Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 6948 0 пікір 1 Қазан, 2014 сағат 11:51

Отыздыққа ену ойыншық емес

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы өте кеуделі құжат, онда бұрын-соңды ауызға алудың өзіне бата алмайтын қияндарға қол сілтеп отырған асқаралы алып мақсат көзделген. Қазақстанды әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына қосу міндетінің зіл батпан салмағы бар. Әрине, даму қарқынын осы күнгіден гөрі ғылымның жетістігін пайдалану арқылы жақсарта алсақ, табиғат ресурстарының бағасы түсіп кетпесе, алдымыздағы 35 жылда экономикалық көрсеткіштермен алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына теңесіп те қалармыз. Бір кезде 50 елдің қатарына енудің өзін бола қоймас деген скептикалық көзқараспен қабылдаған едік. Алайда, аман-есен жеттік қой. Сол сияқты, бір кезде ЕҚЫҰ-ға төраға болуымыз неғайбыл-ау деп ойлаған едік. Төрағасы болмақ түгіл Саммитін де өткізіп бере алдық. Ендеше, Мәңгілік Ел болуды армандап отырып, отыздыққа да жетіп барармыз. Онда отырғандар да өзіміздей адамдар, ешқайсысы көктен түскен жоқ. Тек тынымсыз еңбек етіп, жоғары технологияға қол жеткізумен дами бергендер емес пе олар. Елбасы үздіксіз даму ғана біздің Тәуелсіздігімізге кепілдік бере алады дегенде де соны мегзеп тұрған болуы керек. Бірақ…

Бірақ… Бізден жалғыз экономикалық емес, басқа да жетістіктер талап етіледі. Соның ішінде қазақстандықтардың санасы, мәдениеті де соған сай болуы керек. Елбасы “Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуы тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз – дамыған елдің негізі” деп атап көрсетті. Бірақ бүгінгі Қазақстан дәл осы талаптарды орындауға сақадай сай отыр деп айту қиын.

Дамыған 30 елдердің бәрінде, мәселен, АҚШ-та адам өзін-өзі еркін сезіне алады. Өйткені, онда заң үстемдік құрып отыр. Егер заңды бұзбасаң, дұрыс жүрсең, сен ешкімнен қорықпай, еркін тыныстап жүре аласың. Өзіңді заңның қорғайтынына сенімдісің. Ал заң дегеніңіз бұл елдерде бәрінен де жоғары тұрып, монополиялық үстемдік етеді. Ешқандай әкім, байманап, қолына түрлі биліктің құлағын ұстап отырғандар, тіпті, құрметті ақсақал, халыққа еңбек сіңірген ер, т.б. бірде-бір пенде оны бұза алмайды, бұза қалса, аяғы аспаннан бір-ақ келеді.

Ал бізде ше?.. Әзірге автожолдарды белгіленген жердің өзінде кесіп өту түгіл жаяу адамдардың жүретін жерінде қорқа соғып жүресің. Өйткені, бір дәрежелі шенеуніктің есерсоқ баласы ауыр көлігімен тротуарға шыға келіп, соғып кетуі ғажап емес. Ол үшін әлгі соққанға түк те болмайды, өйткені, әкесі көлденеңнен келіп жатқан көп ақшаны көлдей қылып төге салады (жуырда ғана соның бір мысалы болғанын барша қазақстандықтар көзімен көрді). Ауыр халде жатсаң да отбасыңа бір пайдасы тисін деп соның ұсынған тиы­нын алып, “екіжақты келісімге” келіп, есерсоққа ешқандай кінә артпаймын деп қол қойып бересің. Ал оның қылығының қоғамдық қауіптілігін ескеріп, не де болса жазаға тартамын дейтін заң жоқ. Сонда, халықты қорғауға тиісті заң қалталының ғана құқығын қорғап, оның арамнан жиған ақшасының алдында бас иетін секілді. Демек… Заңда үстемдік жоқ. Біздегі үстемдік – ақшада.

Немесе… немесе жасөспірім балаңды көшеде жоқ нәрсеге ұрындырып, қалтасына “бірдеңе” (есірткі) салып жіберуі, әлгі бәледен қарызданып-қауғаланып зорға құтылуың мүмкін. Кәсіпкерлерге істеліп жататын қысастықтар одан да көп. Сондықтан, қазір халық полицияны, прокурорды, қаржы полициясы және т.б. құқық қорғау қызметкерлерін анадай көргеннен-ақ қорыққанынан (сыйлағаннан емес) жалбақтап, аузын майлап жіберуге дағдыланған. Әлеуметтік сауалдамаға қарағанда халықтың 10 пайызы ғана полицияға сенеді екен.

Жуырда ғана “Егемен Қазақстан” республикалық газетінде “Астамшылық” деген мақала шықты. Авторы – журналист Ш.Әміров. Онда Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотының ғимараты алдында Тоққожа деген адвокатты Хамедов деген әумесердің ұрып кеткені жазылған. Ал енді содан бері жарты жыл өтсе де, адвокаттың таяқ жегенін талай адам көрсе де, кезекшіліктегі полиция қызметкері мен приставтың өзі арашаласа да, жедел жәрдеммен жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, орта дәрежедегі дене жарақатын алған деген сот-медициналық сараптамасының анықтамасы болса да, қылмыстық іс қозғалмаған. Бұл не сұмдық екенін әркім өз әлінше салмақтасын. Қылмыс соттың алдында болып жатса, адвокат болып жүрген адамның өзі құқығын қорғай алмай жүрсе, қарапайым халық құқығын қалай қорғай алады?

Қозғалған қылмыстық істі тергеуші А.Қуанышұлы деген қысқартыпты. Ал прокурордың берген жауабы: “Бұл іс уақытша тоқтап тұр”, – дегенмен шектеліпті. Қанша уақытқа, не себепті, ол жағы белгісіз. Бұрын құқық қорғау қызметкерлерін “әрекетсіздігі” үшін жауапқа тартқанды жиі еститін болсақ, осы күні заңның ондай бабы мүлде ұмытылған сияқты. Сондықтан біздегі құқық қорғаушылар қорғаудан гөрі қорлауға бейіл болып бара жатқанын күнде көреміз. Мұндай істер бірен-саран болса жақсы ғой, жаппай болып бара жатқанын шыққыр көзіміз күнде көріп жүрген жоқ па? Ұсақ-түйек дүниенің бәрі де қол жетпестей қиындап, ауыр кедергілерге ұшырап жатқанында қандай жайлылық болсын? Мәселен, асығыстау болып, телефонның ақылы (назар аударыңыз, ақылы) анықтамалығынан бір ұйымның нөмірін тез білгіңіз келсе, жүйке тамырларыңыздың талайы жойылатынына алдын ала дайындала беріңіз. Алдымен: “Сіз 169 ақылы анықтама қызметіне қоңырау шалдыңыз”, – дегенді екі тілде асықпай айтады. Одан әрі “қазақ тілін таңдау үшін 1-ді, орыс тілін таңдау үшін 2-ні басыңыз”, одан әрі, ұзақ сонар тағы бір қызметтерді, соның ішінде оператор бәлен, ауа райын білу түген, валюта курсын содан, кинотеатр репертуарын анадан біліңіз деп езіп тұрып алатын автожауап берушіге не айтасыз? Шаруаңыз осы қызметке тіреліп, асығып, күйіп тұрғаныңызды телефон не қылсын, одан әрі музыка кетеді. Бұл – қоңырау. Ол да жүйкеңізді біраз жұқартқаннан кейін “қазір операторлар бос емес, күте тұрыңыз” дегенді естисіз. Тағы да музыка. Тағы да “күте тұрыңыз”… Қысқасы, жарты минутта бітетін Сіздің шаруаңызды жүйкені жұқартатын жарты сағатқа созбаса, маған келіңіз. Әрине, талай адам бұл уақытта қолды бір-ақ сілтеп, телефон құлағын тастай салады. Осы неге керек? Маған мұндай керексіз ақпараттарды тықпалаудың керегі не дегенді телефон басшылығына айтсаңыз, ойбой, Сіз “жоғары сервисті” түсінбейді екенсіз деп өздерінікін дұрыс санап, ешқашан жағдайыңызды түсінуге тырыспайды. Өз түсініктерінде олар қызмет көрсетуді керемет жақсарттық деп ойлайды. “Жақсартқаны” жұрттың жүйкесін жұқартып жатқанына олар пысқырмайды да… Ал бір кезде осы ақылы қызмет мүлтіксіз істеп, халықты біршама қуантқанын да білеміз. Егер бір мекеме, ұйымға барып, таныс адамыңызға жолығып, я басқа бір жұмыспен кіріп шыққыңыз келсе… Мұнда да жүйкеңізді алдын ала ширата беріңіз. Алдымен бұрын қылмыскерлерге ғана орнатылатын аранға тап боласыз. Қазір ондайы жоқ мекеме некен-саяқ. Бұрынғы кезде зейнетке шыққан кемпір-шал атқаратын вахтерлық жұмысты енді 70 мың теңге алғанына мәз болып, бет-аузы бес биенің сабасындай болатын бір қара дәу атқаратын болыпты. Ол Сіздің құжатыңызды алып қалып немесе жазып алып жібере салмайды. Кімге келгеніңді, неге келгеніңді сұрап, алдымен тергеуге алады. Бастыққа келген болсаңыз хатшыға хабарласып, одан бастықтың рұқсатын күтіп, ол келген соң өткізу бюросына жіберіп, одан “рұқсат қағаз” алдырып қана ішке жібере алады. Кім болсаңыз да сол кепке тап боласыз. Бұл уақытта кем дегенде жарты, әйтпесе, 1-2 сағат уақытыңыз өледі.

Сонда… Осы біз кімнен қорқамыз деген сұрақ туады.

Ең сорақысы сол – біз бір-бірімізге сенуден қалып барамыз. Бейбіт уақытқа қарамай, бірімізден-біріміз сезіктеніп, қауіп күтіп, қорқатын болдық. Осының әлегінен адамды сыйлау, оның құқы мен бостандығын қадірлеуден гөрі аяққа басу күннен-күнге ұлғайып барады. Дамыған 30 елдегі ең бірінші құндылық – Адам. Бәрі де сол адам үшін жасалады, адам үшін қызмет етеді. Барлық қызмет, Үкімет органдары қарапайым адамға жағдай жасауды, қызметіне жарауды өзінің басты міндеті деп санайды.

Былтыр белгілі Ресей журналисі Владимир Познер Америкаға барғанда басынан кешкен бір оқиғаны өзінің блогында жариялады. Нью-Йоркке барып, қонақүйге орналасқаннан кейін ол паспортын жоғалтып алғанын біледі. Ертесіне қаланың паспорт орталығына барып, түстен кейін жаңа паспорт алып шыққанын егжей-тегжейлі жазыпты. Бізде ғой мұндай шаруа кем дегенде екі аптаға созылар еді. (Әрине, Ресейде де солай.) Риза болған Познер өзінің міндетін мүлтіксіз орындап және бұл үшін ешқандай “қосымша ақы” талап етпей, жарты күнде жаңа паспорт жасап берген адамға алғыс айтайын десе анау: “Сэр, Сіз бұл үшін салық төлейсіз ғой” депті қатқыл үнмен.

Ал біздің шенеуніктер әрбір адамның салығының арқасында өзінің тамағын асырап отырғанын қаперіне де алмайды. Оның ойынша, оған еңбекақыны Үкімет төлейді. Сондықтан білетіні Үкімет қана. Ал Үкіметке ақша қайдан келіп жатқанын ойлап, бастарын ауыртпайды.

Президенттің талап еткендей адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналу үшін соншалықты үлкен кедергіден, алынбайтын қамалдан өтудің керегі жоқ. Тек, әркім өзінің істеген жұмысына адал, мәдениетті, саналы қараса болғаны. Әсіресе, шенеуніктер халықтың есебінен күн көріп отырғанын сезінуі керек. Ондай әлеует біздің халқымызда бар. Өйткені, халқымыз жаппай сауатты, ең құрығанда орта дәрежелі білімі бар. Демек, бұл іс әркімнің қолынан келеді. Алайда, ол үшін қоғамымыз жаппай сауықтандырылуы керек. Соның ішінде қоғамымыз да заңның талаптары қатал орындалатын дәрежеге көтерілгені дұрыс.

Парламент жуырда ғана Қылмыстық кодекстің жаңа, жетілдірілген нұсқасын мақұлдады. Онда қылмыстың жаңа түрлерін ауыздықтаумен қатар, бұрынғы “былқылдақ” баптардың бірсыпырасы күшейтілді. Мәселен, ендігі жерде алты адамды соғып кетіп, оның біреуін өлтірген адам ешқашан ақшасымен жазадан құтыла алмайды. (Осыған дейінгі “былқылдақ” заңнама Қазақстанды бүкіл әлем жұртшылығы алдында масқара қылғанын оны жазғандар ойламайды да-ау). Енді мұндай жағдайда қылмыстың қоғамдық қауіптілігі ескеріліп, жазықтыны міндетті түрде жазаға тарту белгіленген.

Елбасы өзінің Жолдауында мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін айтты. Демек, Президент барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына өту деген сөз тек экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейтінін көрсетіп, Үкіметтен сананы өсіріп, адамдарымыздың мәдениетін көтеру жолында да еңбек етуді талап етіп отыр.

Сондықтан ұзақмерзімді тұжырымдама халқымыздың мәдениетін жоғарылатуға үлес қосар деген үміттеміз. Алайда, ол тек мәдениет саласы қызметкерлеріне ғана қатысты болып, халқымыздың қалың көпшілігіне қатысты болмаса, одан пайда жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Президент кейбіреулердің қала көшелерінде дұрыс жүре алмайтындығын, кез келген жерде қоқыс (темекінің қалдығы, сағыз, шекілдеуік, т.б.) лақтыруға бейім екенін қатты сынағаны бар. Соларды тоқтату үшін айыппұл салу керектігін айтқан. Сол талаптың кезінде, одан кейін де көшелеріміздің біршама тазарып қалғанын көрдік. Осындай талап қойылғаннан 1-2 жыл бұрын Астананың ең орталық көшелерінің біріндегі бағдаршамға тоқтаған машинаның есігі кенет ашылып, жүргізушінің күлсалғышын көшеге ақтара салғанын да көрген болатынбыз. Ондай сұмдықтар қазір жоғалды. Демек… тәртіп батылырақ талап етіліп, басымырақ айыппұл салына бастаса, халқымыз бір демде түзу жүрудің, мәдениетті тұрудың жолына түсер еді. Ұзақмерзімді мәдени саясаттың тұжырымдамасында халықтың көшеде, қоғамдық орындарда өзін-өзі мәдениетті ұстай білуі сияқты “ұсақ” нәрселер де қамтылуы – барынша дамыған 30 елдің қатарына енудің маңызды шартының бірі. Ауылдан келген жастар жамандығынан емес, көбінесе білмегеннен де мәдениетті жүрудің жолдарын біле бермейді. Кез келген жерге түкіру, қоқыс шашу, айғайлап сөйлеу, қатты ысқыру, боғауыз айту сияқты ауылдағы “еркіндіктер” қалада қол емес екенін білдіріп отыратын шаралар жасалса ғана олар бойларын түзу ұстауға үйренеді.

Мұндай дөрекіліктерді жеңерміз-ау, ал санамызды жаппай торлап алған ақшаға деген ашкөздікті қалай еңсереміз? Осы күні жоғары қызметтен бастап, ең төменге дейінгі шенеуніктің талайы өзіне ісі түскен адамнан қайтсе де “бірдеңе” түсіргісі келіп тұрады. Және осы “жұқпалы дерт” күннен-күнге дендеп барады. Біздіңше, оны жоятын жалғыз шара тек діни қағидалардың алғышарттарын адамның бойына сіңіруде ғана секілді. Тек имандылық жолы болмаса, басқа дүниемен (айыппұлмен, соттаумен) оны тоқтату қиын. Құдайдан қорыққан адам ғана қолын таза ұстайтын шығар. Сондықтан діннің алғышарттары, имандылық әліпбиі мектеп бағдарламасына енгізіліп, “таза адам”, “таза қол” қағидасы санаға бала кезден бастап сіңірілуі керек. Бұл іс Қазан төңкерісіне дейін білім алып, бойына біліммен қатар, имандылықты сіңірген барлық ұстаздардың аузынан түспеген. Ғабит Мүсірепов те өзінің алғашқы ұстазы Бекет Өтетілеуов туралы жазғанда ол кісінің “әрқашан да қолдарыңды таза ұстаңдар” деген сөзді сабақ сайын айтатынын еске алады.

Сонымен қатар, бұл істі әлемдік және дәстүрлі діндердің бәрі де уағыздайтынын жеткізе алатын үздік оқулықтар жазылғаны жөн. Бұқаралық ақпарат құралдарынан да тұрақты түрде имандылыққа уағыздайтын үздік, қызықты хабарлар мен мақалалар беріліп тұрса, оның да әсері аз болмас еді. Мәдениеті бізден гөрі жоғары дамыған, алдыңғы қатарлы 30 елдің бәрінде де діннің осындай тұстары терең насихатталып тұрады.

Сондай-ақ адамды мейірімділікке, жүрегін ізгілікке баулитын фильмдердің көп түсіріліп, үнемі көрсетіліп тұрғаны керек-ақ. Біздегі атыс-шабыс, қанды судай ағызатын, адамды қан-ішерлікке үндейтін фильмдер жоғарыда аталған 30 елдің телеэкрандарында әлдеқашан көрсетілмейтін “арзан дүниелер”. Ондайлар тек Ресей бастаған ТМД елдерінің экрандарынан ғана түспейді. Және соның көрсетілуін қалап, халықтың психикасының бұзылып, қаныпезерге айналуын жақтайтын бір қаржылық топтар да бар. Ондайлар осындай арзан дүниелерге түрлі сыйлықтар беріп, жарнамалар да жасап жатады. Сөйтіп, халықтың пейілінің бұзыла түсуін қалайды.

Қазіргі қазақ фильмдерінің де көбі сондай. Жайдан-жай ашуланып, бір-біріне шаңқылдап жатқан кейіпкерлерді жиі көресің. Оның үстіне қазақ киносында шебер актерлер әлі де аз. Көбі кино мен театрды шатастырып, театрдағы актердің шеберлігі дегенді басшылыққа алып, түрлі образдар жасамақ болып, қабақтарын түйіп, тамақтарын кенеп, т.т. сөйлеп жатқан жасанды қылықты әртістер кинода көрінуге тиісті шынайы өмірді жасай алмайды.

Адамның бойына ізгілік нұрын құятын, сонымен бірге тәубеге келуге ықпал ететін орыстың “Француз тілінің сабақтары”, поляктың “Емші”, иранның “Жәннат балалары”, еврейдің “Пианист” және т.б. сияқты фильмдер түсіруге ешкім мән бермейді. Ал олар біздің қоғамға ауадай қажет дүниелер. Мәдени тұжырымдама бойынша нақ осындай фильмдер түсіруге ғана қаржы бөлінуі керек.

Біздің 2050 жылға апаруға болмайтын бойымыздағы ең кесір “дертіміздің” бірі – рушылдық. Осы бір дерттің кесірі ұзақ жылдар бойы ұлттың дамуында аяғымызға тұсау, қолымызға бұғау болып келгенін білсек те, содан ажырай алмай тұрмыз. Қазақтың талайы-ақ қанша жерден бір-біріне мейірі түсіп, бауыр еті езіліп тұрса да жақтасының руы басқа екенін білген жерде тосылып, демде жатырқап қалады. Осы бір келеңсіз дерт бүгінгі күні тіпті асқынып барады. Тіпті, жап-жас қыздардың өзі руға бөлініп жатқанын көргенде тұла бойың түршігеді. Жуырда бір тойда исі қазақтың ақылшысы, күллі түркі дүниесінің беткеұстар ерлерінің бірі – Қазақстан Президентін “менің інім, менің бауырым” деп сөйлей берген бір жаман кемпір жұрттың бәрін ығыр қылды. Сондағы мақтанатыны – Президентімізбен бір рудан екен. Әлдеқашан әлемдік тұлғаға айналған, барша халық президенттікке қайта-қайта сайлаған адамды бір руға тели сөйлеудің өзі қандайлық тар өрістілік екенін айтудың өзі артық қой білген адамға. Ондай адамды жекеменшіктеуге сенің құшағың тар ғой деп ақылсыз адамға қалай айтарсың, ешкім де үндемей отырды. Ал егер әркімнің руын айтып мақтануын немесе біреудің руын сұрап қазбалауын заңмен тыйып, осындай сөздер айтқан адамға 100 немесе 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болса, ешкім де қоғамдық орындарда руды ауызға алып, өзі де аз қазақты бөліп-жаруды қояр еді. Санадан мүлде сызып тастамасақ та әкімшілік қылмыс деп танылған соң оған бәрібір шектеу болар еді. Ал бұл дерт санамызда жүрсе, біз ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 100 мың долларға жетсе де жоғары мәдениетті ұлт бола алмаймыз.

Елбасы өзінің Жолдауын “бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” деп атап отырғаны да осындай дерттерден адалануды көздегеннен туған идея екені көрініп тұр. Сондықтан аталмыш Тұжырымдамада, кейінгі шығатын заңдарда осындай жайттардың бәрі ескерілуі қажет.

Міне, Президенттің жаңа Жолдауын оқығанда осындай да ойлар туды. Осының өзі оның беттен қалқымай, өте тереңнен тамыр тартып, алыс қатпарлардағы ақыл-ойларды да қозғап, мидың қатты ширығуынан туындаған құжат екенін көрсетеді.

Жақсыбай САМРАТ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048