ЛИБАЙ ҚАЗАҚ ЕМЕС: Өмiрбек БАЙГЕЛДI (жалғасы)
Белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетхан ондаған жылдар бедерінде баспасөз бетінде даулы әңгімеге айналған қытай ақыны Либай төңірегіндегі мақалалар мен ой-пікірлерді топтап, кітап етіп шығарыпты. «Либай қазақ емес» атты кітапты жалғасты жариялап отырмыз.
Abai.kz
ӨМIРБЕК БАЙГЕЛДI: "ТАРИХТЫҢ ТҮЙIНIН ТАРҚАТУМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮРМIН"
Өткен жылдың күзiнде Сауд Арабиясының Дамаск қаласында салынатын Сұлтан Бейбарыс әл-Захирдың кесенесiн салуды талқылаған Парламент Сенатының жиналысында Өмiрбек БАЙГЕЛДI шетiн жаңалықтың ұшын шығарған едi. Осыдан кейiн сенаторқа арнайы жолығып, онымен әңгiмелескен болатынбыз.
- Өмiрбек аға, Сауд Арабиясына барған iссапарыңызға толығырақ тоқталсаңыз.
- Иса пайғамбардың анасы Мәрия ана, Дәуiт пайғамбар, Ибрагим пайғамбардың басына және "мәңгiлiк ағашқа" бардым. Жол көрсетушiнiң айтуынша, Ибраһим пайғамбар Хевронда (Палестина) жатыр екен. Арабтар: "Хевронға алып бара алмаймыз, ол жақ қауiптi" дедi. Пайғамбар Хевронда жоқ болып шықты. Сүйтсек, Ибрањим пайғамбар Сүлеймен пайғамбардың сарайы Әлақ Сәмiш мешiтiнде жатыр екен. Бұл талас тудырып жүрген дүние. Барлық пайғамбарлардың басына барып, Мұса пайғамбардың басына бармай қалдым. Жолсерiктерiм "пайғамбардың басына бармаймыз" деп, үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. "Алланың пайғамбарының басына құран оқымай кетпеймiн" дедiм. Жанымдағылар: "Апарамыз, бiрақ iшiне кiрмеймiз" деп келiстi. Кесене Мәулiт теңiзiне кетiп бара жатқан жолда, ескi қаланың сыртында екен. Жолдың шетiндегi құмның iшiнде. Жол еврейлердiкi, жер палестинанiкi. Еврейлер мұсылман кесенесiне кiрмедi. Барсам, кесенеде ешкiм жоқ. Магнитофонмен құран оқылып жатыр. Ізет жасап, бейiттi бiрнеше рет айналдым. Санамнан: "Кесене неге мұсылман стилiнде салынған?" деген сұрақ кетпей қойды. "Египеттiң басшысы болған мұсылман салған. Бұрын құл болған, Бейбарыс батыр" деп жауап бердi жанымдағылар. Еврейлер мен палестиналықтар Бейбарысты араб деп таниды екен. "Бейбарыс екенiн қалай дәлелдейсiңдер?" дегенiнде, кесененiң маңдайшасында арабша жазуды көрсетедi. Онда кесененi салған Бейбарыс Сұлтан екенi жазылыпты.
- Дiнге етене жақын болуыңыздың себебi неде?
- Әкем дiндар адам болды деп айта алмаймын. Әкем партия адамы болды, Социалистiк Еңбек Ері, өмiр бойы колхоз басқарды. Республикаға танымал адам болды өз басым дiндарлықты өмiрден бөлек алып қарамаймын. Дiн - өмiр сүрудiң көктен түсiрiлген тәртiбi. Дiндi бiр адамның басын қатырып жүрген догматика деп қарайтындар атеистер. Нағыз өмiр дiннiң iшiнде. Дiнге философия арқылы, тарихты зерттеудiң арқасында жеттiм. Дiн көктен түскен iлiм. Ньютон, Энштейн, Менделеев, Архимед, Пифагор, Фараби бiлiмдi дiннен алған. Алған бiлiмiмен Фараби де, Йассауи де пайғамбарға жақындады. Қызмет бабымен көп жерде болдым, бiрақ ол кезде зерттеу жұмысымен айналыса алмадым. Қазiр мүмкiндiк бар. Тарих саясаттың ыңғайына қарай өзгерген. Адам баласы келiсiмге келе алмайтындай етiп шатасқан.
- Сiздi Шу қаласынан алтын құран iздедi дегенi рас па?
- Мен алтын iздеген жоқпын. Оны көрсем де, алмаймын. Мен ол жерден ата-бабадан қалған iлiмдi iздедiм. Тарих түбiрiн iздедiм. Мен қазған жерде қазақтың ұлы азаматтары жатыр. Олар - пайғамбарлар. Сол төрт пайғамбарды таптым. Олардың тылсымын ашу керек болды. Мұны қазiр айтқанмен ешкiм түсiнбейдi.
- Бiр басылым Сiздi "аруақтардың менеджерi" деп, қатты сынап жазды.
- Тапсырмамен жазылған мақала ғой.
- Өзiңiздi "қатардағы қарапайым деп утаттын" дедiңiз. Билiкте отырған адам қара жаяу болмайтыны белгiлi. Әңгiме ауанын ендi саясатқа бұрсақ. Марат Тажиннiң Мадридте берген БАҚ, саяси партиялар, сайлау туралы уәдесi қаншалықты өмiршең деп ойлайсыз?
- Жоқ, мұны айтпаймын. Саяси айтыс-тартысты қойған адаммын. Мен турасын айтамын. Газет арқылы бiреуге тиiскiм келмейдi. Менiң қазiргi қозғап жүрген тақырыбым басқа. Бұл әр адамға берiле бермейтiн қасиет. Оның жолын маған ғана көрсетiп отыр. Сонымен келе жатырмын. Есiл қаласында жерұйық бар екен, соның көзi аштым. Бұл ғылым баяғыдан бар көрiнедi. Бұл интернетте бар дүние. Онда ерте заманнан, Асанқайғы мен Қорқыттан бұрынғы ғұламалар жерленген екен. Жерұйық бар ел дүниедегi ең бақытты мемлекет болады. Алла Тағала шапағатын сол елге төгедi. Қазiр ғұламалар кесенесiн жаңғыртумен айналысып жүрмiн. 701 жылы Қытайда туылған Елiбай (Ли Бай) деген ақынды аштым. Шу бойында дүниеге келген. Ол кезде қазақ деген халық жоқ, бiрақ қазақтың бiр руынан екенi анық. Ли Бай- Қытайдың ұлы ақыны. Оны Мао Цзедуннан жоғары құрметтейдi. Қытайда 15-50 га жердi алып жатқан 7-8 кесенесi бар. Мүсiнi Мао Цзедун мүсiнiнен көп. Ман Шань (6 млн. халық тұрады) қаласының әр 30 метрiнде Елiбай суретi iлiнiп, өлеңдерi тасқа қашалып жазылған. Жылда Елiбай күндерi өтiп, өлеңдерi оқылады екен. Елiбай туралы деректi фильм түсiрiп келдiм. Оның әкесi алқа би болған адам. Ол да ақындықтан құр алақан болмаған. Орыстар оны Ли Бо деп аударыпты. Оның өлеңдерiн кезiнде Анна Ахматова, тiптi Жак Ширак та аударған көрiнедi. "Қазақ халқы бiлiмсiз, көшiп-қонып, тентiреп жүрдi, түбi бұл жер қазақтардiкi емес" деген орыстарда жымысқы саясат бар. ХII ғасырдан ары қарай не бар айтыңдаршы десем, бiреуi бiр ғұламаның есiмiн атай алмайды. Ал, мен бiлемiн. Бiрақ мұны түсiнуге халық дайын емес. Қазiр айтайын десем, бiреуге бұл дерек керек, екiншiсiне керек емес. 1,5 млрд. қытай Елiбайға басын иедi десем, бүкiл әлем қазақты сыйлар едi. Оның қазақ екенiн дәлелдеу үшiн әуелi руын таптым. Дулаттың тоғызыншы ұрпағы екенi тасқа қашалып жазылған. Елiбайға қырғыздар бiзден бұрын таласты. Ш.Айтматов бастаған қырғыздың ақын-жазушылары мен академиктерi қол қойған хат бар. Олар Елiбайды Тоқмақта туған дейдi. Қырғыз ақыны деп таныды. Қытайда бiрнеше пiкiрталас өткiздiм. 701 жылы қырғыздар Енесей бойы мен Қытайда отырды. Онда Шу бойында туған Елiбай қайдан қырғыз болады? Қытай елi Елiбайдың 25 кiтабын сыйға тартты. Адағы жоспарым - Елiбайдың кiтабын шығару, деректi фильмнiң тұсаукесерiн өткiзу.
- Елiбайдың қазақ екенiн қытайлықтар бiле ме екен?
- Бiледi. Ендi зерттеймiз деп жүр екен. Го Ма Жо деген Мао Цзедуннiң орынбасары өз кiтаптарында Елiбайдың қазақ екенiн жазып қалдырыпты. Ол да Шу өзенiнiң бойында туған деп жазады.
- Өткен жылы Елбасының Шығыс және Батыс доктринасын талқылауға арналған конференцияда қырғыз депутаты "Қазақ қырғыздан тарады" деген едi.
- Қырғыз түк бiлмейдi. 740 жылы қырғыздар ұйғырларды талқандады. Новокузнецк-Алатау деген тау бар. 840 жылы ұйғырлар есiн жинап, қырғыздарды қырады. Қырғыздарға қытайлар көмектеседi. Бас сауғалаған қырғыздар үшке бөлiнедi. Бiр бөлiгi Сiбiрге кетiп, хакас болады. Екiншi бөлiгi Арқаға бет алады. Астанада қырғыз деген ру бар, олар қазаққа сiңiп кеткен қырғыздар. Үшiншi бөлiгi Алатауды паналайды. Қырғыздар: "Бiз бас сауғалап келе жатырмыз" деп, қазақтардан пана сұрайды. Қазақ: "Алатаудың шетiне кiремiн десең, кiр" деп рұқсат бередi. Қырғыздар Тәңiр тауын Х ғасырда паналаған.
- Қазақстанның шекарасын белгiлеуде күнi кешеге дейiн қырғыздармен айтысып-тартысып келдiк. Қырғыздармен шекара бөлiсуде ел аузында Сыпатай батыр секiлдi аңыздар бар.
- Сыпатай батыр Меркеде датқа болған. Таудан берi аспайсың деп, ағасының сүйегiн таудың етегiне қояды. Қырғыздар түнде ұрланып келiп, үлкен ақсақалдарын төменгi жаққа көмiп кетедi. Калинин үкiмi шыққанда, шекара дауы көп талас тудырды. Сол таласқа жақында ғана нүкте қойылғаны рас. Қырғыздардың ақысы кеткен жоқ. Сусамыр қырғыздарға кеттi. Қырғыздарға: "Сусамыр сендердiкi болған емес" деп айттым. Ыстықкөл 1926 жылға дейiн Қазақстандiкi болды. Қырғыздар шекараны Алатаудың төбесiнде Ескендiр асуымен (Александровский хребет) белгiлейiк деп, Мәскеудi көндiрдi. Шекараны Ескендiр асуымен есептегенде, Ыстықкөл қырғыздарға кетiп қалды. Қазақтың жерiнде қайдағы Александр? Ескендiрдi Александр деп, тарихты шатастырдық. Ескендiр дегенiмiз - Едiл (Атилла) батыр. Алла Тағала оны пайғамбарым деп, Ескендiр деген есiм бередi. Қытайдың жерiне Александр Македонский аяқ баспаған. Қытайға шабуыл жасаған Едiл батыр.
- Қытайда болғаныңызда, Шәуешектегi жазушы Қажығұмар Шабданға бармадыңыз ба?
- Жоқ. Елiбайдың соңына түстiм. Нан Кинь, Сыш Вань, Пекин, Ман Шань деген трт лкесiнде болдым. өлке орталығында 17 млн. адам, аудан орталығында 5 млн. халық тұрады екен. Ең аз жерiнде 2 млн адам тұрады. Тай-түрiк бабаларымыздың империясы. Ондағы шиндар, тибеттiктер, Ман Шинь, қытайдың Лао империясы болған. Лао империясының халқы сынғандар деп аталған. Печорин сынғандарды кидан деп аударып, шатастырады. Сынғандарға қазақтар да, шиндар да салық төлеген. Бұл халықты жойған Шыңғысхан. Мұны қытай елi де растап отыр.
- Бiр рет iздеп келгенiмiзде, Сауд Арабиясында, екiншi ретте Қытайда болдыңыз. Ендiгi жоспарыңыз қандай?
- Италия мен Грекияға барамын. Екi елдiң тарихын зерттесем деймiн. Гректер мифологиядағы кейiпкерлердi адам ғып қателеседi. Олардың Құдай деп жүргендерi - құдiреттер. Қазақ көп жайтты бiледi. Әр тiршiлiктiң иесi "Қамбар Ата", "Зеңгi Баба", "Сексек Ата", "Шопан Ата" - құдiреттер. Арабтар бұдан айырылып қалған. Мұсылман дiнi ықылым заманнан бар. Ибраһим пайғамбар мұсылман деп жазылады. Ибрањим пайғамбар бұдан 5000 жыл бұрын өмiр сүрген. Мүсiн пайғамбары бұдан 700 мың жыл бұрын пайда болған. Яғни, содан берi ислам дiнi бар деген сөз. "Әлiмсақтан берi мұсылманмын" деген сөз бар. "Әлiмсақ" бiздiңше, 11 мың жыл бұрын. Сақтар 11 мың жыл бұрын өмiр сүрген... Тағы бiр жоспарым - Оңтүстiк Америка, Жапония, Сингапур, Меккеге барамын. Зерттеулерiмдi бiрiздендiрiп барып, қорытындысын шығармақпын. Бүгiнгi айтып отырғандарым, үлкен еңбектiң тамшысы ғана.
Әңгiмелескен
Сәуле ҚАБАНБАЙ,
Астана
(жалғасы бар)
Abai.kz