«БИЛІК БАҚ-ПЕН ЕШҚАШАН САНАСҚАН ЕМЕС»
ЖУРНАЛИСТ ҚАСЫМ АМАНЖОЛҰЛЫ:
1 және 2 қазанға жоспарланған журналист Қасым Аманжолұлының “Майдан: қазақ журналисiнiң көзiмен” атты деректi репортаждық фильмi “Таң” арнасының эфирiне шықпай қалды. Украинаның ұрыс жүрiп жатқан оңтүстiк-шығыс аймағы мен Қырымға барып, оқиғаны өз көзiмен көрiп қайтқан алғашқы қазақстандық журналистiң еңбегi нелiктен еш болды? Көрерменге жол тартар ақиқатқа кедергi келтiрген кiмдер? Бiз осы сұрақтарды фильмнiң авторы Қасым Аманжолұлының өзiне қойып көрдiк.
– Украинаға Қазақстаннан барған тұңғыш түсiрiлiм тобының дайындаған репортаждық фильмiн қалың көрермен қауым күткенi түсiнiктi. “Таң” арнасы және өзге де ақпарат құралдары фильм жөнiнде кеңiрек мағлұмат берiп, оның шығатын күнiн де хабарлап қойған едi. Сондықтан осы ретте фильм неге “Таң” арнасының эфирiнен түсiп қалды, осының мән-жайын түсiндiрiп өтсеңiз.
– Фильмнiң шықпай қалу себебi маған белгiсiз. Бiрақ, болжауымша, оған сыртқы күштер және елдегi құдiреттi күштер араласты. Телеарнаның басшылары бұл фильмдi беруге соңына дейiн күрестi. Телеарна жетекшiлерi мен акционерлерiн бұл мәселе бойынша айыптаудан аулақпын. Негiзiнен бұл сұрақты маған емес, ақпараттық саясат мәселесiн анықтап отырған мемлекеттегi тиiстi орындарға – ақпарат министрлiгiне және президент әкiмшiлiгiне қою керек шығар. ҚР Конституциясының 1-бабының 20-тармағында “цензураға тыйым салынған” деп анық жазылған. Соған қарамастан цензураның болып жатқаны өте өкiнiштi. Фильмнiң осы кедергiге тап болуы – бiздiң билiктiң халықтан және ақпараттық саясаттан соншалықты алыстап кеткенiн көрсетедi.
– Осы фильмнiң “Майданнан майданға дейiн” атты бiрiншi бөлiмi “Таң” арнасының эфирiнен көрсетiлдi. Содан кейiн журналистерге арналған көрсетiлiм ұйымдастырғанда “әзiрге Ақорда тарапынан оған қатысты әсер болған жоқ. Қайта Ақордадағылар мемлекеттiк мүдде тұрғысынан түсiрiлген фильмге қуануы керек” деп пiкiр бiлдiрген едiңiз. Ендi мiне, фильм эфирге шығуы тиiс аптада аяқ астынан осындай кедергiге кезiктi. Мұны немен байланыстырасыз?
– Алғашқы бөлiмнiң “Таң” арнасынан көрсетiлiп кетуi тиiстi орындардың қырағылығының жетпей қалғанынан ғана болған шығар. Украинадан оралғаннан кейiн бұл фильмдi тезiрек эфирге шығаруға тырыстым. Сондықтан толық монтаждап, толық нұсқасын дайындамай жатып бiрiншi бөлiмiн бiрден көрсетiп жiбердiм. Негiзiнен фильм өндiрiсiнде монтаж өте көп уақыт алады, оған кемiнде 1-2 ай уақыт кетедi. Яғни, бiздi қадағалап, тексерiп, тiмiскiлеп, аңдып отыратын органдар бiздi тоқтатып үлгере алмай қалды. Бiрiншi бөлiм солай шығып кеттi. Ал екiншi бөлiмге үлкен жарнама жасадық, халық көрсiн дедiк. Бұл фильм тек ұлттық мүдде тұрғысынан емес, мемлекеттiк мүдде тұрғысынан жасалды. Фильмде Қазақстанның мемлекеттiк шекарасын сақтау, тұрақтылықты сақтау, елдегi ақпараттық саясатты қалай қалыптастыру жөнiнде бiршама ойлар айтылады. Және бұл бiзде қазiр насихатталып жатқан ресейлiк пiкiрге түбегейлi қарсы көзқарасты бiлдiретiн фильм едi. Сондықтан бiздегi орындар ресейлiк көзқарастан гөрi басқаша көзқарасты көрсеткенiмiз үшiн қорыққан болуы керек. Бәлкiм, Кремльдегi қожайындардан таяқ жеймiз деп те қорыққан шығар. Дәл фильм көрсетiлуге тиiс күнi мәжiлiс Еуразиялық одақ келiсiмiн мақұлдап жiбердi. Оның қарсаңында Путин Қазақстанға сапармен келдi. Сондай үлкен мемлекеттiк шараларға тiкелей қатысы бар деп ойламаймын, бiрақ жанама қатысы бар болуы мүмкiн. Үлкен дәрежеде сонша мән берiлiп, жай ғана журналистiк зерттеу фильмнiң тоқтап қалуы осындай ойларға жетелейдi, әртүрлi күдiктi ойлар тудырады.
“Майданнан майданға дейiн” фильмi халықтың, қазақ қауымының ықыласына бөлендi, әсiресе әлеуметтiк желiлерде жақсы таралды. Бiрақ сөйте тұрып, қазақтың ризашылығын тудырған дүниеге осындай қарама-қарсы әрекет жасағанына күлкiм келедi. Керiсiнше, бiздiң билiкке мұндай көзқарастың шыққаны, таралғаны тиiмдi емес пе, әрi сырттан жасалатын ықпалдарға қарсы қою үшiн де пайдалануға болады. Қоғамдық пiкiрдiң әртүрлi екенiн көрсетiп, Қазақстанда Украинаны жақтаушылар көп, олардың да үнi бар екенiн бiлдiруге тиiс едi. Оны ойлай алмады, сондықтан бұл тоқтады. Әзiрше бұл уақытша тоқтады деп есептеймiн.
– Ал фильмнiң Ақорданың, президент Н.Назарбаевтың тiкелей жанды жерiне тиетiн тұсы болған жоқ па?
– Бұл жерде Қазақстан саясаты және Қазақстанның қазiргi билiгi жөнiнде ешқандай сөз жоқ. Бұл – таза украиналық оқиғаға баға берген, украиналық сарапшылар мен сарбаздардың пiкiрiмен толықтырылған фильм. Қазақстанның бар қатысы – қазақстандық журналистiң оқиға орнына барып келгенi ғана. Бар айыбымыз – онсыз да бар украиналық пiкiрдi жазып, алып келгенiмiз ғана. Әйтпесе мұндай украиналық көзқараспен жасалған дүниелер, телеөнiмдер интернетте ағылып-төгiлiп жатыр. Украина тарапының сөзi онсыз да жеткiлiктi. Тек мұны қазақ журналисiнiң қазақ тiлiнде жасағаны ғана билiктiң шымбайына батып кеттi деп ойлаймын.
– Мүмкiн, елдiң iшiнде осыны аңдып баққан ресейшiл күштер бар шығар?
– Әрине, бар. Жоқ деп айтуға келмес. Бұл фильмнiң бiрiншi бөлiмi көрсетiлгенен кейiн-ақ маған өте көп қоңырау түстi, әлi күнге дейiн көп хабарласады. Тiптi редакциядағы әрiптестерiм қарсы телефон соққан адамдардың кейбiрiн қосады, кейбiрiн қоспайды. Себебi сондай дәрежедегi агрессиялық көңiл күймен хабарласатын адамдар өте көп. Мұны әдейi ұйымдастырып отыр ма, әлде шынымен сондай адамдар бар ма, ол жағын бiлмеймiн. “Неге сiз Ресейдi басқыншы деп айтасыз, неге сiз Украинада Ресейдiң әскерi соғысып жүр деп есептейсiз?” деп тап беретiн адамдар жетерлiк. Тiптi алғашқы күндерi менi атып тастаймыз деп телефон шалғандар болды. Ондай телефон қоңыраулары әлi күнге дейiн үзiлген жоқ, әртүрлi қорқытулар жасайды, президент Н.Назарбаевқа жазамыз, ҰҚК-ге, прокуратураға арыз жазамыз дейдi. Әнеугүнi тiптi бiр адамдар хабарласып менi жұмыстан шығаруды және маған жалақымды бермеу жөнiнде басшылыққа талап қойыпты. Осындай күлкiлi жағдайлар өте көп. Бұл бiздегi халықтың, қоғамның Ресей ақпаратының құрбанына айналғанын көрсетедi. Олар: “Украинада фашистер, бандеровшiлдер, әскери хунта. Сiз қалай Яценюктi, Тягнибоктi жақтайсыз?” – дегендей айыптаулармен сөйлейдi. Мен ол кiсiлерге: “Сiздiң олардың фашист екенiне дәлелiңiз бар ма? Маған осылай ренжiп тұрғаныңызға қарағанда, Украинаға барып көрген шығарсыз, қандай дәлелiңiз бар?” деген сияқты сұрақтарды қоямын. Бiрақ сөздерiмнiң 99 пайызы оларға әсер етпейдi, тек қана көңiл күйiмдi құртады, жәбiрлейдi, артық ауыз сөздер айтады, жеке басыма тиiседi, қорқытады.
– Бұл адамдар өздерiнiң аты-жөндерiн айтып, таныстыра ма?
– Көпшiлiгi айтпайды, кейбiреулер “Қазақстан азаматымын” дейдi. Достарым “тиiстi құқық қорғау органдарына шағым түсiр” деп ақыл айтады, бiрақ полицияға арыз жазуға ерiнемiн. Оған бергеннен де нәтиже болатынына, менi қорқытқан адамдарға құқықтық тұрғыда жаза немесе тыйым салынарына сенбеймiн. Сол сенбегендiктен де ерiнетiн шығармын.
– Бұлар орыс ұлтының өкiлдерi ме, әлде орыстiлдi қазақтар ма?
– Орыс ұлтының өкiлдерi де бар, орыстiлдi қазақтар да бар. Олардан ең басты байқалатын дүние – ұлы орыстық шовинизм, Ресейге деген шексiз махаббат. Мен оларға “Менiң фильмiмде сыналатын нысан – Ресей немесе орыстар емес, Ресейдiң қазiргi билiгi, Путин және Кремль” десем, олар мұны түсiнгiсi де келмейдi. Олардың түсiнiгiнде Путин және Ресей деген ұғым бiреу. Және олардың ойынша, Ресейдiкi 100 пайыз дұрыс, Украинада фашистер, бандеровшiлдер, кiсi өлтiретiн жауыздар ғана бар, солар орыс халқын қырып жатыр деп басқа ешқандай балама пiкiрге орын қалдырмайды. Менiң фильмiмдi олар арандатушылық, елдегi тұрақтылықты бұзуға жасалған қазақ ұлтшылының арнайы қастандық әрекетi деп түсiнедi. “Ертең егер қандай да бiр қақтығыс болса, соған сiз кiнәлi боласыз, ондай жағдайда бiз сiздi сотқа беремiз” деп қоқан-лоққы жасайды. Бiрақ қақтығыс еш уақытта мұндай фильмнен емес, керiсiнше, қалыптасқан ұлы орыстық шовинизм, басқа да шектен тыс ұлтшылдықтан ғана немесе сыртқы агрессордың арандатуынан болатынын олардың түсiнгiсi де келмейдi.
– Бұлар сонда Ресейдiң ақпараттық кеңiстiгiнiң ықпалынан зомбиге айналғандар ма, әлде оларды бағыттап басқарып жүрген дирижерi бар ма?
– Менiң оған көзiм жетпейдi. Бәлкiм, олардың артында құпия қызметтер бар шығар. Ештеңенi жоққа шығара алмаймын. Бұған қатысты зерттеу жүргiзiп, оларды анықтайтын менiң құзыретiм жоқ. Ал ҰҚК, тиiстi органдар мемлекет мүддесiн қорғаған адамдарды қорғауға алудың орнына керiсiнше әрекеттерге баратындай көрiнедi.
– Осындай жағдайда елдегi журналистiк ұйымдар немесе халықаралық ұйымдар бұл оқиғаға араласуы керек емес пе?
– Нақты қастандық әрекетiнiң фактiлерi болмағаннан кейiн журналистiк ұйымдарға шағым айта алмаймын. Ал бiздiң елде жалпы журналистер одағы бар ма, жоқ па, оны бiлмеймiн. Мүмкiн, әдiлет министрлiгiнде тiркелген журналистер одағы деген ұйым бар шығар немесе жылына бiр рет журналистерге азын-аулақ сый-сияпат көрсететiн ұйым бар болар немесе журналистер одағының төрағасы едiм деп сұхбат беретiн адамдар бар шығар. Бiрақ бiздiң елде журналистердiң кәсiби одағы жоқ, журналистердi құқықтық, моральдық тұрғыда қорғайтын, iс жүзiнде жұмыс iстеп, әрекет етiп жатқан ұйым жоқ. Бiрнеше халықаралық ұйымдардан хабарласты, бiрақ қолымда нақты фактiлер болмағаннан кейiн оларға дерек бере алмадым. Ал жалпы журналистiк ұйымдар мұндай жағдайда әрекет етуге тиiс деп ойлаймын. Журналистер қазiр заң аясында өте ұйымшыл әрекет жасап үйренуi керек. Бiрақ, өкiнiшке қарай, самарқау.
– Фильмнiң эфирден түсiп қалуына байланысты олардан қандай да бiр реакция болды ма?
– “Әдiл сөз” ұйымынан хабарласты, анық-қанығын бiлу үшiн. Мен өзiм бiлетiн ақпаратпен бөлiстiм. Журналистер одағынан ешкiм хабарласқан жоқ. Кейбiр шетелдiк ақпарат құралдары хабарласты. Олар менен бар ақпаратты бiлгiсi келедi, ал мен бiлетiн ақпарат өте аз. Менiңше, ондай сұрақтарды журналистiк ұйымдар немесе журналистикадағы әрiптестер маған емес, тиiстi орындарға қоюы керек. Мен «қолжетiмдi» болғаннан кейiн бе, елдiң бәрi маған хабарласады. Әрiптестерiме “бұл сұрақтарды неге маған қоясыздар? Неге министрлiкке, ҰҚК-ге, президент әкiмшiлiгiне хабарласпайсыздар?” деймiн.Ол органдар, мүмкiн, осымен айналысып отырған шығар, оларда менен гөрi көп ақпарат бар шығар. Әрiптестер ҰҚК, президент әкiмшiлiгi десе қорқа ма, түсiнбеймiн. Олар да бiздiң салығымызға өмiр сүретiн мемлекеттiк қызметкерлер. Мемлекеттiк қызметкерден тиiстi жауап алуға тырысқанда тұрған не бар? Олар ақпарат бермеген күннiң өзiнде оларды мазалауға болмай ма? Осы жағын түсiнбеймiн.
Бiрақ менiң дәл осы жерде қазақтiлдi әрiптес ағайындарға сәл-пәл өкпем бар. Дәл осы мәселеге орыстiлдi журналист ұрынса, айталық, менiң орнымда орыстiлдi журналист болып, орыс тiлiнде түсiрiлген фильмге тыйым салынса, орыстiлдi әрiптестердiң барлығы бiр ауыздан үн қосып, үлкен зерттеу жасар едi. Тiптi Украина жайлы телеөнiмдi алдымен мемлекеттiк тiлде жұмыс iстейтiн журналистер, қазақтiлдi ағайын бiрiншi болып жасайықшы, орыстiлдi әрiптестер алдымызды орап кетпесiншi, солардың артында аудармашы болып қалып қалмайықшы деп намыстанғандықтан Украинаға барып едiм. Ендi келiп жасалған дүниенi қорғау, ұйымдасу жағынан алғанда бiз бәрiбiр артта қалып қойдық.
Таяқтың екiншi ұшы бар. Ертең бұл оқиға асқынады. Қазiр шағын фильмдi көрсетпей тастауға күшiмiз жеттi деп белгiлi бiр күштер қуанатын шығар. Ертең бұлар бұдан да зор дүниенi жөргегiнде тұншықтырып тастауға болады екен ғой деп тiптi құтыра бастайды. Журналистер қауымы бұл жерде әлсiзге, үндемеске айналады. “Бұға берсең, сұға бередi” дегендей, осал қарсыласқа айналып барамыз. Ақпарат құралдары билiк күштерiмен, адам құқын бұзатын, сөз бостандығына тыйым салатын күштермен күресiп келедi. Бiрақ осы күресте бiр позициядан айырылдық.
Суретте: Журналист Қасым Аманжолұлы және Қырым татарларының көсемi Мұстафа Жемилев
Бiр жасалған дүниенi көрсете алмай қалып едiк, “сендер бiрiншi болып түсiрiп едiңiздер, неге көрсете алмай қалдыңыздар?” деп зерттеу жасаудың орнына әрiптестер үндемей қалды. Кейде мұнысы бақай есеп сияқты көрiнедi. Сәл-пәл азаттығы бар әрiптес арналардан үн қатуын күткен едiм. Жарайды өздерi Украинаға бармады екен, бармай-ақ та қойсын. Ешкiм ешкiмдi мәжбүрлемейдi. Бiрақ барған, одан фильм жасаған адамға тыйым салынып жатқан кезде араша түссе қайтедi? Ертең ондай күн сенiң де басыңа түсуi мүмкiн, сол кезде саған да ешкiм арашашы болмайды. Дәл осыған ұқсас сөздi Киевте өзiме сұхбат берген Қырым татарларының көсемi Мұстафа Жемилев айтқан едi. “Қырым татарлары қиын жағдайға тап болғанда, заңсыз, күшпен жасалған референдумды Қазақстан мойындады. Бiз Назарбаевты өте ақылды адам деп есептеушi едiк, бiрақ Назарбаев сол референдумды мойындады. Бұл қалай? Сенiң де солтүстiкте жерiң бар, сенiң де басыңа сондай күн тууы мүмкiн. Сол кезде туыс түркi елдерi өзiне қарсы әрекет жасаса қайтер едiң? Бұл бiзге арқадан пышақ ұрғанмен бiрдей”, – дедi.
– Репортаждық фильмнiң эфирге шықпай қалған екiншi бөлiгiнде не туралы сөз болды? Не мәселе арқау етiлдi?
– Қырым жөнiндегi 18-20 минуттық фильм болатын. Ол жерде бiздiң билiк қорқатындай үлкен мәселе жоқ. Қырым татарларының тағдыры, қазiргi жай-күйi сөз етiледi, Қырым татарларының қайраткерлерi сөйлейдi, Қырым татарларының орталық басылымдарына жасалған вандализмдiк әрекеттер көрсетiледi. Қырым татарларының референдум кезiндегi қарсылығы, үлкен қайраты арқау етiледi. Қырым көрiнiстерi мен Бақшасарай көрiнiстерiн түсiрдiк. Қысқасы, бәрi айтылып жүрген ашық ақпарат. Қазақстанды әшкерелейтiн, қауiпсiздiкке қатер төндiретiн дүние жоқ. Қырымды аннексиялаған Ресей әрекетi ғана әшкереленедi.
– Сiздiң ойыңызша, фильмнiң жарыққа шығуына кедергi келтiрудiң астарында не бар: бұл Кремльдiң сесiнен қорыққан Ақорданың асыра сiлтеуi ме, әлде сыртқы күштердiң, Мәскеудiң ақпараттық салаға араласа бастауы ма?
– Менiңше екеуi де бар. Жалпы, бiздiң билiк халықпен және халыққа ақпарат жеткiзушi БАҚ-пен ешқашан санасқан емес. Олар өздерiн қашанда құдiреттi санайды, Конституцияны таптап өтiп, нұсқау беруге құқым бар деп ойлайды. Бұл бiздiң билiкте бұрыннан бар оспадарлық, әсiресақтық және ресейлiк күштердiң ықпалының тiкелей көрiнiсi. Тiптi Қазақстанға кiре бастауының алғашқы нышаны. Кеңес одағы кезiндегiдей сақтық танытып, Кремль бұған не дейдi, таяқ жеп қалмайық, төбемiзден соқпасын деп бейшара халге түсе бастадық. Құл болып үйренген адам құлдықтан қорықпайды. Құлдық қамытын кигiзген кезде ол қайтадан емпеңдеп құлдық кейiппен сүйретпесiн сүйретiп жүре бередi. Бұл жерде көнбеймiз деген адамдарға ғана қиынға соғып тұр.
– Мұндай жағдайда қазақ журналистерiнiң ары қарайғы әрекетi қандай болуы тиiс? Осындай қыспаққа түспес үшiн не iстеу керек?
– Нақты iс-әрекеттiк тұрғыдан алғанда, Қазақстанда журналистердiң тәуелсiз кәсiби одағы құрылуы керек. Ол одақтың басшылығына iскер, осы салаға жан-тәнiн арнайтын жанашыр азамат келуi тиiс. Ол одақтың кез келген журналиске араша түсетiндей мүмкiндiгi болуы үшiн тәуелсiз жарғысы қалыптасуы керек және оның қаражат мәселесiн шешу қажет. Бұл жерде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармаса болмайды. Қазақстандағы бүкiл газеттер, барлық БАҚ басын бiрiктiретiн әрекетке баруы шарт. Әрбiр телеарна өзiнiң “ортақ өгiзден оңаша бұзауым артық” дегендей, мемлекеттен алатын тендерiн немесе олигархтан алатын транштарын қанағат тұтып, шетте қалмасын. Барлық ақпарат құралының бюджетiнде осыған арналған бап болып, кәсiби одаққа алғашқы қаражатын құйсын. Одан кейiн тәуелсiз одақтың мүшелерi жарна төлейтiн кәсiби журналистерден құралуы керек. Бұл – бiр. Екiншiден, қалай болғанда да қоғамдық телеарналардың алғышарттарына жұмыс iстеудi бастау керек. Үшiншiден, жекелеген азаматтар бiр-бiрiмiздi азаматтық тұрғыдан қолдауды үйренгенiмiз абзал.
Бiз Украина мәселесiне, Қазақстанның тәуелсiздiк мәселесiне, мемлекеттiк шекара, iшкi, сыртқы қауiпсiздiк мәселесiне, ақпарттық тәуелсiздiк мәселесiне бәрiбiр барамыз. Ендiгi қалған ғұмырымызда одан айнып, бұдан бас тартатын жағдайымыз жоқ. Нағыз күрес ендi басталды. Мүмкiн, осындай күрес қазаққа керек шығар. Украина өз жерiн қанымен қорғап жатыр, Украинаның ең мықты ерлерi шығыс Украинада өлiп жатыр. Олар Отаны үшiн жанын қиюға дейiн барды. Ал бiз өлiп кетпесек те, ең болмағанда осы жолда күресiп, бiраз қиындыққа төзетiн азаматтық ұстанымда болсақ екен деймiн.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Әңгiмелескен
Елнұр Бақытқызы.
«Жас Алаш» газеті
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Журналистер әлсiз, қарсыласуға дәрменсiз