасырдан адасып, қалып қойған адамдай елестейтін. Аңғалдығы мен даналығы астасып жататын, пейіл тазалығы оған жастарды, жастарды оған тартатын да тұратын. Ол қашан да жаңалықтың, кәсібиліктің, таланттың жағында болды. Және жастарды өнерге тар шеңберде қарамауға үйретті. Өзі дәстүрлі прозаның өкілі бола тұра, жаңашыл әріптестерін қорғап-қолдау жолындағы жанкештілігі таңғалдыратын. Сөйтсек, ол әдебиеттегі корифейлердің өзінен кейінгіні көрмей тастау «талантына» таңырқап, ең бастысы, кейінгі буынды да сол шеңберде тәрбиелеп жатқанын сезгенде үндемей тұра алмаған екен. Өнерге қиянат басталғанда шыдай алмаған екен. Өйткені өзі айтпақшы, «талғам деген эстетикалық ар-ұят» болатын.
Таласбек ағаның кез келген мақаласы үлкен философиялық, эстетикалық трактаттың жүгін арқалаушы еді. Әрқайсысы көркем шығармадан бетер терең болатын. Ойын сығымдап беретіні соншалықты, әр абзацын бұталап, жаңа ой, жаңа толғам мен пайым ашып, таңырқап жататынсыз. Ол Дидар Амантай, не Ақберен Елгезек, не Ербол Алшынбай сияқты өзі жақсы көретін інілерінің шығармашылығын түсіндірсе, жалпы, әдебиет, жалпы, сөз өнері, ойлау жүйесі, өмірге пәлсапалық қатынас жайлы жазған болып шығатын. Өйткені ол кісінің тыныстау тәсілі сол еді, ол не нәрсені де өзінің оқыған, білген көп дүниесінің контекстінде қабылдайтын. Біздің кейбір құбылыстарды, мінездерді, кейбір авторларды ол кісідей қабылдай алмайтынымыз, жаңағы авторлардың кемшілігінен емес, өзіміздің Талас ағадай терең біліміміз мен кемелдігіміздің жоқтығы еді.
Ол кісі бірде телефон шалды. «Оқығам жоқ» деген мақалам шықты, оқыдың ба?» «Оқығам жоқ...». Талай нәрсені «білмейді екем, көрмеппін, оқығам жоқ» деп мойындауға тура келеді, бірақ дәл осы мақалаға қатысты Талас ағаға айтқан жауабымдағы ауырлықты бұрын-соңды сезіп көрсемші. «Оқығам жоқ...». Қарап отырсам, сол мақалаларымен-ақ Таласбек аға бәрімізді тәрбиелеп жүр екен ғой. Ешқандай университетте сабақ бермеген, ешбір дәрісі үшін жалақы алмаған, бірақ саналарда билік жүргізетін ұлы лектор, ұлы ұстаз болыпты. Қазақтың көкірегінде сәулесі бар бүтін бір ұрпағын өсіріп шығарған екен ол. Былай қарағанда, «оқығам жоқ» синдромы бір ғана Таласбек ағаның буынында ғана емес, одан кейінгі жас буында да бас көтеріп келе жатқан. Ол ағалардың іштарлығын бейсаналы сезуден туған жап-жас іштарлық болатын. Таласбек аға соның алдын алды. Үйінде отырып-ақ, «otuken.kz» сайты арқылы-ақ үлкен жүкті көтеріп жүріпті.
Жоғарыда айтқандай, ол басқа дәуірде, басқа, бұдан гөрі текті, таза формацияда өмір сүруге тиіс адамдай еді. Және сондай формацияны қалыптастырғысы келді. Өзім көрмесем де, кейінгілер көрсін дейтіндей-ді. Таласбек аға шексіз оптимист болатын. «Эфиальттың кегі немесе қазақ интернеті жайлы бір үзік сыр» деген мақаласы естеріңізде ме? «Интернетті жою ауаны жоюмен бірдей» дейтін жаңашыл кейіпкері Асанқадыр туралы: «Ертегідей өмірдің шеті бізге тақап келе жатыр. Бірақ оның да үсті бұлтсыз аспан емес. Өзіне тән ой-шұқыры, қалтарыс-қатері бар. Міне, осы жаңа болмыс, жаңа шындықтың сақшылары, сақтаушылары таксилерінің терезесінен қол бұлғап кетіп бара жатыр. Болашақ осылардың қолында дедім іштей. Тек абыройдан айырмасын» деп аяқтайтын еді ғой... Ол өзі де, «otuken.kz» сайтын оңды-солды шарлап жүрген ұрпақтан көп үміт күтті. Өйткені ол ұрпақ өзгенің мәдениетімен, әдебиетімен қаншалықты таныс болса, өз халқының рухани байлығының шын бағасын, жоғары бағасын соншалықты білуге тиіс. Және ол ұрпақ өнерге ешқашан қиянат жасамайды. Таласбек ағаның тәлімін дұрыс сіңірсе, дәйім лайықты шығарманы мойындайды, жаңашылдықты қабылдайды, бейнелеудің жаңа тілін іздейтін болады.
Және Таласбек аға төгілтіп, бұрқыратып та жаза алатын. Әсіресе, кинодраматургияда түйдектеліп, төпелей құйылатын шұрайлы тілді тірілтті. Мұхаң мен Ғабеңдерден кейін дәл солай көркем тілмен сөйлесетін, астарлап сөйлеп, көп айтатын кейіпкерлерді көрген емеспіз. «Ағатай, осы сені ішіңнен бір нәрсе оттай қари ма, ал мені шоқтай шыжғырады» дейтін Біржан салынан кейін кемеңгер Құнанбайды күтіп жүр едік. Бұған дейін «Тұмарды» жазды, «Жезтырнақ», «Көкбалақтың өлімі» болды, ұсақ-түйекпен алданбай, алаңсыз жазуға мүмкіндік болғанда, тағы қаншама дүниелер ойында бар еді... Ол кісінің романы мен повесіне де қаншама ақпарат, қаншама тұжырым сығымдалып еніп жататын. Прозаны көп жазған жоқ. Бар болғаны екі роман, бес-алты әңгіме ғана. Бірақ ішінде қаншама жаңалық, баяғы қазақ үшін үйреншікті, қазіргі қазақ үшін тосын жаңалық бар еді. Қазақтың ұлттық дүниетанымы барған сайын жұқарып бара жатқаны рас қой. Таласбекпен бірге екі өкініш кетті. Соның бірі, енді қазақта соншама білім жинайтын, білімге ашқарақ ұрпақ туа ма, оның бәрін қазақы зердемен қорыта ма, екіншісі, бұдан кейінгі, Жүнісбайлардан (Таласбек Әсемқұловтың атасы) тәлім алмаған қазақтың бойына сол тамырлы таным біте ме деген өкініш.
Олай дейтініміз, Таласбек Әсемқұловтың әлемінде ашық мәтінмен айтылмайтын, бірақ қазақ үшін аса маңызды ұғымдар болатын. Есіңізде ме, «Талтүстегі» алғашқы оқиға? Сабыт шал кемпірінің мойнына шылбыр салып, атпен сүйрей жөнелетін. Ел-жұрт тоқтатып алғанда, «Не болды, Саба?» деп сұрамай ма? «Періштедей баламды қор қылды, сүйегін жасытты» дейтін ақсақал. Әжігерейді басынан тепкені үшін кемпірін төркініне қайтарушы еді. Немесе «Біржан сал» фильмінде «Азаматтың ары тапталып жатқанда бір қатынның өлімі садаға» дейтін Әпіш. Соның бәрі бізге бұлжымас заң, мызғымас мораль болып бекіді. Өйткені ұмытыла бастаған, бірақ қанымызда, санамызда бар ұстанымдар еді. Қазақ мәдениеті Омар Жәлел айтпақшы, «Матушка Россия дейтін орыстардікі сияқты әйел текті мәдениет емес, атажұрт, атамекен дейтін ататекті мәдениет». Тағы да сол «Талтүстегі» Әжігерейдің ұнатқан қызымен кездесіп келіп, таңертең атасына сәлем беретін сәтін алыңызшы. «Атамның көзінен өзгенің бақытына деген шексіз құрметті көрдім» дейтін. Таласбек ағаның өзі де сондай жомарт, дарқан жүректің иесі еді. Оның оптимистігін де, жастарға жақындығын да солай ғана түсіндіруге болады.
Өйткені адам о баста бақытты болып дүниеге келеді. Оны бақытсыз қылатын, шерменде қылатын біз. Біз дегеніміз, қоғам, қоғам деген машина, кәдімгі конвейер, барыңды, асылыңды жұта береді, жұта береді, жұта береді... қазір жастар бір нәрсені түсінгендей болды. Таласбек пен Әмірхан тарығып өткен қоғамнан аяушылық күту, жақсылық күту қисынсыз. Бұл қоғам жақсы адамның, терең адамның, ілім жиған адамның қадірін білмейді. Сырттай қарағанда саналы адамдардың ұясы сияқты көрінетін әдеби ортаның, зиялы ортаның да жазылмаған заңдары бар. Ал Таласбек ағалардың бар айыбы, сасық заңдармен жүрмеуінде еді. «Тура биде туған жоқ» деп талай адамды көзінше сынады. Ащы айтқан кездері болды. Сол кісінің сөзінен кейін «ауырып» қалған талайды білеміз. Бірақ Таласбек ағаның ең керемет қасиеті – жақсы шығарманы көргенде үндемей қалуды қылмыс санайтын. Бәріміз сол кісідей ойлап, сол кісідей әрекет етсек, өнер мен әдебиетте әділет орнап, оның сапасы биіктер ме еді, кім білсін...
Ұлттың сапасы санаулылармен өлшенеді ғой. Таласбек, Әмірхан, кешегі Асқарлар сияқты, ой алыптарымен өлшенеді. Сондықтан олардың күйі – «мемлекеттік маңызы бар іс» болу керек. Жоғарыда айттық қой, рух пен тексіздік тайталасында тексіздік тықсыртып барады. Ал мына қоғамның рух иелерін бағалайтын беті көрінбейді. Басқаны былай қойғанда, мысалы, Таласбек Әсемқұловтың үйіндегі жеңгеміз Зира Наурызбаеваны танымы терең, аса талантты мәдениеттанушы ретінде білеміз. Осындай екі бірдей талант иесінің бір шаңырақта тоғысқанына ылғи да таңырқап жүруші едік. Енді Зира жеңгеміз қорғансыз қалғандай елестейді. Таласбектің жары болғаны үшін емес, аса терең интеллект иесі болғандығы есепті, Зираның білім-білігі құйылар арнасын тапса екен дейсің.
Өліге айтар өкпе жоқ. Айналайын тірілер, құрығанда біз, ойлы адамның жалғыздығына жалғыздық жамай бергенше, азабын жеңілдетейікші...
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ, мәдениеттанушы
"Айқын" газеті - aikyn.kz