Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 33703 8 пікір 14 Қыркүйек, 2015 сағат 12:57

АДАЙ АТА – ОТПАН ТАУ

Отпан – тау биігі:  Маңғыстаудағы Батыс Қаратаудың ең биік нүктесі (биіктігі – 532 м). Ақтау – Таушық – Шетпе тас жолы бойындағы Жыңғылды ауылы менен Тұщыбек санаторийінің орта жерінде, жолдан 5-6 км сол жақ қапталында орналасқан.

Отпан таудың басынан жан-жағыңа көз салсаң, Бес шоқы – биік тауларды, сай-сала жазық даланы, ағарған биік төбелер мен жотаны, ағып жатқан бұлақты, көгеріп жатқан теңізді, ала бұлт шалған көгіңді, кең байтақ шексіз жеріңді, кей кездері тұман басқан даланы, ақ шаңқан Ақтау қаланы, көгерген бақша көз тартқан елді мекен ауылды, тау бөктеріне жайылған төрт мүлік малды көре аласың. Көктем кездерінде түрлі-түсті гүлдерді, ерте кезде ақсақал ағалар, ем үшін іздеп келетін 15 түрлі өсімдік киелі шипа шөптерді көресің.

Бұл таудың бөктерінен жер бетінде сирек кездесетін көптеген сырқаттарға ем үшін пайдалануға таптырмайтын бал тәрізді қара қоңыр мумияны да кездестіре аласың. Тау бөктерінен қырағы көзге киелі аң арқар да, түлкі мен көкбөрі көкжал қасқыр да қараң етіп көрініп кетуі мүмкін. Көк аспанда қалқып ұшып жүрген тау бүркіті мен сұңқар, ителгі, қаршыға мен күйкентай, Қашаған ақынның жырында айтқан («Отпан таудың басында, «Дегелек» деген бір құс бар, аспанда жүріп ысқырса, мың орда жылан басылған...) киелі қыран құсты да көре аласың. Батыста алыстан ап-анық Каспий теңізінің құрлыққа еніп жатқан жері – Үш ауыз тауы көрінеді. Бұл таудың арасында Адайлардың көтерілісін басам деп теңіз арқылы келген патша әскерімен Иса-Досан сарбаздарының соғысып, шапқыншы орыс әскерлерін қырып тастаған, ұрпағымызды ерлікке, бірлікке, елдікке жетелейтін тарихи орын айналасы қоршалып, ауқымды жерді алып жатқан мола-төбе жатыр.

Түнде басына шықсаң оңтүстік батыстан Ақтау қаласының, оңтүстік шығыстан мұнайлы Жетібай кентінің, терістіктен Қаражанбас кенішінің самсаған оттарын көресің. Бейне бір көкжиекке шашып тастаған отты моншақтар сияқты. Бұлар Отпан таудың басынан 150, 100, 80 шақырым қашықтықта орналасқан.       

«Адай Ата-Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені:

Ақсарай. Адай атамыздың Ақордасы. Ақсарай Адай атаның сегіз немересінің құрметіне арналған сегіз бөлмеден тұрады. Бұл бөлмелерде елдің елдігін ұлықтайтын ас-жиын, елдің елдік, ұлттық мүдделеріне байланысты салиқалы кеңестер өткізіледі  және бұл сарайда өлкенің өткен өмір тіршілігін бейнелейтін тарихи мұражай бар. 

Орталық залда Қазақстан мемлекетінің даму тарихына арналған тұрақты көрме (қазақ хандықтары, хандар шежіресі, ұлт қаһармандары, қазіргі заман бейнелері, ұлттық рәміздер, тәуелсіздік көріністері, тұңғыш президент – Елбасы туралы деректі көріністер) ұлттық мәнермен безендірілген.

«Маңғыстау және жеті жұрт» тақырыбындағы көрме залы Маңғыстау тарихына арналып, ол жердің археологиялық сараптамасы, картасы, макеттер, артефакттер аңыз-әңгімелермен айқындалып, тас дәуірінен осы күнге дейін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихы, мәдениеті бойынша жинақталған мәліметтер жүйеленіп жасақталған. Мысалы: Қазақстан жеріндегі тайпалық одақтастар картасы, және біздің эрамызға дейінгі Ү-111 ғасырдағы ежелгі сақ тайпалары жауынгерлері суреттері ілінген. 552-744 жылдары билік құрған Түрік қағанаты туралы деректер (Түрік империясы картасы, Ноғай ордасы картасы, «Қырымның қырық батыры» кітабы) көрсетілген.

«Маңғыстау және Маңғыстаулықтар» көрмесі Маңғыстаудан әртүрлі себептермен шет асып кеткен маңғыстаудың байырғы тұрғындарына және Маңғыстау зиялыларына арналып жасақталды. Бұл көрмеде өткен және жаңа тарихтағы өнегелі істермен өлкеге, республикаға белгілі маңғыстаулықтардың өмір тарихы айқындалды.

«Қол өнер көрме залы»: Бұл зал қазақ қолөнерінің соңғы ғасырдағы даму сатылары мен бүгінгі күнге арналған. Бұл залдағы витринада өлке жерінде өте ертеде салынып, күні бүгінге дейін сақталған көне тарихи-архитектуралық ескеткіштерді салған есімі елге кеңінен мәлім маңғыстаулық тамшы шеберлер туралы деректер көрсетілген.

Өлке жеріндегі ислам көрме залы. Маңғыстау еліміздегі тарихи ескерткіштердің 70 пайызы орналасқан Қазақстан Республикасына белгілі әулиелі – киелі мекен. Бұл жерде әсіресе жер асты мешіттері көптеп кездеседі. Бұл көрме залы Маңғыстаудағы ислам дінінің таралу тарихына арналған. Осыған байланысты бұл көрмеде дін тарату орталығы болған жер асты мешіттер картасы, артефакттар, діни қайраткерлер туралы мәліметтер және соңғы ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижелеріне негізделген тарихи тұжырымдар орын алды.

«Ана келбет» ескерткіші. Адай Атаның жұбайы барлық аналардың образы. Жүзінде айдың, жүрегінде күннің суреті өрнектелген. Бұл ананың жүзі айдай жарқын, жүрегі күндей ыстық деген мағынаны білдіреді. Көкірегінің тұсында ұшып бара жатқан екі қыран құстың суреті бейнеленген. Бұл ананың құрсағынан шыққан екі баласы Құдайке мен Келімберді. Аналар үйдің иесі. Сол себепті «Ана келбеті» ескерткіші Адай атамыздың Ақордасы – Ақсарайдың жанына орналасқан. Биіктігі 15 метр.

362 баспалдақ. Киелі Маңғыстауда мекен еткен 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ Аксарай мен Адай Ата кесенесін жалғастырады. Жер-Ананың қойнауына тән жерленген әулиелердің рухы Отпан таудың басына келіп, осы баспалдақпен жүріп өткен жанға шапағаты тиеді деген тілекпен ырымдап салынған.

Адай Ата кесенесі.  Адай Ата кесенесі Қаратау жоталарының ең биік шоқысы (Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биік) Отпан тауда орналасқан. Кесененің биіктігі күмбез найзасының ұшына дейін 37 метр. Ресей республикасында жасалған күмбездер арқауы алтынмен шайылған. Адай Атаның екі қапталындағы-екі баласы Құдайке мен Келімберді атамыздың құрметіне арналған кесенесі.

Адай Ата елінің Ел таңбасы. Қалқанның фонында айқастырылып салынған. Найза мен қылыш, ортасында бүкіл ел білетін атауы «Жебе» делінетін Адай таңба. Бұл таңба ұштары біріккен үш сызықшалардан тұрады және ол садақ оғының ұшын бейнелейді.  Бұл Ерліктің, Елдіктің, Бірліктің белгісі. Адай таңба Үш жүздің басының біріккен күшімен, көк найзаның ұшымен ғана жауыңды жеңіп жерінді қорғай аласың, «үш жүздің басы біріксе алынбайтын қамал жоқ, тәуелсіздіктің тірегі-үш жүздің басының бірлігі» деген мағынаны білдіреді.

Адайдың Жебе таңбасы (стрела, стрелка) бағыт-бағдар, жол көрсетіп бүкіл әлем елдерінің  кез-келген жерінде тұр. Бұл Атам Қазақтың қарашаңырағының иесі Адайлардың «авторлық» құқы.

Көкбөрі. Түркі халықтарының символы. Ерте заманда аталарымыз көкжал қасқырды пір тұтқан. Себебі ол қандай қиыншылыққа да төзімді, өзінің жауларынан да, табиғаттың дүлей күшінен де қорғана алатын күшті, қолға үйретуге көнбейтін, туған жерінен басы ауған жаққа кетпейтін және өз ұяластарын сыртқы жауға бермейтін, қызыл кітапқа енбеген, саны көбеймесе, азаймаған, ержүрек ақылды да айлакер, киелі аң. Аталарымыз Көкбөрінің бойындағы осы қасиеттерін өз ұрпағының болмысында болуын қалап, балаларына үлгі тұтқан. Сол себепті ол бүгін де халқымызға символ бола алады. Күні кеше тәуелсіздік алған халқымыз батысымызда Ресей, шығысымызда Қытай, басқа да алпауыт елдердің ықпалында кетпей, ғасырдан ғасырға сақталған тілін, ұлттық ата салт-дәстүрін, өз болмысын, намысын, мәдениетін сақтай білуі үшін аталарымыз пір тұтқан осы Көкбөрінің рухынан нәр алсын деген мақсатта салынған.

Қазақ шежіресі мен бүкіл тарихи деректер Көкбөріні Алшынның (Алаштың) лақап аты екендігін айтады. Түріктің түп қазығы, яғни қарашаңырағының иесі Қазақ, Алшын-Көкбөрі екендігін Сүйінбай Аронұлы атамыз:

«Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі – байрақ көтерсе,

Қозады қай-қайдағым», - деп жырлаған.

 

 «1. Шыңғыс қағанның тегі. Тәңірі бақытты етіп жаратқан Бөрте Бөрі зайыбы Марал сұлумен бірге талай теңіз-дарияны кешіп келіп, Онын өзені бас алған Бұрхан-қалдұн тауын тұрақ еткен кезде, Батшаған деген бір ұл туады» («Мұңалдың құпия шежіресі» 26 бет). Сонда Бөрте Бөрі дегеніміз, Алшын-Көкбөрінің ұрпағы Бөрте деген мағына да қолданылған.  Бөрте өз аты, Бөрі тегі болып табылады. Ал, «талай теңіз-дарияны кешіп келіп» дегенінен, олардың ол жерге Каспий-Арал өңірінен қоныс аударып барғанын да бағамдауға болады.  Барлық тарихшылардың қаперлеріне берерім, егер кімде – кім  өзін шын тарихшымын деп есептер болса бұл жағдайға әділ бағасын беріп мойындауға тиіс.

Ұран оты. Ерте заманда елге жау шапқанда, кең байтақ Маңғыстауды ру-ру болып жайлап жатқан халықтың басын жинау үшін Отпан таудың басында Ұран отын жаққан. Сүйтіп Адай халқы бірігіп елін, жерін жаудан қорғап қалған. Отпан таудың басынан жаққан алау от сонау Үстіртің үстінен көрінеді екен. Қазір бұл жерде жыл сайын Маңғыстау халқының ежелден келе жатқан жыл басы 14 наурыз-Амал күні садақа беріліп, наурыздың 13-нен 14-іне қараған түні бірліктің, достықтың, тірлігіміз бен намысымыздың, ұлттық тәуелсіздігіміз жолындағы әр жылғы жеңісіміздің мәңгілік оты жағылады. От жағу рәсіміне өлкеде еңбек етіп өмір сүріп жатқан он екі ата Байұлының (Кіші жүз) өкілдері, Ұлы Жүз бен Орта Жүздің де өлкемізге белгілі зиялы ақсақалдары қатысады. Солардың қолынан өткен факел ең соңында Адай Атаның сегіз немересінің ұрпақтарының қолымен жағылады. 2008 жылы Құдайке атаның үлкен ұлы Қосай атаның,  2009 жылы Тәзіке ата ұрпақтарының ақсақалына Ұран отын жағу рәсімі берілсе, 2010 жылы Келімберді атаның үлкен баласы Құнанорыс атаның, 2011 жылы Ақпан атаның ұрпақтарына жүктелді. Тағы да есте сақтайтын нәрсе, Отпан таудың басында қорған болған. Сол қорғанда жыл он екі ай бойы сарбаздар өмір сүріп, күзетте болған. Қажетті уақытында от жағу үшін қорғандардың бірінде құрғақ ағаш-отын (сексеуіл, т.б.) сақталған. Бұған куә Адай Ата іргетасының тереңдігі 7 метрлік іргетасты қазу кезінде астынан өте ескіріп, жіңішкерген аттың сулығы, т.б. шыққан.

Батырлар алаңы. Көкбөрі, Батырлар алаңы, Баһадур батыр ескерткіші, Ту төбе аралығына салынған арнайы баспалдақ жолдың екі жағына Маңғыстау жерін қорғаған Адай тайпасы батырларының, Кіші жүз, Ұлы жүз бен Орта жүздің тарихта қалған атақты халық батырларының ескерткіш мүсіні немесе аты-жөні және өмір сүрген уақыты көрсетілген ескерткіш тақталары орнатылады деп жоспарланған. Мақсат Каспийден Алтайға, Орал тауынан Аралға дейін созылған ұлан байтақ Қазақ жерін қорғаған батыр аталарымыздың аспан астындағы мұражайын ашып, жастарымызды патриоттық сезімге, ұлтжандылыққа, имандылыққа, батырлыққа, ерлікке тәрбиелеу.

Ту төбе. Тәуелсіздігіміздің көрінісі. Ресми саяси-мәдени шаралар ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасының туы ілінетін арнайы орын. Ту тұғырдың биіктігі 20 метр шамасында. Сонымен қатар болашақта Баһадур батыр ескерткішін орнату жоспарланған. Бұл – қазақтың жерін қорғаған, Алатауға дейін барып, Сайрамды үш айналған Адай ата ұрпағы батырларына арналған ескерткіш статуя. (Дереккөзге «Отпан» кәсіпорны директорының орынбасары Данияр Аралбайұлының  «Отпан» тау жорналына жарияланған мақаласы пайдаланылды. «Атамекен -2012» 11-13 беттер).

Әр адамның ең жақын пір тұтары - өзінің әкесі мен шешесі. Тал бесікте жатқан сәбидің алғаш рет анасының, кейде әкесінің тербете отырып, баласын тыныштандыру үшін айтқан сырлы әні мен жырынан әке-шешесіне, болашақ өмірге деген құштарлығы оянса, өсе келе ол ата-анасын, өз шаңырағын, туған-туысқанын құрмет тұту, сүю арқылы қандас халқына, туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігі туындайды. Өзінің руын, ата-бабасын біліп, зерттеу арқылы, өзге қандастарының тарихын біліп, түп тамыры Қазақ деген киелі атадан тарағанын сезінеді. Ал, Адай Ата, Адай ол ұрпағының атасы. Отпан тау, ол – ата-бабаларымыздың аяғы, тұлпарларының тұяғы тиген жер. Батырларымыз бен билеріміздің басын қосып, ақылдасып, елдің тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған жер. Аталарымыз осы жерде елдің амандығына садақа беріп, Алладан ұрпақтарына саулық тілеп, алыс жолға аттандырып отырған жер. Ел шетіне жау шапқанда, туған жерін қорғау үшін атой салып, Ұран отын жаққан жер. Міне, осы тарихи киелі жерді, қазақ елінің батыс өңіріндегі ең биік жері болып саналатын Отпан тауды өзіміздің Пір тұтатын киелі жерге айналдыру. Оның басында жыл сайын тірліктің, бірліктің, рухтың, тәуелсіздік пен бостандықтың Ұран отын жағу. Сол арқылы жастарымызды имандылыққа, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың өздерінің өткен өмір тарихы мен ата-бабалар рухына деген сүйіспеншілігін ояту, түптің түбінде тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясын дамытуға өз үлесін қосу.

Қазақта, оның ішінде осы өлкеде бүгінгі күнге дейін сақталған киелі салт-дәстүр, ол кенже бала әке-шешесінің қолында қалып, оларды өле-өлгенше бағып-қағады. Бұл сонау ықылым заманнан бері мүлтіксіз орындалып келе жатқан ата заң. Ағалары ата-анасының ризашылығымен еншісін алып, отау шығып өз алдына үй болады. Ал кенже бала «қара шаңырақта» қалады. Бірақ үлкен аға, апалары «қара шаңыраққа» келіп (ата-анасына көрісіп, сый-сияпатын көрсетіп), көмектесіп, болашақ туысқандық бірлескен өмір туралы ақылдасып, шешім қабылдап отырған. Егер бұл салт-дәстүрді бүкіл қазақ еліне таңатын болсақ, онда Адай ата ұрпағы жайлаған 362 әулиелі киелі Манқыстау өлкесі қазақтың қара шаңырағы болып шығады. Себебі, Атам Қазақтың рулық шежіре дерегі бойынша Қазақтың  Үш Жүзінің (Ұлы Жүз-Ақ Арыс, Орта Жүз-Жан Арыс, Кіші Жүз-Бек Арыс) кішісі Кіші Жүз (25 таңбалы). Кіші Жүз – Алшынның үлкені  алты ата Әлім (6 таңбалы), одан кейін Жетіру (Жеті таңбалы), кенжесі он екі ата Байұлы (12 таңбалы). Байұлының үлкені Алаша, кенжесі-Адай. Кіші Жүз жерінің ең биік жері Отпан тау. Отпан таудың басына Үш Жүздің жайсандары жиналса, ата-баба аруағына садақа беріліп, құран оқылса, елдің елдігі, бірлігі, болашақ тағдыры туралы Ақсарайда кеңес құрып ақылдасып, тірліктің, бірліктің, тәуелсіздік пен бостандықтың, ірілік пен ұлылықтың Ұран отын жағып, көкіректеріне жігер мен қайрат, елдік пен ерлікке деген ұмтылыс сезімін орнатып, өз туған жерлеріне қайтса, аталар рухынан алған әсерді қазақтың кең байтақ еліне таратса деген ұлы мақсатта осы Отпан таудың басына Қазақтың бір туар «атпал азаматтары» Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Ермұхан Медағұл, Ырза Оңғарбайлар бастаған бір топ Адай ата ұрпақтарының ұсынысымен және бүкіл Маңғыстау халқының қолдауымен Адай атаға арнап «Адай Ата-Отпан тау» этнографиялық рухани-мәдени ескерткіш –  кешені салынды. Кешеннің авторы – белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ақын, Сабыр Шеркешбайұлы Адай.

Құрылыс 2005 жылы 10-қазанда басталып, 2007 жылы қазан айының 24-жұлдызы күні ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Рухани тарихи-мәдени кешеннің ашылу салтанатына 500 ағаш үй тігіліп, Қазақстан және басқа да тәуелсіз республикалардан 50 мыңдай адам қатысты. Бәйге, ұлттық түрлі спорттық жарыстар және ақындар айтысы, жазба-ақындар мүшәйрасы басқа да өнер сайыстары ұйымдастырылды.

«Адай Ата – Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені-кең байтақ Қазақ жеріндегі ұлттық иделогиямызды қалыптастыру және оны дамыту мақсатында салынған киелі орындардың бірі және оның 362 әулиелі Маңғыстау жеріндегі темірқазығы іспетті.     

Және сонымен қатар, «Адай Ата-Отпан тау» кесенесі  ұланғайыр қазақ даласының батыс шекарасын толықтай бекемдеп тұр, - деп батыл айта аламыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деп,  Ұлы Аталарымыз айтып кеткендей ел басына күн туар жағдай болса, бүкіл Маңғыстаулықтардың Отпан таудан табылары сөзсіз. Осы жерде Маңғыстаулықтардың  Қазақ даласының шекара аймақтарын бекемдеп жатқан Жаныс баба, Бәйдібек ата, Қобыланды батыр кесенелерінің қатарынан табылғанына ризашылығымды білдіре кеткенді де жөн көріп отырмын. Меніңше, ұланғайыр қазақ даласының барлық шекара аймағында (әсіресе солтүстікте) Аталарымыздың осындай кесенелері сап түзесе нұр үстіне нұр болған болар еді.

Отпан (От Ман) – От, ан, пан (Ман) деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі – От.  Бұл атау ең алғашқы от жаққан және осы ұғымды  дүниеге әкелген атамыздың есімі, яғни Оттың авторы. От – Адтардың, яғни бүгінгіше айтқанда Адайлардың лақап аты. Ежелгі жазбаларда, тіпті мына жақын көрші орыс  елінде күні бүгінде де Адайды – Одой, Уодой, Одоют деп жазып жүр. Ад-Од, Ат-От екеуі де бір қайнардан. Шындығында да, сөз түсінген адамға Аталарымыздың ілкі төр  Манқыстаудағы Қаратаудың  ең биік шыңына атасының атын қоймай басқаша атауы мүмкін де емес қой.   Бұл қағида қазақтың сөз жасау жүйесіне де толықтай сәйкес келеді.

Ан - Ана. Өздеріңіз көріп отырғандай, Ананың сөз түбірі Ан. Екі рет қайталанған Ан деген сөзден Ана ұғымы шығып тұр. Демек, Ан бәрінің анасы, яғни бар тіршілік иелерінің бастауы.

Ан  - осы түбірден туындаған Ман бәрінің атасы.

Ан – Пан (пана). Оттың  тікелей мағынасы Адам баласын суықтан қорғайтын  қорғаны (панасы). Пана сөзі осыған сәйкес ыссыдан қорғайтын қөлеңке, жауыннан қорғайтын шатыр, желден (дауылдан) қорғайтын ықтасын т.т. болып қолданыла береді.

Мағынасы, Адай атаның жаққан оты ұрпағының панасы. Отпан тау атауының  тікелей мағынасы осы.

Отпан – От Манұлы (Адман) атамыздың алғашқы от жаққан жері. Содан бері қаншама мыңдаған жылдар өтсе де ұрпақтары сол отты әлі сөндірмей  жағып келеміз. Аталарымыз кезінде өздерін Күн (Ғұн) деп атап, күнге, отқа (сол арқылы Ад атасына) табынып, ұрпақтарына «Шырағың сөнбесін» деп батасын берсе, астың (дастарханның) батасын жасағанда, ата-аналарымыздың немесе өмірден өткен өзге туған-туысқандарымыздың аруағына арнап «Мінгенің пырақ, жаққаның шырақ болсын» деп жатамыз. Сонымен қатар,  әулие-аталарымыздың басына барып зиярат жасағанымызда  шырақ жағатынымыздың да сыры осы. Бұл біздің ұлы аталарымыздың аруағына «Ата разы бол, біз сіз жаққан отты сөндірген жоқпыз» дегеніміз болып табылады. Ата жаққан отты сөндіргеніміз, Аталар заманының ақыры болды дегенді білдіреді. Аталарымыздың ауыздарынан тастамайтын «Ақырзаманы» осы. Аталарымыз осыншама үлкен ауқымдағы, яғни 70 000 жылғы  шежірені бар-жоғы Ман, Адам, Адай Ата, Атам заман және Ақырзаман деген 5-6 ауыз сөзге сыйғызған. Атам Қазақ өз тарихын бір ауыз сөзбен осылай жазған.

Бүкіл қазақтың Отан деген сөзінің (ұғымының) бастау алған жері де, елі де осы. Мына солтүстіктегі көршіміздің Родинасы да (өздеріңіз көріп отырғандай сөз түбірі Од (От), ары қарай Род, родные, родители,  Родинасы) осы біздерміз. Жалғыз ғана айыбы, олардың қазіргі ұрпақтарының оны мойындауға саналары, яғни ақылдары мен білімдері жетпей келеді. Құрметті Оқырман! Еске ұста! Сөз түбірі (өз түбі, яғни сөздің атасы) ешқашан жаңылысып көрген емес. Жаңылысатын адамдардың санасы, яғни ақылы мен білімдерінің деңгейі ғана.

Тарих тағлымы:  Бүкіл қазақ баласына Ақырзаманды болдырмау үшін Адам (Адай) Ата жаққан оттың өшуіне жол берілмеу керек. Алайда қазіргі ұрпақ, Аталар жаққан отты (мысалы, туған күндерінде той иесі қанша жаста болса, сонша шырақ жағып) өздері үрлеп сөндіріп жүр. Қазіргі ұрпақтың кейбіреулерінің мына өмірде жолдары болмай жүргендерінің басты себебі осында жатқанына ақыл-есі түзу қазақ баласы менімен дауласа қоймас деп ойлаймын. Қазақ баласына Ата жолынан ауытқуға болмайды.

Осы орайда сөз реті келгесін Отпан тау – Адай Ата кесенесіне байланысты өз ұсынысымды да білдіре кетейін: Баршамызға белгілі Атам Қазақтың рулық таңбасын – қазақ руларының жеке куәлігі десе де болады.

Шыңғысхан қағанатының бас таңбасы (гербі) "Тіл таңба» болған. Бұл таңба бүгінгі Моңғолиядағы Шыңғысханның туған жері Аваргададағы Шыңғысханға арналған "обелискіге" салынған.  Бұл "Тіл таңбалы Адайлардың», яғни Адам Атаның қарашаңырақ иелері Адайлардың  бас таңбасы.

"Арам менен адалды

Айырған бізге Құранды

Құранды берген Құдайды.

"Тіл таңбалы" Адай ек

Әулие Бекет ұранды" Бұл әйгілі жырау Нұрым Шыршығұлының (1831–1908)  толғауынан үзінді.

Әйгілі "Сырым батыр" дастанында:

"Тіл таңбалы" Адайдан

Атағозы батыр бар" деген жолдар бар.

 

 «Болғалы Алшын — Алшын

Адай қорған,

Қанатын Қаз едік қой қатар керген.

«Сұр жебе», «Тіл таңбалы»

Байрағымды

Жеңіспен желбіретіп Атам келген» (Сабыр Адай).

 

Маңғыстаулық шежіреші Жетібай Жылқышиевтің (1940-2015) баспадан 1998 жылы жарық көрген  «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» атты жинағы бар.

 

«Тіл таңбалы Адайдың ақындары» атанып, түп-тұқиянынан ділмарлығымен, шешендігімен дараланып, Тәңірден өзгеше сый алған жырау бабалардың есім-сойлары төменде келтірілген: Абыл Тілеуұлы Өтембеттегі (1777-1864), Қалнияз Шопықұлы, Нұрым Шыршығұлұлы (1831-1908),  Қашаған Күржіманұлы (1841-1929), Ақтан Керейұлы (1850-1912), Аралбай Оңғарбекұлы (1857-1918), Өмір Қараұлы (1856-1918), Өскімбай Қалмамбетұлы (1860-1925), Ізбас Есімұлы (1870-1930), Сәттіғұл Жанғабылұлы (1876-1966), Бәйімбет Телеуұлы (1876-1931), Көкен Төлепбергенұлы (1882-1970), Түйте ахун Өтесбайұлы (1882-1937). Бұл тізбек күні бүгінге дейін сетінемей, сөгілмей, Құдайдың шынайы дінін уағыздайтын, осы тақырыпты Темірқазық етіп алған «алтын тізбек», асыл көш. Қазір қанша зерттесең де сарқылмайтын дүние, қанша қазсаң да, таусылмайтын қазына». (Мұхит ТӨЛЕГЕН).

 

 “Нұралы ханның тұсында, тіл таңбалы Адай елінде, өзі батыр, өзі би Атақозы деген болған екен» (Тарихшы, мұра жинаушы, жазушы Жайсаң Ақбай  «Ерен Ер-Сырым» 2002).

 

 «Маңғыстауда таңба өзге малға емес, тек жылқыға ғана басылатын белгі. Мәселен жолаушылап келе жатқан адам қай рудан екендігі мінген атының таңбасынан белгілі болған. Адайлар жылқысына рулық тіл («Ш») таңбасын басқан. Мұндай таңбалар ешуақытта өшпейтін із қалдырған». Ефименко П., 1-Юридические знаки. Журнал министерство народного просвещения, ч. 1ХХҮ1. СПб., 1874, №11,12; Фиельструп Ф. Стр.97.

 

Шыңғысханның таңбасы – Адайдың тіл таңбасы. Бұндай таңбаларды Маңғыстаудың Қошқар Ата, Дөңғара қауымы, Шопан ата, Күйеу там, Оғланды, Ескі Бейнеу қауымы, Жаңаөзен қаласынан түрікмен еліне қарай жүз шақырым жердегі Ожабай ата қауымынан және т.б. көптеген қорымдардан көруге болады.

Осы жерде айрықша тоқталып, ерекше атап өтетін  жағдай, жалпы біз Адам деген атты ең бірінші тіліміз шығып сөйлеген кезден бастап алғанымыз ешқандай дауға жатпаса керек. Демек, ең бірінші болып Адам ата мен Ауа ананың тілі шықты. Қаз Адайлардың «Тіл таңбалы Адайлар», Қас би (Каспий) деп аталуларынан Адам атаның қарашаңырағының иесі кімдер екендігі айқын көрінеді.

Сан мыңдаған жылдар бойы бүкіл әлемді билеген қағандардың бас таңбасы «Тіл таңба» болған. Оны екінші балама атаумен Қас би деп те атаған. Бүгінгі Каспий (Қас би) теңізінің атауы да, батыс елі тарихшыларының біздің аталарымызды «язычники» деп атаулары осы айтқанымыздың айдай айғағы.

 «Язычник» демекші, бұл сөздің түбірі Язык, қазақша аудармасы тіл. Шындығына келгенде Язык деген сөздің өзі де таза қазақ сөзі. Бұл сөздің түпкі атауы Иазық (орыс тілінде «Иа» деген екі дыбыстың орнына «я» деген бір дыбыс қолданылады), яғни Азық, бұл бүгінгі қазақтың, яғни қазық жұрттың көптеген  балама атауларының бірі.

Себебі, Иазық дегеніміздегі «И» Адам Атаның баласы (ұрпағы)  дегенді білдірсе, Иа (Иә) – бұл Шыңғыс қаған шыққан Қиян (Қият) руының сөз түбірі, «Аз» - Аз (Әз әулие), ал «Ық» дегеніміз судың синонимі. Мысалы, Жайық (жай ағатын су), қайық (су кебісі, ежелде кебіс «қай» деп аталған), құдық (құт су, яғни микробсыз таза су) т.т.

«Ұлым дүниеге келгеннен бері, осы бір құс шықылықтап кетпей қойды деп, қара тасты қайтара жарып көргенде, «хасби» (Қас би М.Қ.)  таңба шығады. Есукей батыр әлгі таңбаны үйіне әкеліп, арша-қола тұтатып, оны аса қастерлеп, аластап отырған сәтте, баяғы құс ұшып келіп, шаңыраққа қонады да «Шыңғыс, Шыңғыс» деп шықылықтайды.

...Шыңғыс қағанның тәңірге тән мәртебелі, әулие атанып, ұлы қағанаттың «Хас би» таңбасына иелік еткен мәнісі осылай екен.

Қас би  (Каспий М.Қ.) таңба – Шыңғыс қағанатының белгі-мөрі» (Лувсанданзан «Алтын шежіре» Алматы-2009. 23-24 беттер).    

Демек, Каспий теңізі Қаз Адайлардың лақап аты. Ең алғаш тілі шығып сөйлегендер, мынау он сегіз мың ғаламға, ондағы барлық құбылыстарға ат қойғандар осы біздің аталарымыз. Теңіздің атауы сондықтан Қас би деп аталған. Қаз елі – бүкіл әлем елдері мәдениетінің ең биік шыңы. Олар бүкіл әлем мәдениеті сайысынан бәйге алғандар. Соған сәйкес «Қас» сөзі де  кез-келген ұғымның ең биік шыңы.  Қазақтың Қас Сақ, Қас ақын, Қас батыр, Қас мерген, Қас сұлу, Қас шешен, Қас тұлпар,  Қас жүйрік, Қас дүлділ, Қас қағым, Қас қыр (биіктік), Қасиет, Қас жақсы, Қас шеберлері осы тұжырымымыздың айдай айғағы.

 

Сол үшінде аспанда ұшатын ең қасиетті киелі құстарға Аққу, Қаз деп ұлы аталарымыздың есімдері қойылған. «Аққу менен Қаз егіз, Адай менен Таз егіздің де» сыры осы.

 

 «1206 жылы Шыңғысхан қағанатының ел таңбасында «Көкте Тәңір, жерде қаған бар. Әлем иесінің таңба мөрі» деп жазылған (Эренжен Хара-Даван, Чиргис – хаан как полководец и его наследие. Алматы 1991, 19 бет). Қаған таза қазақ сөзі, толық мағынасы Қаған барлық хандардың ағасы деген сөз. Хан бүкіл  бір елдің ағасы дегенді білдірсе, Қ-аға-н дегенімізде Хан сыртында қалып АҒА сөзі ортаға ауысқан.  Бізге жеткен ұлы шежіреде тек қана қазақтан шығып әлемді билеген ұлы көсемдер ғана қаған атын иемденген.  Бүкіл әлем тарихының бірде-бір елінде, қазақтан басқа билеушісін қаған деп атаған мемлекет болып көрген емес. Мысалы, Ұлы Алаш қаған, Қазақ қаған, Өгіз (Оғыз) қаған, Тоны көк Білге қаған, Бұмын каған, Күлтегін қаған, Шыңғыс қаған т.т. Яғни қаған деген сөз бүкіл әлемге билік жүргізетін ұлы хан, хандардың ағасы, яғни ең жоғарғы әмірші дегенді білдірген. Бұл жөнінде Әбілғазы: «Қағанның мәнісі мынау. Кім де кімнің ғиззаты және дәулеті хандық мәртебесінен артық болса, әмірлер мен халық оны қақан  дер және кімнің мәртебесі қақаннан  жоғары болса оны қаған дер. Қағаннан жоғары мәртебе, құрмет болмас» дейді. (Түрік шежіресі 110 бет).

Таңбалардың ұқсастығы ру-тайпалардың туыс екендігін білдіреді. Тарақ таңбалы бес тайпаның (төре, жалайыр, төлеңгіт, тарақты-табын, тарақтының өзі)  және Мұхтар Мағауин ағамыз айтқандай "діңі бір үшем бітік" таңбалардың түп атауы бар. Ол "Тіл". Осы көрсетілген үш таңбаның да пішіндері бір-біріне өте ұқсас. "Тіл таңбаның" қандай болатынын білгің келсе, Тіліңді шығарып айнаға қарасаң жарап жатыр.

Мәшһүр Жүсіптің «Қазақ шежіресіндегі»: «Төре жоқта Тарақты төре болуға жарайды», – деген де сөзінің сыры осы.

 «Тіл таңбалылардың» қарашаңырағының иесі бүгінгі Маңғыстаулық Адайлар. Бұл дауға да, күмәнға да  жатпайды. Бұған дау айтушылар табылып жатса, онда олардың Ата тарихтан (рулық шежіреден) және атам қазақтың сөз жасау қағидасынан хабарының болмағаны, яғни оған саналарының (ақылы мен білімдерінің) жетпегені.

Маңғыстаулық Адайлардың бірнеше таңбасы бар. Олардың негізгілері "Тіл" (Ежелгі шежірелердің бәрінде "Тіл таңбалы Адайлар" делінеді), "Шаңырақ" (ішіне крес салынған дөңгелек, бұл таңба Маңғыстауда бірнеше жерде бар), "Садақ", "Жебе" және  "Садақ тартып тұрған салт атты". Бұлай болатыны, олар осы ұғымдардың бәрінің "авторы" деген сөз.  

 

 «Адайлардың оннан аса таңбасы бар. Солардың ішінде бейіт басындағы құлпытастарда ең көп кездесетіндері мына үш таңба:  (жебенің ұштары). Бұлар тек қана Адай таңба емес, Оғыз таңба деп те аталады. Алдыңғы екеуінің ұш жағы әр жаққа қаратылып қойыла береді» (Т.С.Досанов «Руника құпиясы» Алматы-2009. 72 бет).  

 

 «Көк түрік халқының  билеушілері-аспан түріктері  гядье, или адье (а-де, адйе, ахи, эдиз) руларының өкілдері болып табылады. Ру таңбасы   — а-де (Зуев Ю.А. Тамги лошадей из вассальных княжеств. 1960, Труды ИИАЭ Каз.ССР. Т. 8. С.132), ескі қазақ руының екі таңбасынан құрылған адай:  Досанов Т. «Тайна руники». Алматы. 2009. С. 68). Төменгі таңба Әлемдік Тау мен өзен бейнесін көрсетеді, өзен бастау алады. Адайлықтар өзінің негізгі таңбаларын, қабір тасына салынған әртүрлі графикалық нұсқаларын Садақ-Оқ-Лук-Стрела деп атайды, жоғарғы таңбаны нақты бейнелеу. Бұл белгі Йай тамга — Лук тамга деген атпен белгілі. Йай таңбасы -Әлемдік Тау, сәйкесінше Жәй-Найзағай (қазақ тілінде) -Су Иесінің басты қаруы (Жаңбыр) Аспан Құсы Қазақ дегенді білдіреді.  Сондықтан Адай руының таңбасы - Су иесінің немесе Аспан Құсы Қазақ Анасының графикалық коды» (Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі).

 

Таңба демекші, бұл оқиға сонау бір бағзы заманда Маңғыстауда болған екен. Маңғыстауға келіп кеткен жеті жұрттың бірі болса керек, жерге таласыпты. Жаңа келген соңғы «қонақ» өздерінің жаңадан салынған бейіттері мен құлпытастарын куәлікке тартыпты. Сонда қазақтың қариясы сол қорымнан ұштары ғана қылтиып тұрған бірнеше құлпытастың біреуін қаздырып,  құлпытастың төменгі жағындағы Адайдың «тіл таңбасын» көрсеткенде, дауласушылар дау-дамайсыз өлкені босатқан екен.

Маңғыстаудағы мыңдаған ежелгі қорымдардағы, миллиондаған бейіттердің басындағы қойтастар мен құлпытастардың барлығында дерлік Адайдың таңбалары бедерленген. Кейбіреулерінде таңбамен бірге аты-жөні, руы және нақыл сөздер жазылған. Мысалы, Сейсем ата қорымындағы бір құлпытаста «Бізде сіздей болғанбыз» деп адамдарды менменсіну мен дандайсудан сақтандыратын жазба бар. Қазіргі билік басындағылар мен «қалталыларды» сол қауымға жыл сайын «іс-сапарға» жіберіп тұрса ғой, шіркін! Басым көпшілігінде тек қана таңбаның құр өзі салынған. Демек, ежелде ұлы аталарымыз ата-бабалары мен туған туысқандарының бейітіне құлпытас орнатып оған міндетті түрде өздерінің рулық таңбасын салатын болған. Ал, рулық таңба дегеніміз олардың ата-тегі, бүгінгіше айтқанда фамилиясы. Қазақта бұл күні бүгінде де солай түсініледі. Мысалы, мен біреуге Ата тегімді ауызбен айтудың орнына «Тіл» немесе «Жебе» таңбамды көрсетсем, кез-келген қазақ баласы менің тегімнің (руымның) Адай екенін түсінген болар еді.

Ал, енді қазіргі жағдайға оралар болсақ, соңғы бейіттердің басына біздер таңба салуды қойып, марқұм болған туыстарымыздың басына қойылған құлпытастарына тек қана аты-жөнін бүгінгі Кирил таңбасымен (кирилица) жазып және оның қасына тракторист болса трактордың, крановщик болса кранның, шофер болса машинаның, соғысқа қатысқан болса орден мен медальдардың  суретін салып  соған мәз болып жүрміз. Енді бір сәтке осының арты не болатынына ой жүгіртіп көрелікші. Келешекте кирилица өзгеріп, басқа таңбаға өтер болсақ,  40-50 жылдан кейін  біздің қазіргі қабір басындағы жазбаларымызды өз ұрпағымыздан оқитын жан табылмай, біздің қазіргі құлпытастардағы жазбаларымызды тек қана орыстар оқитын болады. Себебі, оларда жазу  өзгеретін қауіп жоқ. Бұл жазбалар оларға мына жерді біздікі деп дау айтуларына толықтай негіз болатыны сөзсіз. Ал, біз егер сол ұлы аталарымыздың қағидасын жалғастырып құлпытастарға таңба салар болсақ, бұл жерге ешкім ешқашанда дауласа алмаған болар еді. Аталарымыз осыны ежелден-ақ бағамдаған. Ал, біз болсақ Ұлы Аталарымыздың  осы қарапайым қағидасын түсінуге де шамамыз (ақылымыз бен біліміміз) жетпеуде. Әйтпесе, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр шамасы болса да тегімізді орыс (ов, ев, Иванов, Сидоров, Петров), әкемізді ебрей (ич, Робинович) деп құжаттарымызға толтырып жазып қояр ма едік. Құжаттарымыздағы аты-жөнімізді Ата салтымызға (Ата заңымызға) сәйкестендіріп, бақилық болған ата-ана, тумаластарымыздың басына қойылатын құлпытасқа рулық Таңбамызды салуды ұмытпайық.

Тарих тағлымы: Рулық таңба тұрақты, ал жазу таңбалары өзгеріп отырады (Келешек те тағы латынға ауысады, деп  жатырмыз). Демек, құлпытастарға рулық таңбамызды салуымыз келер ұрпағымыз үшін, мынау ұлан ғайыр аймаққа біздердің иелік етіп және оны  соларға қалдырғанымыздың айдай айғағы болмақ.

 

Биылғы 2015 жылдың 14 наурызында Адай Ата – Отпан тау кешенінде Адайдың қарашаңырағы Мұңал ошақтың иелері Мұңалдардың жыл бойы атқарған игі істерінің куәсі болдық. Сіздерге алғысымыз да, ризашылығымыз да шексіз. Мен оның бәрін қайталап жатпаймын. Ол жайлы БАҚ-тарда аз жазылып жатқан жоқ.

Келесі жылғы Наурыз мерекесін ұйымдастыруды міндеті Қосай атамыздың ұрпақтары өз мойындарына алып отыр. Қосай атамыздың ұрпақтары Маңғыстауда Аға баласы делініп, аса ұлы ілтипатпен құрметтеледі. Себебі, Қазақта ең алғашқы «аға» деген құрметті атауды иемдегендердің бірі осы атамыз. Сондықтан олар өткен замандарда, тіпті Адай елінде күні бүгінде де  аға баласы ретінде үлкен құрметке ие. Алыс сапарға шығарда, халық мүддесі үшін келелі іс бастарда, жауға аттанарда Қосай ата ұрпағынан бата алу, қасындағы сапарлас серігің Қосай ата ұрпағы болса жолың болады деген ұғым содан бері жалғасып келеді. Әрине, солай. Қасында ағасы жүрсе, інісі қор болушы ма еді. Қазақтың «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген мақалының авторы да осы Қосайлар.

Осы жерде неге бұлай деген сұрақтың да жауабын қысқаша бере кетейін. Оны анықтау үшін ешқашан жаңылысып көрмеген сөз түбіріне жүгінеміз. Өздерің көріп отырғандай Қосайдың сөз түбірі Ос (Жер өз осінде айналады).  Бұл баяғы Нұқ пайғамбар заманындағы топан суға қарық болған елдің атауы. Сол елден тек қана Нұқ пайғамбардың отбасы және Мұсылмандықты мойындаған сексен отбасы кемеге мініп аман қалған делінеді ежелгі аңыздарда. Нұқ пайғамбардың тегі Қосай. Сол ел түгелдей суға қарық болып, тек қана Нұқ пайғамбардың кемесіне мінген жандар аман қалып, сол елге Нұқ пайғамбар соңғы «Нүктені» қойды. Одан кейінгі ұрпақ Қосай Нұқ болып, ал сөйлемде Қос Нүкте болып жалғасып кетті. Қос Нүкте - Қосай Нұқтың балама есімі. Қосай руының қазақтың барлық руларының құрамында болатыны, Қосайдан жолдасың болса жолың болады делінетіні және олардың аға баласы деп құрметтелетінінің сыры осы.

 

 

Осы айтылғандардың бәрін ой елегінен өткізе келе  Қосай Ата ұрпақтарына мынадай ұсыныстарды жасағанды жөн көрдім:   

 

БІРІНШІ, ұлтты ұлт, елді ел етіп тәрбиелейтін негізгі тетіктердің бірі «Тарихат» жолы. Ата тарихты (шежірені)  білген ұрпақтың  (елдің) әрқашан да бүгіні айқын, келешегі жарқын болмақ.  «Атаға қарап ұл өсер, Анаға қарап қыз өсер» деген қазақ мақалының сыры осы. Жақсысын жалғастырып, жағымсызынан қашуымыз қажет. Олар құлаған орға (мысалы, өткен ғасырдың басындағы КСРО одағына мүше болып  геноцидке ұшырау) барып, біздің де құлауымыздың еш қажеті жоқ. Сондықтан жыл бойы Ата тарихымызды (шежіремізді) түгендеу үшін, ең үздік, шыншыл тарихи материалдарға бәйге жариялау керек. Бәйгеге қатысқан үздік тарихи еңбектерді жинақтап, кітап етіп шығарылса.

 

ЕКІНШІ, 14 наурыз 2016 жылы Отпан таудағы Қарашаңырақ ғимаратында тарихшы- ғалымдарымыздың қатысуымен ғылыми конференция өткізіліп, қорытындысы БАҚ-тарда жарияланса. Кітаптың презентациясы осы жиында жасалса тіптен жақсы.       

 

ҮШІНШІ, қазіргі таңда Отпан таудағы Адай Ата тарихи-мәдени кешеніндегі Адай Ата кесенесіне Адайдың тек қана соңғы «Жебе» таңбасы айшықталған.  Жоғарыдағы мен келтірген тарихи деректерді басшылыққа алып кесенеге Адайлардың ежелгі таңбасы «Тіл таңбамызды да» айшықтау қажет. Бұл бүкіл әлем елдеріне біздің Адам Ата мен Ауа Ананың қарашаңырақ иелері екендігімізді айшықтайтын болады.

 

ТӨРТІНШІ, Ақсарайдағы мұражайға арнайы бөлме, немесе бұрыш жасақтап онда Маңғыстаудың  ежелгі қорымдарындағы Қазақтың таңбалы құлпытастарының көшірме-макетін (симай жатса суреттерін) орналастыру қажет. Таңбамызды түгендейік, ағайын!

 

БЕСІНШІ, Отпан тауда көзінің тірісінде халқына қаяусыз қызмет еткендігі халықпен толықтай мойындалып, өмірден озған Ұлы Тұлғалардың әулие-қорымын жасау керек. Кесенедегі құлпытасқа тек қана «Тіл» таңба таңбалануы тиіс. Кесене кім болып туылсаң да, бірақ өлгенде  Ата деп әспеттелетін асыл ұл болып өлу керек екен делінетіндей болса тіпті жақсы.

Ал, жақында Қазақтың әйгілі жорық жырауы атанған, ақын және қол бастаған батыр Қосай ата ұрпағы Қалнияз жырау Шопықұлы мүрдесінің сонау Тәжік даласынан Отпан тауға әкелініп жерленуі өте дұрыс шешім болды. Бұл рәсімнің атам Қазақтың ежелгі салт-дәстүріне еш қайшылығы жоқ. Айтулы ұлы тұлғалардың көбі осылай жерленген. Адай Ата кесенесі қасына жерленуге құқылы екі адам болса, оның бірі осы Қалнияз атамыз.

Қалнияз атамыздың ел алдындағы еңбектеріне қысқаша түсінік бере болсам:

-  Тарихқа жүгінсек, Қалнияз жырау «Тектіден туған текті» ұрпақ. Отпан тауда ең алғаш от жағып, ошақ пен мосыға өз есімін берген Қосай Атамыздың тікелей ұрпағы.

- Қалнияз жырау Шопықұлы (1816–1902) арыны беріге жалғаған Атам Қазақтың  айтулы шежірешісі, айтулы  жырауы. Қалнияз атамыздың есімі «Қырымның қырық батыры» аталатын батырлық жырды айтушылардың бірі ретінде белгілі болған. Ақынның билермен кездескенде айтқан толғаулары  оның ақпа-төкпе жыраулығын танытады.

- Қалнияз елінің қамын ойлаған батыр және ақын. Ол Хиуа жаулаушыларына қарсы жорықтарға және 1870-80 жылдарғы патшалық Ресейге қарсы көтеріліске қатысып, сарбаздарды өлең-толғауларымен ерлікке үндеді.  Қалнияздың «Ер Қармыс» жыры, «Жаскелеңмен айтысы», «Көтібар бөтен кісім бе?»,  «Сүгір батырға айтқаны», «Батырда Балуанияз, Қармысы бар» т.б. өлең, толғаулары ел арасында кеңінен танымал. Қалнияз жырлары халық тағдыры, елді, жерді қорғап, сақтау сияқты өз дәуірінің көкейкесті мәселелеріне арналған.

-  Қалнияз еліміздің жауларына қолына қару ұстап соғысқан және қол бастаған батыр. Иса мен Досанның Қалниязын, Исатайдың Махамбетімен салыстырсақ дұрысы сол болар. 

 

-          Қалнияз күйші де болған. «Қалнияздың жорық күйін», «Қалнияздың жыр күйін» Орталық

Азия жеріндегі қазақ өнерпаздары жиі орындайды.

 

-           Қалнияз жырлары «Аламан» (Таш., 1926), «Ақберен» (А., 1972), «19 ғасырдағы қазақ

поэзиясы» (А., 1985), «Абыл, Нұрым, Ақтаным...» А., 1997) жинақтарында жарияланған.

 

 «Кезінде: «Асқар биік тауларым,

   Кетемін деген ойда жоқ,

  Кетірді дұшпан жауларым» деп күңірене жырлап, тәжік жерінде өмірмен қош айтысқан күрескер ақын, жорық жырауының тілегі қабыл болды, арманы орындалды. Оның сүйегі «Адай Ата – Отпан тау» кешеніне қарасты қорымға алғаш болып жерленді. Ата қабіріне бір уыс топырақ салуға жиылған ел-жұрт баба сүйегін бір ғасырдан астам уақыт сақтап, ұсынысты қуана қолдаған тәжіктерге ризашылығын білдірді. Және бір қуанарлығы, ақынның ұрпақтары дер кезінде үлгерген екен. Өйткені, Қалнияз жерленген жерге, жер иелерінің бас жоспарына сәйкес, құрылыстар салынып, жол төселгелі жатыр екен. (Маңғыстау облысы. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» газетінен).

 

Жоғарыда көрсеткенімдей, Қаз Адайлардың Адам атаның қарашаңырағының иесі екенін бағамдар болсақ, ілкі төр Маңғыстаудың Қаратауындағы ең биік шың Отман мен Адай ата ескерткіш-кесенесі әдемі үйлесіп, жүйелі сөз бен жүйелі іс, жүйесін тауып жатқан  жоқ па?! Отпан тауда жағылған оттың ғұмырының ұзақ болуын Алладан тілеп, осыған қолымыздан келген үлесімізді қосайық, Ағайын!  Өсіңдер! Өніңдер! Ұлы аталарыңызға лайық ұрпақ тәрбиелеңіздер! Ошақтарыңның оты сөнбегей!

 

 

Тарих тағлымы: 70 000 жылдан бері түп атасын ұмытпай, Атасын Ата деп, Әулие деп әспеттеп, солардан қалған ұлы жолды үзбей жалғастырып келе жатқан Қазақтар, әлем мәдениетінің ең биік шыңында тұр. Оны түсінетін кез алыс емес.

 

Сөзімнің соңында Атам Қазақтың рулық шежіресінде Адай Ата шежіресі бар да, Адам Атаның шежіресі неге жоқ? деген сұраққа да жауап бере кетейін:

– Адай (м) – А, Ад (Ат), Ада (Ата), Ай, Дай (Тай), Адай (Атай), Адам (Атам) болып шығады.

А – дыбысы Алып бидің де (әліппе), сонымен қатар барлық дүниенің де бастауы, жаңа туған сәби де дүниеге А-А-А-А-А-лап айғайлап келеді.

Ад (Ат) – алғашқы Адам, соған сәйкес қауым атауы. Ат – а. алғашқы адам есімі (атың кім?); б. Қолға

үйретілген, мінетін ат. Мақал «Ат – ердің қанаты». Ад қауымы алғашқы адамның да, адамға серік болған мінетін аттың да авторы.

Сандық жүйе бойынша Ад  1-6 реттік жүйені құрайды. Алғы Алаштардың Алты санымен белгіленетіндерінің сыры осы. Ал, «Т» дыбысы толып толысқанды білдіреді. Ат (Ата) – Ад (Ада) толып, толысып Атаға айналып тұр. Ат есептік жүйе бойынша 1-23 санын құрап Ад-тан көп кейін тұр.

Ада – а. Ата. Иә, иә кәдімгі қазақ баласының күнделікті аузынан тастамайтын Атасы, яғни әкеңнің әкесі; немесе өз атаңнан бастап сонау Адам атаға дейінгі барлық аталарың; ә. Арал. Ең алғашқы, тіпті бергі (Нұх пайғамбар кезеңі) бүткіл жер бетін су басып жатқан кезде алғашқы құрылыққа (Жуды тауына, яғни Қазығұртқа (Қазық жұртқа)) қадам басқан сол аталарымыз болатын. Қ-ада-м деген сөздің де түбірінің Ата болатыны осы; б. Ада. Ада болу – көп аталардың (Адамдардың) бір адам болып азаюы, немесе кез-келген заттың таусылуы. Қадам – Қам ата Нұх пайғамбардың үш (Қам, Сам (Шам), Иафес) ұлының үлкені. Атасынан (қазық жұрттан) бөлініп, өзге өңірге алғашқы қадам жасаған солар болатын.

Ай – Анаң. Әйелдің сөз түбірі Әй (Ай). Әйел (Ай мен Ел) «Әй ел болайық». Әйел ердің серігі, Ай жердің серігі.

Дай (Тай) – Адам ата ұрпақтарының ру-руға, әртүрлі елдер мен мемлекеттерге бөліну кезеңін көрсетеді. Тарихтағы Дай – Массагет (Дай-Дахи) аталғандар осылар. Бұл баяғы Парсы патшасы Кирдің басын торсыққа салып, қақпаға іліп қоятын Сақ (Масагет) ханшасы Тұмар ханымның елі. Сол дайлардың әлемге әйгілі бір патшасы Бәлидің есімі, бүгінгі қосайлардың арасында ру аты болып сақталып отыр.

Сол Дайлар қайда кетті? Олар ешқайда да кеткен жоқ. Сол ежелгі атамекендерінде әлі отыр. Олар қазір Адам Атасының және қазақтың қарашаңырағына ие болып, Адай атанса, оның ұрпағы Алтай хан, Алтай атты тау мен Алтай атты елді қалдырды.  Бүгінгі Алтай атты тау атауының шығу тегі осы.  Аттың (Адтың) орнын тай (дай) басар» деген қазақ мақалының толық мағынасы осы. Бұл тұжырым дауға жатпайды.     

Адай (Ада-й). «Й» дыбысы Атаның ұрпағы, баласы, яғни ең кенжесі, «қарашаңырағының» иесі деген мағына береді. Әйтпесе, ежелгі ғұламалардың барлығы дерлік өз тектерін Иассауи, Фараби, Баласағұни, Фердауси, Жүгінеки, Адайи, Сарайи, Тарази, Жалайри т.т. деп жазып, қазіргі «ов» пен «евтердің» орнына қолданбаған болар еді.

Адам (Ата-м). М – тәуелділік жалғау. Қазақтың сан миллиондаған сөздерінің бәріне де Өз атаңнан бастап сонау ең түпкірдегі Адам атаға дейінгі Аталардың (Адамдардың) барлығы менің атам. Ата – бабаларымыздың бір-бірін құрметтегені соншалық кез-келген жанды Адам, яғни Менің атам деп атап отыр. Қазақтың сан миллиондаған сөзіне «М» дыбысын қоссаң бәрі менікі деген ұғым береді. Атам, анам, көкем, балам, басым, аяғым, елім, жерім, атамекенім т.т. болып кете береді.

Ал, Адай ма, әлде Адам ба, қайсысы бұрын дүниеге келді деген сұраққа жауап іздесек, Адам деген ұғым Адайдан кейін келген деп батыл тұжырым жасай аламыз. Себебі, Ата (Атам, Атам менің) атануың үшін міндетті түрді сені Ата деп атайтын немерең (ұрпағың) болуы шарт. Атаға жалғанған «Й» дыбысының баласы, ұрпағы деген мағына беретінін жоғары да айттық. Ата шежіренің Адам ата шежіресі делінбей Адай шежіресі делінетінінің сыры осы. Бұл тұжырым күмәнға да, дауға да жатпауға тиіс. Себебі, ең бірінші болып Атасының шежіресін жазған немересі жетінші буын Бұзау-Жеменейлер болатын.

 

Өздеріңіз көріп отырғандай бар жоғы төрт-ақ дыбыстан тұратын бір ауыз сөзге Адам, Адай  және Ман ата ұрпақтарының 70 000 жылғы тарихы түгел сыйып кеткен. Бұдан асқан даналық болар ма? Міне біздің аталарымыз тарихты бір ауыз сөзбен осылай жазған. Сөз жасасаң, осылай жаса! Тарих жазсаң, осылай жаз!

 

Сөзімнің соңында айтарым: Сонау түпкірдегі атасы мен анасын (Адам Атасы мен Ауа Анасын),  ағаларын (ақиқат деген ұғымды дүниеге әкелген Қаз ағаларын, яғни бүкіл қазақты) және оның кенже ұлы Маңғыстаулық Адайларды, Атамның қарашаңырағы деп  мойындамағанда Адамзаттың барар жері жалғыз. Ол Дарвин айтқандай маймылға бала болу. Таңдау өздеріңізде!

 

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3555