Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Тұлға 5763 0 пікір 12 Қазан, 2014 сағат 02:00

Алаш арысы: Перуаш Кәрімұлы

Кешегі кеңес империясының қазақ даласына түсірген ауырт­пашылығы сан ғасыр арпа­лысқан ата жау – жоңғар шап­қыншылығынан асып түскені тарихи деректермен анық айқындалған. Алғашқы революциялық төңкеріс, 1930-жылдар басындағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдарғы қуғын-сүргін зұлматтарын халқымыз өмірі ұмытпайды.

Алаштың арыстарын азапқа түсір­ген сол заманның жендеттері ке­ші­­рім деген қасиетті мүлдем мо­йын­­д­амағанға ұқсайды. Біздің мақа­­ламызға арқау болып отырған асыл азамат Перуаш Кәрімұлы 1937 жы­лы НКВД-ның абақтысына жа­был­­ғанда бар болғаны 23 жаста екен.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында көрсетілген деректерге сүйенсек, Перуаш Кәрімұлы 1937 жылдың 14 наурызында Еркіншілік (Ерейментау) ауданындағы НКВД бөлімшесі таққан: «Елде револю­цияға қарсы әдебиеттер таратып, іріткі туғызу жұмыстарын жүргізді» деген айыппен қамауға алынған.

Жарты жылдан кейін Қарағанды облыстық соты босатуға шешім шығарса, бір айға жеткізбей Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы оны қайтадан түрмеге тоғытқан.

Бес жылға әрі қатаң режімдегі жазаға кесілген ардақты ел азаматының соңында сүйген жары Ерке мен бір жасар ұлы Тұрлыбек қалады.

Мұрағаттың айыптаушы жақ көрсеткен хаттамаларының бірінде: «…Байшыл элементтермен, революцияға қарсы ұлтшылдық көңіл-күйдегі тұлғалармен байланысып, Алаш Орданың әдебиетін жинаған және ел арасында ұлтшылдық насихат жүргізген», деген деректер мен оның болған жерлерінің тізімі көрсетіліпті.

Сол кездері сталиндік саяси қуғын-сүргінде Қазақстан бойынша 105 мыңнан аса адам: «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген мейлінше күдікті жалалармен, жас ерекшелігі, жынысына қарамастан, түрмелерге аяусыз қамала бергені белгілі.

Елім деп еңіреген боздақтардың бірі ұстаздық жолды қуған жас жігіт Перуаш Кәрімұлы еді. Ол жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаған кешегі аяулы арыстарымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатов­тың ісін жалғастырушы нақты ізбасары болғаны үшін басы құрбандыққа шалынды. Кесілген жаза өтеліп шыққанның өзінде ол кісіге шығарылған үкім бойынша 3 жыл бойы сыртқы дүниемен байланысуға қатаң тыйым салынды. Әділетсіз қоғамның сыңар езулі сот жүйесі осылайшы оны азаматтық барлық заңды құқықтарынан айырды.

Перуаш Кәрімұлы 16 жасында мұғалім болып, туған ауылында мектеп салып, оны 1936 жылға дейін басқарып тұрған. Еңбектене жүріп, ол әуелі егіншілік, кейін Ақмола педагогикалық техникумдарын, 1934 жылы Алматының оқу-ағарту комитеттері төрағаларының біліктілігін көтеретін арнайы курстарды аяқтайды.

Сол 1936 жылдан бастап Еркіншілік ауданының білім бөлімінде инспекторлық қызметтің жетегін қолға алған. Перуаштың батыл іс-қимылдары, жастарға деген жанашыр сөздері биліктегі кейбір надандардың көңілінен шықпағаны анық. Мағжанның, Сұлтанмахмұт пен Абайдың өлеңдерін жатқа білген жігіттің сол кездегі әрбір қадамы, айтқан сөздері НКВД-ға жедел ақпарат болып жиі-жиі түсіп жатты. Қызыл қырғын әкелген большевиктер диктатурасы Алаш идеялары мен мұратын көздеген, ағартушылық ісін қолға алған қайсар жанға қорқыныш ұялата алған жоқ. Басын қатерге тіккен ол батыр бабаларының салған сара жолынан айнымады. Сол үшін ауызбен айтып жеткізе алмайтын ауыр жазаларды басынан кешірді, сүйікті жары Еркесі мен тұла бойы тұңғышы Тұрлыбегінен мәңгілікке көз жазды.

1938 жылы хабар-ошарсыз кеткен аяу­лы ел азаматы Перуаш Кәрімұлы тек 1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы соты төралқасының қаулысымен, 23 жыл өткен соң ғана толық ақталды.

Ерейменнің Малтабар ауылында жаңа­дан салынған орта мектепке оның аты беріліп, республикалық деңгейде ақындар мүшәйрасы өтті. Белгілі жазушы-ғалымдар: Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Ғалым Жайлыбай, Исрайыл Сапарбаев, Серік Тұрғынбеков, Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары да оған белсене атсалысты. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі, белгілі саясаткер Азат Перуашев атасы аңсаған егемен елдің көңіл жадыратар мерейлі күндерін туған халқымен бірге тамашалауға мүмкіндік алды.

Тәрбиелік мәні зор бұл шара соңы кеш бата Ерейментау қаласының орта­лы­ғында ел жастарына арналған өнер жұлдыздарының гала-концертіне жал­ғасты. Ерболат Құдайбер­генов, Мар­жан Арапбаева, Айқын, Дос, тағы басқа көп­теген эстрада әншілерінің өнері қалың көрер­мендердің көңілін ерекше бір сер­піл­тті.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961