Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 5849 0 пікір 24 Тамыз, 2015 сағат 11:28

Тауфих Шеғиров. КЕЛЕШЕК ТУРАЛЫ РОМАН – ФЭНТЕЗИ(Жалғасы)

 

(Басы  1234, 5 сандарда)

Шетелдік мәртебелі мейман келетінін алдына ала біліп отырса керек, бұлар келіп қонған алқапта, араларына жарты шақырымдай жер тастап үш жотаның басында оншақты үйден шоғырланып үш ауыл отыр. Мешіттің күмбезіндей көк шалғынның үстінде дөңгеленген аппақ киіз үйлер. Бірінен бірі аумайды. Сандары да бірдей. Мұнда әлденендей символдық мән бар-ау деп ойлаған Сэр Роберт:

– Үйлер неге үш төбенің басына бөлек-бөлек тігілген? – деді жолдасына қарап.

– Мәмбеттер үш жүзге бөлінеді. Шыңғысхан заманынан бері қалыптасқан үрдіс. Әр жүз өз ішінен тайпа, ру, атаға жіктеледі. Әр ата бөлек ауыл боп отырады. Сіз сияқты зор мәртебелі мейман келе жатқан соң, әр жүз өз үйлерін тігіп қарсы алайын деген ғой.

Ошақ басынан ширатыла ұшқан көкшіл түтін шаңқай түстің шаңытқан аспанын шұрқ-шұрқ тескілеп жарыса будақтайды. Флайер қонуға бет алып құлдилай бастағаннан-ақ әр ауылдан бір-бір топ адам шығып бері қарай ойысқан. Көгі басылмаған тепсеңге жайлап қонып, тысқа шығам дегенше олар да жеткен үш жақтан ентелей төгіліп. Алдарында бір-бір шал сақалы сапсиған. Қалғандары іркіліп екі қадамдай жерде үйіріліп тұрды. Үш шал қолдарын кеудесіне қойып, бастарын иіп кезек-кезек маңғаздана сәлемдескеннен кейін ошарылған топ жағалай қол алысып шықты. Тегі азиат дегенмен, қытай, моңғол сияқты емес, бет-әлпеті келісті, көркем. Биік қабақ, көз аясы кең, кесек мұрын. Шет жерлік мәртебелі қонақты қарсы алатын болған соң әдейі таңдап алған ба, шетінен төсі қайқайған ірі, еңселі. Бәрі бір адам сияқты, сырт көз бірден айыруы қиын. Үш жүз дегенге, үш түрлі нәсіл деп ойлаған. Түрі, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнері – бәрі ұқсас. Әлде тілдері бөлек пе екен? Әйтпесе қайсысы қай жүздің адамы екенін қалай айырады?

– Бұлар әртүрлі тілде сөйлей ме? – деп сұрады сэр Роберт тілмаштық жасап тұрған жолдасынан сөз арасында.

– Жоқ, тілдері де, салт-дәстүрі де бір.

– Сонда бұларды бір-бірінен қалай ажыратасың?

 – Сақалы арқылы. Ұлы жүздің сақалы ұзын, орта жүздікі – орташа, кіші жүздікі қысқа болады. Тарихи қалыптасқан дәстүр солай. Он жетінші ғасырда жасап, жиырма бірінші ғасырда ескерткіштері қашалған үш жүздің классикалық үш биінің сақалдары да осы ретпен бейнеленген. Содан бергі заманда әр жүздің адамдары осы сыртқы ерекшелікті қатаң сақтап келеді.

– Ал қылтанақ өспейтін көсе болса ше?

– Жылқының қылы не шаштан жасалған жасанды сақал жапсырып алады... Ой, бұлардың сақал саудасы дейтін қызықтары бітпейтін жыр. Әкім, уәзірлердің ру, жүзіне қарай кейбір пысықтардың сақалы да өзгеріп тұрады.

– Бүкіл болмыс-бітімі бір бола тұрып бұлай бөлінгені қызық екен. Тегі бөтен түрлі нәсілдердің өзі баяғыда-ақ бір ел, бір халық боп тұтасып кеткен жоқ па?

– Бұл – мәмбеттердің тарихи трагедиясы. Ермінез аңғалдығы өзіне сор болып жабысты. Найза ұстағанмен тізгін ұстамады. От пен суға айдап салып сан ғасыр Шыңғыс қаһан ұрпағы – төрелер билеп-төстеді. Жәй билеген жоқ, жұмылған жұдырықтан гөрі жайылған саусақтарды бір-бірлеп бұрап тастау оңай екенін біліп, тұтас елді үшке бөлді. Әрқайсысы жеке хандық құрды. Әуелде территориялық ыңғайда бөлінген шекті келе-келе хан идеологтары  этникалық мәнге айналдырып жалған шежірелер түзді. «Хазіреті Қабылдың  бір ұрпағы болып табылатын Бозақтан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс туыпты-дүр. Үшеуінде де жасы жүзден асып кеткенше ұрпақ болмапты. Айналасындағылар жасы үлкен Ақарысты Ұлы жүз атам, Бекарысты Орта жүз атам, Жанарысты Кіші жүз атам дейді екен. Өмірден қубас өткеніміз бе деп мойындарына бұршақ сап жылап-еңіреп жүргенде бір күні ауылдарына Сұлтан Сиық, Садық Сиық, Құрбан Сиық деген үш қожа келіп қонады. Жаратқанның шапағаты түсіп, содан тоғыз ай, тоғыз күн өткенде ағайынды үш қарияның бәйбішелері айы-күні жетіп босанады. Сөйтіп біздің батыр, бағлан, оғлан... пәленше, түгенше деген бабаларымыз дүниеге келіпті-міс...» деп басталатын ертегі сол кездерде шыққан. Тақ үшін қырқысып бір-бірімен бақталас болған хандар өздерінің интригасына қарауындағы халықты да араластырды. Сөйтіп ағайын арасына жік түсті, салқындық кірді. Жалған шежіреге миы уланып, әрқайсысы өзін «біз кереметпіз» деп бір-бірімен бәсекеге түсетін бақастық дертіне ұшырады. Кейін үш жүз жылдай бодандықта ұстаған ақ патша мен қызыл патша да алауыздықтың отын одан сайын үрлеп қоздыруға күш салды. Өкінішке орай, өз тізгінін өз қолына алса да мәмбеттердің әлі күнге дейін осынау мешел санадан арылуға өресі жетпей келеді. Қазір ауыл-аудан не үлкен бір мекемеге бір жүздің өкілі бастық болса, басқа жүздің кейбір пысықайлары жайлы орынға жайғасып, жақсы қызметке өсу үшін сақалын ұзартып не қысқартып, бір сәтте-ақ сол жүздің адамы бола қалады.

Аз сөзді кебегін үрлеп көпіртіп аудара ма, неғып көп сөйлеп кетті мына пәтшағар дегендей,  үшеудің ішіндегі ұзын сақалдысы тілмаш жігіттің бетіне күдіктене бір қарап алып тамақ кенеген:

– Ал, қадырлы меймандар, келген қадамдарыңыз құт болсын, үйге жүріңіздер. Әуелгі жол біздікі. Бүгін біздің ауылға қонақ боласыздар!

– Иә, жөні солай!

– Әтікем дұрыс айтады!

Орташа сақалды мен шолақ сақалды жарыса бас изегенде қоқырайған киіз қалпақтары жерге топ етіп ұшып түсе жаздады.

Сөйтіп үш күн үш ауылға кезек қонақ болған. Осынау дөңгеленген шап-шағын киіз үйлердің ішінде беймәлім дүниенің тылсым сыры бұғып жатқандай, аттаған сайын тамсанып, көрген сайын ынтығып, көл-көсір әсерден сэр Роберттің басы айналды. Үстіндегі киімі, астындағы көлігі еуропалық стандарт болғанмен тұрмыс салттары мүлдем бөлек. Кісіге деген ізет-ілтифаты ресми, жасанды емес, риясыз табиғи, қайтсек көңілін тауып риза етеміз деген жік-жаппар адал ниет. Қарапайым өмірді поэзияға айналдыра білген неткен ғажап халық. Асып-тасыған байлығы болмаса да көңілі көл. Мың күндік итшілеген тірліктен бір сәттік жан ләззәтін артық көреді. Дүние жиып, алтын сарай соқпайды. Тойы мен думаны көп дуылдаған. Қызықпен өткен бір күннің буына қырық күн семіріп, одан артық бақыт пен байлықты ойламаған. Байлық іздемей қуаныш іздейді екен. Тіпті жағы түскен қария о дүниеге озса да «осы кісінің жасын берсін» деп, ат шаптырып артын той ғып жіберетін көрінеді. Олар үшін елеусіз, мәнсіз ештеңе жоқ, кез келген ұсақ-түйек нәрсе біртұтас ұлы полотнаның қайталанбас нақыш-бояуы тәрізді. Ең аяғы шай ішудің өзі бір бап. Қаймақ қатқан қанкүрең шайдың дәмі қандай, белі үзіліп, жұп-жұмыр ақ білегі бір жалт етіп кесе ұсынған бойжеткеннің сәні қандай десеңші. Басында дөңгеленген үкілі тақия, бүрме етек, бүрме жең ақ шәйі көйлектің үстіне қынама бел қызыл қамзол киген, білектей-білектей қос бұрымының ұшындағы күміс шолпы әр қимылын бағып сыңғыр-сыңғыр етеді. Торғындай үлбіреген ақша жүз, нұр шашып жайнаң қаққан аялы отты жанар, керме қас. Томпиған тоқ ерінінде ұйыған тәтті күлкіні қоса жұтқандай күрең шайды сораптаған сайын шөліркей түсесің.

«Мынаның көні кеуіп қалыпты ғой!» «Шайшылын қарай гөр өзінің?..» деп бірі мысқылдап, бірі таңырқап, сэр Роберттің сыртынан күбірлескендер де баршылық. Әдетте сэр Роберт алғаш аяқ басқан бөтен жерде тамақтан тартынып сақтық жасаушы еді, бұл жолы ол ғадетінен жаңылып отыр. Құрт, ірімшік, жент сияқты жеңсік тағамдарды жаудай түсірмесе де талғап татып біраз еңсеріп тастаған. Әсіресе сыртқа шығып бой жазып, сауық-сайранды тамашалағаннан соң алдарына шара толы қымыз келгенде тәбеті тіптен ашылып кетті. Тізерлей қонып бір қағылез жігіт қоңыраулы күміс ожаумен соза сапырғанда бұрын-соңды татып көрмеген дәмі болса да қымыздың иісі танау жарып ынтықтырып барады. Шіпілдеген сырлы тостағанды арасын суытпай едел-жедел екі рет тартып жіберген. Екі көзі мейманды баққан айналадағы жұрт таңырқасып бір-біріне қарады. Қызық қуып саяхаттап келген талай қаңғыма еуропалықты көрген, қымызды бұлай ішпек түгілі жәй дәмін татқаннан тыржиып беттері быт-шыт боп кететін.

– Мынаның сілтесі бөлек қой. Жер жүзінде шашылып жүрген мәмбет аз ба, соның бірінің тұқымы боп жүрмесін?

– Кім білсін, фамилиясы Бакпайоф  екен ғой.

–            Бәсе, өзіміздің Боқбай десеңші. Атам заманнан келе жатқан ат қой...- деген сыбыр-күбір әр тұстан естіліп қалды. Мақтаулы мешкейлермен жарыса қол созып үйме астау еттің бір шетін жаудай жапырғанда мәмбеттер:

 – Әп, бәрә-кәлдә, ерім-ақ екен! – деп сүйсіністі. Еттен кейін сорпа ішілді, одан соң қымыз бен шұбат кетті. Сэр Роберт қыңқ деген жоқ, қалжасы жаққандай бой-бойы шығып отыр. Іргеге қарай аяғын созып, құс жастыққа шынтақтай жамбастаған жыланкөз, шұбар шал қонаққа барлай қарап мырс етті:

– Мынаның күйсеуі жақсы, шынында да адасып шетте жүрген өзіміздің бала боп жүрмесін!

– Оны ертең көреміз! – деді шұбат құйып отырған жалпақ сары жігіт сырлыаяқты мейманға қос қолдай ұсынып жатып. – Түнімен ауылды жел жағынан мүңкітпесе болғаны!

Көппен бірге қосыла күлген қосшы жігітке сэр Роберт сұраулы жүзбен қараған.

 --Мәмбеттер тамақты жақсы ішкен адамды батыр деп есептейді. Сізді батыр екен дейді...

Сэр Роберт осы ғұмырында талай қиырды шарлап, талай жердің топырағын басты. Бірақ солардың ешқайсында дәл мұндай әсерге бөленген емес. Адамдары шетінен өнерпаз: әнші, палуан, акробат. Қаражаяу ешқайсысы жоқ. «Мынау неткен керемет!» деп тамсана берсең, екіншісі одан асып түседі. Қайсына таңқаларыңды білмейсің. Қымызға тойып алады екен де, бір-бірімен күш сынасып палуанға түсіп, не қашанда жарау, жер тарпып елірген аттарына міне салып көкпар тартады екен. Қызық іздеп ерігіп отырғанда жақсы сылтау табылып, мәртебелі мейманның алдында өнер көрсетуге бәрі құлшына кірісіп кетті. Қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату... түнде жағалай маздаған оттың ортасында тербелген алтыбақан, әуелеген ән мен күй. Сол өнер сайысының қай-қайсында да үш ауылдың бірінен бірінің асып түссем деген тай-талас егесі төбе көрсетіп тұрды. Екінші күні түс қайта кезек палуандарға келді. Үш ауылдан үш палуан. «Түйе палуан», «Бұқа палуан» атанған алып баһадүрлер. Үш ауылдың ортасындағы көк майса кең жазық шаршы алаңға үш жақтан алып шықты. Өнебойын жүн басқан, бұлшық еттері білем-білем төңкерілген құж кеуде қара дию. Әрқайсысын мойнына шынжыр тағып жетелеп алған. Ауыздарынан көбік аға күркіреп, ара-арасында еңкейе бере екі қолымен жерді көсіп-көсіп топырақ шашып шабына ұмтылғанда, жуықтап кеткен жанды сол бойда езіп тастардай зәре-иманыңды ұшырады. Сэр Роберт қазір мыналар күрессе бірін бірі өлтіретін шығар деп ойлаған. Ережесіз жекпе-жектің төрткүл дүниеге аты машһүр небір сұрапыл сойқандарын білетін, бірақ ойша салыстырып солардың қай-қайсысын, мыналардың жанында олқы санап тұр. Аброй болғанда, үшеуі белдескен жоқ. Әрқайсысы өзінше өнер көрсетті, үймелеп отыз-шақты кісі отырып алған жаймақанат арбаны бір есік пен төрдей күрең ат қанша қамшыласа да құйрығы айрылардай тарқ-тарқ етіп тыртаңдап орнынан қозғай алмап еді, палуандардың бірі тісімен сүйреп шаршы алаңды үш рет айналып шықты.  Сол да сөз болып па дегендей алаңға қарай аяңдаған келесі дөй қара бетін тыржың еткізді. Балпаң-балпаң теңселе басып келіп дәл ортаға жеткенде демін ышқына ішке тартқан. Салбыраған қарыны сымдай тартылып, бүкіл денесі қашалған қара тасқа айналды. Білегіне арқан байлап, екі түйе екі жағынан тартқанда, шынтағын жаза алмады. Үшіншісі биік қоршау ішінде аласұрған шу асау қара айғырмен күш сынасты. Алдына келсе тістеп, артына келсе қос аяқтап теуіп шырайнала аласұрған тарпаңды бір оңтайлы сәтте құйрығынан шап беріп табанымен жер тірей шалқалағанда айғыр тырп ете алмай шоңқайып отырып қалды, жігіттің екі аяғы тізесіне дейін топыраққа кіріп кетті.

Осынау тасқындаған бұла күштің әлемнің қаға беріс бір қиырында осылай елеусіз қала беретіні өкінішті-ақ. Тәрбиелеп сайысқа салсаң қандай доданы болсын қанжығасына бөктерер еді-ау.

Қызықтың үлкенін соңына қалдырыпты. Бұған дейін таңдай қағып тамсанғаны мұның жанында ойыншық екен. Сырттағы ойын-сауық пен сайыс біткен соң үйлерді аралауға кіріскен. Жолбасшы жігіттің айтуынша, сапардың ресми бағдарламасы солай. Сырты жұпыны, бірыңғай көрінгенмен әр киіз үй өнер мен өркениеттің өзінше музейі тақылеттес. Әр үй белгілі бір кезеңнің салт-дәстүрін бейнелеуге арналып, соған сай жабдықтармен жасанған. Тылсымнан сыр тартып көз арбаған саналуан бұйым. Табалдырықтан төрге жеткенше ғасырларды аралап өткендей боласың. Ең алғаш босағасына бас сұққан он екі қанат ақордадағы жайнаған мүкамал, бірінен бірі оза шапқан өңшең дүлдүл, әсем жүзді, әсем киімді өнерпаздың ішінен шашақты қара тақиясын қисайта киіп керегеге арқа сүйей шеттеу малдасқұрған қатпа қара жігіт көзіне оқшау шалынған. Салыңқы жүз, ақиған ала көз. Олпы-солпы қалпында өзгеше мінездің бітімі бар. Бұлар кіргенде жанары сүлеленіп бір жалт еткен де қойған. Қайтып назар салған жоқ. Айналадағы дыр-дуға селт етер емес, қабағы түсіп, ұрты салбырап, қалғып кеткендей бей-жай қимылсыз. Табақ тартылып, қымыз ішілді, небір әуелеген ән құлақ құрышын қандырды. Бәріне ризашылықпен бас изеп отырған ұзын сақалды қария  айналасына шола бір қарап алды да қатпа жігітке қарай еңсерілді.

– Ал, Жанатжан, ендігі сөздің дүриясы өзіңде. Қаптың аузын ағытшы бір! Жұрт тым-тырыс. Қатпа қара ұшар құстай дүр қомдана бойын тіктеп, екі көзін тарс жұмған күйі көкірек тереңінен суыра әлдебір қоңыр әуенді ыңылдай оңды-солды теңселіп біраз отырды да тамағын кенеп сөйлеп кетті. Көмейінен бүлк-бүлк толқып шыққан дауысы жағымды майдақоңыр. Желдей есіп аңқылдап ағытыла жөнелді. Біресе сыбырлай бәсең қалқып, іле екпіндей ұйтқып-ұйтқып кетеді. Сэр Роберт сөзін түсінбесе де мың құбылған әуезді үнге сиқырдай арбалып отыр. Әредікте тілмаш жігіт аузын құлағын тақап сыбырлап қояды.

– Бұл Жанат Ахмади деген мәмбеттердің атақты ертегішілерінің бірі. Әр ауылдың өз ертегішісі бар. Мәмбеттер радио тыңдап, телевизор көргеннен гөрі көбіне өздерінің жыр-хисса, ертегі-әңгімелерін тыңдағанды бек құп көреді. «Қобыланды», «Қырымның қырық батыры», «Қарасай-Қази», «Бақтиярдың тоқсан бұтағы» дейтін хисса-дастандарды таңды-таңға ұрып неше күн, неше түн жырлайды. Жанат ертегіші қазір «Абай жолы» деген атақты романды айтып отыр. Әрқайсысы кірпіштей төрт кітап. Соны жеті күн бойы жаңылмай жатқа айтады.

Сэр Роберттің екі көзі шекесіне шығып кетті. «Ұйқасы бар өлең болса бір сәрі, қара сөзді қара балдай созып жеті күн бойы жатқа соғу деген сұмдық қой. Бас емес супер ноутбук десеңші!»

Ертегіші тізерлеген күйі қос бүйіріне кезек теңселіп, өз үніне өзі еліккендей сөзді түйдек-түйдек тастап есілді-ай дейсің. Қыза-қыза қысқа жең, өңіріне зер төккен шымқай көк қыжым желгебейін  иығынан асыра серпіп тастады. Басын шабыттана шайқап-шайқап жібергенде шашақты тақиясы анадай жерге домалап түсті дөңгеленіп. Ақ жібек көйлегінің арқасы қара сүмек, астау аузындай дөңгеленіп бу шегіп тұр. Құс тұмсығының ұшынан қара тер мөлт-мөлт шүмектегіні сол екен, дауысы тіптен ажарланып екпіні одан сайын өршелене түсті. Ара-арасында: «Беу, дүние, ер туса сендей тусын. Жаса, Жанатым!» «Япырай, тілді мен үндіде сенен асқан жан бар ма екен!..» деп тым-тырс, көздері жайнап ентелеген жұрт тұс-тұстан кеу-кеулеп көтермелеп әкетеді. Бүлкектеп күмбірлеген қоңыр әуез жорғасынан жаңылар емес. Тылсымдай көкіректі үңгіп үгітіп барады. Арқасы қозып аруақтанып алған ертегішің қазіргі сәтте бір өзі бір театрдай. Ондаған кейіпкердің кейпін де, дауысын да айнытпай салып, сәт арасында қырық құбылғанда демдерін ішіне тартып ұйыған үй толы қауым қосыла толқып, қосыла тебіренеді. Бірде жадырай күліп жағалары жайлауға кетсе, келер бір сәтте көздеріне жас тұнып томсырайып отырып қалады.

Сэр Роберт көзі көргенге көңілі сенер емес, дәл бір ертегілер еліне еніп кеткендей таң-тамаша. «Осы көргенім түс емес пе өзі?» деп күмәнданып та қояды аракідік. Тысқа шыққаннан кейін де көпке дейін сол әсерден айыға алмады. Шылбыр-тізгінін түгелдей қосшы жігітке ұстатып қойған, қайда бастаса сонда жүреді. Әр үйді жағалай адақтасаң, қызығын биыл түгесіп болмассың. Амалсыз кейбірін аттап кетуге мәжбүр. Шеттеу тігілген еңселі ақорданың ши есігі алдарынан серпіле ашылғанда пейіштің қоңыр салқын лебіндей шалқып бір ғажайып әуен құшақтай алды. Төрдегі төрт қабаттап төселген құрақ көрпенің үстінде малдас құрған бір мосқал кісі екі көзін тарс жұмып, қобызды аңыратып отыр. Кәрі қобыз, қырылдап үздіккен үні одан да кәрі. Қай жүздің адамы екені белгісіз – бет-аузында қылтанақ жоқ, кемпір бет, тақыр көсе. Салбыраған қабағын серпе көтергенде көзі ақиып төбеге қадалды. Екі көзін шел басқан зағип екен. Қос ішектің өнбойынан үн сауып оңды-солды жүйткіген ысқы кенет жүрісінен жаңылып қыл сағақтың тұсына дірілдей қадалып тұрып алған. Бебеу қаққан қобыз баяу өксіп тоқтады. Сиқырлы үн қанатын сытырлата қағып әркімнің құлағына сыбырлап жүргендей, біразға дейін жұрт тым-тырс үнсіз мүлгіп қалған. Сілтідей тынған тыныштықты қобызшының оң тізесін баса жайғасқан жирен сақалды бұзды орнынан қозғалақтап:

– Мәкесі, аулымызға қонақ кеп отыр алыстан әдейі ат басын бұрып. Өнеріңді бір көрсететін жерің осы. Қойлыекемнің аруағына сиынып, мына қызық қуып жер түбінен келген сандалбайдың аузын аңқайтып айды аспанға шығаршы бір!..

Қобызшы асыққан жоқ. Қос ішекті бір босатып, бір тартып, саусағының май көбесімен сипай қағып құлақ күйіп ұзақ баптады. Осы аралықты пайдаланып тілмаш біраз мәліметті жайымен құлағына сыбырлап үлгірген. Мына зағип қобызшының есімі Майлыбай екен. Осыдан төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Қойлыбай бақсының он алтыншы ұрпағы. Сахараның даңқты өнерпазы Қойлыекең өз заманында аты аңызға айналған, қобызын бәйгеге қосқан, жүзқаралы атты күндік жерден жібергенде, байлап қойған қобызы тобылғыны түбімен жұлып, қара дауыл ұйтқытып алдыңғы аттан шай қайнатым бұрын көмбеге топ ете түсіпті. Өнері ұрпағының ешқайсына дарымай, ғасыр аралатып барып осы Майлыбайға қонса керек. Нәресте зағип боп дүниеге келіпті. Шыр етіп жерге түскенде, іңгәлаған дауысынан керегеде ілулі тұрған бабасының қара қобызы боздап қоя беріпті деседі. Майлыбай – қазір мәмбетиядағы арқа қонған жалғыз қобызшы. Қызыл іңірде қызара жанған ошақтың қасында қыл қобызын бебеулеткенде, алты қырдың астында жортып жүрген көкжал бір төбенің басында тұмсығын айға созып қосыла ұлиды екен. Шалық тиіп көтеріліп ауырғандарды, бала көтермеген әйелдерді басына қобыз ойнап үш күнге жеткізбей жазып шығаратын көрінеді-дүр.

 «Мыналарды немен таңқалдырсам екен?» дегендей қобызшы төмен қарап тұқырайған күйі ысқының ұшымен түртіп-қашып қос ішектен әуен аулап отыр.

– Япырай, мына күннің тымырсығын-ай, аспан айналып жерге түсетін шығар түге! – деді бір шіңкілдек дауыс дегбірсізденіп. Қобызшы селк еткендей, қолындағы емініп еңкейе берген ысқысы ішекке жетпей қаңтарылып сілейген күйі аз-кем отырып қалды. Сәлден кейін ақшиған ақшел көзі іле қан басқандай лап қызарып бет-аузы жыбырлап, екі иығы ойнақшып, шамырқанған ызалы кейіппен қолындағы ысқыны құлаштай қос ішекті шалып-шалып жібергенде,  белі бүкірейген кәрі қобыз ішін тартып аңырап қоя берді, өзек суыра сыңсып, сұңқылдап, бара-бара дабылдата ышқынып-ышқынып жібергенде аспан асты қосыла сусылдай жөнелген. Азынап, арқырай боздап тұрып алды. Кенер бұзған қара толқын қотарыла лықсып лап бергендей ұшына ұйтқыған дыбыстан жүрек қалтырайды. Кенет айнала қап-қараңғы боп түнере түтеп дауыл ұйтқыды. Жаңа ғана жайнап тұрған аспан шатыр-шұтыр шатынап, жай ойнады. Жаңбыр сабалап  жер-дүние астан-кестен болды  да кетті лезде. Киіз үйдің сүйегі сықырлап, ышқынған жел тізе бойы үйіре көтеріп, қайта орнына тастап жібергенде, сэр Роберт алтын кресін маңдайына басып, қалай Иисусқа жалбарына жөнелгенін білген жоқ. Әлгіндегі шіңкілдек дауыс «Алла, Алла!..» деп бақырып, әлдекімнің ығына құлай кеткен. Селт етпеген қобызшы ғана. Шаңырақтан саулаған аппақ нұрдай ақ тасқынға жарқыраған жазық маңдайын тосып қара қобызды құлаштай құйқылжытады.

Қызық-думаннан қолы қалт еткен қаға беріс бір сәтте қосшы жігіт:

- Сэр, сәл бой жазып, серуендеп қайтайық!- деп жер тарпыған  екі арғымақтың бірін алдына көлденең тартқан.

-Қайда барамыз?

- Музейге.

Сэр Роберт түксиген сарғыш қастарын серпи көтеріп, серігінің жүзіне сұраулы кейіппен қараған.

-Сэр, бүл жердің  өзі бүткілдей аспан астындағы музей ғой. Әйтсе де  ерекше бір орын бар. Онда сіз басқаша күйге түсесіз!..- деп қосшы жігіт сөзінің аяғын жұмбақтап қойды.

Теңіздің өкірген өркеш-өркеш толқынынан сноуборкпен секіргенде жүрегі селт етіп көрмеп еді, бұрын-соңды жылқы баласына тақым артпағандікі болар, тұла бойы қарадай терлеп, ауыздығын күтір-күтір шайнап,  қос езуінен уыс-уыс  көбік шашып аласұрған шағыр көз күрең арғымаққа қорқасоқтап мінген. Алақашардай көрінгенмен басы жұмсақ, тізгін қаққан жағыңа лыпып тұр. Ауада дірілсіз қалқып келе жатқандай, жүрісінен  су шайқалмас төкпе жорғаның өзі екен, қосшы жігіттің  астындағы  ойнақтаған ақбақай, сүлік қара арғымақ аяғын топ-топ тастап созыла шапқанда, басын шұлғып қойып жорғасынан жаңылмай құрық бойы алда келеді.

Сағым көтерген сары дала  мың құбылып қиялыңды тербейді. Жел шайқаған селеу мен қалың бетеге теңіздей толқып ат бауырында шалқып –қайтып жатыр. Бұл не сиқыр? Айналасы күмбірге толды да кетті. Желдің гуілі, тұяқ дүбірі, ырғалған дала  мың-сан  тілмен сыңғырлай жөнелді. Кешелі-бері домбыра мен қобыздың шанағынан төгілген сырлы саз құлақ түбінен қайта оянғандай, қаныңды дуылдатып бір ереуіл күй көкірегін кеулеп, кеміріп барады. Кең даланы жаңғыртып ән салғысы келе ме-ау, жас баладай қиқулап айғайлағысы келе ме-ау, аяғы үзеңгіде, көкірегі көкте самғаған бір хал. Сэр Роберттің көңілкүйін сезіп келе жатқан қосшы жігіт атын үсті-үстіне тебініп, жебедей созылған күрең жорғамен үзеңгі түйістіре беріп, ентіге айғайлады:

-Сэр, кең далада атпен құйғытқан қандай екен?

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!

- «Аттың үсті- әулие» деп тегін айтпаған ғой!

- Иә, сәйүліктің стихиясы бөлек екеніне енді көзім жетті. Мен осы өмірімде көкте де самғадым, көк мұхитта да  жүздім, жердегі жүйткіген  жүйріктердің бәрінің қызығын көрдім. Бірақ солардың бірде- бірі  дәл атқа мініп шапқандай әсерге бөлеген емес.

- Мәмбеттің не себепті бәрі шетінен әнші, күйші болатынына көзіңіз енді жеткен шығар?

- Иә. Мынандай боздалада боз көдені кеуделей жарып құйғытқан сәйгүліктің үстіндегі пенденің көкірегі шалқып әндетпеуі мүмкін емес-ау!

Еті қызып алған қос сәйгүлік бір-бірімен жарыса тізгін сүзіп бірқыдыру уақыт өтсе де шабыстарынан  жаңылған жоқ. Аршындай құйғытып, көлденең сұлаған құба дөңге көтерілгенде  бас-аяғы  көз аясына сиғандай  шағын шаһар  қожыр-қожыр шашрап, сағым арасынан суырылып шыға берді. Шаһардан гөрі кент деген дұрыстау. Желексіз тыржалаңаш. Қылтанақ шықпайтын  топырағы құнарсыз ба, әлде еңкейіп шыбық егу  ғадеттерінде жоқ па- қылтиып өскен  тал-теректің тұқымын көрмейсің. Зәулім ғимараттар  жоқтың қасы, дені үш-төрт қабатты үйлер. Шет жақтағы ауласы алқам-салқам, сырты сары балшықпен сыланған, жайдақ төбе тамдардың көбінің айналсында тіпті тіршілік белгісі жоқ. Есік- терезелеріне ашамайлап тақтай қағып тастапты. Сэр Роберттің таңданысын тусыртынан  түсіне қойған  қосшы жігіт атын тебініп жанаса берді:

- Мұндағы мәмбеттердің  біразы  қыста ғана қалада тұрады. Көктем шыға жайлауға көшіп кетеді де қара күзде бір-ақ оралады.

- Онысы да ақыл екен. Сары даланың төсіндегі еркін өмірге не жетсін!

Асфальтсіз жол табаны  борпылдаған топырақ, топ-топ  басқан тұяқ астынан ұшқан шаң сарала жыландай жарыса ирелеңдейді. Кенттің ішіне  сұғына енген сайын көше қиылыстарында жарқ-жұрқ етіп жарнама тақталары, билбордтар көріне бастады. Банк депозиттерін,  маркет тауарларын жарнамалаған өңкей бір сиықсыз қыз- келіншектер. Көздері сығырайған, мұрындары жапырайған қытай, корей , жапон өңдес біреулер. Сэр Роберт тыржиып қабағын түйді:

- Мыналар мәмбеттің қыздары ма?

- Иә.

- Сұлу қыздары толып жүргенде бұлары несі?

- Мәмбеттер кино, телевидение, жарнамаларға сұлу қыздарын түсірткізбейді.

- Неге?

- Көз тиіп кетеді деп ырым қылады.  Екінші жағынан, жарнама бизнесін ұстап  отырғандар қытай мен корейлер. Олар сұлулыққа өз көздерімен қарайды. Әлде іштей  жымысқы  қызғанышпен , құбыжық қып көрсету үшін әдейі осылай істейтін де шығар.

Сэр Роберт тұнжырап алыс көкжиекке қарады.Екі күннен бері дастархан басында шай құйып, кесе ұсынған, алтыбақанда тербеліп ән салған  не бір жәудір көз, ақ тамақ үлбіреген арулар  жан-жақтан жамырай таласып көз алдында көлбеңдегендей. Іле жүзі лып жадырап тамсанғандай жұтынып қойды:

  - Мен мәмбет қыздарының сұлулығына таңғаламын. Бояу- далап жақпаса да бет- жүздері  ақ торғындай үлбіреп тұр. Тіпті саркідір тартқан әйелдердің  ажары әжімсіз жап-жас боп көрінуінің  сиқыры неде?

  - Олар айрықша парфюмериямен күтінеді.- Қосшы жігіт әзіл- шыны  екені белгісіз жұмбақтай жымиды.

  - Қандай?

   - Қанатты мен тұяқтыда жылқыдай  таза жан иесі жоқ. Ағынды суды кешіп барып тұнығынан ғана ішеді. Шөптің ең нәрлісін талғап жейді. Оның еті мен сүтінің құрамында ешқандай ғылыми әдіспен өндіру мүмкін емес мыңдаған шипалы компонент бар. Мәмбеттің сұлулары боз биенің  жаңа сауылған жып- жылы саумалына шомылады. Содан соң еттері үлбіреп ақторғындай болмағанда қайтеді?

Сэр Роберт таң- тамаша боп басын үсті- үстіне шайқады.

      Шаңдақ  көшелерді шиырлап қаланың орта тұсына жеткенде , тұтас бір орамды алып жатқан үлкен кешен көрінді. Қабырғасы қызғылт ұлутаспен өрілген үш қабатты ғимырат. Бағанадан бергі көріп келе жатқан үйлердің көз тартар ең салтанаттысы. Айналасы ығы- жығы жұрт. Қайдан шығып жатқаны белгісіз, төрт қатар боп иін тірескен  ұзыншұбақ кезектің  ұшы- қиыры жоқ. Лектің алды кең ашылған есіктің аузын бұрғылап  тоқтаусыз кіріп жатса да құйрығы көз ұшында бұлдыраған көшенің бұрылысынан суырылып шыға алмай жатыр. Аттарын бекеттегілерге табыстап, ғимаратқа жақындап келген.

      - Мен айтқан  жанды музей осы.- Қосшы жігіт үйдің төбесіндегі орындықтай- орындықтай арбиған әріптерге иегін көтерді.- Аномалиялық анатомия музейі.

Алуан тілде сөйлеген, алуан түрлі киінген алабажақ құжынаған халыққа қарап  сэр Роберт үнсіз күрсінген.

     - Бері жүріңіз,- деді серігі.- Кезек күтсек, екі- үш күн түнейміз бұл арада!

Екеуі ғимаратты айналып теріскей қапталдағы  үлкен қоңыр есікке беттеді. Мөлт қара мәрмәр баспалдақты тақ- тақ басып көтеріле бергендері сол, шілденің ыстығында қолына ақ биялай, үстіне көк мауыттан форма киіп ыздиған күзетші жігіт  биязы иіліп алдарын кес- кестеген. Сэр Роберттің куәлігін көрген бойда «хош келдіңіз» деген ишарамен басын үсті- үстіне изеп, қызыл кілем төселген VIP залға қарай өзі жол бастады. Ғимарат іші қоңырсалқын, мыңдаған адамның аяқ дыбысы, оқыс шыққан таңданысты үндерінен күңгір- күңгір жаңғырығады. Бірінші қабаттағы төрт қанаттың ортасы дәліз сияқты екі жағынан шынымен қоршалып, шағын жайма бөлмелерге жеке- жеке жанды экспонаттар қойылыпты. Ентелеген жұрт есіктен кірген бойда қақ айрылып, жайманы екі жағынан тамашалаған күйі тоқтаусыз сырғып барады. Бұлар да сыналап еніп лекке ілескен. Сэр Роберттің жаймаға көзі түскенде шошығаннан жүрегі аузына тығылып, демі жетпей бір сәт қылғынып қалды. Қосшы жігіт қорқынышты екенін айтып алдын ала ескертсе де дәл мұндай сұмдықты көрем деген ой түсіне де кірмеген. Бөлме сайын бірінен бірі өткен құбыжық. Тіршілік иесінің де бұлай азып туатыны  болады екен- ау! Әп дегенде  аузы тас төбесіне біткен, тұқым- тегі белгісіз бір мақұлқат  тісін ақсита ыржиып, жып- жылтыр қызылшақа  басын шайқағанда шалқасынан түсе жаздаған. Басқа тұрпат- бейнесіне қарап, адам нәсілінен жаратылғанын шамалайсың. Келесі жаймадағының үш аяғы бар екен, маңдайындағы жалғыз көзі ойнап, шыркөбелек айналғанда иманың үйіріледі. Қапталдағы әйнекте «Туғанына қырық күн толды» деп жазылған құндақтаулы сәбидің қасы мен шашы аппақ, сақалы беліне түскен. Есінеп аузын кергенде отыз тісі ақсиады. Ит басты, сиыр аяқты біреу кәдімгі бес саусағы бар қолдарын жайып, көкке қарап ұлып отыр... Қанша құбыжық болғанмен кейбірі адамдық түйсіктен ада емес. Осы күйлеріне қапаланған, ашынған қалыпта әртүрлі қылық көрсетеді. Төбесінде қос мүйіз тікірейген шошқа тұмсық біреу қорсылдай шырайнала жүгіріп, «неге маған қарайсыңдар? Мә, ендеше!» деген носпен бұтындағы лыпасын шешіп тастады да «сумылтығын» кезеніп әйнекке шаптырып- шаптырып жіберді. Орта тұстағы өнебойын аю сияқты сабалақ жүн басқан бір бейбақ қадалған жұрттың назарынан именіп қолымен бетін көлегейлей  төмен тұқырады...

      Сэр Роберттің ары қарай көз сатып  «тамашалауға» дәті шыдамады. Запыраны көтеріліп, өзегі қалтырап қара терге түскен. Бірін қағып, бірін айналып өтіп, қарақұрым шұбырындыны бұзып- жарып келеді. Көзкөрімдегі ағараңдаған есіктің аузы жеткізсе кәне. Өлдім- талдым деп кең дүниеге табаны іліккенде жүгіре жөнелген, үйдің қалтарысын айнала беріп, асқазаны қотарыла лоқсыды. Ес жиып бойы жеңілдегенде анандайдағы  жайдақ орындыққа кеп жайғасты. Қосшы жігітке қылжақ керек, езуі ыржиып тұр:

      - Япырай, сізді мықты ма десем, нашар екенсіз ғой!

       - Мұндайға мықтылық жүрмейді. Бекер көріппін.

       - Жоқ, дұрыс болды. Әйтпесе, мәмбеттер туралы бір жақты пікірмен кетер едіңіз. Осыншама парасатты, дарынды, ақжүрек халықтың қасіретін де өз көзіңізбен көрдіңіз.

      - Ол бейшаралар бұл зауалға қалай тап боп жүр?

       - Е, қалай деріңіз бар ма? Адамның зұлымдығында шек жоқ қой. Бір кезде алып империя жаужүрек  бозақ жұртынан құтылу үшін не істемеді? Індет таратты, аштан қынадай қырды, бірін біріне айдап салып қырық пышақ қырлыстырды. Оны да азырқанып, жеріне аждаһаның аузынан ажал бүрікті. Топырағын кісі жегендей құйқалы сонау Семей деген өңірде қырық жыл бойы төпелеп атып атом, сутегі бомбаларын жарды. Қойны сабат сары бел Азғырда химиялық сынақ жүргізді. Барсакелмес аралында биологиялық қаруларға тәжірибе жасалды. Ауа мен су, топыраққа сіңген удың зардабы қайда кетуші еді. Үш жүз жыл өтсе де осы күнге дейін мәмбеттердің екі баласының бірі әлгінде өзіңіз көргендей боп туып жатыр. Аң- құс, малдың да киген кебі сондай.

     - Бүларды бүйтіп қорлап жалпақ елдің мазағына ұстағанша, неге бірден өлтіріп тастамайды?

     - О не дегеніңіз!- Қосшы жігіт бұл бір нақұрыстың сөзін айтқандай таңырқай қарады.- Бұл деген қып- қызыл табыстың көзі ғой. Ана құртша құжынаған халықты көрдіңіз емес пе. Бүгін де, ертең де, қыста да, жазда да жыл- онекі ай ел аяғы бір толастамайды. Еріккен байлар, қызық қуған саяхатшы, зерттеуші- ғалым, журналист ... дейсің бе, дүниенің төрт бұрышынан  ағылып кеп жатқаны. Кезек күтіп осы жерде шатыр құрып  түнейді кейде. Бағана сізді  үлкен елдің ұлұғ мәртебелі адамы болған соң  тегін кіргізді. Әйтпесе музейге кіретін билеттің бағасы  бір жылқының құнымен бірдей. Кино, суретке түсірткізбейді. Айрықша жағдайда, қымбат төлесең ғана рұхсат етеді. Кейбір аса сирек экспонаттар аукционда миллиондаған доллларға бағаланады. Қысқасы, бұл әбден жолға қойылған  үлкен бизнес. Олардың жарнамасы әлемнің барлық түкпірінде бар...

     - Құрысын, айтпашы!- деді екі қолын қатар сермеген  сэр Роберт орнынан созалаңдай тұрып.

     - Не болса да бір қызықты көрдіңіз...Жарайды, ерте-жарықта ауылға жетіп алайық...- Анандайдағы мама-ағашқа қарай  беттеген қосшы жігіттің  соңынан басы салбырап сэр Роберт дел- сал ілбіді.

 

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058