Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2937 0 пікір 19 Мамыр, 2010 сағат 03:05

Әбіш Кекілбаев. Тіл және Тәуелсіздік (Жалғасы)

"Заманнан заман оралған..."

Кейбір мамандар көшпенділерге тән монолингвизмді сонау скиф заманынан бермен қарайғы құбылыс деп санайды. Алайда, ежелгі хун замандарынан Оңтүстік Сібірден Балқанға дейін созылып жатқан малшы-жаугерші этностық топтардың бір тілде сөйлегендерін дәлелдейтін деректер баршылық. Үйсін, қаңлы, оғыз-түрік, қарлық, түркеш, қыпшақ мемлекеттері заманында да шекара алуандығы болғанмен, тіл әрұдайылығы болмағанға ұқсайды. Оған, басқаны айтпағанда, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани еңбектері жеткілікті айғақ бола алғандай. Өйтіп, әріге кетпеген күннің өзінде де, өз заманында Еуразиядағы ең үлкен мемлекет болған Алтын Орда империясының басты түсінісу құралы қыпшақ тілі болғаны, ал оның қалыптасуы мен жан-жаққа таралуының қайнар көзі бұрынғы қыпшақ, қазіргі қазақ даласы болғаны әмбеге аян. Содан бері қазақтар сол баяғы атамекенінде ешқайда табан серппей баянды мекендеп келеді. Сол баяғы сөйлеген тілінде сөйлеп келеді. Сол кездегі Қашғар мен Хазар, Енисей мен Еділ, Тарым мен Дербент қалай бір тілде түсінісе алса, әлі де солай, бірін-бірі ауыз ләмінен айтпай-ақ ұғынып келеді.

"Заманнан заман оралған..."

Кейбір мамандар көшпенділерге тән монолингвизмді сонау скиф заманынан бермен қарайғы құбылыс деп санайды. Алайда, ежелгі хун замандарынан Оңтүстік Сібірден Балқанға дейін созылып жатқан малшы-жаугерші этностық топтардың бір тілде сөйлегендерін дәлелдейтін деректер баршылық. Үйсін, қаңлы, оғыз-түрік, қарлық, түркеш, қыпшақ мемлекеттері заманында да шекара алуандығы болғанмен, тіл әрұдайылығы болмағанға ұқсайды. Оған, басқаны айтпағанда, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани еңбектері жеткілікті айғақ бола алғандай. Өйтіп, әріге кетпеген күннің өзінде де, өз заманында Еуразиядағы ең үлкен мемлекет болған Алтын Орда империясының басты түсінісу құралы қыпшақ тілі болғаны, ал оның қалыптасуы мен жан-жаққа таралуының қайнар көзі бұрынғы қыпшақ, қазіргі қазақ даласы болғаны әмбеге аян. Содан бері қазақтар сол баяғы атамекенінде ешқайда табан серппей баянды мекендеп келеді. Сол баяғы сөйлеген тілінде сөйлеп келеді. Сол кездегі Қашғар мен Хазар, Енисей мен Еділ, Тарым мен Дербент қалай бір тілде түсінісе алса, әлі де солай, бірін-бірі ауыз ләмінен айтпай-ақ ұғынып келеді.
Қазақ даласы сол кезде екі араға қандай алтын көпір болса, әлі де сол қызметін тапжылтпай жалғастырып бағуда. Оның үстіне, өз алдына жеке хандық болған үш ғасырда бұрын да түбі бір, бұрын да тілі бір тайпалар бір ұлтқа айналып, ортақ тілдерін одан әрі шыңдады. Ресей патшасы шетімізден жетім лақтай сирағымыздан тартқылап, басқа көгенге көгендеп, жәукемдей бастаған кейінгі XVII-XIX ғасырларда халқымызды әр тарапқа тартқылағанмен, тілімізді, руханиятымызды, тұрмыс-салтымыз бен әдет-ғұрпымызды өйтіп күлпаршалай алмады. Ресейдің әр губерниясына бөлек-бөлек телінгенімізбен, жерлеріміз бұрынғысынша бір-бірімен шектесіп жатты, елдеріміз де төскейде малы, төсекте басы қосылып, емен-жарқын араласып-құраласты. Орыстың тілі де, әскері де көпке дейін қазақ даласының қиыр-қиырына дендеп кіре алмай, азын-аулақ әкімшілік орталықтары мен шекаралық бекіністерге шөкім-шөкім болып, шөгіп қалды.
Ол екі ортада бұрынғысынша ауызекі тілі болса да, билік пен бұқаралық қатынастың құралы болып жүрген ана тіліміз тек ауызша әдебиеттің ғана емес, жазбаша әдебиеттің де тіліне айналып, әлемге Абайдай алыпты сыйлады. Алтын Орда заманында жаппай жүзеге асқан мұсылмандану нәтижесінде қадім, жәдит, төте жазулары бейресми еніп, ана тілімізді ғылым-білім, мемлекеттік басқару, кеңсе, саяси-жамиғаттық қатынастарына біршама бейімдей бастады. Жеке хандық тұсында сол кездегі мемлекеттік статусқа қаныққан қазақ тілінің XX ғасырға дейін әлгіндей іштей түлеуі болмаса, кері кетушілікке жатқызатындай күйзеліп, мықтап мұрты шағылған жері жоқ.
Соның арқасында мұсылман дүниесіндегі танзиматтық, жәдиттік жаңару ықпалдарынан да қалыс қалмады. Мұның бір айғағы - ана тіліміз XX ғасыр кірісіндегі Азия халықтарының көпшілігінің басында болған тілдік реформаларға белсене қатысты. Ол қоғам қойған қатаң талаптарға лайықты икемділік таныта алды. Ол кездегі метрополия тілі қазақ сахарасының төл тіліне айта қаларлықтай қысым жасай алмады. Оған, бір жағынан, патша әкімшілігінің Орта Азия халықтарын тегіс сауаттандыруды 4600 жылға кейін кері шегеріп тастағандары да себеп болды. Олар бұл арада Орта Азия халықтарының айта қаларлықтай деңгейде мұсылманша сауатты екендіктерін атымен есепке алмады. Ұлы орыстық этноцентризм сауаттылық деп тек орысша сөйлей-жаза білуді ғана ұқты. Ол тілдегі бірер пайыз көлеміндегі болмашы сауаттылық қазақ даласының табиғи лингвистикалық саламаттығына ойсыратарлықтай әсер ете алмады.
Ол топқа кіретін қазақ оқығандары орысқұмарлықтан гөрі, ағартушылық ұстанымды қолай көрді. Шоқан Уәлиханов, Салық Бабажанов, Жәңгірхан Бөкейхановтар қандастарының қайткен күнде де білім алуын жақтаса, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шәңгерей Бөкеевтер қазақша білім алғанын қуаттады. Бұл патша үкіметіне ұнамады. Орынбор және Самар генерал-губернаторы А.А.Перовский Жәңгір қайтыс болғанда оның қызметін түгелдей зерттеп, баға берді. Жәңгірдің патша уысында болудан гөрі, өз билігі өзінде дербес хан болғысы келгендігінен бастап жіпке тізіп, қазақтарды отырықшылыққа баулып, мешіт-медресе аштырғаны үшін аяусыз сынады. Ресей үшін қазақтардың мұсылман емес, мәжуси (язычник), егінші, кәсіпкер емес, "бақташы халық болып қалғаны керегірек" деп, ол ендірген оң өзгерістердің көзін тезірек құртуға шақырды ("История Букеевского ханства", 2002 г., 808-818-беттер). Ал біздің тарихшылардың Жәңгірді біржақты орысшыл санап келгендері белгілі.
Бұл арада тағы бір айта кететін жағдай, атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин орыс миссионері Ильминскийден оқығаны рас. Бірақ, барлық қызметін Ильминскийше жүргізді деу артық. Мұғалімдік қызметін "бір Құдайға сиынып, кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық", - деп бастаған Алтынсарин жазған "Қазақ хрестоматиясын" "орысшылдық інжілі" деп айта алмайсыз. Өйткені, ол "Сиса көйлек үстіңде тоқуменен табылған; сауысқанның тамағы шоқуменен табылған; өнер-білім бәрі де - оқуменен табылғаны" үшін де оқуға, "оқығанды көңілге ықыласпен тоқуға" шақырып отыр. Тарихи тұлғаларды ұстаған көзқарасынан гөрі, өмірбаяндық жәйттерге қарап бағалайтын ұшқары түсінік Ыбырайды орыс миссионерлері қатарына апарып телуге бекер асығады. Ол қалдырған шығармашылық мұра паш етіп тұрған нақты көзқарас орысшылдықтан гөрі, прогресшілдікке, Қырым соғысындағы жеңілісті өркениеттік кенделіктен көріп, тілді, дінді өзгертпей, еуропалық өркениеттік жетістіктерді жете игеруге шақырған түрік "танзиматшылдығына", алғашқы дүниежүзілік соғыстағы ұтылысты өркениеттік тоқыраудан көріп, жаппай жаңарысқа шақырған мұсылман "жәдитшілдігіне" көбірек келіңкірейтіндігін айту парыз.
Ол бұл жағынан Санкт-Петербургтегі, Қазан мен Орынбордағы ұстаздарынан гөрі өзінен көп кейін XX ғасыр басында саяси-әлеуметтік сахнаға шыққан шәкірттерімен - қазақ ұлтшылдарымен көбірек үндеседі. Олар - шындап келгенде, Петербург, Қазан, Мәскеуден бұрын қазақ даласындағы Ыбырай Алтынсарин мен соның ізбасарлары аштырған алғашқы зайырлы мектептерден білім алған түлектер еді. Ұлы ағартушының тікелей шәкірттері еді. Оны "Айқап" журналында қазақтарды өз даласындағы мәдени өмірді өз қадағалауларына көшіріп, өз беттерімен оқып, орыстармен терезесі тең тұрып ықпалдаса алатындай білім алуға, "Қазақ" газетінің одан да өткізіп, орыс қоныс аударушыларымен өмірлік игіліктерді иемденуде ойдағыдай бәсекелесе алу үшін жаңа технологияны меңгеріп, аралас экономиканың негізін салуға шақырғанынан-ақ аңғара беруге болады. Оларда Ыбырай Алтынсарин сияқты саяси, діни схоластика мен доктриналарға жүгінбей, тіршілік мысалдарына, өмірлік тәжірибеге, прагматизм мен рационализмге көбірек ден қойды.
Қайткенде де, XX ғасыр басындағы қазақ қауымының реформашылдық әлеуеті патшалық әкімшіліктің ойлағанынан әлдеқайда көбірек болып шықты. Сондықтан ұлттық тіліміз ұлттық тәуелсіздігімізден бұрын мойындалып, тиісті реформаға ұшырап, өз өміршеңдігін уақытылы дәлелдей алды. 1924 жылы Орынборда қазақ алфавиті жөніндегі мемлекеттік комиссияның хатшысы болған Қазанғаповтың осы жолдардың авторына 1982 жылы ауызекі айтып берген бір мәліметі еске түседі. Дискуссия өте қызу өткен. Латыншылдар да, арабшылдар да аянбай-ақ айқасып баққан. Баяндамашы Ахмет Байтұрсынов мәселенің тілдік, әлеуметтік жағын былай қойғанда, екі алфавиттің полиграфиялық тиімділіктеріне дейін ақшаға шағып тұрып, салыстыра талдап берген. Жабық дауыс беріліп, бюллетеньдерді тексергенде, екі тараптың алған дауыстары бірдей болып шығыпты. Сөйтсе, комиссияның бір мүшесіне салқын тиіп, науқастанып, үйінде жатыр екен. Дауыс беруге қатыспапты. Комиссия мүшелері соның дауысын алуды талап етіпті. Урнаны арқалап, үйіне барыпты. Қызуы көтеріліп, сандырақтап жатқан науқас көп ойланбастан латыншылдарды жақтап, дауыс беріпті. Сөйтіп, латыншылдар артық бір дауыспен әзер жеңіп шығыпты.
Мәселенің мұншалықты ширығуының мәні бар екен. Орталық билік Орта Азия түріктерінің тек араб әліппесінен ғана емес, "біз мұсылманбыз" деп санайтын ұғымнан да алшақтап, жаңа ұлттық жазудың жаңа графикада қалыптасуына мейлінше мүдделі болыпты. Ол мұнымен де тынбай, 1940 жылы "кириллица графикасына" көшіп, көңілдерін біржола бірлепті.
Сөйтіп, түрік тілдері әрқилы графикаға ауысып, бір-бірінен атымен қол үзіп қалады. Сауаттылардың жаңа ұрпағына ұлтымыздың аз да болса, ғасырлар бойы қағаз бетінде жинақталған кітаби-қолжазба мұралары түгелімен түсініксіз болып шыға келеді. Сөйтіп, қызылдардың 1917 жылдан 1924 жылға дейін жүргізген тілдік реформалары өркениеттіктен гөрі, саяси мақсаттарды көбірек көздепті. Орта Азия, Кавказ, Еділ бойы халықтарын мұсылмандық уммадан жазуларын өзгерту арқылы біржолата қол үздіру әдейі мақсат етіліпті. Әрқайсысына әр әліппе, әр жазу шығартып, бірін бірі түсінбейтін әрі-сәрі күйге жеткізді. "Аталмыш кезеңде етек жая бастаған панисламизм, пантүркизм ағымдарының кеңестік кеңістікке" де таралып кетпеуіне қам жасап бақты. Латыншаға көшіріп, панисламизмнен кириллицаға көшіріп, пантүркизмнен алшақтатуды көздеді. Жаңа графикаға көшіріп, түптөркіндері атымен бөлек, бөтен тілдердің ықпал аясын кеңейтті. Отызыншы жылдарға дейін ұлттар федерациясы болып көрінуге тырысып баққан Кеңестер Одағы 1936 жылы жаңа Конституция қабылдады. Аяқастынан унитарлық мемлекетке айналды. Ақ патшаның орындай алмай кеткен түпкі мақсаттарын коммунистер қоярда қоймай жүріп жүзеге асырған қызыл тоталитаризмге емін-еркін жол ашылды. Ол ғасыр тоғысында еңсе көтеріп, бой көрсеткен шетаймақ халықтарын естиярларынан айырып, рухани дағдарысқа ұшыратуды бірінші кезекте қолға алды. Таптық эгалитаризмді күшейту жолымен ұлттық элита тып-типыл талқандалды. Ұлттық егемендік пен ұлттық даму да солармен бірге қиянат дүниесінің құрбандығына шалынды.
Ұлттық тілдің ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдері көксегендей, жаппай білім алу мен мемлекеттік басқару тілі болуының жолы кесілді. Жиырмасыншы жылдары - жаппай сауат ашудың, отызыншы жылдары - жаппай орта мектепте, қырқыншы жылдары - жаппай жоғары мектепте білім алудың құралы болуға қызу әзірленіп жатқан қазақ тілінің социолингвистикалық даму барысына 1937 жылдан бастап мықтап көз тиді. 1940 жылы алфавит өзгеріп, қазақ тілі қайтадан біреу оқып, біреу оқи алмайтын шаласауаттылық тіліне айналды. Соғыс тұсынан бастап, қалалық қатынас айналымдарынан қақпайланып, негізінен, ауылдық өзара байланыс құралы ретінде өмір сүре бастады. Өйткені, кеңестендіруді желеулетіп, орыс өкілдерін сіңіру, индустрияландыруды желеулетіп, орыс тұрғындарын көбейту, тың көтеруді желеулетіп, орысшылдану, кемелденген социализмді желеулетіп, жаппай орыстану саясаты кезек-кезегімен жүйелі түрде жүзеге асырылды. Соның арқасында, ең алдымен, ұлттық бірлік пен әлеуметтілікті түзетін демографиялық арасалмақ түбегейлі бұзылды. Жергілікті халық 1939 жылы 46 пайызға түсіп, соғыстан кейінгі миграциялық топан-селдер тұсында 34-35 пайызға дейін құлдырады.
Ол аз болғандай, ойлап таппайтыны жоқ орталық қазақ даласын да "африкаландырып", әр аймағын экономикалық жағынан көршілес республикалардың шектес аймақтарына еріксіз қосақтайтын аумақтық-өнеркәсіптік кешендер құрылып, республиканың ішкі аумақтық-шаруашылық байланыстары мен тұтастығын әлсіреткен үстіне әлсірете түсуді қолға алды. Дәйім басқалардың есебінен сақилық жасайтын бас хатшылар ұзатылған қыздарына басқаны қойып, жер еншілейтін баяғының падишаларындай көңілшектіктері ұстап, біреудің қанжығасына біреудің атамекенін лақша өңгеріп сыйлай салатынды көбейтті. Метрополия тараптан келгендер шамадан аса шоғырланып кеткен аумақтарды "ағалар қоржынына" бұтарлап тыға салғысы келген бұқпантайлық та байқалмай қалмады. Ондай аумақтық-демографиялық аударма-төңкерме көзбояушылық-ты пайдалана отырып, жергілікті халықтың этностық-өркениеттік даму эволюциясының траекториясын атымен басқа бағытқа бұрып жіберу мұндай ұрда-жық ұлттық саясаттың ең түпкі мағынасы, ең басты мақсаты болды.
Аккультурация қарқыны жағынан Қазақстан құрлықтың қай пұшпағынан да кем түспеді. Орысша білетін грузиндер 1970 жылы - 21,3; 1979 жылы - 26,7; армяндар 1970 жылы - 30,1; 1979 жылы - 38,6; өзбектер - 14,5-49,3, әзірбайжандар - 16,6-29,5, қырғыздар - 19,1-29,4, тәжіктер - 15,4-29,6, түркімендер 15,4-25,4 пайыз болса, қазақтар 1970 жылы 41,9, 1979 жылы 52,3 пайызды құрады. Кейінгі кезде бұл көрсеткіш тұтасымен жүз пайызға жетуге аз-ақ қалды. Тіпті өз тілімізді нашар білеміз дейтіндердің саны 30 пайызға жете жаздады. Талай қандастарымыз мұны масқаралық емес, мақтаныш санады. Ең бір ескеретін жері, кей дереккөздерінің айтуынша,  қазіргі Қазақстан тұрғындарының 55 пайызын құрайтын қазақтардың 60 пайызы - орысша сөйлейтіндер (русскоговорящие) көрінеді ("Республика", 30.06.2006, дубль 2. 7-бет). Олардың көпшілігі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді культурологиялық немесе әлеуметтік әділет мәселелерінен гөрі, "тұрмыстық ұлтшылдық" ("бытовой национализм") көріністері ретінде қарастыруға бейім сыңайлы.
Мұны, әрине, кешегі "кемелденген социализм" мен "біртұтас кеңес халқы" концепциялары дәуірлеген заманда тұтасымен "екпінді құрылыстар аймағына" айналған Қазақстанның бірбеткей "экономикалық даму қарқынымен" де түсіндіруге болады. Ол кезде басшылық қызмет түгілі, қатардағы жұмысшы болу қазақтарға оңай тимейтін. Өйткені, Қазақстанда жүргізілетін жұмыстардың бәрі элиталық маңыз иеленіп, жоғарғы деңгейдегі мамандарды тартқан болып, бүкіл жұмысшы контингенті түгелге жуық сырттан әкелінетін. Сондықтан, мұнай мен балық өнеркәсібі болмаса, қалған өндіріс объектілерінде жергілікті ұлт өкілдері саусақпен санарлық еді. Түсті, ауыр металлургия, мәшине жасау, энергетика сынды салалардағы қазақ өкілдері 10 пайызға жетпейтін. Құрылыс, байланыс, теміржол салаларында, 15-30 пайыз аралығында болатын. "Лениндік" аталған көзбояушы ұлт саясаты халықтардың шынайы ұлттық дамуын сипаттайтын мұндай кәсіби-мәдени, әлеуметтік-рухани өсу көрсеткіштерін атымен қолданыстан шығарып, оның орнына тілін білмесе де, паспорттық тегін саудалайтын номенклатуралық есеп-қисапты алға тартты. Соны сылтауратып, шетаймақтарды керек кезінде арқадан қағып "құтыртып" немесе маңдайдан ұрып "тұқыртып" отырды. Сол бір сыңарезу "интернационализм" (шындап келгенде, күштінің сойылын соққан шовинизмнің) салқыны әлі күнге дес бермей келеді.
Ал атақты желтоқсан оқиғасынан кейінгі қуғын-сүргін жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастарының еуропалық ұлт өкілдері санына жетеғабыл, кейбір педагогикалық, мал шаруашылығы институттарында "тіпті асып түсе бастағаны" желеу етілгені белгілі. Орталықтың мұндай "қысаң" квотасы тұсында, бұлай қолдан қиындатылған бәсекеде бақ сынау үшін "аккультурациялық рекордтардың" өзі де аздық етіп, ассимиляциялық "ерліктер" дәметіліп, "аралас некелер" қошеметтеліп, саяси тәрбие жөніндегі ресми есептердің арнайы бабына айналған тұстарын да бастан кештік. Бұл жағынан Қазақстан 1979 жылы одақ бойынша екінші орынға шықты. Латыштарда әрбір төртінші, қазақтарда әрбір бесінші неке аралас неке болды.
Өйткені, Франц Фанон айтқандай: "Басқалар сені өз адамымыз деп қабылдауы үшін сен өзіңнің өзің емес екенін дәлелдеп, олар күтіп отырғандай басқа адам, яғни олардың өздерінің біреуі болып көрінуің керек" еді. Отаршылдықтың осы бір қатал заңы батыс өнеркәсіп революциясынан кейін былайғы халықтарды жер байлығынан айырып, төл мемлекеттілігінен қағылтумен тынбай, оның әрбір "балағының биті бар" дейтіндей азаматтарын өз ар-намыстарын өз аяқтарына басқызып, өгей ене бауырсақ қылып, өз қағынан өзі жиіркенуін талап етуді үрдіске енгізді. 1989 жылғы санақ бойынша өз республикаларында армяндар - 93,3, әзірбайжандар - 82,6, орыстар - 81,5, литвандар - 78,6, белорустар - 78,1, украиндар - 72,8, түрікмендер - 71,8, грузиндер - 70,2, өзбектер - 68,7, молдовандар - 64,4, тәжіктер - 62,2, эстондар - 61,7, қырғыздар - 52,4, латыштар - 52,1, ал қазақтар - 39,7 пайыз болды. Өз жерінде жүріп көзі құрып кете жаздаудан бізден тек әрбір төртеудің бірі болған башқұрттар, бесеудің бірі болған адыгейлер, онның бірі болған карельдер ғана "оза" алды. Мұның бәрінің ұлттық өзгешеліктерге енжар қарайтын этностық либерализммен де, ұлттардың бәрін тең санайтын интернационализммен де қырық қайнаса да сорпасы қосылмайтын. Қайта әлсіздің бәрін күштінің аяғына жығып беретін шектен шыққан этностық эгоизм болып табылатын. Тіл мәселесінде бұрынғы арақатынастар аумағында қалу моральда гуманизмнің, саясатта демократияның көзіне су құюшылық болып шығар еді.

Коллаборационистік пиғылдар мен компрадорлық пайдакүнемдік, міне, осылай етек жаяды. Одақтық экономиканың қара қазанын қайнатқан "кемелденген социализм" заманында мұндай "әлеуметтік спидтің" біздің топырақта елден ала бөтен кең орын алғаны ешкімге құпия емес. Соған әбден дәндеп алған, сөз жүзінде тең құқылықтың, іс жүзінде аймақтық гегемонизмнің сойылын соққан кешегі ретроградшыл орталықтың қайта құрудың ханталапайын қайтадан бізден бастағылары келгендігі тіпті де тегін емес еді.
Туған тілін саудаға салып, "барлық байлық пен артықшылықты алып беретін бұрынғы үстем тілдің еш қажеттігі болмай қалған күнде ғана, өз тілімді үйрене бастаймын, оған дейін ешқандай мемлекеттік тіл үшін бас ауыртып жатпаймын", - деп кергитін тілдік нигилизм, міне, осындай ұзақ жылдар бойы бұлжытпай жүргізілген ұлтсыздандыра түсу саясатының "заңды" нәтижесі еді. Түптеп келгенде, ана тіліңді құрметтеу - басқалардан артық тұрудың құралы емес, туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиісті. Алайда, кешегі біртілдік шовинизм мен волюнтаризм бұл гуманистік қағиданы атымен ұмытқызып, тал бойыңа анаңның ақ сүтімен бірге дарытуыңа тиісті төл тіліңді білуді немесе білмеуді адамгершіліктен атымен жұрдай саяси цинизм мен мансапқорлық саудагершіліктің әрі итеріп, бері жыққан қақпақылына түсіріп жіберген түрі бар. Тәуелсіздік алған қоғамда болмай қоймайтын есе түгендеудің бізде ең алдымен тілге кеп тіреліп тұрғандығы да сондықтан сияқты.

(Жалғасы бар)

25 маусым - 20 шілде, 2006 жыл.
АЛМАТЫ - АСТАНА.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434