Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 5620 0 пікір 20 Қыркүйек, 2014 сағат 13:03

Қазақстандықтардың 90,5 пайызы интеграциялық саясатты қолдайды

Жуырда ғылыми зерттеулердің қорытындыларын жариялаған Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) мамандары осындай хабар таратты. ҚСЗИ-ның ғалымдары Қазақстанның жаһандық интеграциялық үдерістерге қатысуын халықтың қолдау деңгейін анықтау мақсатымен социологиялық зерттеу жүргізген. Бұл зерттеуге еліміздің барлық аймақтарынан 2000 адам қатысыпты. ҚСЗИ-ының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Мәдина Нұрғалиеваның айтуынша, зерттеу қорытындылары көрсеткендей, қазақстандықтрадың 90,5 пайызы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық саясатын қолдайды екен.

Атап айтарлығы, интеграциялық бастамаларға қолдау білдіруде қалалықтар белсенділік танытқан. Егер өңірлерге бөліп қарастыратын болсақ, еліміздің интеграциялық саясатына жоғары деңгейде қолдау білдіргендердің 85,9 пайызы – Алматы қаласының, 84,5 пайызы – Жамбыл облысының, 83,7 пайызы – Оңтүстік Қазақстан облысының, 81,6 пайызы – Маңғыстау облысының тұрғындары екенін көреміз. Соның ішінде, мемлекеттің интеграциялық бастамаларымен келісетін әрбір екінші респондент мұндай ұстаным арқылы Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастық механизмдеріне қол жеткізе алады деп санайды. Сонымен қатар, олардың 41,1 пайызы халықаралық жобалар мемлекеттің дамуына ерекше серпін беретініне сенімді. Ал, сұрау салынғандардың 38,2 пайызы – интеграциялық үрдістер алдыңғы қатарлы технологияларға қол жеткізуімізге мүмкіндік береді десе, 40,5 пайызы – «жалғыздан жалғыз өмір сүру қиынға соғады» деген пікірін білдірген. Айта кетелік, сауалнамаға қатысқандардың 5,6 пайызы интеграциялық үдерістерге жағымсыз баға берген. Олардың көпшілігі өз ойларын мемлекетаралық одақтардың тең құқылы болуына сенімсіздік танытуымен және еліміздің егемендігіне төнетін қауіппен байланыстырған.

Әлеуметтік зерттеу көрсетіп бергендей, қазақстандықтардың көпшілігі еліміз қатысатын мемлекетаралық құрылымдардың қызметімен жақсы таныс. Әсіресе, отандастарымыз ТМД-дағы (53,9 пайызы) және Кеден одағындағы (42,3 пайызы) үдерістерден хабардар. Сонымен бірге, респонденттердің 41,6 пайызы мемлекеттің ұлттық мүддесіне қатысы жоқ интеграцияны жақтайды. 27,7 пайызы, яғни, әрбір төртінші респондент өкілеттіктердің бір бөлігін беруге келіседі, алайда ол өкілеттіктер ешқашанда мемлекет егемендігін қозғамауы қажет. «Қазақстанның қай елмен одақтас болғаны жөн?» деген сұраққа зерттеуге қатысқандардың көпшілігі, біздің Кеден одағындағы әріптестерімізді, атап айтсақ, 64,2 пайызы – Ресейді, 35,8 пайызы – Беларусьты атаған. Солардың ішінде 73,3 пайызы Кеден одағының жұмысын оң бағалаған. Ал, аталған одақтың қызметінің нәтижесінде болған әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді бағалауға келгенде халықтың пікірі қарама-қайшы: 38,5 пайызы – жағымды өзгеріс әкелді десе, 47,6 пайызы – ол өзгерістерді елеулі емес деп санайды. Дегенмен, респонденттердің 43,4 пайызы – «Кеден одағы қазақстандық тауарларға жаңа нарықтарды ашып берді» десе, 29,2 пайызы – «Кеден одағы елдерінің бәсекелестікке қабілеттілігі арта түсті» деп есептейді.

Жалпы алғанда, Еуразиялық интеграциялық үдерістерден қазақстандықтардың хабардар болуының деңгейі жыл сайын артып келеді. Мәселен, Еуразиялық интеграция институтының мамандары ағымдағы жылдың маусым айында әлеуметтік зерттеу қорытындыларын жариялап, қазақстандықтардың 79,2 пайызы Қазақстан, Ресей және Беларусьтың Еуразиялық экономикалық одақ құрғанынан хабардар екенін мәлімдеді. Әрі өткен жылмен салыстырғанда халықтың ЕЭО жөнінен хабардар болу деңгейі 20 пайызға артқан. Егер жоғарыдағы зерттеумен салыстыратын болсақ, Қазақстандағы 17 қала мен 27 ауылдық елді-мекендердің тұрғындарын қамтыған сауалнамаға қатысқандардың 74,6 пайызы – «Кеден одағының алғашқы нәтижелеріне көңіліміз толады» және 71,8 пайызы – «Кеден одағы әлемдік аренадағы салмақты күште айналды» деп жауап берген.

 

Әмірлан Әлімжан.

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053