Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өз сөзім... 9773 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 14:24

ЕСІК ОБАСЫ ҺӘМ ҰЛТТЫҚ ПАНТЕОН

Cуретте: Есік обалары. Суре www.voxpopuli.kz сайтынан алынды.

Екі-үш күннің жүзінде орыс тілді ақпарат құралдары Қабанбай батыр кесенесінің жанынан ашылған Мемлекеттік Қорымға (Пантеон) 1 миллиард теңге қаржы бөлінгеніне қынжылыстарын жасыра алмай жатыр. Қазақ халқында мұндай дәстүр болмаған дегенге дейін баруда. Таңданатыным - осылардың қазақ даласында өмір сүріп, дала тарихын оқи жүріп, аяқ асты соқыр бола қалатыны. Әйтпесе, Есік қаласындағы Алтын адам табылған қорым нағыз Пантеон емес пе. Бұған ең кемі 2000 жыл. Ү- ҮІ ғасырдағы Күлтегін, Білге қағандардың, Төныкөктің қорымдары, ХІІІ ғасырдан бергі Сарай, Сарайшық, Сауран, Түркістан қорымдары қазақтың ежелден келе жатқан Пантеондары. Қорым ашу не десе, о десін, көнеден келе жатқан ата салтымыз.      

Тіпті, Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі тұрған жердің өзі 2000 жыл бұрынғы Пантеон орны екені анықталды. Аталарымыз Қбанабай батырың орнын біліп қойған. Кесене жанында 12 оба қатар жатыр. Бұлардың кез- келгені Алтын адам табылған обадан әлдеқайда көлемді. Марқұм Кемел Ақышевті алып келіп, осы обаларды көрсетіп едім. Қазба жұмыстарын бастады да, аяқтай алмай қайтыс болды. Содан қол тиген жоқ. Осы обалар Мемлекеттік қорымның территориясында орналасқан. Жол тұп- тура солардың арасымен өтеді. Бұл кез- келген келушіге ата- бабалармыздың мына далаға мыңдаған жылдар бұрын иелік еткенінің нақты куәсі ғой.

Пантеонның шығыс жағынан жақында ған археологтар өте көне қоныстар тапты. Алды- ала 4000 мың жыл бұрын адамдар тұрған деген болжам жасалуда. Келер жылы қазба жұмыстары анықтар жас шамасын. Міне, бір шаруа қаншалықты жаңалық ашуға түрткі болды. Қазақты тарихсыз дейтіндердің жанына осынша жаңалық  қалай батпасын?

Қазақтың артына қалдырар кез- келген шаруасына ұлардай шулап қоя беретінінің астарында не жатқанын ұғу қиын емес. Бізді тарихы, көне замандардан қалған мұралары жоқ, тамырсыз ел етіп көрсету үшін орыс басқаншылары 300 жыл бойы қолдарынан келгеннің бәрін істеді. Обаларымызды ортасын үңгіп, тонады, ата- баба аруағын қорлады. Даламыздан табылған бар алтын, бағалы зат Мәскеуге жеткізіліп, солардан түскен қаржыға Петербордың салынғаны тал түстегі шындық. Айта берсек, Петр І молаларымызды тонаушы топтар құруға арнайы Указ шығарып, оларды ынтыландырып отырғаны және рас . 1718 жылғы 13 ақпандағы Указын оқиық «Ежели кто найдет в земле или в воде какие старые вещи... не такие как у нас ныне есть или такие , да зело велики или малы перед обыкновенными, так же какие стары надписи на каменях, железе или меди, все, или какое старое и необыкновенное ружье, посуду и прочее, все что зело старо и необыкновенно, такожь бы приносили, за что будет дача смотря по вещам.» Мұнан кейінгі Указдарында тапқандарын жеткізу мен қатар картасын сызып келу тапсырылады.  Сөйтіп, бүкіл өркениетімізді құрту жоспарланды. Мәдениетсіз, өнерсіз халық  деп иландырмақшы да болды. Бірақ, даламыздағы тарихи жәдігерлеріміз – нақ осы обалар, жіптей тізіліп орналасқан Қорымдар  біздің орыстар мен еуропадан көш ілгері мәдениет орнатқанымыздың куәсіндей маңдайларына тастай батып тұрды емес пе! Пантеон- Қорымдар салып кеткен арғы аталарымызға мың рахмет.

Өткен жылы Рессейде Федералдық Пантеон ашылып, оның құрылысына 4 миллиард рубль (теңгеге шақсақ 20 миллиард), 55 гектар жер бөлінді.  Талдықорғандағы Матайда автомат жасаған Калашников М. Т. сонда қойылды. Осы кезде орыстілділеріміз мұны мақтана жазып еді. Бізден 4 есе көп қаржы шығарды. Сонда неге ойбай салмаған. Ұмытқамыз жоқ, санамызда сайрап тұр.

Астана жанынан салынып жатқан Қорымда өткен тарихымызға, хандарымыз бен батырларымызға, билеріміз бен жырауларымызға  арналған мұражайлар, қазақтың көне қару- жарақ үлгілері, соғыс жүргізу тактикаларына арналған стенділер, ғұндардан бергі кісі жерлеу рәсімдері көрсетілетін суреттер болады. Жаназа шығару, қоштасу залдары, келушілер намаз оқитын орындар салынады. Басы артық ештеңе жоқ. Осыны шу- шуқаншылар біліп келген. Жандарына аяздай бататыны да сол. Орыс тарихынан ең кемі 2000- 3000 жыл ілгері кететініміз анық. Ал жерленетін адамдардың басына тек қана құлпытас қойылады. Қазір бірнеше варианты жасалды. Жуықтағы күндері үлкен комиссия бірін таңдап алады.

Пантеонға Парламент қабылдайтын Заңда көрсетілген адамдар ғана, марқұмның ақы иелерінің- қосағының, балаларының, ата- анасының келісімімен жерленеді. Ешкім мәжбүрленбейді

Пантеон мәселесі кеше ғана шешілген жоқ. 2004 жылғы 22 шілдеде Премьер- Министрдің сол кездегі орынбасары Б. Әйтімованың кабинетінде Ақселеу Сейдімбек, Ырымғали Нұрғалиев, Қойшығара Салғары, Тұрсын Жұртбай, Мырзатай Жолдасбеков, Төлеген Мұқаметжанов, Баянбай Хұсайынов, Клара Әмірова, Астана қаласының бір топ ақсақалдары жиналып,  «Ұлттық Қорым керек пе?» деген мәселе талқыға салынды. Бәрі бірдей қолдады. Айтқандайын, осы отырыста марқұм Ақселеу Сейдімбек Пантеон керектігін бірден қолдаса да өзін еліне апаруды тапсыратынын айтып еді. Содан бері аттай он жыл өтіпті.

Камал Әбдірахман

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057