Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 6433 0 пікір 22 Қыркүйек, 2014 сағат 08:21

Өлгейде өгейлік көріп отырған қазақ жоқ

Тағдырдың жазуымен жұмыр жердің  әр бұрышына   шашырап кеткен қазақ халқының бір бөлігі сонау Алтай аймағының Қобда бетін мекен етіп қалды. Мекені бөлек дегенмен, жан-жүрегі «Алаш даласы» деп соғып тұратын Қобда қазақтарының бүгінгі жай-күйі қалай болып жатыр?

Баян-Өлгей қаласының әкімі Дәрмен ҚҰЗЫКЕЙҰЛЫМЕН (суретте) әңгімеміз осыдан басталды. 

 – Рас айтасың, қазақ халқының табаны тимеген әлемде жер жоқ шығар, сірә. Бүгінде білесің, қазағымыз әлемнің 44 елінде өмір сүріп жатыр. Соның бір шоғыры – Моңғолияда қалып қойды. Мұнда ұзын-саны 160 мыңдай қазақ өмір сүріп жатырмыз. Соның 100 мыңға жуығы Баян-Өлгейде тұрады. Бұл жергілікті халықтың 92 пайызын құрайды. Қалған 60 мыңға жуығы Моңғолияның ішкі өлкелерінде шоғырланып отыр. Ел астанасы – Ұланбатырдың өзінде 20 мыңдай қазақ тұрады. Қобда өңірінде 10 мыңнан аса ағайын жайлап жатыр. Сонымен қатар Моңғолияның Дархан, Эрдэнэт, Хэнтий, Налайх сияқты өндірістік аймақтарында да біраз қазақ мекен етуде.  Бұдан өзге үлкенді-кішілі аудан, ауылдарға да бытырай қоныс тепкен қазақтар  бар. Олардың өз мәдени ошақтары, қазақ мектептері, театры және таза қазақ тіліндегі ақпарат құралдары бар. Тағы бір айта кетерлігі, Моңғолия қазақтары алыс-жақын шет мемлекеттердегі қазақ диаспораларының ішінде өз тілін, дінін сол күйінде сақтап келе жатқан аз ғана топтың бірі деуге болады. Ат төбеліндей аз да емеспіз, көп те емеспіз. Қазақстанның амандығын тілеумен тірлік етудеміз. 

– Соңғы кездері моңғолия қазақтарының ана тілінде білім алуына әр-түрлі шектеулер қойылып жатыр деген сөздер айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас?

– Жоқ, бұл жаңсақ сөз. Білім алуына ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, Баян-Өлгейдегі 42 мектептің 32-сі қазақша. Қазақ мектептерінің барлығында сабақ қазақ тілінде жүріледі. Моңғол тілі 3-4 сыныптан кейін ғана оқытылады. Біз соңғы өткен 21 жыл ішінде 3000 астам қазақ жастарын шетелдерге оқуға жіберіппіз. Алдағы уақытта бұл санды екі-үш есе арттырамыз деп отырмыз. Біздің аймақта тіл мәселесі деген болмайды. Өз тілімізде оқып, жазуға толықтай мүмкіндік алғанбыз. Тек ішкі өлкелерде өмір сүретін қазақтарға қиын тиіп отырғаны болмаса.

Тағы бір айта кетерлігі, Моңғолия өкіметі қазақтарға ұлт ретінде емес, моңғол азаматы ретінде қарайды. Қазақ халқы ол жақтан өгейлік көріп жүрген жоқ. Керісінше, қонақжай моңғол халқының ыстық ықыласын көріп келеді. Өз аймағын қазақтар өздері басқарады. Бәрі әділ сайлаумен ғана шешіледі. Оның үстіне, Моңғол мемлекетінінің негізін екі ұлт ғана құрайды: моңғол мен қазақ. Ата заңында солай жазылған. Әрине, өзге ұлттар да жоқ емес, баршылық. Бірақ тұрақты екі ұлты бар мемлекет деп есептеледі. Дінімізге де шектеу қоймады. Балаларымыз ешқандай кедергісіз Түркия және Араб елдеріне барып оқып келіп жатыр.

Моңғол елі билік төрінде 1921 жылдан бастап қазақтарға тұрақты түрде орын беріп келе жатыр. Мысалы, Парламентке үш қазақ азаматы депутат болып өтеді. Қазіргі уақытта Моңғолияның Ұлы Хуралында (Парламент) тұрақты жеті комитет бар. Сол тұрақты жеті комитеттің бірі – Заң және әділеттілік жөніндегі комитеті. Кезінде сол комитеттің төрағасы қазақ болды. Екі бірдей қазақ қызы вице-министр болды. Бірі – білім және мәдениет вице-министрі болса, екіншісі – ауылшаруашылық вице-министрі. Шешуші лауазымды қызметтерде болған қазақтар өте көп. Министр болған қазақтар да болды.  Мұның жарқын дәлелі Ержан Қабышайұлы деген ағамыз тең дәрежеде Жол қатынастары министрі болып отыр. Парламент спикерінің орынбасары болған қазақтар да бар.

Осы елде жүріп, 150-ге жуық қазақ ғылым докторы болыпты. Тағы екі қазақ премьер-министрдің орынбасарына дейін көтерілген. «Еңбек Ері» деген құрметке ие болғандардың саны – 50-ге жуық. Бес қазақ азаматы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанса, бүгінде екі Халық жазушысы, бес Халық әртісі атағын алған өнер майталмандары бар екен. Осы үрдіс әлі де жалғасып келеді.

Заңдық тұрғыдан да ешқандай шектеу жоқ. Ел болғаннан кейін, партиялар арасында бәсеке болғаннан кейін әр-түрлі сыбыстар тарап жататыны анық дүние. Өлгейді моңғолданырып жатыр деген сөздерді өзіміз де естіп қаламыз. Қорқудың, алаңдаудың реті жоқ. Тіліміздің еркіндігіне моңғолияның негізгі заңымен кепілдік берілген.

Тек қауіпсіздік саласында ғана іріктеу болады. Жоғары мінберден тікелей тағайындалатын тұлғалар моңғол ұлтынан. Осыны әсірелеп Байөлкені моңғолдандырып жатыр деу қате. Саяси құралға айналдыруға болмайды.

–       Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі қандай деңгейде?

– БАҚ тәуелсіз шығып жатыр. Кезінде қаржылық қиындықтарға байланысты жабылып қалған газет-журналдар қайта ашылған. Моңғолияда жергілікті баспасөзге бюджеттен ақша бөлуді тоқтатқан. Өйткені бұл БАҚ-тың еркіндігін шектейтін дүние деп есептеледі. Соған қарамастан әкімдік тарапынан ақша бөліп, 2013 жылдың басынан бастап арасында аздап үзіліс болған «Шұғыла» журналын, «Жаңа дәуір» газетін қайта оқырманмен қауыштырдық. Тіпті, тиражын да молайттық. «Моңғол-Заман», «Бай Өлке үні» деген газеттер шығып жатыр. Олардың қатарына тыңнан «Білім» деген газетті қостық.

Қазір Баян-Өлгейде қазақ тілінде ақпарат тарататын «Дербес», «Наз», республикалық MN 2 телеарнасының аймақтағы филиалы сияқты 3 телеарна бар. Республикалық MN 2 телеарнасы аптасына үш күн, екі сағаттан қазақша бағдарлама таратады. Оның сыртында Қазақстанның барлық телеарнасын еш кедергісіз көріп отырмыз.

Сонымен қатар, дәстүріміз де өз деңгейінде дамуда. Мәселен наурыз тойы күллі монғол халқы болып тойлайтын ұлттық мерекелердің біріне  айналып отыр. Ұлан-батырдағы Шыңғыс хан алаңында киіз үй тігіліп Елбасының өзі келіп наурыз көже ішіп кетеді. Сол жерде мерекелік шеру өткізіп, концертімізді қоямыз. Әнімізді айтып, «Қара жорғамызды» билейміз. Биылғы  наурыз елдегі қазақтардың ғана емес, күллі түркі халықтарының, Азия халықтарының мерекесі ретінде аталып өтілді. Оған Президент Цахиагийн Элбэгдорж қатысып, бүкіл қазақ халқына құттықтау айтты.Бұрын бір күн тойлайтын едік. Қазір 3 күн күн тойлайтын болдық. Маңғол-қазағы бәрі аралас ұлттық киім киіп шығады.

Өткен жылы наурыз мерекесі қарсаңында Өлгейімізде жылдың төрт мезгілін, ұлттық ерекшелігін көрсететін ұлттық шеру болып  өтті. Онда ұлттық ойындарымыздың барлық түрі көрініс тапты. Оған Парламент спикерінің өзі келіп қатысты.

Ұлттық спортымыз да біраз белеске көтеріліп отыр. Қазақстанда өткен байрақты бәсекелердің ешқайсысынан қалмаймыз. Жүлделі оралып жатырмыз. Жігіттеріміз халықаралық деңгейде өткізілген аударыспақ, көкпар, бүркітшілер бәсекесінен де жеңісті оралды. Жазда халықаралық деңгейде тоғыз құмалақ жарысын өткіздік. Оған Қазақстан, Қырғыз, Қытай, Ресей барлығы бес елден тоғыз команда келіп қатысты. Жақында бокстан халықаралық бәсеке өткізгелі отырмыз.

– Бәрекелді! Ата жұртқа сапарымыз барысында талай шаруаның басын қайырып тастағандарыңызды байқадық. Алтайдың бір бұрышында қазақы қалпын сақтап, айрандай ұйып отырған аз қазақтың мақтанып айтарлықтай жетістіктері көп секілді ғой...

– Аймағымыз Моңғолияның батыс өлкесінде, орталықтан әжептәуір шалғайда орналасқан. Орталықтан алыс болған соң әрине қиындықтар болады. Әсіресе, жол мәселесі қиындық тудырады. Бірақ, соған қарамастан біршама жұмыс атқарылуда.  Жалпы айтар болсақ, елімізде оң өзгерістер көп. Билік тізгіні жаңарту демократиялық күштерінің қолына өткелі біраз өзгерістер болды. Жергілікті жерді дамыту қорлары ашылып жатыр. Адам саны, бюджеттің орындалуы секілді көрсеткіштерге байланысты қаржы бөлініп жатыр. Бұл жұмыстардың басты мақсаты –халықты жұмыспен қамту, елді-мекендерді дамыту. Жолдар жөнделіп,  ауылдық жерлердің орталықтары көркейтіліп, көпшілікке арналған нысандар жөнделуде.

Сонымен қатар елімізде шағын және орта бизнеске қатты қолдау көрсетіліп отыр. Соңғы он жылдан бері осы мақсатта жеңілдетілген несие беріліп келген болатын. Биылдан бері болашағы баянды жобаларға несиесіз қаржы бөлу мәселесі қарастырылған. Бұл – құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісін дамыту секілді салаларды қамтиды.

Өткен жылды Өлгей қаласы 12,7 пайыздық өсіммен шығарып салды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ал Моңғолияның жалпы ішкі өсімі 12 пайыз болды. Бүгінде аймағымызда тау-кен өндірісін дамыту қарқын алды. Ногооннуурдың («Жасыл өзен») Дулаан хар кен орнын пайдалануға бердік. Сеңгіл ауылында Хобда тау-кен өндірісін қорыту зауыты, Сақсайда цемент зауыты салынып жатыр. Бұйырса жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп отырмыз. Сонымен қатар, көптен бері айтылып жүрген Асқынты күміс кен орнын игеру туралы Үкімет қаулысы шықты. Бұл кен ордасын игеру жұмыстары Ресей мен Моңғолияның бірлескен Монросцветмет компаниясына жүктеліп отыр. Бұл тек Бай-өлке ғана емес, Моңғолияның бүтіндей батыс өлкесін жұмыспен қамтитын өндіріс болғалы тұр.

Қобда өзені бойында 57 мегаваттық су электр стансасы салынады. Зерттеу жұмыстары жақында аяқталады. Түркия компаниясы іске кірісіп жатыр. 2015-2018 жылдары аралығында салынып бітеді.

– Екі ел арасында (қазақ-моңғол) жиі қатынап тұратын ағайын   жол қатынасының қиындығын көп айтады. Қытай жері арқылы өтудің қиындықтары аз емес. Ал Ресей жері визасыз аяқ бастырмайды...

– Басқа өңірлермен салыстырғанда Өлгейдің бір ерекшелігі екі бірдей елмен шекараласып жатырмыз. Ресей және Қытаймен қоңсымыз. Қазақстанға да осы екі елдің шекарасы арқылы өтеміз. Оның өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Ең ауыры Ресей арқылы өту болатын. Виза мәселесі қинап келген. Жақында жақсы жаңалық болды. Ресеймен виза мәселесін реттеп алдық. Ресей президенті Владимир Путиннің елімізге сапары барысында екі ел арасында визасыз жүру мәселесі шешілді. Екі жақты келісім барысында 30 күндік мерзімге визасыз жүру туралы келісімге қол қойылды. Алла қаласа, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарымыз визасыз жүре алады.

Қытай тарапынан Қызылтау бекеті арқылы еш кедергісіз барып-келуге болатын. Аталмыш шекара жазғы уақытта 3 ай ашық тұратын. Келіссөздер нәтижесінде бұл мерзімді 4 айға жеткіздік. Бұл бекетті түбінде халықаралық жол арнасы қылмақ ойымыз бар.

Қазақстанмен арадағы ұшақ қатынасын қайта қалпына келтіру жұмыстары да өте жемісті болғанын білесіз. Бұрынғы Өлгий-Қазақстан бағытында қатынап тұрған «Скат» әуе компаниясының ұшағы қауіпсіздік талаптарына сай келмейді деген себеппен қатынас тоқтатылған болатын. Бүгінде ел азаматтары ата-жұртына халықаралық автобус арқылы қатынап жатыр. Бірақ бізге әуе қатынасы өте тиімді болғалы тұр. Осы мәселе бойынша бірнеше мәрте Астанада болдық, мамыр айында Қазақстан-Моңғолия  үкіметі аралық кеңесінің отырысында біраз шешімге қол жеткізген болатынбыз. Бірақ Қазақстан тарапы асықпай отыр. Біздің тараптан ұшақ дайын. Жол қатынастары министрлігінің арнайы өкімі шықты. Тек қазақ үкіметінің шешімін күтіп отырмыз.

– Соңғы уақытта екі ел арасындағы көші-қон мәселесі біраз ушығып барып басылды. Басында тым саясиланып кеткендей көрінген көлікті көштің беті бері қарап келеді. Қалың қазақ буынып-түйініп дайын отырған болар?

Кезінде қазақ халқы жеке ел болып Тәуелсіздік алып Алаш баласының басын қосу туралы шешім қабылдағанда үлкендеріміз көзінің жасына ерік бере алмай жылаған еді. Ештеңеге қараған жоқ. Атамекеніміз шақыртып жатыр деп  мұндағы қазақтар аударыла көшкен еді. Ол кезде заман басқаша еді. Бәрі кең болатын. Дәл қазір мәселе көп. Квота, тіркеу мәселесі қиындап кетті. Керек болса, көш тоқтаудың сәл алдында қалды. Соңғы кездері Қазақстанда саяси шешім қабылданды. Бірақ онда да нақты қандай шаралар атқарылатыны бектілген жоқ. Рас, халық елеңдеп отыр. Туысқандары барлары, оқу жайымен барып ата-жұртта қалып қойғандар өз туыстарын шақыртып, алдырып жатыр. Дегенмен дәл бұрынғыдай үдере жңкелген  көш жоқ. Бәлкім бұған елдің экономикалық дамуы да әсер етіп отырған шығар.

–       Дегенменде басты себеп не сонда?

– Басты себеп – құжат пен тіркеу мәселесі болып отыр. Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарымыз көп уақыт тіркеусіз жүріп қалып жатыр. Жақында Қазақстанда 50 мыңнан астам оралман құжатсыз жүр деген дерек естідім. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Біразы осыған шыдамай қайтып келуде. Осы жерде бір мәселені айта кеткім келіп отыр. Өткен жылы 800-дей қандасымыз Моңғолияның азаматтығын қайта алғаны туралы мәселе біраз жерге дейін барып басылды. Өкінішке қарай, көбіміз істің ақ-қарасына бармай жатып әңгімені саясиландырып жібердік. Анығырақ айтқанда, 800 кісінің барлығы Қазақстаннан қайта көшіп барған жоқ. Ондайлар бар, әрине. ұзын саны 200-ден аспайды. Оның өзінде денсаулық жағдайы, климаттың жақпауы себеп болған. Ал, көбі пысықайлардың құрбандары болғандар. Квотасын біреулер алып қойып далада қалғандар. Қазақстан тарапы оларды азаматтыққа қабылдаған кезде Моңғолия жақтан азаматтықтан шығып қалған. Азаматтығынан шығып қалған соң барлық көмек те тоқтатылатыны белгілі. Сондай әлеуметтік көмектен қағылған адамдар біздің әкімшілікке арызданды. Тексеру барысында бұл азаматтардың моңғол азаматтығынан шығып қалғаны анықталады. Осы жайтты ел Президенті Цахиагийн Элбэгдоржге мәлімдедік. Сонымен Үкіметтен арнайы комиссия жіберіліп бүкіл Моңғолия бойынша азаматтықтан шығып қалғандардың тізімін жасады. Қазақстанға бармағандары анықталған 892 қазаққа Президент қайтадан жарлық шығарып, азаматтық берді. Көбісі қайта азаматтық алды. Екі жүзден астамы жақында алады. Олардың арасында жұмыс бабы, денсаулығы, отбасылық жағдайына байланысты көшіп келгендер екені анықталып отыр. Қазір бұл мәселе Қазақстан елшілігі арқылы реттелу үстінде.

– Көші-қон демекші, көптен бері Қазақстанның елшілігін ашу туралы мәселе көтеріліп жүрген еді. Шешімін тапты ма?

– Бай-өлке аймағына Қазақстанның Консулдығын ашу мәселесі тым ұзаққа созылып кеткен еді. Жақында жақсы хабар алып отырмыз. 2017 жылдан бастап  Бай-өлкеде елшілік жұмыс істей бастайды.

– Жақында Бай-өлкеге Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж келіп қайтты. Қазақты қалай бағалады? Өлкенің дамуына көңілі толды ма?

– Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж аймағымыздың дамуына жақсы баға берді. Қазақтың дархандығын көрді. Халықпен кездесті. Әсіресе қазақ әйелдерінің ісмерлігіне қатты риза болды. Сапарында Бесбоғда тауына барып мінажат етті. Сол жерде бір моңғол ауылында болды. Келесі күні қазақ ауылында қонақ болды. Осылайша президент мырза қазақ халқына, Бай-өлкеге деген көзқарасы өте жақсы екенін тағы бір мәрте көрсетіп кетті.

–       Сұқбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Бүркіт НҰРАСЫЛ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340