Жексенбі, 13 Қазан 2024
Әкім мен халық 7632 0 пікір 1 Қазан, 2014 сағат 07:48

ӘБДІШЕВТІҢ АЛТЫ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

 

Креслосын өте жиі ауыстыратын ең жас облыс әкімдерінің бірі Бауыржан Әбдішев қандай басшы еді? Бауыржан Әбдішев ақталып шыға ала ма?

«Құрметті сот, мен маған тағылған айыппен толық келіспеймін. Мен өзімді еліме және Елбасына адал қызмет атқарған қызметкердің бірімін деп санаймын»

/Б.Әбдішевтің сот алдындағы сөзінен/

Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев осы жылдың 20 маусымында Елбасының атына (ресми түрде осылай айтылды) хат жазып, қызметінен кеткен болатын. Тамыз айында Президент Н.Назарбаев Қарағандыға жұмыс сапары кезінде экс-әкімнің не үшін қызметінен алынғанын айтты.

Елбасының айтуынша, облыс басшылығы жер үлестіруде заңсыз әрекеттерге жол берген. Сол істің анық-қанығын тексеру үшін Әбдішевті қызметінен босатқан. Бүгінде Бауыржан Түйтейұлын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ұстап, сот шешімімен 2 айға дейін қамауға алынды.

Әзірге тағылған айып - ол таныстарына «Еуростандарт-Қарағанды» деген ЖШС құрып беріп, жолға төселетін плиткалар шығаратын зауыт ашуды тапсырады. Кәсіпорын іске қосылғанда шаһардағы саябақтардың бірінің плиткаларын ауыстыру үшін әлгі фирманың өнімін пайдалануға кеңес берген. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден аса қаржыға 2 келісім-шарт жасалады. Бұл істің барлығы Б.Әбдішев 2012 жылы Қарағанды қаласының әкімі болып тұрған кезде болған. Ресми мәліметтерден білетін ақпаратымыз осы.

Әбдішев қандай әкім еді?

Бауыржан Түйтейұлының биографиясына қарасақ, тағайындалған қызметте ұзақ отырмайды екен. Кеден саласы, «Нұр Отандағы» инновациялық жұмысы, Қарағанды әкімі, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, одан кейін көмірлі өңірдің басшысы секілді лауазымдарының барлығында екі жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген. Тіпті кейде бір креслоның құлағын 3 айдан артық ұстамаған кезі болыпты.

Алайда, атқарған қызметіне сай әрдайым тұрақты өсіп отырыпты. Білетіндердің айтуынша, экс-әкім өте еңбекқор және талапшыл. Оның күнделікті жұмыс уақыты таңғы сағат 7-де басталып, түнгі 11-12-де тәмәмдалатын көрінеді. Әрбір жиналысын «Жемқорлыққа жол жоқ! Арам пиғылдарыңды жүзеге асырып, құтылып кетемін деп ойламаңдар. Заң бұзсаңдар, тиісті жазаларыңды аласыңдар» - деп ескертіп   отырды. Енді сол әкімнің плитакадан ақша жегені күдік туғызбай қоймайды.

Осы жылдың ақпан айында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылары түрлі себептермен 2500-дей жұмысшыны жұмыстан босатамыз деп мәлімдеді. Алайда, өңір басшысы Әбдішевтің араласуымен олар уақытша басқа жұмысқа тартылса да, орындарын сақтап қалды. Қара жұмысшыларға 13-ші жалақысын беру мәселесі де оң шешімін тапты. Жергілікті халық Б.Әбдішевтің атын шұрық тесік жолдардың жөнделіп, жаңадан салынған асфальт жолдардың пайдалануға берілуімен тікелей байланыстырады екен. Шамамен 1000 шақырымға жуық жол қайта төселініп шыққан. Индустрияландыру картасы аясында 51 жоба іске асқан. 13 Инвестициялық жоба қолға алынып, 1700 адам жұмыспен қамтылған.

Әбдішев жасаған 6 жақсылық

1. Біздің шенеуніктердің Жаңа жыл мерекесін тойлауды 1 ай бұрын бастайтын ерекшелігі бар. 1 желтоқсанда қалалардағы бүкіл көрнекті орындарда шырша мен жаңа жылдың атрибуттары самсап тұратыны үйреншікті көрініске айналған. Б.Әбдішев әкім болып тұрғанда осы үрдіске тоқтау қойды. Тәуелсіздік күнін тойлап болмай облыста шырша шамдары жағылмасын деп бұйрық берді. Бұл ісіне өткен жылы ел болып куә болдық. Осылай Жаңа жылды ысырып, Тәуелсіздікті құрмет еткен ол, ұлттық мерекеміз – Наурызды дүрілдетіп тойлатты. Мұны бір деп қойыңыз.

2. «Бесоба» тұрғын үй кешені тұрғындарының ажалдан аман қалуына себепкер болды. Қала басшысы қызметінде болғанда құлағалы тұрған үйдің тұрғындарын қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда өз еркімен пәтерін босатудан бас тартқандар болыпты. Амалсыздан арнайы жасақ шақыртып, 3 күн дегенде барлық тұрғындарды көшіреді. Артынша үй опырылып құлағанда әлгі адамдар әкімге келіп рахметін айтқан. Сол тұрғын үй кешенін қайта салуды қолға алды. Биыл жыл соңына дейін барлық пәтер иелері жаңа үйде қоныс тойын тойлайды деп уәдесін берген. «Қолыңнан келмесе, атаңның басына бұл жұмысты аласың» - деп мердігерге жекіп жүргені де сол құрылыстың қамы еді. Бұл екі.

3. Қарағандыдағы ескі емхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жетімдер үйінде тәрбиеленген жастарға үлестіріп берген. Бастапқыда қол астындағылар нысанды Халыққа қызмет көрсету орталығының кеңсесі ретінде пайдалануды, тіпті сатып жіберуді ұсыныпты. Қазір сол жатақхана бөлмелері жетім өскен бірнеше жастың құтты шаңырағына айналды.

4. Жыл сайын жетімдер үйінен шыққан түлектерге ЖОО-да тегін оқуға мүмкіндік жасаған. ҰБТ-дан тиісті балл жинай алмағандардың колледждерде білім алуына қамқорлық көрсеткен. Өңірдегі атқарушы билік мекемелерінде 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі жұмыстарға тартылған.

5. Бұрынғы әкімнің сенбі, жексенбі күндері қызметтік көлігін тікұшаққа ауыстырып отыратыны аймақ жұртшылығына аян. Бұған дейін облыс әкімдері тұрмақ, аудан, тіпті ауыл басшыларының аяғы тимеген шалғайдағы елді-мекендерді аралап отырыпты. Жергілікті халықпен бетпе-бет кездесіп, ұсыныстарын мүмкіндігінше орындап келген. Мұны бес деп қойыңыз.

6. Алматының әкімі Ахметжан Есімов Қазнетте ылғи орысша жазатын блоггерлерді түскі шәйға шақырып жатқанда, Әбдішев қазақша жазатын блоггермін деген бүкіл қауымды жинап, екі күн бойы мейман етті. Ас-суын беріп, сый-сияпатын жасаумен де есте қалды.   

Мақалада бұрынғы әкімнің ресми есебіндегі емес, қарапайым қарағандылықтардың көкейіндегі фактілерді ғана келтіруге тырыстық. Істі болып отырған экс-әкімді ақтап алу пиғылымызда жоқ. Бір ғана өтінішіміз бар. Сот ашық әрі әділ өтсе. Кінәлі адамдар заң алдында жазасын алса. Билік эшелонында бір жағымсыз үрдіс пайда болған секілді. Неге бізде Президент әкімшілігінің (ПӘ) жетекшісі ауысса, міндетті түрде бір әкім қамауға алынып, істі болып шыға келеді?

А. Мусин кетіп, орнына К. Мәсімов келгенде, 6 айдан соң Павлодар облысының әкімі, ғалым Ерлан Арын істі болды. Биылғы көктемде К.Мәсімовтің орнына ПӘ басшысы ретінде Н.Нығматуллин келді. Араға 6 айдай уақыт салғанда, тағы бір әкім тергеу изоляторына қамалды. Бұл жәй ғана сәйкестік пе? Енді ПӘ жетекшісі ауысса, қай өңірдің әкімі қамалуы мүмкін?..

Қалай болғанда да Б.Әбдішев түптің-түбінде соттан ақталып шығады деп сенейік. Кезінде бірнеше жылға сотталған ҚТЖ-ның бұрынғы президенті Жақсылық Құлекеевтің ісі де өте бұлыңғыр болған. Ақыры соңында абақтыдан босатылып қайтадан атқа қонды. Сол сияқты Әбдішев те ақталып шығар деген ойдамыз. Себебі, ол өз ісіне тиянақты, сөзден гөрі шаруаның адамы, адал басшы бола білген адам.

«Маған бағаны беретін халық»

/Б.Әбдішевтің сот алдындағы сөзінен/

Дереккөзі: Jaqsy.kz

0 пікір