VІII. «ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ ЖҰМЫРТҚАЛАҒАН» ЗАМАН
VІII. «ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ ЖҰМЫРТҚАЛАҒАН» ЗАМАН
Жазушы, тарихшы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбаевтың "Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас" атты еңбегін жалғастырып беріп отырмыз. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/view?id=4553; http://abai.kz/post/view?id=4554; http://abai.kz/post/view?id=4579; http://abai.kz/post/view?id=4589
Жоңғар хандығы 1635 жылы құрылғаннан бастап қазақ жеріне үздіксіз шапқыншылық жасап жүргенде ұдайы қорғаныс ісін ұйымдастырған, дұшпан жойқын жорығымен төндірген қатерден қазақ мемлекеттігін жойылудан аман сақтап қалған Салқам Жәңгір 1652 жылғы cоғыста қаза тапты.
Сол жылғы ұрыстардан кейін едәуір уақыт бойы тыныштық орнады. Тарихи еңбектерде сол шақтағы екі хандықтың бір-біріне қарсы бағытталған ірі әскери жорықтары жайында ешқандай елеулі мәлімет кездеспейді. Мұның бір себебі сол, Жәңгір хан өмірден өткен жылы Жоңғар хандығының әміршісі Ердени Батыр қонтайшы да дүние салған болатын. Хандықта тақ таласы туған. Билікке Батыр қонтайшының кіші ұлы Сенге келді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмады. Тіпті, өзінің әкесі бір, шешесі бөлек бауырларымен әскери қарама-қарсы тұрушылық жағдайда тұрды. Ақыры, 1657 жылы, хандықтың бір аймағының билеушісі хошоуыт Очирту-Цеценнің көмегіне сүйене отырып, оларды (ағалары Цецен тайшы мен Цзотбаны) жеңді. Сосын солтүстік-батыс Моңғолиядағы хотогойт хандығымен шайқасты. Оның соңғы әміршісін – Алтан-хан (Алтын хан) деп аталатын биік мәртебелісін, яғни солтүстік-батыстағы халхалардың ең соңғы Алтын ханы Еринчин-Лувсан тайшыны – 1667 жылы тізе бүктірді. Өстіп, жоңғарларға шығысынан қатер төндіріп тұрған дұшпанын Сенге қонтайшы біржолата қауіпсіздендірді. Одан ішкі саяси жағдайын нығайту шараларын жасап, хандықтың аумағын кеңейтуді жалғастырды. Осындай ахуалға байланысты қазақтарға қарсы үлкен соғыс шаралары жүргізілген жоқ.
Бұл кезде Қазақ хандығында жағдай біршама тұрақтанып, ел тұрмысы қалыпты күйге түсіп қалған. Майдан даласында қаза тапқан Салқам Жәңгір аруағына тиісті құрмет көрсетіліп, Қожа Ахмет Йассауи мазары кешеніндегі ата-бабалары жанына – өзіндік қазақ хандары пантеонына жерленді. Қазақ елі басшылығына 16-шы ғасырдағы «Есім ханның ескі жолы» белгілеген меритократиялық тәртіпке сәйкес, мұрагерлік жолмен емес, сұлтандар арасынан халық алдындағы беделіне орай лайықты тұлға таңдалып, жаңа хан сайланды. Таққа отырған – Батыр сұлтан еді. Салқам Жәңгір құзырындағы әскери қызметімен, ерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ұстамды ақылымен көзге түсіп, ел аузына ілігіп жүрген сұлтан. Ол да Жәнібек ханның ұрпағы болатын. Жәнібек ханның кіші ұлы Өсеке сұлтаннан тараған буын өкілі, Бөлекей сұлтанның ұлы еді. (Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, Өсеке тармағына жататын, Бөлекейден тараған тағы бір кезекті жошылық сұлтан Әбілқайыр да хан болады. Ол Шыңғыс–Жошы әулеті ішіндегі хан тағына отырған Әбілқайыр атты екінші адам болатын, сондықтан, тарихта «Көшпенді өзбек хандығы», «Әбілқайыр хандығы» аталған 15-ші ғасырдағы мемлекеттік құрылым әміршісін Бірінші Әбілқайыр, 18-ші ғасырдағы қазақ атымен тарихи аренада әрекет еткен мемлекеттік бірлестік қайраткерін Екінші Әбілқайыр деу орынды болмақ).
Батыр хан жиырма сегіз жыл хан тағында отырды. Бұл кезеңде дәстүрлі экономикасын, көрші елдермен сауда-саттығын, мәдени тыныс-тіршілігін дамытып, ел іші белгілі бір дәрежеде тыныш заманды бастан кешті. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, ішкі жағдайларына байланысты жоңғарлар тарапынан қазақ еліне елеулі қатер төндірерліктей шапқыншылық жасалған жоқ. Осы шақта ойраттардың торғауыт тайпасы – қалмақтар – Ұлы даланың батысына бекем қоныс тепкен. Орыс патшалығы әскерімен бірлесіп, ноғайларды тарихи мекенінен Қырымға және Кавказға ығыстыруға қатысқан. Олар оңтүстіктегі Теректен терістіктегі Самараға, батыстағы Доннан шығыстағы Жайыққа дейін көшіп-қонып жүрді. Сол ғасырдың ортасында оларға шығыс ойрат ұлыстарынан дүрбіт тайпасының үлкен тобы көшіп кеп қосылды. (Оларды орыстар Зенгория, яғни Жоңғария деп атаған). Осылай қатары көбейген қалмақтар Суворов әскеріне қосылып, ноғайларды қырып-жоюды жүзеге асырысты. (Қалмақтарды жаңа өлкеге 1633 жылы бастап келген Хо-Өрлүк тайшыдан кейін хандықты 1644 жылы Шүкүр-Дайшын, 1661 жылы Моншақ басқарды, ал 1672 жылы билікке келген Аюке хан тақта жарты ғасырдан астам отырды). Олар жер-суына көз алартқан басқыншыларға қарсы көтерілген қазақтар мен башқұрттарды 1644–1661 жылдары патша әскерімен бірге «жуасытуға» тікелей атсалысып тұрды.
Қазақ хандығының іргесі қалана бастаған шақта Орыс мемлекетінің оңтүстігінде казактар қауымы (казачество) аталған әлеуметтік топ пайда болған. Олар әуелде билікке бағынбай қашып жүргендерден құралған, одан, тез қатары көбейіп, Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданған да, көп ұзамай патшалықтың шекарасын түркілердің жер-суын басып алу жолымен кеңейтудің алғы шебіне шыққан. (Орыс казактары өз аталымын қазақтардан алғаны даусыз. «Қазақ» сөзі, тарихшылардың айтуынша, алтынордалықтар соққан теңгелерде бедерленген, әйгілі «Моңғолдың құпия шежіресінде» жазылған, яғни қазақтар мемлекеттілігін ертеден келе жатқан көне түркілік атауын жалау ету арқылы жаңа сапалық белеске көтерген. Ал «еркін адам» ретінде түзілген орыс казактары көп ұзамай агрессияшыл патшалықтың оң қолына айналып, қазақтарды жаулау шараларының бел ортасында жүрді).
1580 жылы казактар тоғыз жол торабында тұрған үлкен сауда орталығы, ноғайлар мен қазақтардың астанасы болған Сарайшық шаһарын мүлдем қиратып, тонап кетті. 1582 жылы Сібір хандығын жоюға жол ашып берді. Сол 80-ші жылдары Жайық бойын жаулап ала бастады. 1584 жылы Жайық пен Шаған өзендері арасындағы түбекке Жайық қалашығы (қазіргі Орал) салынды. Казактар қауымы 1591 жылы патша билігін мойындайтындықтары жөнінде ресми ант беріп, жаңа жерлерді жаулап алу науқандарының алғы шебінде, патшалықтың негізгі соққы беретін күші қызметінде жүрді. Патшалық соларды алға сала отырып, Сібірге, Қиыр Шығысқа сұғынуды сәтімен жүзеге асырды. Қосып алған ұлан-ғайыр жер-суын игеруге көшті. (Орал казактары 1991 жылы Ресей патшасына қызмет ете бастағандарының 400-жылдығын тойлауға тырысты, алайда қазақ жерін отарлауда казачество атқарған рөл саналарында сайрап тұрған қазақ ұлттық қозғалысы мүшелерінің қатаң қарсылығы нәтижесінде тойлай алмады). 1640 жылы Жайықтың теңізге құяр тұсына Гурьев қалашығы салынып, балық аулау кәсіпшілігі қолға алынды.
Қазақ жеріне агрессияшыл көршілер тараптарынан ірі шапқыншылық жасалған жоқ. Тиісінше, осы кезеңдегі Батыр хан басқарған Қазақ хандығының орыс патшалығымен қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбіді. Қазақ жері арқылы орыс көпестерінің керуендері Орта Азия елдеріне жиі өте бастады. Қазақтардың оңтүстіктегі Бұхар хандығымен қарым-қатынастары да белгілі дәрежеде достық рәуіште дамыды. Бұл жылдары Бұхарада аштархандықтар әулеті өкілдері Нәдірмұхаммед хан (1642–1645) мен оның ұлы Абдалазиз ханның (1645–1680) билігі жалғасып жатқан.
Осындай ахуалда қазақ елі негізінен тыныштықта, бейбіт өмір кешті.
Ал Жоңғар хандығында таққа таласуын қоймаған Батыр қонтайшының үлкен ұлдары Цецен тайшы мен Цзотба батыр 1670 жылы, ақыры, Сенге қонтайшыны өлтіреді. Ел билігін Цецен хан қолға алады. Осы жағдайда Сенгенің інісі Галдан Тибеттегі Далай-ламадан діни мәртебеден босануға рұқсат сұрайды. Ол жастайынан Зая-пандитаның батасын алып, Тибетте оқыған, буддизм ілімі соңына түскен, ғылыми дәреже алған еді. Далай-лама оған Зая-пандитаның ісін жалғастырушы ретінде қарап, таққа отырған ағасы Сенгенің жанында діни қызмет атқару үшін Жоңғарияға қайтарған болатын. Мұнда келгелі ол аз уақытта буддалық үш храм салып, үш монастырь мектебін ашқан еді. Далай-лама рұқсатын береді. Содан соң, кезінде Сенгенің таққа отыруына көмектескен Алашан ойраттарының әміршісі Очирту-Цеценмен бірлесе қимылдап, билікті басып алған Цецен ханның әскерімен шайқасады. Жеңіске жетіп, Цеценді өлтіреді. Цзотбаны елден қуады. Одан, өзіне қарсы шыққан інілері – Сенгенің ұлдары Соном-Рабдан мен Цэван-Рабданды жеңіліске ұшыратады. Алғашқысы уланып өледі, екіншісі Еділ бойындағы Қалмақ хандығының әміршісі, нағашысы Аюкеге қашады.
Алайда ішкі қарсылықтар үдей түседі. Галдан қонтайшының ықпалының арта түсуінен қауіптенген Очирту-Цецен де (Галданның таққа отыруына өзі көмектескеніне және қызы Ануды оған тұрмысқа бергеніне қарамастан) оған қарсы топпен бірігеді. Дегенмен 1677 жылы Галдан қонтайшы барлық қарсыластарын жеңіп (кейбірі қаза табады, біреулері Қытайға қашады), өзінің барлық ойрат иеліктеріндегі басты әміршілік жағдайын мойындатып бекітіп алады. Осы жылы Далай-лама оған хан мәртебесін береді. Сонда Галдан хан 1640 жылғы «Далалық заңдар жинағына» толықтырулар жасайды. Ішкі саяси жағдайды осылайша ретке келтіріп, Ресеймен сауда және дипломатиялық қатынастарын дамытады. Сосын көрші елдерге көз аларта бастайды. Шығыс Түркістанға (Моғолстанға) 1679 жылдан бірнеше әскери жорық жасап, ақыры оны Жоңғарияға толық қосып алады. Сол жағдайды – буддизм дінін ұстанатын ойраттардың «дінсіздерді» (мұсылмандарды) бағындырғанын ескеріп, Далай-лама оған Бошогту (яғни «Шапағатқа бөленген») мәртебесін береді. Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, жерін кеңейткен, орталық билікті нығайтқан Галдан Бошогту хан енді қазақ еліне шапқыншылық жасауға дайындалады...
Жоғарыда айтқанымыздай, Салқам Жәңгірден кейін ел билеген Болат ханның кезінде хандыққа болашақта қауіп төндіретін жағдайлар жан-жақтың бәрінде (терістік-батыс, терістік, шығыс) біртіндеп орнап жатқанмен, Қазақ хандығының басты жауы саналатын Жоңғария өз ішінде күрделі саяси жағдайды, шиелінісі мол саяси дағдарысты бастан кешіп жатқандықтан, елеулі соғыс болған жоқ. Көп жылдар бойы тыныш заман орнап тұрды. Әдетте Тәуке ханға орайластырылатын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» кезеңі сол Болат хан тақта отырған жиырма сегіз бейбіт жылда орнаған болу керек. Мамыражай тыныштықты Галдан Бошогту хан 1680 жылы бұзды...
(Жалғасы бар)
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz