Сенбі, 23 Қараша 2024
Қаржы 6177 0 пікір 10 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

"АЗАМАТ" ҚОЖАЛЫҒЫНА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ШАРУАШЫЛЫҚ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛЕДІ

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абай тағылымының дұрыстығына Зейнелхан Сағиұлының көзі баяғыда жеткен. Әсіресе табанақы, маңдай терімен мал басын құрап, шар­уасын дөңгеленткелі бері осы сөздердің ақиқаттығына шыңдап ден қойды. Содан кейін де қол жеткенге тоқмейілсіп тоқтап қалмай қожалық жұмысын ары қарай өріс­тетіп, мал басын асылдандыру арқылы өнімділікті молайтып, табысын тасқындатуға күш салып келеді. Бұл орайдағы құлшынысы жеміссіз де емес.

...Жүрдек көлікке жол алыс емес қой, сәске түс болмай жатып жайлау төсіндегі малды ауылға табан тіредік. Қаланың аптап ыстығынан кейін жасыл жайлау жұмақ мекен тәрізді сезіледі екен, салқын ауаны көкірек кере жұтып айналаға тамсана да таңырқай көз саламыз. Ақсу ауданының Қызыл­ағаш ауылдық округіне қарасты жайлаудың бұл бөлігі Көктөбе деп аталады екен.

Түні бойы жайылымда болған Қамбар ата түлігі бұл кезде малшы үйінің айналасына үйіріліпті. Маң-маң басқан мама сиырлар да осында.

– Мына ақшыл сиырлар етті бағыттағы Әулиекөл тұқымына жатады. Мал тұқымын асылдандыру үшін биыл Көксу ауданындағы «Шаңырақ» ЖШС-інен Жылқайдаровтардан 18 айлық 4 бұқа сатып алдым. Оның алдында да 3 бұқа алған едім. Аналық мал басы 120-дан асқаннан кейін, яғни келесі жылы тағы 6-7 бұқа сатып аламыз, – дейді бізді бастап жүрген шаруа қожалығының иесі Зейнелхан Ғалиев. – Соған орай енді бір-екі жылда қожалығымызға асыл тұқымды шаруашылық статусы берілетін болады. Статусымызға сай болу үшін келешекте мына қара сиырларды басқа малшыға бөліп беріп, асыл тұқымды малды бөлек баққызайын деп жүрмін.

Иә, асыл тұқымды малдың өнімділігі жайын дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Мәселен, қазақы тұқымды үш жасар сиырлар 400 келіден ет беретін болса, асыл тұқымды малдың екі жастағы құнажыны 600 келіге дейін тартады.

– Мал тұқымын асылдандырып жатқаным «Сыбаға» бағдарламасының арқасы. Алған несиемізді біртіндеп қайтарып жатырмыз, – дейді Зейнекең әңгімесін жалғастырып.

Біз сөз етіп отырған «Азамат» шар­уа қожалығы Балқаш ауданындағы жеке кәсіпкер Дүйсен Нұрлановтың бордақылау кешеніне биыл 20 тананы өткізіп беріпті. Келесі жылы бұл көрсеткіш 25-ке жетпек.

Бір айта кетерлігі – бордақылау кешеніне өткізген асыл тұқымды малдың әр басына таза салмағының құнынан басқа 24 мың теңге көлемінде субсидия беріледі екен. Кәсіпкер өкімет тарапынан берілетін бұл көмек түріне де дән риза.

Мал басын Балқаш ауданына жеткізу де көп қиындық тудыра қоймаған. Мәселен, бордақыға қойылатын малды жеткізетін «Кам­АЗ» көлігін Зейнекеңнің өзі тапқанымен жанармай құны мен жеткізу шығынын Дүйсен Нұрланов төлеп беріпті. Екі жаққа да пайдалы ынтымақтастық, әріптес­тік қарым-қатынас дегеніміз де осы шығар.

Ірі қараның жағдайы осылай болғанда жылқы түлігін өсіру жайы да көңілден шығатындай дәрежеде екен. Олай дегеніміз, жылқының арасында да асыл тұқымдысы көп болып шықты. Халқымыз ерекше қадірлеген түлік арасынан ағылшын, араб тұқымдастары көзге шалынады. «Мынау Луговойдан сатып алынған асыл тұқымды айғыр, мынау қазақы жылқы. Арасында жаңадан шығарылған қырғыз тұқымдастары да бар» – деген Зейнелхан бәйгеден келіп жүрген жүйріктерін мақтанышпен көрсетеді. Біраз уақыт бұрын ол асыл тұқымды жүйрік жылқыларды бөлек бағып-қағатын арнайы атқора да ұстаған екен. Алдағы уақытта бұл орайдағы жұмыстарын қайта жаңғыр­тпақ ниетте.

Бізді Зейнекеңнің жүзге жуық жылқының, 200-ден асатын ірі қараның әр басын, әр төлін жазбай танитыны тәнті етті. Қай жылқының қай жолы қандай бәйгеден келгендігін, кейбірінің аламанға не себептен қатыспай қалғандығын, қайсысының ауырып, қандай дәріден жазылғандығын, бәрін-бәрін жатқа соғады. Саналы өмірінің 25 жылында құқық қорғау органдарында қызмет істегендігін білмесек малмен көзін ашып біте қайнасқан адам ба деп қалғандай едік. Сөйлесе келе білгеніміздей, алғашқы әсеріміз алдамаған екен. Зейнелханның әкесі ерте қайтыс болып, 5 сыныптан бастап жаз айлары кезінде мал бағуға араласыпты. Ағалары да қойшы, жылқышы болғандықтан жазда мал бағып, қыста қораның қиын ойып дегендей, шынында да малмен біте қайнасып өсіпті. Құқық қорғау органдарынан зейнеткерлікке шықанда өзіне етене таныс шаруа – мал өсіруді қолға алғаны да сондықтан шығар-ау деп ойладық.

– Мал болған соң арасында ауырып-сырқағандары да болып тұрады. Сөйтіп ауырғандарын өзіміз емдеп жазып аламыз, – дейді сол ойымызды бекіте түскісі келгендей Зейнекең әңгімесін жалғастырып. – Малдың шығу деген ауруы болады, әр жерінен шыға береді. Өткенде бір жылқыға төрт рет ине салып, аман алып қалдық. Ине салынбаған біреуі өліп қалды.

Мал иесі осы жолы да дәрі-дәрмек пен аңшы мылтығына аздаған оқ-дәрі ала келген екен, оны қай жылқыға салу қажеттігін, ауырып тұрған малға қандай күтім керектігін Алшынбекке егжей-тегжейлі түсіндіріп жатты.

Аңшы мылтығы демекші, жайлаудағылар биылғы жылы итқұс­тың жылдағыдан көбірек бой көрсетіп жүргендігін айтады. Оның өзіндік себебі де бар екен. Бұрындары осы өңірден шыққан атпал азаматтар ұшатын шағын техникамен қасқыр біткенді қуалап жүріп атып алатын болса, түз тағысы осы біраздан бері еркіндікті сезіне бастаған. Осыдан бір күн бұрын ғана үш бірдей қасқыр үй маңына дейін келіп кетіпті.

Екі жылдан бері Зейнекеңнің малын бағып жүрген Алшынбек Омаров та түлік жайын жетік білетін малсақ жан болып шықты. Бағымындағы мал басынан артық шығын бермей, итқұсқа да жем қылмай жүргендігі оның өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтындығын аңғартады. Содан кейін де шығар, ол сөз арасында малдың бағымы, соның ішінде жайылымды ауыстыру жайындағы ұсыныстарын еркін айтып, өзіндік пікірлерін де білдіріп отырды. Нәтижесінде төске түсер уақытқа дейін малды жайлаудың оты қайта қоймаған тұстарына көшіру жайында шешім қабылданып, Алшынбек аз уақыт киіз үйде емес, палаткада тұратын болып келісілді.

Сөз орайы келгенде малшы еңбегіне жасалынатын төлем мен оған жасалынатын жағдай жайын сұрадық. Зейнелхан бұл орайда да жауапқа тосылған жоқ. Бақташысы әр жүз басқа шаққанда 50 бұзаудан артық алса 2 сиыр, 50 құлыннан артық алса 2 бие, ал тау етегіндегі жайылымда бөлек отыратын қойшысы 70-тен қозы алса 10 саулық беретінін айтады. Ұны мен газы, ай сайын берілетін көжеқатықтық ұсақ мал да өз есебінен. Мұның бәрі ай сайынғы жалақының сыр­тында, ынталандыру мақсатындағы шаралар. «Бұлар өсірмесе, күндіз-түні соңында жүріп аман сақтамаса мал басы қайдан көбейеді? Мәселен Алшынбек былтыр жалғыз өзі баққанда бірде-бір басты итқұсқа берген жоқ. Екі-үш бастан мен кедейленіп қалмаймын, есесіне малыма дұрыс қарайды. Талқаны таусылып жатса адам да дүниеден өтіп жатады ғой, сол сияқты мал арасында да аздаған шығын болып жатады. Оның бәрін малшының мойнынан ұстамаймын. Өйтіп тықақтап жатсаң малшы шақ келе ме?». Зейнелханның шын көңілінен шыққан мұндай пікірлерімен келіспеуге бола ма? Шындығында жағдай жасамағандығы себепті малшысы тұрақтамай шығынға батып, иті қыңыр жүгіріп жүрген адамдар арамызда аз емес қой. Бұл орайда көзін малмен ашқан Алшынбек пен оның зайыбы Гүлмираның да Зейнелханға риза екендіктері байқалады.

Жаз бойы жайлауда еркін жайылған малдың жақсы қоңданып, қыс­тан да қысылмай шығатындығы белгілі. Зейнелхан басқаратын шаруа қожалығы бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланады екен. Мәселен, биыл мал жайлау төсіне 11 мамырда шығып кетсе, төменге қыркүйек айы­ның соңында, тіпті қазан айының басында ғана түспекші. Қожалық басшысы осы кезде қыстау маңындағы шөптің де тұнып тұратындығын, жайлаудан түскен малдың бір ай жайылған соң бұрынғыдан да семіре түсіп, соғымға сойылған жылқының кемінде екі елі қазы беретіндігін ризашылықпен әңгімелейді. Жаз жайлауда еркін жайылып, шөптің құнарлысын жеп, судың тұнығын ішкен мал етінің дәмділігі өз алдына бөлек әңгіме.

Алғашқы шегініс:

Мал баққанға бітеді

Бір ғана еңселі ғимараттың өзі бір жылда салынып біте қоймайды. Ал енді айшықты елді мекенді тұрғызу үшін қанша уақыт қажеттігін есептей беріңіз. Сол сияқты, мал басын өз түлігі есебінен өсіріп, шаруа қожалығын аяғынан тік тұрғызу үшін де ондаған жылдардың, шелектеп төгілген маңдай тер мен күш-жігердің, жұқарған жүйкенің қажет екенін Ғалиевтер отбасы жақсы біледі. Өйткені оның бәрін өз бастарынан өткізген...

Қатардағы милиционерден, учаскелік инспектор қызметінен басталған еңбек жолында Үйгентас аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін өскен Зейнелхан Ғалиев сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты біраз уақыт Батыс Қазақстандағы Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Тура сол кезде зейнет жасына жеткендіктен (құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зейнетақыға 45 жасында шығатындығы белгілі), әрі отбасылық жағдайларға да байланысты Батыс өңірінде тұрақтап қалмай туған жерге оралу жөнінде шешім қабылдады. Ол жақтағы басшылардың жібергілері келмегенімен түптің түбінде оның таңдауымен келісуге мәжбүр болды.

Бұған дейін лауазымды қызмет атқарған азаматтардың зейнетақыға шыққан соң өздерін ешкімге қажет болмай қалғандай сезініп, жүйкесі сыр бергендіктен бірқатарының жүрек ауруына шалдығатыны, тіпті кейбірінің ішімдікке бой алдырып жататыны жасырын емес. Зейнекеңді шын мәнінде мұндай күйзеліс­тен аман алып қалған еңбек еді. Шағын шаруа қожалығының таң сарғайып атқаннан қас қарайғанға дейін бітпейтін қарбалас та қауырт жұмысы күйзелуге де мұрша бермейтін.

Алғашында бұлар қарамағындағы 5 гектар суармалы жерге картоп егіп, аздаған мал басының өнімін ұқсатумен айналысты. Сөйтіп кешегі аудандық милицияның бастығы күнұзақ мал жайып, қораның қиын ойып, құдықтан қолмен су тартып дегендей, нағыз қара жұмысқа кірісіп кетті. Көмектесетін балалар студент. Зайыбы Лида таңертең, кешке 18 сиырды сауып, айран ұйытып, ірімшік дайындап, басқа да тіршіліктерімен айналысады.

Әр сиырдың 4-5 шелектен су іше­тіндігін ескерсек, барлық сиырды, бір­ді-екілі жылқы мен аздаған ұсақ малды қолмен су тартып суарып шығу үшін ғана қаншама еңбектену қажеттігін шамалай беруге болады. Соншама сиырдың сүтін қол сеператорынан өткізудің де оңай шаруа еместігін басынан өткерген адам ғана біледі. Су тартатын сорап, бензин алуға да қаржы таппай қиналған кездер еді ол.

Бірде маңдай тері бұршақтап қораның қиын ойып жатқанда малды ауылға бұрын қызметтес болған бір топ жігіттің келе қалғаны бар. Кешегі лауазымды басшының – қылмыскерлерге қырғидай тиген милиция майор­ының сақал-мұрты өсіп, киімі қиға былғанып, шаршаңқы күйде қорадан шыққанын көрген олар таңданыс пен аяныш аралас әрі-сәрі күйде қалған болатын.

Сиырдың сүті мен айран, қаймағын, ірімшігін өткізуге базарға барған кездері әйелі мұны машинадан шығармауға тырысады. «Кешегі қызметтестерің кездесіп қалып жүрер, көтере сатып алушыларға өзім-ақ апарып берейін» – деп ауыр ыдыстарды әрең көтеріп бара жатады.

Бұлар базардағы сатушылармен де саудаласып жатпайды, айт­қан бағаларына бірден келісіп, өнімдерін өткізіп бола салысымен малды ауылға қайтады. Таңалагеу­імнен күндегі қауырт тірлік қайта басталады.

Қазір ойлап қараса сол кездегі еңбектерінен қорынатындай да жөндері жоқ екен. Еңбек етсе өздерінің шаруа­шылығында қайрат қылып, өздерінің отбасын тарықтырмау үшін тер төгіпті. Бүгінде шаруасын дөңгелентіп отыр­ғандықтары да сол кезде жұмсаған күш-жігерлерінің, төккен терлерінің арқасы деуге болады. Қайта соған мақтанатындай да жөндері бар сияқты. Өз еңбектерімен шар­уасын шалқытып, ел ырысын молайтуға үлесін қосып жатса, неге мақтанбасқа?

Осылайша екі-үш жыл өткеннен кейін барып аздаған қаражаттың басы құралып, малшы ұстайтындай жағдайға жеткен. Бірақ бұдан кейін де бәрі жақсы болып кетті деуге келмейді. Жақсы малшы табу ол кезде де қиын болатын, қазіргі кезде де оңай емес. Табылған малшының өзін кейбіреулер: «Ол милицияда істеген, сүйтеді, бүйтеді...» деп азғырып қояды. Сондай себептермен қашып кеткендердің соңынан бытырап кеткен малды іздеп тауып, қайта жинап, біраз күнге дейін өзінің бағуына тура келген кездер естен кетпейді. Қатты бір қиналып кеткен кездері шаруа қожалығын сатып та жібермекші болды. Сатып алушы да табылған. Алайда жеме-жемге келгенде өзінің табанақы, маңдай терімен еңбектеніп, тырбанып жүріп жинаған дүниесін сатып жіберуге қимай қалады. Сөйтіп жүріп тағы екі-үш жылдай уақыт өтті.

–Жаным қазір ғана жай тапқан сияқты. Сол кезде ғой әрбір басқа ішім ауыратын. Малдың басы біршама құралған соң бүгінде бірлі-жарым шығынды есептемейсің де. Әйтсе де құлаққағыс қылып айтып қоясың, – дейді Зейнекең сол бір кездерді жадырай еске алып.

Екінші шегініс:

Адалдықтың ақ жолы

Зейнелхан Ғалиев ішкі істер бөліміндегі қызметке 1978 жылдан бастап араласты. Алғашында Талдықорған облыстық ішкі істер басқармасында қатардағы қызмет атқарса, 1985 жылдан өз еркімен Қапал ауданында учаскелік инспектор қызметіне кірісті. Өз ісіне мұқият қарайтын жауапкершілігі мол қызметкер бірден басшылардың назарына ілігіп, екі жылдан кейін ол аудандық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімінің қызметкері, тағы бірнеше жылдан соң аталған бөлімнің бастығы болып тағайындалды.

Қызмет баспалдақтары бұдан кейін де биіктей берген. Арада көп уақыт өтпей ол аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары, содан кейінгі жерде, яғни 1996 жылы Үйгентас аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне көтерілді. Бірақ арада тағы бір жыл өткенде аудан тарап, Кербұлақ аудандық ішкі істер бөліміне басшылық қызметке ауысуға тура келді. Бұл жерде де екі жыл жемісті қызмет атқарғаннан кейін облыстық ішкі істер басқармасының Талдықорған өңірі бойынша ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

Бұған дейін де толымды көрсеткіштерімен жақсы аталып жүрген білікті басшы, тәжірибесі толысқан білікті қызметкер осы кездері ел арасында түрлі алыпқашпа әңгімелерге негіз болып жүрген бірнеше ірі қылмысты ашып, тұрғындар алғысына бөленді. Соның бірі үш жыл бойы Ақсу, Қапал өңірі мен Талдықорғанның айналасын қан қақсатқан Балқан Құдайбергенов басқарған бандылық топ болатын. Аталған ұйымдасқан топ мүшелерінің тонаушылықпен айналысып қана қоймай бірнеше адамды отбасы мүшелерінің көз алдарында азаптап өлтіргендіктері белгілі болды. Осындай қылмыстар Талдықорған қаласынан басқа Жаркент пен Сарқанда, Үштөбе мен Текеліде, Көксуда да орын алды. Күн-түн демей жүріп сол қылмыстарды ашуға көп ең­бек сіңірген Зейнелхан Ғалиев осыдан кейін, неге екені белгісіз, марапатталудың орнына басшылардың қаһарына ілікті. Бұған бірнеше басқосуда қылмыс­тың ашылуына қатысты принципті сын пікірлер айтқаны себеп болуы мүмкін екендігін де ол жоққа шығармайды. Қалай десек те бұған дейін «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «ІІМ-дегі үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған білікті қызметкер осылайша басқа облысқа қызмет ауыстыруға мәжбүр болды. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, бүгінде ұмытыла бастаған сол реніші ойға түссе Зейнекең еріксіз қызбаланып кетеді.

Қылмыскерлерді құрықтаумен айналысатын қызметкерлер адалдықтың ақ жолынан таймауы­ тиіс. Ал егер олардың өздері оңай жолмен пайда табуға қызығып, осалдық танытып жатса, қас масқара сонда болады. Бұл ақиқатты көңіліне нық түйген Зейнелхан Ғалиев сол жылдары қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кету үшін өзіне әлденеше ондаған мың доллар ақша мен қымбат бағалы көлік, жайлы пәтер ұсынған адамдардың да болғанын еске алады. Бірақ дүниеден өзінің ар-ұяты мен азаматтық, қызметтік парызын жоғары қойған ол ондай теріс қадамға ешқашан барған емес. Содан кейін де жоғарыда сөз болған Балқан Құдайбергеновтың өзі де, ол бастаған топтың мүшелері де істеген қылмыстарына сәйкес тиісті жазаларын алған болатын. Содан кейін де құқық қорғау органының кешегі қызметкері осы күнге дейін әріптестерінің де, ауылдас, жора-жолдастарының да бетіне ұялмай тік қарай алады.

Түйін орнына:

 

Бүгінде Зейнелхан Сағиұлы қолға алған ісін жандандыра түсу үшін тағы бірқатар шаруаларды ойластырып отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, енді біраз күнде тіркемесімен «КамАЗ» автомашинасы, «МТЗ-80» тракторы мен роторлық шалғы, шөп тайлайтын агрегат пен тиейтін жабдық алынбақ. «Қазагроқаржының» жеңілдік несиесімен алынатын бұл техниканың көлденең шығындарды азайтып, қолды ұзартатындығы, бір сөзбен айтқанда табысты тасқындата түсетіні белгілі.

– Алдағы уақытта қолдағы малға жайылымдық жер тарлық етейін деп отыр. Жер тапшылығын қазірдің өзінде сезіне бастадық. Қыстауды Ақсу ауданындағы Көшкентал ауылдық округіне қарасты жерден, ал жайлауды Қызылағаш ауылдық округінен, ауданның жер қоры есебінен алған болатынмын. Осы мәселе шешілсе мал басын қазіргіден де көбейтуге болады. Тұрақты алушы табылса жекелеген сауда орындарын сүт өнімдерімен, қымызбен қамтамасыз ететіндей де мүмкіндігіміз бар, – дейді Зейнекең қайтар жолда алдағы жоспарларымен бөлісіп.

Иә, шаруа адамының алдағы жоспарлары ауқымды. Қай жұмысты қолға алса да жеріне жеткізбей тынбайтын жігерлі жанның бұл орайдағы жоспарларының да орындалатынына шәк келтірмедік.

 Келесі жылы Зейнекең асқаралы алпыстың асуына аяқ баспақ. Осы уақытқа дейін зайыбы екеуі балаларының игілігіне жұмыс істесе, ендігі жерде балалары той жасап береміз деп отыр екен.

Балалары демекші, Зейнелхан мен Лида Ғалиевтер екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп, олардан 9 немере сүйіп отырған бақытты ата-ана.

Соншама еңбекпен құрып, жұмысын өрістетіп отырған шаруа қожалығына ұлдары Азаматтың есімі берілген екен. Осыдан біраз уақыт бұрын ішкі істер органдарында қызмет істеп жүріп отбасылық жағдайға байланысты (басқа жүргізушінің кінәсінен жол-көлік оқиғасына түскен ата-анасына күтім жасау үшін) өз еркімен қызметтен босанған Азамат бүгінде әке үлгісімен полициядағы жұмысын қайта жалғастырсам деп армандайды. Соған орай біз де Азаматтың алар асулары биіктеп, алдағы уақытта жаны қалаған жұмысына орналассын, өзі аттас шаруа қожалығының жұмысы да өрістей берсін деген жақсы тілекпен аттандық.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Алматы облысы

Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407