Жұма, 7 Қазан 2022
Қоғам 9505 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 16:24

АБАЙ АТА ТІРІЛІП КЕЛСЕ, ҚАПА БОЛАТЫН ШЫҒАР-АУ...

Дінді шынайы имандылыққа жақындату мәселесі ешқашанда күн тәртібінен түскен емес. Айталық, жастардың дінде адасуы - Абай заманында да болған. Поэзиясы мен ғақлия мұрасында Абайдың Құранды теріс оқыған дүмше молда, жалған ұстазды сын тезіне алуы, дінге қатысты ақыл-кеңестері көптеп кездесуі осымен өз түсінігін табады.

Әрине, осы күнгі ахуал асқынып тұр. Дін атын жамылған жат ағым өкілдері аңқау, діни сауаты таяз жастарды торына топырлатып түсіруде. Шын мұсылмандық неде екенін біле алмай, момын көпшілік дағдарып қалды. Егер Абай ата тіріліп ортамызға келсе, сақал қойған, келте шалбар киген жігіт-желеңдер мен хиджабқа оранған қыз-келіншектер қапа болатын шығар-ау. «Ұрпағымның менің ақыл-кеңестерімді оқып-тоқымағаны несі?» дер. Бүгінгіні көре білгендей: «Кімде кім иманның неше нәрсеменен кәмәлат табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, пірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүргені - көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды», - дейді мысалы (12-сөз).

Иман тазалық, ғылым, әділет және махаббатпен кәмәлат табады. Сол үшін: «Құдайтағала қалбыңа (арабтың «қалб» сөзі «жүрек» деген мағынаны білдіреді) әрдайым қарайды» (17-сөз)  деп ескертеді Абай.   Құдайшылық сақал, киімде емес, сол сияқты мешітке құр әншейін сән көріп, я еліктеп келу де бәһра бермейді.  Иман бұзылуы мүмкін. Ұлытаудағы сұхбатында Елбасы: «Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. ...біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек» деп қадап айтты. Бұл Абайдың «мұсылмандық жүректе» дегеніне тұп-тура келетін кенеулі ой-пайым.

«Тек менікі жөн, сенікі теріс» немесе «таза ислам» деп ел ішін ала тайдай дүрліктіріп жүргендер білгендері жөн – Абай ілімі кемел де толық. Ақынның даналығы дінге, оның қайнар көздеріне негізделген.  Ендеше ұстазды сырттан іздеудің қажеті шамалы.

                            Балы тамған жас қамыс,

                            Ормасаңшы көктейін!

                            Сені жақсы көрмесе,

                            Сенер ме еді сөзіңе?

                           «Япырмай?...» деп терлесе,

                           Ар емес пе өзіңе? (1891).

Абайдың алдағыш, жалған «ұстазды» сөккен бұл сөздері қазір де өзекті.

 

Асан Омаров, абайтанушы

Abai.kz

0 пікір