Сенбі, 23 Қараша 2024
Судың да сұрауы бар... 8421 0 пікір 21 Қазан, 2014 сағат 11:10

ЕЛДЕГІ СУ ЗАРЫ СУДЫРАХМЕТКЕ СӨЗ ЕМЕС...

Бүгінгі әлем халықтарының бір миллиардтан астамы бір жұтым суға зар болып, аңқасы кепкен заман туды. Тұтас аумағының 70 пайызын су басып жатқан жер шарының осынша қаталаған күйіне сенерсіз, бәлки, сенбессіз?! Егер сарапшылардың пікіріне құлақ ассақ, бұл жағдай 2025 жылға қарай мүлдем ушығатын көрінеді. Шамамен жұмыр жер жайлаған адамзаттың 80 пайызы ауыз суға зар болатын сыңайлы. Тіпті мұның салдары трансшекаралық өзендері бір-біріне көгенделген көп елдердің «қабақ шытысып», қақтығып-соқтығысуына ұласуы да мүмкін деседі. Бұл мәселе шекарааралық өзендері суалып бара жатқан Қазақстанға да қатысты болса керек.

Бұған осыдан әлденеше жыл бұрын Астанада өткен НАТО-ның Парламенттік ассамблеясының «Еуро-атлантикалық қауіпсіздіктің көкейтесті мәселелері жөніндегі парламентаралық сұхбаттастығы» форумында айтылған мына бір дақпыртты сөз дәлел сынды. Сол келелі кеңесте НАТО ПА-сындағы Франция Ұлттық ассамблеясы делегациясының мүшесі Лёйк Бувард: «Ауыз судың жетіспеушілігі Орталық Азия елдерін жауластырып тынады, не аймақтық кірігудің мейлінше қарқынды жүруіне түрткі болады. Қалай болғанда да, ауыз су мәселесі алдағы онжылдықтарда ең өзекті тақырыпқа айналғалы тұр!» – деген еді. Сол жолы азулы ұйымның өкілі біздің елдің қамын жеп айтпаса да, «жаманның сандырағы» келедінің кебін киіп, бүгінде Орта Азияның суға зарыққан күндері басталған.

Бұл туралы Батыс БАҚ-ы түгел бақадай шулап кеткелі қашан? Соның бір айғағы – «Water initiatives» журналы: «Соңғы кезде әлемде су тапшылығы қатты білінуде. Ашық соғысқа алып келмесе де, текетірес ошақтары пайда бола бастады... Мәселен, соңғы 20 жылда Түркия Тигр мен Ефрат өзендеріне 22 бөгет және 17 ГЭС салуға кірісті. Осылайша қос өзеннің төменгі ағысында жатқан Сирия мен Иракты қаталатуға көшті. Ал бүгін үнсіз отырғанымен, ертең сұрқы қашып, «шөлдеген» ирактықтар мен сириялықтар түріктерге қарсы шабуы әбден мүмкін. Су мәселесі Орта Азияда да қатты сезілуде. Соның ішінде Әмудария мен Сырдарияны қатар еміп жатқан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан арасында да текетірес бар», – деп жазады.

Осы бір күдіктің күмәнсіз шындыққа айналып бара жатқанын суға қатысты мәселелерді талықпай зерттеп жүрген АҚШ профессоры Аароном Вольфанның түйткілге толы пікірі растай түскендей. Оның айтуынша: «Әлемнің 45,3 пайызында өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 трансшекаралық өзендерді пайдаланады. Қазір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келуі әбден мүмкін», – дейді (http://www.m-astana.kz/article/view?id=1729 ).

Осы орайда өткен жылдардың еншісіндегі мына бір уақиғаны да ескеруіміз керек! 2013 жылы шілде айының 7 жұлдызында төскейде малы, төсекте басы қосылған құдайы көршіміз қырғыз ағайын қиғылық салып, елімізге ағатын Көксай каналын бөгеп тастаған еді. Екі ел арасында трансшекаралық өзенге байланысты келісім бола тұра, айыр қалпақты ағайынның сондағы алатайдай бүлінуінің себебі – шекара маңындағы жер дауы болатын. «Осының салдарынан Жуалы ауданының жұрты 11 күн бойы егінжайын суғара алмай, әуре-сарсаңға түскен. Ал 1800 гектар жерді игерген 150 қожалық үшін қуаңшылыққа тап болу өз-өзіңді буындырып өлтірумен пара-пар болатын...» (http://zhebe.com/index.php/o-am/item/705-s-rauy-bar-sudy-a-ysy-kalaj.html).

Міне, бұл бізге шекара асып келетін 44 текше/шақырымды (Қазақстандағы өзендердің жылдық көлемі 105,5 т/ш – Қ.Қ.) жалпы су мөлшерінің 3 т/ш-ын ғана құрайтын Қырғызстанның әлегі. Анығын айтқанда, трансшекаралық өзендермен өзегімізден бүруді көздеген «бір туған» бауырлас осындай қиғылық салып жатқанда, Ертіс пен Іленің жоғарғы сағасын бітеп жатқан қытайдан не үміт, не қайыр күтесіз? 

Мұнан да жоғары көрсеткішпен көкірегіне нан пісердей боп жүрген өзге үш трансшекаралық өзені бар ел бүлінсе, су түбі құрдым болмасына кім кепіл?! Сенбесеңіз, мына көрсеткіштерге зер салыңыз: ел аумағына Ресейден – 7,4 т/ш, Өзбекстаннан – 13,7 және Қытайдан – 19,9 т/ш су келеді екен. Бұл арада мамандар мәлімдемесіне мән берсек, трансшекаралық өзендер бойынша Ресеймен ғана жасалған келісімдер жұмыс істеп, бұл мәселе біршама реттелген екен.

Сонымен бірге 2001 жылдардан бастап қолға алынған қазақ-қытай трансшекаралық келісімі жыл аттаған сайын қиюы кетіп, сиырқұйымшақтана берген. Сонан бері біздің билік шығыстағы көршінің әлпештеген ханшасын алып қашқан айыптыдай, алдына неше барған. Алайда шешілген түйін, келісілген келісім жоқ.

Осы қал-қадірі кеткен Қазақстан-Қытай арасындағы келісім туралы География институты директорының орынбасары Саят Әлімқұлов: «Су ресурстары комитетінде кадрлар тапшы. Менің байқағаным – трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай келіссөздеріне су мәселесін білетін 2 – 3-ақ адам барады. Қалғандары істі терең білмегендіктен, келіссөздерге араласа алмайды. Қытайдың су шаруашылығы министрлігіне тікелей бағынатын арнайы жобалау институтында су шаруашылығын «шемішкеше шағатын» жоғары кәсіби мамандар отыр. Бірлескен комиссияға да, сарапшылар тобының жиынына да солар келеді. Ал біздің бірлескен комиссияның және сарапшылар тобының жетекшілері көп алмасады. Сорақысы сол, олар бұл саланың маманы болмағандықтан, тақырыпты терең игере алмайды. Енді игеремін дегенінше, ауысып кетеді», – деп бізге қатысты мәселенің мәнісін мәлім етті.

Ал ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Бұл жалған сөз, – дейді. – Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану жөніндегі екі жақты келіссөздерге Су ресурстары комитетінің білгір мамандары ғана барады. Бізде ондай мамандарға тапшылық жоқ. География институтының өкілдері сыртымыздан даттамай, сол сөзді бетімізге айтсын! «География институында географ мамандар жоқ! Ал онда отырғандар географияны білмейді деп біз де айта аламыз. Бірақ одан не пайда?», – деп ақталады.

Расында, әңгіме сол «не пайда» сөзіне тіреліп тұрмай ма? Министр Мамытбеков «өтірікшінің шын сөзі зая» екенін білмесе керек. Тіпті күні кеше шетел асырып әкелмек болған түлігінің түгел жерде емес, аспанда қалықтаған ұшақ ішінде қырылып қалғанын шенеунік мырза ұмытпауы ләзім. Сонан соң барып «айта алу» мен «айта алмау» төңірегінде ойланбақ керек.

Өткен ғасырдың 60 – 70-жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың т/ш деп есептелсе, қазір ол 100 мың т/ш-ға азайған. Тек бір ғана Ертіс өзенінің өзі 2007 жылдардан кейін күрт суалып, ағысын бәсеңдеткен.

Асылында мұндай жәйттердің бірден-бір себебі де – Аспан асты елінің жуық жылдардан бері қыруар қаржы бөліп, Қара Ертісті алқымдай түскенімен түсіндіріліп келеді. Қытай елі ішкі өлкелеріндегі қуаңшылық жайлаған жерлерді таза тұщы сумен қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы тағы үстемелеп 10 миллиард доллар қаржы жұмсаған. Соның салдарынан Қытай шекарасы арқылы өтетін екі ірі өзен – Ертіс пен Іленің бізге қарай ағатын үлесі күрт азая түскен. Эколог мамандар бұл жағдай созылмалы дертке айналса, шығыстағы Зайсан көлі мен Іле құятын Балқаш пен Қапшағай тартылып, елде «екінші Арал» пайда болу қаупі бар екенін айтып, дабыл қағуда.

Бұған қоса Қазақстан және Ресей мемлекеттері трансшекаралық өзендерді қорғап, пайдалану жөніндегі Хельсинки конвенциясын Қытай тарапына мойындап, қол қоюын өтініп, әртүрлі деңгейде келіссөздер жүргізгенімен, оған Қытай осы уақытқа дейін келісе қойған жоқ. Демек, көрші ел үшін қазақ үкіметінің он жыл бойы тыраштанған «тірлігі» шыбын шаққан құрлы болмағанға ұқсаңқырайды.

Бұрындары Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді деген болжам айтқан еді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300–400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Ауа температурасының көтерілуі жем-шөп қорының 30–90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25–60%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 70–90%-ға кемуіне әсер етеді», – деген болатын.

Енді ойлап көріңізші! Еліміздің астық қамбасына айналған солтүстік өңірдің (2011 жылғы астықтың тең жартысынан астамы 9 миллион тоннаны бір өзі қамдаған) мұнша шөліркеуі қисапсыз шығынға батыратыны анық. Ауыл шаруашылық мамандары 1990 жылдардағы не бәрі 5 пайыздық суармалы жердің бұл күнде тартыла келе, астық түсімін 6 есеге кеміткенін алға тартады. Енді жоғарыдағы министр Божконың айтқанын айпара ақиқат деп танып, жүйрік есепке салар болсақ, тәуелсіздіктің 20 жылдығында сенсацияға айналған Солтүстік Қазақстанның өзінде қоржынындағы 9 миллион тонна дерлік астық құрдымға кетері екібастан белгілі.

Шынтуайтына келгенде, біз Батыстың «тұщы су тапшылығы қауіп-қатерінің соғыстан да асып түседі», ия болмаса, «ауыз су құны болашақта мұнайдан да қымбат болады» дегенге саятын бәтуәлі болжамын ешуақытта теріске шығара алмаймыз. Сонымен қатар жоғарыда келтірілген бір қыдыру мысалдар шеңберінде ойлана келе, «қолда бар алтынды» парасаттылықпен пайдалана білу керекпіз.

Қазіргі таңда ел аумағында тұщы су төңірегіндегі екі түйткілдің етек алып бара жатқаны шындық. Оның біреуі – ел тұрғындарының бірыңғай таза ауыз сумен қамтылмауы болса, енді біреуі – сол аталған судың жаппай ластануы. Мамандардың болжамына негізделсек, жоғарыдағы жетіспеушілік пен ластанудың негізгі факторы ретінде де – бастау көзін өзге ел шекарасынан алатын ірілі-ұсақты өзендер ескеріледі. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығының күре тамырына айналған Сырдария өзені әлдеқанша мемлекеттерді басып өтетіндіктен, толассыз бөгеттер мен былғануға тап болады екен. Ал ауыз су тапшылығынан бұл өңір тұрғындары аталмыш өзен суын тұтынатынын ескерсек, онан туындаған қатерді елестету – өте қорқынышты.

Естеріңізге сала кетсек, 2002–2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы аяқталмай жатып, оның орнына 2011–2020 жылдары халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бағдарлама – «Ақ бұлақ» пайда болған еді. Мемлекеттік бюджеттен оны іске асыруға жыл сайын миллиардтаған теңге бөлінуі тиіс. Бірақ осы орасан зор қаржының жартысына жуығы ауыз су құбырының қатарымен «жерге көмілетіні» – жалпақ жұртты жайлаған жемқорлықтың «жемісі» деп білу керек.

P.S. Осындайда тұтас әңгімеге арқау болған География институты директорының орынбасары Саят Әлімқұловтың орынды пікіріне илана кетуге әзірсің.

Ал Мамытбековтің уәжі ше?

Оның атауы судан басталатын Судырахмет есімі болмаса, елдегі су зарын «Су патшасы – мұрап» сияқты шешіп тастар түрі жоқ...

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 37 (261) 16 қазан 2014 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377