Сенбі, 21 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7793 0 пікір 3 Қараша, 2014 сағат 13:37

«Өмір өзі сөйлейді»

Жақында белгілі қарт жазушы, ақын, журналист Дулат Ахметұлы Шалқарбаевтың (1923–2012) өзі өмірінің ақырғы жылдарында дайындаған соңғы кітабы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді.  Жинақ жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың алғысөзімен ашылған.

Дулат Шалқарбаев  ширек  ғасыр бойы аудандық, облыстық газеттерде, кәсіптік білім беру және мәдениет салаларында табысты қызмет атқара жүріп, көркем шығармашылықпен де үзбей шұғылданды. Жиырма шақты поэзиялық және прозалық кітаптың, бірнеше пьесаның,  балаларға арналған көптеген туындылардың авторы болды. Оның қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жайындағы «Кенесары мен Мыңжасар» поэмасы, тарихтағы «ақтаңдақтарды» жоюға үлес қосатын  «Ақиықтар» деген танымдық кітабы және ауылдастарының 20–30-шы жылдарда бастан кешкен қилы тағдырын көрсететін  «Дүрбелең» атты тарихи романы бар.

Жаңа кітабы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы «Өмір өзі сөйлейді» бөлімінде   кемел жасқа келген ақынның заманаға көзқарасын, белгілі тұлғалар туралы ой-пікірін, тіршілік хақындағы философиялық толғамдарын танытатын өлең-жырлары мен толғаулары берілген. Тарихтың әртүрлі кезеңінде өмір сүрген Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Жазылбек Қуанышбаев сынды халық ұлдарының, өзге де белгілі тұлғалардың өнегелі қасиеттері жыр арқауы болған.  Ал ел аузындағы шешендік сөздер жинақталған «Бабалар тағлымы» бөлімі  өзінше бір тәлімді тарих болып шыққан. Бұл топтамада оқырман қазақ шежіресінің көпшілікке беймәлім тармақтарымен, аты аңыз боп кеткен әйгілі Қарабура әулиенің өмір тарихымен,  айбынды Абылай хан, Сырым батыр, Кенесары хан, атақты қобызшы-сазгер Ықылас тәрізді белгілі адамдардың ғибратты сөздерімен, Арқа төсінде, оңтүстік өңірде солармен серіктесіп, қоян-қолтық өмір сүрген ел ағалары, қатардағы азаматтар жөніндегі мөлтек әңгімелермен танысады.   

Көп жасап, көпті көрген қарт қаламгердің осынау шығармашылық мұрасы оқырманға мол рухани ләззат сыйлары хақ.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1935