МИНИ-ПАРТИЯЛАР «СУПЕР-ПАРТИЯ» БОЛА АЛА МА?
«Патриоттар» партиясының белсенділері «Ауыл» партиясымен бірігуге ұсыныс жасап, нәтижесінде «су жаңа» «Ауыл» халықтық-патриоттық партиясы өмірге келді. Бұл алда Парламент сайлауының жақындап қалғандығының белгісі емес пе?
Осы уақытқа дейін жақ ашпай, тым-тырыс отырған партияларды не түлен түртті?. Былайғы күндері бар-жоғы белгісіз партиялардың кенеттен бұлай шешім қабылдауына не себеп? Кім білсін, әйтеуір екі партияны бірлестіру туралы ұсынысты 5 қыркүйек күні «Патриоттар» партиясының кезекті 15 съезінде партия белсенділері ұсынған. Олардың айтуынша, қос партияның қосылуы Қазақстанның саяси қоғамына өзіндік ықпалын тигізеді-міс.
Иә, дәл бүгінде Қазақстанның саяси қоғамында түрлі оқиғалар болып жатыр. Мысалы, Протон құлап, халықтың басына гептил төгіледі. Еліміздегі ондаған партияның бір де бірі еліміздегі эколоиялық ахуалға қатысты мәу демейді. Аққа жарымаған халқымыздың қорада малы, далада ақбөкені қырылып жатыр. Өзін «патриот» санайтындар да, жүрегіміз «ауыл» деп соғады дейтіндер де, басқаларда да үн жоқ. Атажұртына қоныс аударып, алды ағылып келіп бастаған этникалық қазақтардың қозғалысы тоқтап, тоқырап қалды. Бұны ойлайтын адам «Ауыл» мен «Патриоттардың» ортасынан төбе көрсеткен емес. Бензин мен доллардың бағасы шарықтап, қазақ жалаңаяқ қалды. Тағы да өлі тыныштық. Есесіне, партиялар бір-бірімен «некелесе» бастады.
Дәл сол 5 қыркүйек күні «Ауыл» партиясы да асығыс кезектен тыс съезд ашып, әріптестерінің ұсынысын қабыл алды. Партияның төрағасы болып «ауылдық төраға» Әли Бектаев, орынбасары болып «патриоттық төраға» Толымбек Ғабділәшімов тағайындалды. Енді екі партияның «қосындысынан» шыққан бұл ұйым «Ауыл» халықтық-патриоттық партиясы» деп аталатын болады.
Аталған екі партияның қосылуына не себеп? Бұл сұрақтарға саясаткерлер былай деп ой білдірді.
Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:
– Біріншіден, екі партияның қосылуы жуық арада Парламент сайлауы болып қалуы мүмкін екенін білдіреді. Біздің елдегі партияладың сайлау алдында осылай белсенділік танытып қалатын әдеті бар.
Екіншіден, еліміздегі дағдарыс себебінен аталған саяси ұйымдарды қаржыландыру қиындық туғызып жатуы мүмкін. Мұндай кезде мемлекетке де, яки жеке кәсіпкерлерге де партияны қаржыландыру оңайға соқпайды.
Үшіншіден, қазір Парламентке «Нұр-Отанмен» бәсекелес бола алатын партия қажеттілігі жиі айтыла бастады. Аталған партиялар бірігіп саяси үлкен күшке айналуды ойлайтын шығар.
Мақсат Жақау, «Ақ жол» ҚДП төраға кеңесшісі, саясаттанушы:
– Біріншіден, қос «Ауыл» мен «Патриоттардың» төрағалары өз міндеттерін саяси институттық жүйеде толық орындап шықты. Парламентте де депутаттық мандаттарын иеленді. Енді жаңа бастамаларға жол берулері тиіс. Екіншіден, жаңа саяси институттардың бағыттары, шешімдеріне сәйкес ойдан жаңа партияны құрамай базалық жүйені тек жандандыру тиімді болмақ. Экономикалық және құндылықтық тұрғысынан алып қарасақ та. Әсіресе, егер Елбасының «мына сайлау өте қиын сайлау болмақ, сондықтан дұрыстап дайындалайық» деуінің өзінен бірнеше варианттардан ең күрделісін таңдаған көрініп тұр. Ол алдымен, Еуроодақпен екінші келісімшарттарының талаптарына көппартиялық Парламенттің орын алуы, жергілікті өкілеттілікті көбейту, БАҚ еркіндігі, сайлау қағидаларының бұзылмауы, адам құқықтарына байланысты баптарды ескеру т.с.с дүниелерге мән бермек. Әрине, уақыт талабы Президенттік-парламенттік билік жүйесіне қадам басатын әрекеттерді орнату. Ол үшін, жаңа саяси күштермен яғни партиялармен сайлауға қатысады. Осы арада, меніңше бұл сайлау тартыс жағынан 2004 жылғы сайлауға ұқсаңқырауы мүмкін. Өйткені, биліктік фракцияның үштен-бір мандатын бөліп беруге тура келеді. Жергілікті жерлерде де дәл солай. Маслихатқа барып жайғасқысы келетіндер көп табылады. Бұған бірден-бір себеп бүгінгі екі дүркін доллар мен жанармайдан бастау алатын қымбатшылық біршама әлеуметтік толқуларды, наразылықтарды тудырып үлгерді. Мейлі қанша әлеуметтік кепілдіктерді орнықтырамыз десе де, саналы түрде кері реакция көңіл-күйлер шегіне жетіп отыр халық арасында. Сол себепті, іске көңіл бөлетін саяси партиялардың барынша сөз бергеніне қарай сайлаушылардың ұстанымдары белсендірек болады. Меніңше, биліктегілер де осыны жоққа шығармауда және Елбасы да осыны меңзеп, қоғамдық мүддеге пайыздық тұрғыдан көбірек беріп қоятындығын аңғартты. Жоғарыдағы айтқан сөзі де осы. Сондықтан, 2016 жылғы сайлау 5-6 партияға дейін өте белсенді қатысатын кешегі 2004 жылғы сайлауға ұқсамақ. Осынысымен, сайлау қызық болайын деп тұр...
Abai.kz